ЖАМБЫЛ ЖЫРЛАРЫН ЖАТҚА ОҚЫДЫ
05.03.2021
522
0

Бүкіл еліміз өткен жылы  Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей тойын өте жоғары деңгейде ұйымшылдықпен атап өтіп, ұлы ойшылдың артына тастап кеткен мол мұрасынан үлкен ғибрат алғаны белгілі. Ал үстіміздегі 2021 жыл күні кеше ғана Астанада өткен алқалы жиында Жамбыл жылы болып жарияланды. Соның аясында жалпы ақпан айының басынан бастап, қазақ даласы дауылпаз жыршысы Жамбыл бабамыздың 175 жылдық торқалы тойын кейінгі жас өскін ғибрат аларлық деңгейде өткізудің әртүрлі жолдарын жан-жақты қарастыруда. Елімізді жайлаған алапат індеттің өршіп тұрғанына қарамастан Алматы жұртшылығы, оның ішінде әсіресе жас жеткіншектеріміз білім нәрімен сусындап жатқан білім ордалары мен мәдени ағарту нысандарында  сақтық шараларын сақтай отырып, көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр.

Солардың ішінен алдымен ақпан айының 12-сі күні Талдықорған қаласындағы белгілі публицист жазушы Уәлихан Қалижанұлының жетекшілігімен  шығарылған «Жамбыл» және Мұқағали ақынның «Құстардың оралуы» атты орысша-қазақша кітаптардың тұсаукесерін айырықша атап өтсек, осы айдың  18 мен 24-і күндері Алматы қаласының Наурызбай және Алатау аудандандарының орталық кітапханаларында өткізілген ұлы ақын бабамызға арналған салтанатты жиындармен өзінің заңды жалғасын тапты. Бұл шаралардың әсіресе қаулап өсіп келе жатқан жаңа өскін жастар үшін тәрбиелік маңызы аса зор болғаны ақиқат шындық.

Сонымен қатар жылдағы дәстүріне сай Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевтың қолдауымен  өткізілген бесінші «Менің пірім – Сүйінбай» атты республикалық жас студент ақындардың айтысы да, биыл ұлы жыраудың 175 жылдық мерейтойына арналды. Оның үстіне биыл оның ауқымы да кеңейіп, студент жастар айтысы халықаралық дәрежеге көтерілді. Өйткені оған биыл Қытай Халық респуликасынан келген  Шынарбек Тұрсын, Гүлжан Ықлас, Қырғызстандық Нұрсұлтан Малдыбаев, Моңғол Халық  республикасының өкілі ақын Қабдолла Бейісхан сынды жастар легі қосылды. Екі күнге созылған аламан бәсекеде бас жүлдені Қазақ ұлттық университетінің түлегі  Бекжан Базарбек жеңіп алып, мерейімізді үстем етті. Жыр бәсекесіне Қазақстан республикасына еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері, ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Тап осы күні Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің «Ұлағат» баспасынан оқу орнының ректоры Такир Балықбаевтың демеушілігімен жарық көрген Филология ғылымдарының докторы, професор, Халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, прфессор Темірхан Тебегеновтің «Жамбылдың мәңгілік жарқын жолы атты» тарихи танымдық жинағының тұсауы кесілді. Осы сияқты дәстүрлі жиындар ақынның өзі туып өскен Жамбыл ауданында, Жамбыл атын алған республикамыздағы басқа да ғылым ошақтары мен орта мектептерде, кітапханаларда заңды жалғасын тауып келеді.

Ал енді ақынның нағыз туған күні 28 ақпанда Алматы қаласындағы Достық даңғылы бойындағы Жамбыл ескерткішінің алдында республикалық дарынды жастар мектебі «Дара оқырман» клубының түлектері Жамбыл аталарының жырларын жатқа оқудан бәсеке-сайыс өткізді. Оларды осы мектептің білікті ұстазы, ақын жанды азамат Әділ Несіпбаевтың өзі ұйымдастырып бастап әкелген екен. Жыр бәсекесін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, арқалы ақын Бауыржан Жақып кіріспе сөзбен ашып берді. Жыр мүшәйрасының қортындысында Халықаралық Жамбыл қорының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Манарбек Ізбасар мүшайраға қатысушыларға арнаулы сыйлықтар тапсырып, мектепке Жамбылдың үлкен бейнесін тарту етті.

 

                                                                     Таңат ӘЛИАСҚАРОВ,

                                                            «Ұлағат» баспасының бас редакторы.

                                                                               Алматы қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір