Махаббат жыры мәңгілік
03.06.2022
905
0

«Бір әулеттен үш бірдей азамат соғысқа аттандық. Әкем мен ағам майданда қаза тапты. Солардан қалған белгідей болып, жалғыз мен аман оралдым. Анам тылда еңбек етіп жүріп, қайтыс болған. Ауылда мені күтіп отырған ешкім жоқ. Соны ойладым да, Алматыға түсіп қалдым. Соғысқа дейін Семей пединститутының 1-курсын бітіргем және соны растайтын қағазды майданда жүргенде де жанымнан тастамағам. Мен соғыстан аман оралатыныма, қайтып келген соң оқуымды жалғастыратыныма сенгем. Сол қағазым бойынша КазГУ-дің 2-курсына қабылдандым. Топта 30 қыз бар екен, 31-інші болып мен қосылдым. Бірінен-бірі өткен кілең сұлу қыздардың ортасына кіріп кеткенде өзімді тура гүлді бақшаға тап болғандай сезіндім. Қалада туысым да, жататын тұрақты жерім де жоқ. Алыс таныстардың үйінде жүрем, кейде вокзалға қона кетем. Сол жағдайымды білетін 30 қыз күнде біреуі шақырып тамақтандырады. Солай 1 ай өтеді. Одан кейін ең бірінші шақырған қыз қайтадан қонақ етіп, кезек қайта жалғасады. Осылай оқуды да бітіріп, қайнаған еңбекке қосылып кете бардым, түрлі қызметтерде болдым. Бірақ 30 қыздың өзіме жасаған жақсылығын ұмытқам жоқ, «солар болмаса мен бүгін бүйтіп жүрмес едім ғой, бұл жағдайға жетпес едім ғой, солардың жақсылығын қалай қайтарам» деп үнемі ойланумен жүрдім. Сол аралықта 20 жыл өтті. Сөйтіп, «Махаббат, қызық мол жылдарды жаздым. Бұл – менің шынайы достыққа, махаббатқа тағзымым десем болады» деген екен Әзілхан Нұршайықов бір сұхбатында аталған романның жазылу тарихын баяндай отырып.
Міне, сол «Махаббат, қызық мол жылдардың» жарық көргеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Сонда да күні бүгінге дейін жұрттың қолынан түскен емес. Әр буын өзінше қабылдайды, өзінше талдайды. Қалай болғанда да, осынау өмірге деген әдеттегі көзқарасты, түсінікті түбірімен өзгертуге бейім, адалдық пен адамгершілік, достық пен махаббат, өкініш пен кешірім оқиғасы оқырманды ойлантпай, толғантпай қалған емес. Режиссер Фархат Молдағалидің Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында қойған «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклі де – сондай ізденістің, толғаныстың жемісі. Айтуынша, ол бұл қойылымның алғашқы нұсқасын осыдан 5 жыл бұрын дайындаған. Ойында пісіріп, жетілдіріп барып, былтыр ғана сахнаға шығарған. Содан бері үздіксіз қойылып келе жатқанына қарамастан, аталған спектакль болатын күні театрда – үнемі аншлаг. Жалпы, достық пен қастық, махаббат пен зұлымдық деген нәрсе мәңгілік тақырып екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, Меңтай мен Ербол тағдыры көзіқарақты қауымды баурайтыны, тартымды болатыны түсінікті де.
Негізі, романды сахналау оңай шаруа емес. Соған қарамастан, ондағы әр кейіпкердің бейнесі, өзіндік линиясы сақталған және сәтті шыққан. Басты рөлдегі Гүлбаһрам Байбосынова (Меңтай) мен Дархан Сүлейменовтің (Ербол) образға енудегі шеберлігі атап айтарлықтай. Бұл ретте: «Меңтай рөлі менің жаныма өте жақын болды. Оның ұяңдығы, нәзіктігі, жан дүниесінің тазалығы мені тартты. Мұнда махаббат тақырыбына басымдық берілді. Сюжеттің мазмұндылығы сонша, шынайы сүйіспеншілік сезімін басынан кешіргендерге де, кешірмегендерге де спектакль үлкен әсер етті деп ойлаймын», – дейді Гүлбаһрам.
Бас-аяғы екі жарым сағаттан астам уақытқа созылатынына қарамастан, қойылым көрерменді жалықтырмай, мезі етпей, өз «уысында» ұстайды. Өйткені монотонды, яғни бір сарынды емес. Қарқынды динамика бар. Басталуы, драманың шарықтау шегі, шешімі айқын. Майданнан оралған жігіттің арулар аудиториясына тап болып, негізгі оқиғаның жастық әзіл, жарасымды қалжыңмен позитивті басталуының өзі көрерменді еліктіріп, алдағы қызықты сәттерге дайындайды.
Одан кейін Меңтайдың бөлмесіне қонаққа баратын Ерболдың ұйықтап жатқан аруды көріп:
Тәтті ұйқының құшағына беріліп,
Жатты сұлу шалқасынан керіліп.
Ақ дидарын, аппақ тәнін көргенде
Бойым балқып, кетті сезім еліріп.
Ақ етіне қызыл көрпе басылып,
Көкірегі жатыр екен ашылып:
Діріл қақты уылжыған қос алма,
Қара шашы толкындай боп
шашылып.
Күнім туып бақ жұлдызым жанатын,
Қымтап, шымқап,
жаным рақаттанатын,
Болсам етті, әттең, дүние-ай,
сол көрпе,
Құшып, сүйіп, құмарым бір қанатын.
Дәурен қайда маған оны сүйетін?
Тым болмаса киімінің киетін,
Не сол көрпе астарының бір сабақ
Жібі болсам денесіне тиетін!.. – деп ынтығатын, армандайтын тұсы шынайы сезімді әспеттейтінімен, таза махаббатты асқақтатуымен әсерлі.
Шын ғашықтың осылай сыртынан ғана сүйініп, сүйсініп, аялап жүрген ардағы қара ниеттінің қолына түсіп, тұнығы лайланатын тұсы мейлінше драмалы. «Біз бұл сценаны «Кешірмеймін» деп атадық. Қанша жағымсыз болса да маған ең қатты ұнайтыны – осы сахна», – дейді Гүлбаһрам. Оның Меңтай образында тұрып: «Егер сіз де ана сұм сияқты мені кеудеңізге қысып жібермей қойғанда мен сіздікі едім ғой, ағай! Енді бәрі бітті! Енді бәрі кеш!..» – деп шырқыраған үні құйқаны шымырлатады Адалдықтың – арамдықтан, махаб­баттың – зұлымдықтан жеңілісі көрермен күрсінісіне ұласып, зал толы жұрт сілтідей тынады… Осы арада шектен тыс ұяң, шектен тыс сылбыр жігіттің бейғамдығы ару намысының тапталып, тағдырының бүлінуіне себепкер болғаны жүрек сыздатады, махаббат шегінген кезде алдыға қашанда опасыздықтың шығатыны аңғарылады.
Режиссерлік шешімнің ұтымды бір тұсы – душ сахнасынан көрінеді. Тұмажан арын аяқасты еткен арудың жандалбасамен қайта-қайта душтың астына жүгіріп, кірленген тәнін, қорланған жанын жууға, тазалауға тырысатыны ерекше әсерлі.
Сюжет желісі қос ғашықтың табысуымен ширатыла түскенімен, бақытсыздық мұнымен бітпейді. Бәлкім, жанға түскен жараның сызынан, бәлкім, бақыттың баянды болуы, жалпы, өмірде некен-саяқ жағдай екендігінен… Меңтай баладан қайтады. Шерлі, шежірелі, өкінішті, күйінішті махаббат драмасы осылай түйінделеді және көпшілікті шынайы сезімнің қадіріне жетуге, бағалауға қатысты ойға жетелейді. Махаббат – ғашық болу, армандау, қиялдау ғана емес, сүйгенің үшін күресу, оны қорғау, қолдау екендігін түйсіндіреді. Қыз тағдырының нәзік гүл тағдырына ұқсастығын, оны аялайтындармен қатар, аямайтындардың да бар екендігін ұғындырады.
Фархат Молдағалидың актер таңдаудағы шеберлігін де атап өткен жөн. Мәселен, Меңтай рөлінде Гүлбаһрам Байбосынова барынша шынайы ойнайды. Ал Ербол образын сомдаған Дархан Сүлейменов кешегі Әшірәлі Кенжеев, Төлеубек Аралбай сияқты аға буын актерлардың дәстүрін, қоңыр үнін жаңғыртқандай әсер қалдырады. Спектакльдегі басты кейіпкерлермен қатар, Тұмажан, Зәйкүл, Тана образдары да тартымдылығымен тәнті етеді. Спектакльді музыкамен әрлеген Ербол Нариманұлының «Таңғы блюз», «Туған үй», «Тағдыр солай» әндері қойылым табиғатына, сюжетіне сай ахуал, көңіл күй үстейді.
Әуелден-ақ тың ізденістерімен көзге түсіп, қазақ сахнасын өзіндік қолтаңбасымен серпілтуге, сілкінтуге тырысқан Фархат Молдағалидың әлі де талай тамаша туындыларына куә боламыз деген үміттеміз.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір