ҮНСІЗ СӨЙЛЕЙТІН СУРЕТТЕР
08.04.2022
3330
0

Қазақтың санаулы иллюстраторларының бірі – Аңсаған Мұстафа сурет арқылы да қоғамдық мәселелерді қозғауға болатынын дәлелдеп жүр. Оның түрлі тақырыптағы картиналары өмір жайлы өзінше ой түюге жетелейді әрі тәрбиелейді. Қылқалам иесі бұл өнер жолына қалай келгені турасында өзі баяндап берген еді…

Әкем де, анам да – журналистік қызмет атқарған. Анам ҚазҰУ-да (бұрынғы ҚазМУ) журналистика факультетінде оқып жүргенде, ұстаздары «Балауса» баспасына іс-тәжірибеден өтуге жіберіпті. Ал онда әкем жұмыс істейтін. Сонда танысып, отау құрған. Анам мені дүниеге әкелер уақытта туған жеріне, анасының қасына барыпты. Мен өмірге келгенде туу туралы куәлігіме Атырау облысы Миялы ауылында туған деп жазылған. Мені қырқыннан шығарған соң, анаммен бірге Алматыға келіппіз. Алматыда өстім. Ол кезде қазақ мектептері санаулы ғана еді, алыстығына қарамастан қазақ мектебінде оқыдым. Көркемсурет колледжінде оқып, кейіннен академиясын бітірдім.

Жолдасым да – журналист. Екеуміз Алматыда танысқанбыз. Отбасы болған соң, жолдасым: «Автомобильдер туралы газет ашамын», – деп жұмысқа байланысты, Елордаға көшіп келдік. Газет шығаруға көмектесіп жүрдім. Өзім салған суреттерді анам шығаратын «Ақ босаға» газетіне жариялайтынмын.

2009 жылы фейсбук әлеуметтік желісі ашылып, бәріміз сонда тіркелдік емес пе? Желіде әншілер әндерін, бишілер биін жариялап жататын. Мен де парақшама өзім салған суреттерді жүктей бастадым. Түрлі тақырыптағы суреттер көпшіліктің қызығушылығын туғыза бастады… Әсіресе әлеуметтік тақырыптағы картиналарымды жариялағанда, олар көп талқыға түсті. Лайкты көп жинады, өзгелер де көптеп бөлісті. Соған қатты риза болып, лайкомания деген «ауруға» ұшырадым ғой (күліп). Әлеуметтік желіге жаңадан тіркелгенде мұндай жағдай бәрінің басынан өтетін шығар…

Осы қызығушылықтың әсерінен суреттерімді көбейттім. Екі апта сайын түрлі тақырыптағы суреттерді әлемжеліге шығарып жүргенде, бес жыл өте шығыпты және осы уақыттың ішінде бірталай сурет жиналып қалған екен. Қазақтың мықты деген жігіттерінің бірі Алмас Садырбай фейсбукте отырып:
– Аңсаған, осы суреттерді таңертеңнен кешке дейін интернеттен онлайн ғана көре береміз бе? Оффлайн көргіміз келеді. Көрмеңді өткізбейсің бе? – деді күндердің бір күнінде.
– Жарайды, бұйырған күні өткізермін, – дегенмін.
– Сен осылай жобамен ғана жауап беретін адам емессің ғой. Нақты сөйлейсің. Нақты жауап күтем, – деп қайтпады ол да. Ол кезде көктем еді.
– Жақсы онда, күзде болсын, – деп жауап бергенмін.

«Айтылған сөз – атылған оқ» деп, ойламаған жерден көрме өткізуге дайын­дыққа кірісіп кеттім. Жарты жылда суреттерімнің ішінен лайық-ау деген елу бес данасын іріктеп алдым. Алғашында көрме жасау өте қиын болды. Бармаған жерім жоқ. Жастарға арналған көріністер бейнеленгендіктен, жастар көп жүретін жерде өткенін қаладым да, вокзалдарды, MEGA, «Керуен», «Евразия» секілді үлкен сауда орталықтарын аралап, басшыларына ұсыныс жасап едім, ешқайсысы келісім бермеді. «Біртүрлі ауыр суреттер екен. Көңілді көріністер, көбелек секілді әлденелер салынса, жасай салар едік», – деген сияқты әңгімелер айтты бәрі. Содан көңілім түсіп, құлазып жүргенімде анам ЕҰУ-дың ректорына хабарласып, келісімін алып берді. Өзім есейген адам болсам да, осылай анамның көмегіне жүгінген едім (күліп). Сөйтіп Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен алғашқы көрмеме адам өте көп жиналды, суреттер көп талқыланды. Көрменің атын «Сөйле, сурет» деп досым Жандос Байділда қойып берген. Сол күні Алматының метросынан хабарласып, сол жаққа шақырды. Екі апта Астанада өткен көрме, сәтімен Алматыда жалғасын тауып жатты. Содан кейін Талдықорған, Тараз, Атырау, Орал, Теміртау, Шымкент, Павлодар шаһарларында өткізіп қайттық. Бүкіл Қазақстанды айналып шыққан суреттер әлеуметтік желі арқылы шетелді де аралап кетті.

Жақсы-жақсы ой-пікірлер естіп жаттым. Фейсбук әлеуметтік желісінде екі парақшам бар. Инстаграмдағы парақшама да суреттерімді жиі салып тұрамын. Дайректке шетелдіктердің хаты толып қалған екен, мен көрмей жүргенмін ғой. Түрлі елдерден көрмеге суреттерімді сұрай бастады, яғни онда өтетін ортақ көрмеде менің бір суретім ілінеді. Ұйымдастырушылар тарапынан: «Суретіңіздің түпнұсқасын емес, көшірмесін жіберсеңіз. Біз суретті кері қайтармай-ақ қояйық, галереямызда естелік болып тұра берсе», – деген сұраныс болып жатады. Бір қызығы, елімізде көпке ұнаған суреттер шетелдіктерге онша ұнай бермейтіні бар. Бізде ауқымды проблема болып есептелетін жайлар, онда күнделікті қалыпты тіршіліктің бір көрінісі ғана болып кеткен ғой.

Бірде мексикалық Кейт Арес (Kate Ares) деген қыз менен сұхбат алған еді. Журналистің ойлары қызық болды ма, мен одан көп нәрсені сұрап кетіппін (күліп). «Кім кімнен сұхбат алып жатыр?» – деп күлген еді ол да. Өзі сондай сыпайы. Сұрақтарының бәрін қазақша жіберді. Уатцапта сондай бағдарлама бар екен, олар сұрақты өз тілдерінде тереді, ал ол маған автоматты түрде қазақ тіліне тәржімаланып келеді. Мен де қазақ тілінде жауап берсем, журналист оны бірден өз тілінде оқиды. Сонда сол қыз менің суреттерімді кішкентай кезінде (он бес жасында) көргенін айтып таңғалдырған. Осы байланыстың нәтижесінде көрмем Мексикада өтті. Бразилияда, Мароккода, Косовада, тағы басқа да шетелдің ірі қалаларында көптің назарына ұсынылды. Бұйырса сәуір айының жиырма бесінде Кореяда, жазда Аргентинада өтеді деп жоспарлануда. Бізде: «Ойбай, келесі аптада, келесі айда көрме жасап жіберейік», – деп, апыр-топыр, асығыс-үсігіс жасайды ғой бәрін. Ал шетелдіктер қандай шараны болсын алдын ала дайындалып, бір жыл бұрын, жарты жыл бұрын жоспарлап, ұйымдастырады екен.

Екі апта бұрын перулік Ребека Дорич (Rebeca Dorich) деген замандасымыз бір суретімді қатты ұнатып: «Мен осы суретті басқа суретшілерге көрсетіп, «кім қалай түсінеді, қалай аяқтағысы келеді?» деп үндеу тастайын. Басқа өнерпаздар да осы көріністі өз идеялары бойынша жалғастырып көрсе, қарсы емессіз бе?» – деп сұраған. Қарсы еместігімді айттым бірден. Бірақ бұл жобаға соншама көп суретші қатысады, суретімді соншалықты түрлендіреді деп ойламаппын. Менің ақ-қара суреттерімді түрлі-түсті реңке енгізген. Сан қилы бейнелерді, таланттарды көргенде қатты қуандым. Ұлымыз кішкентай кезінде: «Мына сурет қорқынышты ғой, қазір мен оны күшті қылам, – деп, біздің бұрынғы суреттерімізді карандаштармен, фломастермен бояп қойып: – Мама, қарашы, енді әдемі болды», – дейтін. Кес­кіндемешілердің картиналарына көз салғанда осы оқиға есіме түсті. Көріп отырғаныңыздай, шетелдіктердің тағы бір жақсы қасиеті – ашық-жарқын келеді. Танысын, танымасын, адамға қашанда оң көзқараспен қарап, кез келген өздеріне ұнаған идеяны жандандыра түсіп, қолдау көрсетіп, тіпті қаржылық үлестерін де аямай қосып жатады. Олардың идеяны бағалайтынын байқадым.

Әлеуметтік тақырыптағы суреттердің мәні ешқашан жоғалмайтынына көзім жетті. Себебі жеткіншек өсіп, орта жасқа, егде жасқа келгенде, қай-қайсысы да түрлі проблемамен бетпе-бет келуі мүмкін. Немесе оны сол қоғамдық сұрақ толғандыруы да ықтимал. Яғни, әлеуметтік мәселелер айналып жүре береді.

Суреттердің сатылымы жайлы екі жақты айтуға болады. Біршама уақыт бұрын бір журналиске сұхбат беріп отырып: «Менің суреттерім сатылмайды. Өйткені барлығы ақ, қара түстерден ғана түрады», – деп жауап бергенмін. Сонда жолдасым: «Неге өйтіп айтасың? Сенің суреттерің көптеген тиражбен сатылып жатыр ғой. Қасқыр бейнеленген футболкалардың он-он бес мың данасы сатылғанын айттың емес пе? Неге сен оны сурет деп есептемейсің?» – деп ойландырып қойған еді. Расында, алты-жеті жыл ішінде сексен мың футболка сатылыпты.
Ал әлеуметтік мазмұндағы суреттер сатылмайды. Қабырғаға өзің іліп қойған картина қараған сайын өзіңе ұрысып, зекіп тұрғандай болса, ол кімге ұнай қойсын? Кейде әкімдіктегі қызметкерлер билбордқа ілу үшін тегін сұрап алады. Халық көрсін, бір адамға болса да ой салсын деп, пұлы болмаса да, картинамның көпшілік жерлерде ілініп тұрғанына қуанамын, әрине.

Жалпы, суреттерге сипат­тама бере бермеймін. Картиналардың ерекшелігі де сонда, бәрін үнсіз ұқтырады. Десе де бір сурет жайлы айтып көрейін, қазір әлемдегі адамдардың көпшілігі жалғыздықты терең сезінеді деп ойлаймын. Өйткені барлығы дерлік ойымен, өне бойымен әлеуметтік желілерге кіріп кеткен. Уақытының көбін сонда өткізеді. Мысалы, осы жылы 8 наурыз, Халықаралық әйелдер, аналар, арулар мерекесі қарсаңында қыздар ренішін жиі білдіріп жатты. Басым бөлігінің айтатыны: «Гүлдердің суреттерін ғана алдық, шын гүл алған жоқпыз. Жігіттер стикер жібереді де, қарап отырады», – дегенге саяды. Илон Маск: «Болашақта сөйлей алатын, ойын дұрыс жеткізе алатын адамдар бай болады. Қоғамда ондай адамдарға деген қажеттілік туады, өйткені адамдар бір-бірімен сөйлесу, пікірлесу контактысын жоғалта бастады. Әркім өз бетімен оқшауланып өмір сүруде», – деп айтқан еді бір сөзінде. Менің де бұл суретті салудағы мақсатым, осындай келеңсіздіктен адамдар алшақ болса екен, қиындыққа тап болмаса екен, қарасын, ойлансын деген ниеттен туған.


Бетті әзірлеген
Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір