«Ұлылар үндестігі»
18.03.2022
1650
0

14 наурыз күні Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясы «Ұлылар үндестігі» атты халықаралық конференция болып өтті. Салтанатты шара ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, заңғар жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Руханият ордасы Ұлттық кітапхана ғимаратында өткен тағылымды бас қосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Алматы қаласының әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, келелі пікірлерін ортаға салды.
Өнегелі шара аясында, Алаш қайраткерлері, А.Байтұрсынұлы және М.Әуезовке арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Алқалы жиын аясында қос бірдей тұрғырлы тұлғаның мерейтойына орай Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп жарыққа шығарған бірқатар еңбектердің таныстыру рәсімі өтті. Мәселен, Түркі академиясы дайындаған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ақаңның замандастары, кейінгі буын өкілдері және қазіргі зерттеушілердің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Бұл еңбектің ағылшын және чех тілдеріндегі нұсқалары да Түркі академиясы мен Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігімен бірлесіп жарық көрген болатын.

Сонымен бірге  Түркі академиясы кезінде алаш арыстарымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы да белсенді қатысып, пайымды пікірлерін ортаға салған «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі» материлдарын қайта басып шығарып отыр. Бірегей басылымға төте жазумен басылған толық факсимлесі де қоса берілді. Бұл тарихи сиезге қазақ даласынан ғана емес, Түркістаннан, Бұхарадан, Мәскеуден түркі халықтарының кейбір беделді тұлғалары өкіл болып қатысқан. Халықаралық Түркі академиясы таныстырған келесі еңбек — Мұхтар Әуезовтың әйгілі қырғыз эпосы «Манас» туралы монографиясы. «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» (Киргизский героический эпос «Манас») аталатын аталмыш кітап әуезовтанушылар мен Манас эпосын зерттеушілерге көмекші құрал болары сөзсіз. Монографиялық еңбектің алғашқы нұсқасы 1934 жылы дайын болған екен. Автор оны әртүрлі саяси-идеологиялық кедергілерге байланысты өзегін өзгертпегенімен әр жылдары шұқшиып редакциялап, еселеп өңдеп, болаттай шынықтырып, шыңдай түскені еді. Аталған еңбектің 1936 жылы машинкаға терілген дайын нұсқасының көшірмесі Қырғыз Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты Қолжазбалар қорында сақталған. Ғылыми қосымша ретінде осы үлгінің толық факсимилесі де жарияланды. Сонымен бірге жинаққа 1952 жылы 8 маусымда Фрунзе қаласында өткен «Манас» жырын зерттеуге арналған конференцияда М.Әуезовтің жасаған «Создать народный вариант «Манаса» деген әйгілі баяндамасы да енгізілді.
Келелі басқосу аясында Алаш мұраларын зерттеп жүрген бірқатар ғалым-қайраткерлер Түркі академиясының арнайы наградаларымен марапатталды. Түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін академик Мәмбет Қойгелдиев Академияның арнайы Алтын медалімен, белгілі әдебиетші ғалым Кенжехан Матыжанов Түркі академиясының Күміс медалімен марапталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілуде. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемі кеңістігінде әйгілі түрколог, алаш қайраткері А.Байтұрсынұлының 150 жылдық және кемеңгер жазушы М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту туралы ойларымен бөлісті.
Кеш барысында рухани пікірлер мен мәселелер жан-жақты талқыланып, ұлт зиялыларының есімі ұрпақ санасында ұлықтала береріне тағы бір куә болдық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір