КЕНЕННІҢ КЕМЕЛ ӨНЕРІ
08.06.2021
3165
1

Сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне,
әрі ғұлама жырау,
әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз.

Мұхтар Әуезов

Кейін аңғардым… әркімнің өз Кенені болыпты

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

Өзімізге жиі қоятын «қазақ қандай халық?» деген сұраққа жауап іздегенде «ежелден ер деген» даңқы алдымен ауызға іліксе, екінші ретте «тіл ұстартып, өнер шашқан» мақсұты ойға оралады. Ата тарихының терең қатпарларына үңілер болсақ, қазақ деген халықтың ұлттық ұстынын дәл осы егіз ұғым қалыптастырғандай көрінеді. Ол бізге – «қара терін төгіп, қызыл қанын жүгіртіп» осыдан мың жарым жылдан астам уақыт бұрын сына жазуымен ерлік жырын тасқа қашаған Йоллығ тегін бабамыз бен жаһан әміршісі Шыңғыс ханды ақ киізге орап хан көтергендердің сөз ұстары – түгел сөздің түп атасы – Майқы биден жеткен қастерлі аманат. Ол – қазақ хандарының ұлы бабасы Жошының кемеңгер кеңесшісі Кетбұға би, асыл бейнесі батырлар жырының әр тұсынан қылаң беретін Сыпыра жырау, халқына жайлы қоныс іздеп, Желмаямен тау мен даланы кезетін Асан Қайғы атамыздай ескі дәстүрді жаңғыртқан дала данышпандарының өсиеті. Ол – рух әміршілері – домбыра мен қылышты қатар ұстаған Доспамбет пен Қазтуғандардан кешегі ер Махамбетке дейінгі жорық жырауларының келер ұрпаққа қалдырған ғажайып ғибраты. Халқымыз төл жазуынан көз жазып қала берсе де, олардың есімдерін ұлт санасында сақтап, жүрек төрінде ұстаған. Сондықтан ұмытылмаған, жырлары ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп, Ұлы даланың мәңгі сөнбейтін киелі шырағына айналған. Бабалардың ескі жұртында қалып, бір кездері сөнуге айналған сол қоламтаны еппен үрлеп жіберсең, әп-сәтте қып-қызыл шоқтай маздап шыға келетіні сондықтан. Кенен Әзірбаев шығармашылығы сол ұлы жыраулар мұрасының жаңа заманда түрленген көрініс-келбеті десек, өзін «билер отты, би соңы» деуге әбден болады.

Адамның бала кезде естіген, көрген дүниелері ақ қағазға жазылған хаттай анық, айқын бедерленеді. Бірақ санада ұмытылмастай жатталып қалуы үшін оның әсері күшті, мағынасы зор болуы керек. Менің де бірінші сыныпты бітірер жаздан бастап, әлі күнге дейін жадымда жатталып қалған әуен – Кенен атамыздың жүрекке шуақ, жаныңа нұр құятын, әдемі, қоңыр дауысы.

…Сол жылы жазда әкем үйге екі күйтабақ әкелді. Бірі – Кенен атамыздың әндері. Әлі күнге дейін есімде: «Туған жер, тайға таңба басқандайсың, сай сайын өрлей берсем аспандайсың»,– деп майдақоңыр үнмен басталатын әндер тізбегі бірде «Бозторғай» болып шырылдап, енді бірде «Тік шырқап», «Алатау алабын», «Ойжайлауды» кезіп кетеді. «Қайран жастықпен» жастық шағына саяхат жасап, «Жетпіс бес», «Сексеннің» өзіне дес бермейді. Дәл осы күннен бастап мен үшін Кенен дәл бір туған атамдай болып кетті. Оның үстіне әкемнің де: «Жарықтықтың дауысы да, келбеті де біздің шалға керемет ұқсайды», – деп қоятыны бар. Қайтсін енді, ол да Кенекеңнің мейірбан жүзін көріп, жан жадыратар дауысын естіп, сүйегі шекараның арғы бетінде қалған қайран әкесін сағынады. Кейін аңғардым, Кененнің миллиондаған қазақтың жүрегіне жол табуының тағы бір сыры – әркімнің өз Кенені болыпты. Біреу одан даланың кемеңгер қариясының келбетін, екіншілері – жүрегіңді баурап әкететін әдемі қоңыр дауысты әншіні, үшіншілері – Арқа мен Алатаудың әншілік мектебі дәстүрін өзінше түрлеген композиторды, ал енді біреулер оның иман нұры төгілген жылы жүзінен өзінің әкесі мен атасын көреді екен.

Кезінде Кененнің әншілік, композиторлық қырларын қазақтың ғұлама музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов, ақындық, жыраулық мұрасын қайраткер-ғалым Мырзатай Жолдасбеков жан-жақты талдап, кәсіби тұрғыдан тарқата жазды. Дарияның түбінен құдық қазбас болар. Бізге керегі – оның ұлтымыздың ұлық өнерін қайта жаңғыртқан қазақ тарихындағы тұлғалық орны. Өйткені қайталанбас кемел дарын иесі Кенен ақын – ұлт руханиятындағы ғажайып құбылыс – қазақ жыраулық өнерінің жиынтық бейнесі.

Кенен Әзірбаевтың өмірі көзі тірісінде-ақ аңызға айналған. Қос ғасырдың тірі куәгері болған кемеңгер қария жастық шақта көрген-білген, көкейге түйгендерінің бәрін қазақ шешендік өнерінің зерттеушісі, филология ғылымының докторы Нысанбек Төреқұлдың көмегімен хатқа түсіріп, 1969 жылы «Аңыздар сыры» деген атпен жеке кітап етіп бастырады.

Фольклорист ғалымның әдеби өңдеуі мен «Қазақстан» сияқты саяси баспаның цензуралық қайшысына түскен тұстарын есепке алмағанда, естелікте баяндалған оқиғаларды замана шындығы деп қабылдауға толық негіз бар. Оның үстіне кейін бұл кітап тәуелсіздік жағдайында бастапқы толық нұсқасында бірнеше рет басылды. Енді сол деректерге жүгініп көрейік.
Кеңес заманында жарық көрген еңбектердің бәрінде дерлік Кененнің әкесі Әзірбай мен оның аталары түгелдей киер киім, ішер асқа жарымаған жалаңаяқ кедей болып суреттеледі. Кенекең де бұған қарсы көп уәж айта қоймаған. Шындығында жағдай басқашалау екен.

Кенен атамыз өз естелігінде атасы Мандыбайдан: Әзірбай, Ниязбай, Абданбай деген үш ұл тарағанын және «бәрі шетінен өнерпаз, домбырашы, өлеңші, әнші, көкпаршы, ит жүгірткіш, сауыққой» болғанын жазады. Қаратабан кедей өлең де, ән де айтар, бірақ көкпар тартып, ит жүгіртіп, сауық құра алмаса керек.

Әзірбай қалың қасқараудың мол дәулет біткен атақты шонжары, төбе биі – Кебекбайға атқосшы болыпты. Ал «өзі зордың – ығы да зор» келетіні бесенеден белгілі жағдаят. Сондықтан үнемі байдың ығында, елдің назарында жүрген Әзірбайдың күйі тым жаман болмаған сияқты. Кененнің әкесі шау тартып, алпысты алқымдаған шақта әйелі Алуа мен екі баласы бірінен соң бірі дүние салып, кезінде талай жақсы мен жайсаң түскен алты қанат үйі қаңырап бос қалады.

Қиын тұста Кебекең көмекке келіп, елдегі Ақыш деген батырдың уыздай жас қызы – Ұлдарды Әзекеңе әпереді. Қайын атасы қаражаяу көптің бірі емес – өзі батыр болса, алғаны біреудің байдан шыққан немесе жесір қалған «есік көргені» емес – үлбіреген жас қыз болғанына қарап, Әзірбайдың дәулеті ортадан сәл жоғарылау болғандығын аңғарудың еш қиындығы жоқ.

Міне, дәл осы көрікті, келбетті әрі әнші Ұлдар апамыздан Әзекеңнің жасы алпыстан асқан шағында Кенен туады, іле-шала Бибісара деген қыз да дүниеге келеді. Бірақ олардың шат-шадыман ғұмыры тым ұзаққа бармай, Кененнің жасы жетіге келгенде анасы мен қарындасы мезгілсіз дүниеден озып, жетім атанады. Бұдан кейін төсек жаңғыртуға Әзірбайдың жасы да, дәулеті де жар бермейді.

Жасы жетпістің желкесіне шыққан Әзірбай қазан-ошақтың басын күзетіп қалмай, ұзатылған қыздарының қолына кезектесе барып, ел аралап тұрмыс кешіпті. Кішкентай Кененді өз балаларымен бірге бағып, оқытсын деп, туған інісі, бақал сауда жасайтын, дөңгеленген тұрмысы бар Абданбайдың қолына береді. Оның мінезі жайсыз, қолы сараң, тәрбиесі төмен Әшман деген әйелі Кененге табалдырықты аттаған күннен бастап «шешесін жалмаған қу жетім» деп күн көрсетпей, қозы-лақтың соңына салып қояды. Анасының барында еркелеу, тентектеу өскен Кенен дәл осы әйелден көресіні де, қорлықты да молынан көреді. Тауды-тасты кезіп қозы-лақ бағып, үнемі ашқұрсақ жүретін баланың шерлі, мұңды күндері басталады.
Қанша мал соңында жүрсе де күн ұзақта өзімен қатарлас кедей-кепшіктің балаларымен өзінің айтуынша, сал таяқ, жорға таяқ, орамал жасырмақ, тақия теппек, ақсүйек, соқыр теке, шекем тас, асық сияқты алуан түрлі ойындар ойнап, шама-шарқы келгенше балалықтың бал дәуренін бастан өткізеді.

Ауыл баласының ертерек есейетіні белгілі. Әжептәуір дауысы бар, халық әндерін келістіре салатын анасы Ұлдардан естігені бар, бір кісідей-ақ домбыра шертіп, көптеген халық дастандарын жақсы білетін әкесі Әзірбайдан үйренгені бар – 7-8 жасында-ақ өлең-жырға үйірсектігімен көзге түсе бастайды. «Өлең болсын, ән болсын, аңыз, ертегі болсын, қағып алатын» болады. Қамыстан – сырнай, қалақтан домбыра жасап, өлең айтып, домбыра тартуға талпыныс жасайды.

Оның алғашқы ұстазы әкесі Әзірбай еді. Сондықтан ол өз естелігінде: «Сондағы әкемнен үйренген Сүйінбай, Қаңтарбай, Қуандық, Сарбас, Майкөт, Шөже, Түбектердің өлеңдері, әндері өзімнің ақындық жолға түсуімнің алтын діңгегіндей болды», – деп ашық жазады. Жас баланың талабына риза болған сол елдегі Еркебай дейтін өнерпаз азамат оған өзінің домбырасын сыйлайды. Ұстазының көзіндей көріп, ұзақ жылдар қолынан тастамаған бұл домбырасын Кенен атамыз кеңес заманына дейін ұстаған екен.

Бала Кененнің ең тырнақалды туындысы – әлде тоғыз, әлде он жасында айтылған «Ри, қойым» болса, ал «әнші бала» деген даңқын жайған алғашқы әні – 13 жасында шығарған «Бозторғай» еді. Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, осы заманғы дәстүрлі әншілердің репертуарынан түспей келе жатқан, тыңдаған жанның сай-сүйегін сырқырататын бұл әндер Кененнің бойындағы алысқа шабар композиторлық талантты айқын танытты. Сондықтан белгілі музыка зерттеушісі, профессор Б.Ерзаковичтің «Ри, қойым» мен «Бозторғай» туралы: «Оның тым балаң кезінде шығарған бұл туындылары өзінің күрделі қалыбы, мелодияларының үйлесімділігі, айрықша шеберлігімен ерекшеленеді. Бұл – музыкадағы ерекше құбылыс», – деген пікірімен келіспеу қиын (История казахской музыки, А., 2000, 169-бет).

Кененнің әншілік, композиторлық дарынын жас күнінде-ақ Алатау алабына түгел жайған әні – «Көкшолақ». Екпіндете басталып, ойнақы мәнермен желдірте жоғары, төмен түсе шырқалатын, қазақ ән өнеріндегі хрестоматиялық туындыға айналған бұл ән де бір ғасырдан астам уақыт бойына дәстүрлі әншілер репертуарынан түспей келеді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы «Алатау» үштігі оны эстрадалық аранжировкаға түсіріп, жаңаша орындағаннан кейін «Көкшолақтың» екінші тынысы ашылды. Бұл туынды туралы кезінде академик Ахмет Жұбанов ағамыз: «Ән Жетісудің дәстүрінде, халықтық интонация негізінде шыққан. Аздаған қалжыңның элементі бар. Ол, әсіресе, әннің қайырмасында көбірек көзге түседі. «Көкшолақ» әні де тез жайылып кетеді. Орындауы да жеңіл, музыкалық жағынан аса мазмұнды, қоңыр ән, өлеңнің сөзіне сай келеді», – деп жас әнші-композитордың алғашқы ірі музыкалық табысы саналатын әнге әділ бағасын береді.

Кенен мен Балуан Шолақ

Алғашқы үш әнімен-ақ Кененнің аты Әулиеата атырабына, қалың дулаттың ішіне жайыла бастайды. Жасы 15-16-ға келгенде жас әншінің бүкіл шығармашылығын ғана емес, кейінгі өмірін күрт өзгерткен айрықша оқиға болады. Аты аңызға айналған, ұлттық ән өнеріміздің шырқау шыңы саналатын – әйгілі Ақан сері мен Біржан сал ән мектебін сапалық жаңа биікке көтерген қазақтың ұлы композиторы, атақты балуан, үлкен өнерпаз Балуан Шолақ ХХ ғасыр басында Арқадан туған елі – Алатауға келеді.

Жалпы, Балуанның өмірін зерттеушілердің бір тобы ол еліне «қуғыннан бой тасалау үшін бір-ақ рет – 1912-13 жылдары келген» деген деректі алға тартады, екінші топ «әуелі атақ-даңқы дүрілдеп тұрған кезде – ғасыр басында келіп, аз күн аунап-қунап, ел аралап, өнерін көрсетіп, кейін араға жылдар салып қайта оралған», – дейді.

Балуан Шолақпен кездесуі жайлы Кенен­нің өзі де естелік қалдырған. Онда екеуінің жүздескен жылы нақты көрсетілмесе де, әңгіменің ұзын-ырғасына қарап, оқиғаның Кененнің бозым кезінде болғанын аңғару қиын емес. Бұл деректі әйгілі жазушымыз Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» повесінде растай түседі.

С.Мұқановтың жазуында Арқадан Жетісуға келген сол сапарында Балуан Шолақ Ноғайбай дейтін байдың үйіне түседі. Сол жолы атағы енді шыға бастаған (бұл Кененнің «Бозторғайы» мен «Көкшолағының» ел арасына тараған кезі) жас әншіні алдырып, өнерін тамашалайды. Жазушы: «Балуан Шолақ таптырып алса, он бестер шамасындағы қойшы бала екен», – деп жазады.

Дәл осы жолы Балуан ағасы жас Кененге батасын беріп, елдің игі жақсыларына: «Менен де зор әнші өздеріңнің араларыңда жүр, бірақ ән айтып жүрген жоқ, қой бағып жүр», – деп оған қамқорлық көрсетуді ерекше табыстаған екен. Сәбеңнің жазуынша, Кененнің даңқы дәл осы кезден бастап Алатауды шарлап кете барған.

Сәбең өмірінің соңына дейін Кененмен жақсы араласып-құраласып тұрған. Балуан туралы шығармасын жазу үшін сан мәрте сұхбаттасқан, дерек жинаған. Алматының іргесіндегі Кенен аулына талай келіп, жата-жастана қонақ та болған. Жазушының шығармасы жарық көргенде Кенекеңнің көзі тірі, көрген-білгендерінің бәрі көкейінде сайрап тұр. Бірақ табиғатынан сыпайы, сырбаз жан кей деректерге келгенде авторға: «Бұл олай емес, бұлай еді», – деп ешбір ескерту жасамаған.

«Балуан Шолақ» повесі жарық көргенде Кенен ақсақал өз естелігін әлі хатқа түсірмеген. Оның 1966 жылы көрген-білген, көкейге түйген оқиғаларын жаздырған естеліктері 1969 жылы ғана жеке кітап болып басылады. Онда шағын да болса Балуан Шолақ туралы арнайы бөлім бар. Кенекең ұлы ұстазымен кездесуі туралы: «Мен әуелі «Бозторғайды», онан соң «Көкшолақты», «Көпшілік, тыңда әнімді» деген әндерімді айтып бердім. Ол үнсіз тыңдап отырды да:

– Пәлі, нағыз әнші өз ауылдарыңда екен ғой, дауысы да құлаққа жағымды екен… деп мақтады», – деп жазады.

Кенен естелігі мен Сәбең шығармасындағы оқиға реті бір-бірімен қабысып тұр. Кенекеңнің жазуынша, дәл осы жолы Балуан ағасы оны Олжабай, Ноғайбай, Байболат, Қасабек ауылдарына барғанда жанынан тастамай ертіп жүріп, көптеген әндерін үйретеді.

Оқиғаның дәл қай жылы өткенін аңғару үшін тағы да Кенен ақсақалдың естелігіне жүгінуге тура келеді. Онда Шолақ алдында орындаған үш әннің бірі ретінде «Көпшілік, тыңда, әнімді» айтылады. Кенен шығармашылығын зерттеушілердің бәрі дерлік бұл әнді 1902 жылы жазылған деп көрсетеді. Демек, кездесу 1902-1903 жылдар шамасында өтуі мүмкін деген болжам жасауға болады. Бұл кезде Кененнің жасы Сәбең айтқандай, 15-те болмаса да, 18-19-ға келген балаң жігіт. Егер болашақта Балуан Шолақтың Жетісуға келген алғашқы сапары туралы нақты мұрағаттық деректер табылса, ғажайып талант иесінің өміріне қатысты бұл кездесу тарихын әлі де болса нақтылай түсуге мүмкіндік туындайды. Әзірге кездесу өткен жылды осылай межелеген жөн деп санаймын.

Балуан Шолақпен кездесу Кененнің әншілік, композиторлық өнерін жаңа биікке көтереді. Ол Жетісу ән мектебінің жанға жайлы, қоңыр салқын әуенін Арқаның «алыстан сермеп, жүректен тербейтін» кең тынысты әндерімен ұштастыра шырқайды.
Ұстазы Балуан Шолаққа атқосшы бола жүріп, жас Кенен репертуарын кеңейте түседі. Қордайдың қоңыр желімен бірге Алатаудың екі жағына бірдей тараған «Тік шырқау», «Қос қалқа», «Ойжайлау» сияқты әндерін дүниеге әкеледі. Солардың ішінде Жетісу ән мектебінің ең үздік үлгілерінің бірі саналатын «Ойжайлау» әні қазақ даласының төрт бұрышына түгел тарайды.

Осы тұста тағы да Балуан Шолақ тақыры­бына оралайық.

Кенен Балуанмен екі рет кездескенге ұқ­сайды. Екінші кездесу 1912 жылы өткен. Бұл – Балуан Шолақ өмірін зерттеушілер тарапынан түгелдей қолдау тапқан дерек. Кененнің «Балуан Шолақпен кездескенде» деген өлеңі де бар. Кенентанушылар бірауыздан бұл өлеңді 1912 жылы жазылған деп санайды. Ақын­ның көзі тірісінде әлденеше рет басылған жинақ­тарда дәл осы дата көрсетілген.

Балуан тақырыбына қайта-қайта оралып отыруымыздың тағы бір себебі – бұл кездесудің ұлттың музыка тарихындағы алатын орнының алабөтендігінде. Құйма құлақ Кенен дәл осы жолы Балуан Шолақтың 11 әнін дәл бір нотаға түсіргендей етіп көкірегіне жазып алады.

Уақыт өте келе Балуанның даңқы шық­қан Арқа өңірі, Көкше жұрты әуелі қа­рашек­пендердің, кейін «тың игеруші» келімсек­тердің мекеніне айналып, біртіндеп отарлана, орысқолдана бастайды. Қазақ сахарасының аңызға айналған батыры, атақты композиторы Балуан Шолақтың есімі де, әндері де көмескі тартады. Осылайша ХХ ғасыр ортасында Арқа жұртында Балуанның мол мұрасынан бірді-екілі әндерін білетіндер ғана қалады. Бұл туралы белгілі музыка зерттеушісі Б.Ерзакович өзінің Балуан Шолақ өлеңдерінің жиналуына қатысты естелігінде егжей-тегжейлі жазады. Ол 30-40-жылдары арнайы музыкалық экспе­дицияларға шығып жүріп, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды өңірлерінен Балуанның 4-5 әнін әрең жазып алады. Ғалым: «Балуан шығармалары жоқтың қасы еді, мұның өзі мені Балуан Шолақ творчествосының көпшілігі жоғалып біткен екен деген ойға қалдырды», – деп тұжырымдайды. Сөйтіп жүргенде, 1952 жылы Ғылым академиясының вице-президенті Нығмет Сауранбаев оны Кенен ақсақалмен таныстырып, әншінің өлеңдерін жазып алып, нотаға түсіруді тапсырады. Сол жолы ол халық композиторының Қордайдағы үйінде қона жатып, 40 әнін таспаға да, жазбаға да түсіреді. Шаруа бітіп, көңілі жайланғаннан кейін Кенен атамыз оған Балуан Шолақ әндерін де жазып алуды өтінеді. Қазақ музыкасының жай-жапсарын жақсы білетін Ерзакович бұған таң-тамаша қалып, бар ғұмырын Арқада өткізген Балуан әндерін Жетісудағы Кененнің қайдан білетіні жайлы сұрайды. Кенен өзінің «Мен келдім сәлем беріп, батыр аға» деп басталатын «Балуан Шолақпен кездескенде» әнін айтып, онымен жүздесуінің тарихын баяндап береді. Ерзакович: «Сөйтіп, Кенен он жылға жуық Балуан Шолақпен жиі кездесе жүріп, оның әндерін тыңдап, жаттап, үйреніп алған. Кенен нотаға түсіру үшін Балуан Шолақтың он бір әнін шырқап берді», – деп жазады.

Бұдан шығар қорытынды: егер Кенен мен Балуанның сол кездесулері болмаса, кейін біржолата ұмытыла бастаған Шөкеңнің ға­жайып әндерінің көпшілігінен бүгінгі буынның көз жазып қалуы да әбден мүмкін еді. Кененнің ақындық кемел таланты, композиторлық қарымы мен әншілік шеберлігі ұштаса келіп, Балуан Шолақтың ғажайып әндерінің қазақ музыкасы төрінен автордың өзі шығарып, дәл өзі шырқағандай көркем қалыпта орын алуына өлшеусіз ықпал етті. Ұстаз мұра­сына деген мұндай адалдық пен шынайы қам­қор­лық Кенен бойында адамгершілік асыл қасиеттердің молдығын тағы бір қырынан жарқырата көрсетеді.

Балуан Шолақ – қазақ тарихындағы есімі де, шығармашылығы да уақыт өткен сайын еңселене түсетін ғажайып тұлға. Бабаларының ерлік рухын аңсаған бүгінгі және келер ұрпақ бұл тақырыпқа әлі талай оралады. Сол кезде олар композитордың 11 әнінің бір нотасына қылаудай кінәрат түсірмей жазып қалдырған Ке­нен атамызға ризашылығын айтатын бола­ды.
Шіркін-ай, дейсің осындайда. Егер Ке­нендей ақындығы ақ дариядай кең, жады мықты, музыкалық сауаты жоғары, сал-серілік өнерден хабары мол адамға қисынын келтіре сұрақтар қойып жетелей түскенде одан балуанның жасы, түр-түсі, кескін-келбеті, сөйлеу мәнері, дауыс диапазоны, қимыл-қозғалысы, киім үлгісі, айтқан әндері мен ұстаған домбырасының ағашы, шанағы, мойыны, пернелерінің тағылуы, ішегі, акустикасы, құлақ күйін келтіруі, домбыраны тартуы, қағу ерекшелігі т.б. қаншама құнды деректерді алуға болар еді. Кенен сияқты сезімтал, байқағыш, көргенін, естігенін қаз-қалпында жадында сақтағыш жан Балуан Шолақтың адами, шығармашылық портретін қолмен қойғандай етіп сипаттап берер еді. Бүгінгі ұрпақ үшін осындай аса құнды деректер бізбен бір заманда өмір сүрген қазыналы қариямызбен бірге кетіп, Балуан Шолақ туралы естелік бір-ақ тұтам, бас-аяғы бір бетке ғана жетер-жетпес көлемде қалды. Өкінішті-ақ.

Кейбір зерттеушілер Кенен мұрасын алғаш нотаға түсірген қазақтың ән-күй өнерін ХХ ғасырдың басында-ақ күллі әлемге танытқан Александр Затаевич деп жазды. Біз оның «Қазақтың 1000 әні» атты хрестоматиялық еңбегінің ескі-жаңа басылымдарын түгел сүзіп шықтық. Онда Кененнің өз әндері немесе ол жаздырған әндер мүлде жоқ. Есесіне бес жерде Балуан Шолақтың есімі аталып, онда Әлікей Өтекиннен жазып алынған «Ғалия» әнінің екі түрі және Әміржан Наурызбаевтан жазылған Балуан Шолақ әнінің нотасы берілген. Бе­сінші жазбада халық әні «Екі жирен» Балуан Шо­лаққа телініп жаңсақ көрсетілген. Тіп­ті осы деректердің өзі-ақ ұлы зерттеуші А.Затаевичтің Қазақстанды түгел шарлап, қазақ музыкасының інжу-маржандарын зор ыждаһатпен іздегенде Балуанның екі-ақ әнін тапқанын аңғартады. Ал Кенен атамыздың бір өзі Затаевич жинағы жарық көргеніне 46 жыл өткенде ұстазының 11 әнін саф күйінде нотаға да, таспаға да жаздырған. Ғажап еңбек.

А.Жұбанов Кенен әндерін 1934 жылы Л.Хамиди мен С.Шабельскийдің де нотаға түсіргені туралы және бір әнді Е.Брусиловс­кий өзінің «Қыз Жібек» операсында пайдалан­ғандығын жазады, бірақ бекзат болмысты Ахмет Қуанұлы оның қай ән екендігін мінәйым себептермен ашып көрсетпеген.
Қазақ операларының белгілі зерттеушісі, профессор Сара Күзембайдың деректері бойын­ша Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына халқымыздың арасына кең тара­­ған халық композиторларының ән­дері: «Гәкку», «Толқыма», «Дүние-ай», «Рау­шан», «Қос барабан», «Алқаракөк», «Қара­гөз», «Аққұм», «Көкжендет», «Мәди», «Сарымойын» сияқты ән өнерінің төрелері таңдап алынған. Брусиловский әр әннің айтылуы, екпіні, лебіне қарай, суреттелетін оқиғаның тақырыбы мен табиғатына сәй­кес операның өн бойына жымдастыра пайдалан­ған. Әнмен ғана шектелмей, би, хореог­рафиялық композициялар тұсында «Ақсақ құлан», «Айжан қыз» (қыздар биі), «Тепең көк» (жігіттердің жігерлі биі), «Былқылдақ», «Бес төре», «Кеңес», «Алты қаз» сияқты күй­лерді де қамтыған. Жалпы, Е.Брусиловский шығар­машылығы, әсіресе қазақтың тұңғыш операсы – «Қыз Жібекте» пайдаланған халқымыздың музыкалық мол мұрасы терең, жан-жақты, арнайы кәсіби зерттеуді қажет етеді.

Е.Брусиловский 1933 жылы Қазақстанға келгенде оның Ленинград консерваториясын бітіргеніне небәрі екі-ақ жыл болған. Музы­калық шығармалардың шыңы саналатын операны былай қойғанда, әлі орта көлемдегі бір туынды жазбаған шіп-шикі музыкант еді. Композиция бойынша аяқталған білімі мен табақтай дипломы бар Қазақстандағы жалғыз жоғары білімді музыка маманы болған соң өлкелік партия комитеті оған қазақтың тұңғыш операсын жазуға «тапсырма» береді. Шегінуге жер қалмаған жас сазгер дереу тапсырманы орындауға кіріседі. Оның бақытына орай, бұл уақытта ұлтымыздың інжу-маржанын жинақтаған Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» (1925) мен «Қазақтың 500 ән-күйі» (1931) атты қос кітабы жарық көріп, дүние жүзі музыка мамандарының бәрін таң-тамаша қалдырып жатқан кез еді.

Александр Затаевич өзі музыкалық шы­ғар­ма жазбаса да, әлемдік деңгейдегі ұлы композиторлармен достық, шығармашылық байланыста болды. Мәселен, есімі жер жаһанға мәшһүр орыс композиторы, ғажап пианист, дирижер, туындылары әлемдік музыка өнерінің шедеврлеріне айналған Сергей Рахманинов өзінің «Алты музыкалық сәт» атты фортепианоға арналған бірегей туындысын дәл осы Александр ағамызға арнаған. Жалпы саны 2000-нан еркін асатын қазақтың ән-күй, музыкалық сарындарын жинап, халқы­мызға мәңгі өлмес ескерткіш тұрғызған А.В.Затаевичтің өмірі мен шығармашылық мол мұрасына келгенде біз әлі күнге дейін қос жинағын қайта-қайта бастырудан аса алмай жүргеніміз өкінішті. Тіпті оның жеке музыкалық мұрағатында қалып, күні бүгінге дейін жүйеге түсіп, жарыққа шықпаған құндылықтары қаншама. Қазақ музыкатану ғылымы қаншалықты үлкен биікке көтерілсе де, дәл осы бір аяулы жанның алдындағы парызымыз бен сол ғажайып музыканы тудыр­ған туған халқымызға деген өлшеусіз қа­рызы­мыздың әлі өтелмегенін мойындауға тура келеді.

Кенен атамыздан жазып алынып, Ахмет Қуанұлы ишаралаған әнге келер болсақ, біздіңше, ол «Қыз Жібекте» Төлегеннің образын ашу үшін қолданылған Балуан Шолақтың «Қос барабаны» сияқты көрінеді. Бәлкім, музыка мамандары басқа да сарындарды таба жатар, жалпы, Е.Брусиловскийдің ұлттық музыкаға құрылған «Қыз Жібектен» басқа «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» опералары мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетіндегі қазақи туындылардың тінін ажырата талдау да музыкатанушыларымыздың еншісіндегі болашақта атқарылар сауапты істің бірі деп білемін. Өйткені «Қыз Жібек» операсының екі мыңнан астам көрсетілімі зор табыспен өтіп, бірнеше буынның жүрегіне еркін жол табуының басты сыры операның таңдаулы арияларының қазақи ән-күйлерден құралған таза ұлттық табиғатында деп санаймын.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

(Жалғасы бар)

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 17.06.2021 | 20:50

Атамыз гажап жан болган.
Ор минезди атамыз , казактын ор минезди екенин паш етип отти омирден.
Кандай терен магыналы гумыр кешкен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір