ҚАЗАҚҚА «ҚАЗАҚ»  АТАУЫН ҚАЙТАРҒАН – АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
22.10.2021
1982
5

Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласында орналасқан музейүйінің мемлекет қарауына алынғанынан көпшілік хабардар. Алайда бұл қуанышқа жетудің машақаты аз болмаса керек. 28 жылдан бері шешімін таппай  келе жатқан мәселеге қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қаулысы  нүкте қойғандай. Күні кеше қоғамдық қордан коммуналдық меншікке өтіп, Алматы қаласы әкімдігінің қарамағына алынған қарашаңырақтың өткені мен бүгіні жайлы мұражай меңгерушісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Райхан Имаханбеттен  сұрап көрдік.

 Әпке, сіздің Ұлт ұстазының музей үйіне келуіңіз ғалымның қызы – Шолпан Ахметқызымен тілдесуіңізден басталған екен. Осы жайлы айтып берсеңіз?

– Біріншіден, Шолпан апа туралы сөз қозғамас бұрын, сауалыңыздағы «әпке» деген туыстық атауға тоқталсақ. Мәселен, біздің қала көрген, үлкен қалаға тұрақтанған қазақтарымыздың басым көпшілігі ұлттық болмысымызды білдіретін туыстық атаулардан «саналы» түрде бас тартады. Ұлтымызға тән атауларды «қазақбайшылық» деп қолдануға намыстанады. Жасы үлкендерге қаратыла айтылатын «ағай» мен «апайды» айтқызбай, «Пәленшеев пен Пәленшеевна» деп ататқанды зор мәртебе көретін «мәдениетті» зиялыларымыз бар. Бұл – жақсылықтың  нышаны емес, өз қағынан өзі жеріген саны аз ұлт өктем жұрттың жетегінде кетіп, жұтылып кеткенін аңдамай да қалатынын уақыт көрсетті емес пе?!  

Мәселен, ағартушы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы жарық көрген тұңғыш оқулығы «Оқу құралы» қазақша әліппесінде балаға әріпті дыбыс арқылы үйретіп, әріптерді дұрыс айта білуге баулып болғаннан кейін берілетін алғашқы мәтінді: «Туысқан-туған ілікдес» деген тақырыпшамен бастайды. Ағартушының мақсаты – еліміздің келешегі – баланың жадына ұлт болмысын сіңіру, ұғындыру әрі оны тіршілігіне тірнек етуге баулу болған. Ал біз ше?!

Сауалға оралсақ, Ахметтей ұстаз һәм әкеден тәрбие алған Шолпан Байсаловамен сұхбаттасу, дидарласу бақыты бұйырған сәттен менің өмірлік ұстанымым да түбегейлі өзгерді. Шолпан Ахметқызымен танысқанымда жасым 26-да еді. Өзіндік ұстанымым мен өмірге деген көзқарасым қалыптасып үлгерген,  белгілі дәрежеде өзіме тән «менім» бар кезең… Бірақ Шолпан Ахметқызымен дәмдес болған аз уақыт маған үлкен сабақ болды.

Шолпан апаның тауқыметті тағдырының кейбір тұсы ғана маған мәлім, ал беймәлім қанша жұмбағы өзімен кетті десеңізші! Ахметтану тақырыбына алғаш қалам тартқанымда мақаламның «бісіммілләсі» Шолпанға арналды. Себебі ол кісіге әкесінің ақталғанын көру бұйырса да, замандасы Гүлнәр Міржақыпқызындай том-том кітап жазу бұйырмады… Аталарымыз айтатұғын «іштен шыққан жау жаман» демекші, Шолпан апаны айдау мен түрменің зардабынан бөлек, «жан дертінің» күйігі ортамыздан ертелеу алып кетті. Кейуананың қайғы-мұңына ортақтасқандықтан, Шолпанның өмірден озғанына үш жыл толғанда, сол бір аяулы жанның бейнесі ұмыт болмаса екен деген үмітпен мақала жаздым. Тырнақалды естелігім «Мен білетін Шолпан апа» деген атаумен 1997 жылы осы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.

– Алғаш табан тіреген кезіңізде бұл қарашаңырақтың жай-күйі қандай болды?

– Бұл тарихи ғимаратты алғаш рет, шамамен, 1991-1992 жылдары көрдім. Үйдің ахуалы сын көтермейтіндей күйде еді. Көп жөндеуді қажет ететін, қараусыз ғимарат болатын. Негізі, Алаштың аяулы ұлы Ахметтің есімі ресми ақталғаннан кейін, ҚР «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18 қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі №60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын», – деген №413 шешім негізінде ХХ ғасырдың ұлы реформаторы  А.Байтұрсынұлының Алматыдағы мұражайы 1993 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған. 1993 жылы 18 ақпанда қала әкімі «Алматыдағы Космонавтар көшесінің атын өзгерту туралы» №78 шешімімен 1962 жылдың 15 тамызынан бастап Космонавтар көшесі деп аталып келген, ұзындығы 4450 метр көшеге қазақ халқының рухани көсемінің есімі берілді. Осы жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» сол кездегі Алматы қаласының әкімінің №360 шешімі шығады. Осы шешім негізінде А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді, яғни  ғалымның үйін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.   

– Бертін келе музейдің әр бөлшегінің толығуына көп еңбек сіңірдіңіз. Осы жөніндіе баяндасаңыз.

 Мені ахметтанушы деп танитындардың әрі Алматыдағы Ұлт ұстазының артында қалған жалғыз жәдігерінің жанашыры деп қарайтындардың сеніміне селкеу түспеуі үшін «жоқтан бар жасауға» тырысып-ақ келемін. Өйткені  ұлт мүддесіне арымен жұмыс жасаған Ахметтей ақиық ұлдың музейінде қоғамдық негізде (айлықсыз) жұмыс істеп жүрген мен… алдағы күні Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының ахуалы қандай болатынына қатты алаңдаймын. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде тағылым мектебі деп танылған тұлға үйінің келелі мәселелерін БАҚ бетінде көтергеніме 19 жылдан асыпты. Енді шешімін табады-ау деп үміт оты шоқтана бастағанда көлденеңдеушілердің шоқпары мықты ма, әйтеуір тарихи үйдің «түтіні түзу шықпай-ақ қойды». «Түтіні түзу емес» деген зарымның астарында жатқан зор қауіпке себеп,  санамды жегіқұрттай мүжіген сансыз сауалға жауап таппай қиналатынмын. Құдайға шүкіршілік, енді ол күндер артта қалды деп үміттенемін.

 – Экспонаттар қалай жиналды?

– Мұражай жәдігерлерінің жиналу тарихының қилы тағдыры бар. Бұл жөнінде 2017 жылы жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі («Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің қалыптасу тарихы: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі») атты кітапта талдап-таратылып жазылған.

Біздің мақсат: Ұлт ұстазының мұралық экспонаттарын бүгінгі ұрпаққа таныстыру, тағзым етер тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан келешек ұрпаққа тәлім беру мәселесін қамту. Мұражай-үй қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық ресми құжаттар бар, 300-і – мемлекеттік мұрағаттан алынған телнұсқалар. Тарихи тұлға тұтынған мүліктерінен: жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, қол чемодан, самаурын, жезтабақ, сандық қойылған.

Қорда ғалымның өз тұсында жарық көрген еңбектерінің телнұсқалары: «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы» 3 кітап; «Тіл – құрал» 3 кітап; «Баяншы», «Әліпби» әліппе, «Ер Сайын», «Әліппе астар», «Сауаташқыш», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмсар» атты кітаптарының көшірмелері жасақталған. Жалпы, осы кітаптардың әр жылдары жарық көрген сандарымен қоса есептесек, 17 туындысының  46 рет басылым көргені мәлім. Бұл кітаптардың түпнұсқалары Республикалық Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде тіркелген әрі сақталған.

– Алаш қайраткеріне қатысты әлі ашылмай жатқан мәліметтер бар ма? Ғалым еңбектері толықтай руханият айналымына енді ме?

Мәселен, руханият ұғымын терең түсіну үшін ұлттық әдебиетіміздің алтын ғасыры атанған Алаш арыстары мұрасын дұрыс оқып, зерделеуге әрі оны тіршілігімізге тұтынуға мүдделіміз. Мәселен, біріншіден, ғасыр басында жетілген жұрттардың тілінің жетегінде адасқан Алаштың әліпбиі мен әліппесін түрлеуші ғұлама кім?! Әлбетте, Ахмет! Дәлел 1912 жылы Орынборда жарық көрген Оқу құралы: қазақша әліппе; Екіншіден, жұртымыз орыс патшалығына бодан болып тұрғанда «қырғыз» атанған еліне «қазақ» деген төл атауын қайтарған қоғам қайраткері кім?! Әлбетте, Ахмет! Дәлел Орынборда жарияланып тұрған «Қазақ газеті». 1913-1918 жылдарды еске түсіріңіз; Үшіншіден, соңыра қазан төңкерісімен келген: «Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!» – дейтұғын көсем Ленин  қалың бұқараға теңдікті үгіттеген кезде ұлтына дербес ел болу үшін шекарасы анықталған автономия алып берген  мемлекет қайраткері кім?! Әлбетте, Ахмет! Дәлел Орынбордың 1920-1924 жылдары қазақ елінің рухани ордабасы болуы. Тізе берсең, қазақ ұлты алдында тарихи істері таудай теңдессіз тұлға кім?! Әлбетте, ол Ахмет Байтұрсынұлы!

Ендеше, осындай «хас тұлғаны мемлекеттік деңгейде ұлықтай алдық па?!» деген сауал әлі күнге өзекті.

– Музей-үйге үйірілген «қара бұлтты» сейілту үшін де талай қажырлы еңбек еткеніңізді білеміз. Бұл қандай мәселелер еді?

– Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен ерен ердің артында қалған, көзіндей болған жалғыз жәдігері музей-үйін мемлекеттік емес деп айтудың өзі арымызға үлкен сын емес пе?! Өкінішке қарай, мемлекеттік емес болғандығы, «Ахметтей тұлғаның асыл мұрасын ел игілігі, мемлекетіміздің ұлттық мақтанышы» деп қарамайтын жекеменшіктің құзырында болып келгенін біреу білсе, біреу білмеді. Бұл нені көрсетеді?! Бұл біздің билік пен қоғамның халықтың асыл қазынасы болып табылатын мұраға деген немқұрайлығы.

Иә, Ахмет Байтұрсынұлының тағылым мектебінің басына қаншама рет «қара бұлт» үйіргендер… ортамызда әлі жүр. Және тағы да «аяқтан шалып, етектен тартса», таңғалмаймын. Бетіңе күле сөйлеп, жоныңнан пышақ сұғатындар қай кезеңде де қазақ қоғамының қасіретіне айналғанын көріп келеміз.

2005-2006 жылдары талайлар айта алмаған айшықты сөзді тайсалмай айтқан Тұрсынбек Кәкішұлының  болмысы бөлек тұлғасын ешқашан ұмытпаспын. Тұрсынбек ағай – ғалым болдым деп кекіреймеген, зиялымын деп шіренбеген бітімі бөлек жан еді-ау.

– Үйдің мемлекет тарапына алынуы қандай игіліктерге бастайды? Бұл бастама  қалай жүзеге асты?

– Мәдени мұралардың құндылығын көрсететін мұражайлардың сақталуына тікелей мұрындық болатын – мемлекеттің өзі. Мұны түсіну үшін музейге жасалған көмектерді тізейін. Мәселен, 1997-1998 жылдары Үкімет тарапынан ғалымның 125 жылдық меретойына орай, Республикалық бюджеттен ақша бөлініп – күрделі жөндеу жұмыстары жасалды  (Мейлі, толық атқарылмаса да).

2005 жылдың қарашасы мен  2006 жылдың мамыр айы аралығында  қала әкімі Иманғали  Тасмағамбетовтің тікелей қолдауымен ескіріп, тозығы жетуге айналған  мұражайға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шаруашылықтар саласындағы қордаланған мәселелер: ауызсу, кәріс құбыры, жылу жүйесі, жарық пен байланыс жүйелері, ауланы көгалдандыру, ғимарат сыртын қоршау т.б. жұмыстар атқарылды.

2015 жылы 12 қараша айында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың келуіне орай, Ахаң мұражайының үш жылдай жылудан ажыратылған жылу беру жүйесі қайта іске қосылды. Ғимараттың  сырты мен аула қоршауына косметикалық жөндеулер жүргізілді.

2016 жылы 15 тамызда   Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың мұражайға сапары барысында мұражайдың көрме залындағы ескірген кейбір экспонаттар жаңартылды, кейбірі қайта толықтырылды. Ғимаратқа, аулаға жаңарту жөндеу жұмыстары жүргізілді. Премьер-министр тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің құрметті қонақтар қолтаңбалары» жазбасымен қалың альбом сыйға тартылды.

2017 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары И.Тасмағамбетовтің арнайы сапары барысында мұражайға ұлттық мәртебе беру, ғалымның мұрасын толықтырып қайта шығару, Тарихи тұлғаның шығармашылық ғұмыры мен мемлекеттік қайраткерлігі туралы деректі фильм түсіру жөніндегі келелі мәселелер көтерілді.

2015-2016 жылдары Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тарапынан жылу тасымалдайтын құбырлардың жарамсыз болып қалуы салдарынан үш жыл бойы тоқтап қалған жылуды қосу ісі қолға алынды. Істен шыққан құбырлар қайта жасақталды, ағымдағы бірқатар жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қала әкімшілігі бюджетінен музейдің қалыптасуы туралы ғылыми жинақ пен тұлға өміріне арналған фотожинақ 2017 жылы жарық көрді.

2021 жылы 13 қазанда бекітілген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тарихи ғимаратты қала балансына алу туралы қаулысы, алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің өзекті мәселелерін шешеді деп үміттенемін. Өткеніміздің өткелін түгендеу – бүгінгі парасатты ұрпақтың перзенттік парызы. Қазақ елінің қалыптасу тарихында ерекше орны бар ерен тұлға, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы  музей-үйінің жылдар бойы шешілмей келген өзекті мәселесінің оң шешімін табуға ықпал еткені үшін Алаш мұрасын насихаттаушылар атынан қала әкімдігіне  зор алғыс айтамын.

Қаламымды «күрекпен» алмастырған, алтын уақытты «арпалыспен» өткізген күндерім көп. Осы күнге дейін мұражайға жетекшілік етуде уақыт тауып көмектескен туыстарыма, қоғам белсенділеріне, ҚазҰУ-дегі ұжымым мен студенттеріме рақмет. Мұражайдың мемлекет қарауына өткенінің оң ықпалы көп, біріншіден, штат береді. Тұрақты айлық береді. Ең бастысы, «Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі – мемлекеттік мекеме» деп айтқанның өзі мәртебе! Тарихи тұлға – жекешелеп алатын «зат» емес. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері. Саналы ғұмырын ұлтына арнаған халық адамы. Ендеше, оның мұрасын іздеуші де, жоқтаушы да, насихаттаушы да – халық пен мемлекет! Демек, халқы үшін құрбан болған қайран ердің қамқоршысы да қолдаушысы да – мемлекет!

    – Қазақтың ардақты ұлының ұрпақтары жайлы айтып берсеңіз.

– Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы, ол – қазақ! Әлбетте, туыстары жетерлік. Десе де, тарихи тұлғалардың ұлықталуы руханиятты ту етіп көтерген саналы қоғам мен білікті биліктің құзырында.

Қазақ елінің игілігі, ұлттық мақтанышы болып есептелетін Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің дербес тіршілік етуге толық құқы бар екенін  әрі мемлекетпен қорғалуы керектігін уақыт көрсетті. Себебі Ұлт ұстазы, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының көзіндей болған жәдігері – халқымыздың рухани қазынасы, асыл мұрасы. 

– Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

 

 

ПІКІРЛЕР5
Қонақ 23.10.2021 | 20:40

Интервью нашар. Мөлдір нашар журналист екен. Мынадай тақырыпты әрбір қазақ еңіреп отырып оқитындай, ертеңіне қалтасынан ақшасын суырып, «не керек?қай жерін жөнге келтірейік бегізетіндей етіп жазу керек қой! Газеттің атына лайық мақала емес! Ғалекең қалай жіберген? Ахметтіңң немересі.

Қонақ 25.10.2021 | 10:21

Ғалекең деген кім?

Қонақ 25.10.2021 | 10:26

Өтірік еңіремей Одақтарыңның жағдайын жөндеп алыңдар. «Жұлдыз» журналын анау Құлкеніп дегенге беріпсіңдер. Масқара ғой. Ертең жоқ қылады ол сабазың түк көрмеген ебрей. Журнал жоғалмасын десеңдер Кұлкеніпті жоғалтыңдар.

Қонақ 30.10.2021 | 07:53

«Жұлдыз» журналының редакторы қайда кетті?

Қонақ 02.11.2021 | 11:39

«Жалын» журналы қандай еді! «Ана тілі» газеті қандай еді! Екеуін де Мереке Құлкенов құртты. Қазір бұл журнал мен газет оқылмайтын болды. Енді ол «Жұлдыз» журналын да құртады. «Жұлдыз» журналын оған тапсыруға болмайды.
Осы Мереке Құлкеновтің әдебиетте несі бар? Түк көрмеген десе, түк көрмеген. Түк жазбаған десе, түк жазбаған. Бұл өзі Жазушылар одағына қалай кіріп алған?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір