Серік Ақсұңқар. Алашорданың соңғы көзі
25.01.2021
1360
0

1891 жылы осы күнгі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Бөріктас деген жерде дүниеге келген Әлімхан Ермековтің жасы биыл 130-ға толып отыр.

«Әлімхан Ермеков» десек, есімізге жер мәселесі, шекара жайы оралады. Әлімхан және оның қасындағы білімдар қазақ жастарының арқасында қазақтың бүгінгі даласы, тауы мен тасы өзінде қалды. Енді біз осынау ұлан байтақ жерге еге болып отырмыз. Алайда солтүстіктегі көршіміздің кер ауыз саясаткерлері әдеттегідей қазақ жерінің тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтіретін сөздер айтып, көз алартуын қояр емес. Демек, бізге жерге қатысты әр дерек, әр құжатты мұқият жинап, дәлелдеріміз бен дәйегіміздің қатарын молайта түскен абзал. Сол үшін де Әлімхан Ермековтің 130 жасы жыл арнасында кең көлемде аталып өтуі керек.

Құрметті оқырман, «Алашордашылардың соңғы көзі» болған Әлімхан аға жайындағы  мақаланы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы бізге жолдаған екен. Көркем тілмен кестеленіп, әдемі естеліктермен өрілген сол мақаланы біз сіздерге жеткізуге асықтық.

Редакция.

Серік АҚСҰҢҚАР, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Әлімхан мен Ленин

1920 жылы Мәскеуге Кирвоенревкомның №2043 мандатымен келген Әлімхан Ермеков қазақ өлкесінің жай-күйі һәм оның шекарасын белгілеу мәселелері жөнінде баяндама жасады. Сол кезде уыздай жап-жас жігіт небәрі 29 жаста екен.  Комиссияның жұмысына Халық Комиссарлар  Советінің председателі В.И.Ленин басшылық жасайды. Әлімхан Ермеков Столыпин реформасы салдарынан шұрайлы жерлерінен айырылып, орыс батырыктарына басыбайлы құл болған қазақтардың тағдыр-таланын, езілуші таптың мұң-мұқтажын жоқтаймыз дейтін большевиктердің алдына кесе-көлденең тартады. Бұл – большевиктердің ұлыорыстық шовинизм дертімен ауыра қоймаған кезі. РКП(б) Орталық комитетінің мүшесі Г.И.Сафаровтың қазақ жеріндегі орыс отаршылдығының оңбаған көріністері хақында айтқан ащы айыптау сөзі елдің көбін елең еткізді.

Мәжілістің қызған кезінде Г.Сафаров:

– Түркістандағы орыс кулактарын Ресейге қайта көшіру керек! –  деп тұрып алады.

Ленин Ермековке қарап:

– Сіз бұған қалай қарайсыз? –  дейді.

Әлімхан Ермеков:

–  Бұлай істесек, екі жұрт арасында алакөздік пайда болуы мүмкін, жергілікті қазақтарды атамекеніне дұрыстап қоныстандырып алғанша, ішкі Ресейден қоныс аударушыларды әкелуді тоқтата тұрған дұрыс, – дейді. Мұны естіген Ленин:

– Ғажап! Орталықтың өкілі, орыс коммунисі орыстарды қазақ жерінен көшіруді сұрады. Ал партияда жоқ қазақ тек көшті тоқтата тұрған дұрыс дейді. Ойланатын жағдай екен! – деп мәз болып, Ермековтің арқасынан    қағады.

Каспий – Атырау жағасындағы Астрахань жақтағы бұғаз-шығанақты қазақ автономиясына қосу мәселесіне партияның сол кездегі көрнекті қайраткерлері: Ш.З.Элива, Н.П.Брюханов, Л.Н.Крестинский үзілді-кесілді қарсы шығады. Сондағы уәждері – қазір Ресейде аштық. Атыраудың балығына Мәскеу мен Петроград өте зәру. Сондықтан бұл алқапты РСФСР-ге қалдыру керек десті.

Содан кейін Ленин Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателінен:

– Қане, сіз айтыңызшы, Каспийдің теріскей жағасындағы бұғазда тұратын халықтың көпшілігі қазақ па, орыс па? – деп сұрады. Ол сонда:

– Владимир Ильич, қолымда дәлме-дәл санақ мәліметтер жоқ еді, –  деп екі ұштылау жауап береді.

Ленин:

– Жоқ, бізге дәлме-дәл санақ керек емес. Сіз шамамен Каспийдің осы жағасындағы ел-жұрттың қайсысы көп, қайсысы аз екенін айтыңыз? –  деп қадалып қайтадан сұрайды. Астрахань өкілі мұндағы тұрғындардың көпшілігі қазақ екенін мойындайды. Ленин:

– Онда мен бұл мәселені дауысқа қоямын деп, Атыраудың осынау жағалауын болашақ Советтік Қазақ Автономиясына қайтарып беруді ұсынады.

Дау-дамай ұзаққа созылады. Сол кезде Әлімханның мәжілістен шығуын асыға күтіп отырған Алаш ардагерлері, арасында Ахмет Байтұрсынов та бар, сол Ахаң айтты деген бір сөз елге жайылады: «Біздің Әлімханмен бес сағат сөз таластыруға шама-шарқы жеткен орыстың мынау сақау адвокаты Владимир Ульянов адамзаттың төресі екен!» – депті…

Әлімхан Ермеков

Әлихан мен Әлімхан

Ленин мәжілістің соңында автономия құру жөнінде: «Ұлт істері Халық Комиссары Иосиф Сталинмен пікірлесіңіздер, онда арнайы жоба бар», – дегенді айтады. Мәжілістен ақ маңдайы жарқырап, алшаң басып шыққан Әлімхан осыны Әлихан Бөкейханға айтқанда, туасы бекзада, көрінген күлді-көмешті көзге ілмейтін Әлекең:

– Сталин не шешер дейсің?! Оның білігі мен білімі белгілі ғой! –   деп шалқалап жүріп кетіпті. Түп атасы Шыңғысханнан тарайтын шынжыр балақ, шұбар төс, тектінің тұқымы! Арғы атасы – Тәуке хан «Жеті жарғыны» сомдап, қазақты ел қылудың заңнамасын жасаған! Қазақ тарихының білгірі Мұхтар Мағауиннің айтуына қарағанда, Әлихан Бөкейханның әулеті анадан шырылдап туғаннан, «Алаш жұртының табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін ұстаныммен ғұмыр кешкен ақсүйек тұқым! 1537 жылғы Сан –  Таштағы қырғында оның арғы атасы Тоғым хан  тоғыз ұлы және әскер басы отыз жеті сұлтанымен шәйіт болған! Осы Тоғым ханның туған інісі Шығай ханның ұлы – Еңсегей бойлы Ер Есім! Осындай қаракөктің тұқымынан, «қазақ баласының хан баласына кеткен есесі көп еді, соны қайтаратын кез келді» деп, бүкіл ғұмырын қазақ халқының ұлт азаттығына арнаған Әлихан Бөкейхан тумағанда кім туады?!

Алаш арыстарын ел-жұрты Совет өкіметінің кезінде де аласұра іздеген еді. Әлімхан Ермековтің күйеу баласы Арқа өңіріне танымал азамат – Қалкен Мәкенбаев, жетпісінші жылдары Әлиағаның қасында жүріп, ұзақ сырласады. «Әлиаға, ғафу етіңіз, осы Әлихан Бөкейханов қандай адам болған еді?» – деп сұрайды ол бірде. «Әлекең Петроград университетінің орман-ағаш факультетін тамамдаған. Заң факультетіне Ленинмен қоса экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай білімді ғалым болатын. Тоғыз тілде еркін сөйлеп, жаза білетін, – депті Әлімхан Ермеков, –   Осы Тоқырауын өзенін білесің ғой. Ұзындығы 300 шақырымдай. Балқаш көлін жүзіп көрген шығарсың? Шығысынан батысына 600-700 шақырымдай. Өзің білесің, қарлы жылы  Тоқырауын Балқашқа құяды ғой. Ал қар аз жылы Балқашқа жетпей, орта жолда қалып, құмға сіңіп кетпей ме? Біздің ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей болса, Әбекең Балқаш көліндей дария еді ғой!» (Қ.Мәкенбаев «Жадымда бәрі жазулы», Астана, 2011).

Жазушы Жайық Бектұров алпысыншы-жетпісінші жылдары Әлімхан Ермековпен сырлас-мұңдас болған кісі. Сол Жәкең Әлімханның: «Әлихан Бөкейхан жаратылысы бөлек, әрі көргені, тоқығаны көп кісі еді», – дегенін айтады. Одан әрі Әлімхан Ермеков Әлихан туралы сөзін былайша жалғайды: «Мына біз көбінесе Том, Семей, Омбы маңынан, Н.М.Ядринцев пен Г.Потанин өрісінен аспадық. Ал Әлихан жастық шағын Ресей империясы астанасында өткізді. Алғашқы Думаға депутат болып, орыс-еуропа елдерінің көркем әдебиетін зерделеді».

Большевизм адамзат тарихындағы бұрын-соңды болған саяси ағымдардың ең аяры болып шықты. Үш жүз жыл отарлық езгіде болған қазақ жұртының өкілі Әлихан Бөкейхан патшалық Ресейдің кезінде Дума депутаты болып, ел-жұртының мұқтажын үстем елдің заң шығарушыларының алдында ағынан жарылып айтып, отаршыл мемлекеттің назарын бодан жұртына аудара алса, большевиктер оларды «халық жауы» деп жариялап, жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, атып-асты! Лениннің ілтипат құрметіне бөленген Әлімхан Ермековтің өзі үш рет Столыпин – Сталиннің вагондарында неше-түрлі қиямет-қайымды басынан кешіп, Гулагтың күллі түрмелерін көзімен көріп қайтты!

«Неше-түрлі қуғын-сүргінді басынан кешсе де, Әлімхан Ермековтің ішкі сарайын тот басқан жоқ еді, – деп жазады Жайық Бектұров, – Зерделі-зейінді, зиялы қалпынан танбады. Шешендігі, білгірлігі сол қалпында қалды. Күлгенде, сөйлегенде дәл бір күнәдан пәк жас сәбидей аяулы бейнесі көрініп тұратын».

«Бұрын аз уақыт Алашта болған бізге жабылмаған жала жоқ, –  деуші еді Әлімхан Ермеков, – Қазақстанның бір түкпірінде әлдекімдер  бұзақылық жасаса да, Қарақұмда, Маңғыстауда, Шұбартауда, Бақтыда, Бақанаста ашыққан жұрт ереуілдеп атқа қонса да, Жетісу жұрты Қытайға көшсе де, бір ауылда колхоз малы ұрланса да, тіпті, біреу әмеңгерлік жолымен қос қатын алса да, газет-журналдарда бір ауыз оғаштау сөз жазылса да, осының бәрін бізден көре бастады. 1921 жылы атақты Мәдиді Қарқаралының көшесінде тапа-тал түсте ГПУ адамдарының атып тастағаны мәлім. Тегі, Мәди Қарқаралы абақтысында жатқан бір жолдасына, әлде, осы елдің бір беделді адамына, бәлкім, бұрын, Уфадағы «Ғалия» медресінде оқыған өзінің жерлесі Мұстахимға жолыққалы, соның хал-ақуалын білгелі келсе керек. Әрине, Мәди бетті, кеуделі адам. Ол түрме әкімдеріне қатты сөйлеуі де мүмкін. Сол үшін түрме күзетшілеріне ат үстінен қамшы сілтеді, күш көрсетті деп Мәдиді көшеде атып тастаған! Мәдидің осынау бір қасқыр арқалап әкеткен тоқты-торымдай аянышты өлімін Жүсіпбек Аймауытов па, әлде Мұхтар Әуезов пе, әйтеуір осы екі ініміздің бірі Семейдің губерниялық газетіне жай ғана некролог ретінде жазыпты. Соны Қазақстан партия ұйымының 1921 жылы Орынборда өткен тұңғыш конференциясында Семей облыстық партия ұйымының  делегат-өкілі Саблин дейтін кісі «Қазақ коммунисі редактор болып отырған Семейдің партиялық органында совет әскерлеріне қарсылық жасағаны үшін атылған бір бандитті жоқтап некролог басты», – деп қанша жұртты кінәлады. Бұл тек сөз жүзінде ғана қалған жоқ. Мұның салқыны, Ә.Бөкейханнан бастап, бәрімізге де тиді. Сондағы айтып отырған бандиті – атақты әнші, күллі елдің сүйікті  азаматы, Қаздауысты Қазыбектің ұрпағы – Мәди!».

Ә.Ермековті соңғы кезде қатты бір кейіткен жайт – өзіміздің осы  күнгі ғылым докторы Б.Серікбевтың «В.И.Ленин және Қазақстан» атты кітабы еді. «Осы бір жігіт өткен күндердің уақиғаларының байыбына жете бермейді. Шыңдықты, әділдікті басшылыққа алмай, тек қазақтың бұрынғы оқығандарына қара күйені аямай жаға берген. Тіпті, ол Бақытжан Қаратаевтың патша әкімдеріне, орыс помещиктеріне қарсы сөйлеген, В.И.Лениннің оны демеп қолдаған сөзінің де өңін теріс айналдырып, контрреволюцияшыл деп көрсеткен. Осындай зерттеу, тарихи деректі сұрыптау бола ма екен? Ғылымға адалдық, шыңдық, әділдік қажет емес пе? Тарих өтірікті көтермейді. Бұл өтірік бүгін іске асқанымен, ертең опа бермейді. Біздің қазақ «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демей ме? Бүгінгі кейбір солақай тарихшыларымыз осыны неге ойламайды. Оңай атақ, мансап үшін еңбек етпеу керек қой», – деп Әлекең  реніш-наразылығын сыпайы айтып отырушы еді» (Ж.Бектұров, «Енеден ерте айрылған төл секілді», Қазақстан, 2002 ж.). 

Адамзаттан асып туған  алтын айдарлы ұлдар Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Ақбайдың Жақыбының кіндік қаны тамған жері біздің Қызыларай – Ақсораң. Қазақтың арқалы ақындарының бірі һәм бірегейі Дәуітәлі Стамбеков Совет өкіметі кезінде ызаға булыққанда:

– Ақтоғайға неге шойын жол тартылмаған?! – деуші еді.

– Оны мен қайдан білейін?

– Оны білмесең, қолыңа қалам ұстап, несіне кісімсініп жүрсің?!

Көкемнің мінезі өзіме белгілі. Үндемей құтыламын… Біраз уақыт үнсіз отырады да:

– Совет өкіметінің үш қас жауы осы топырақта туған! Соларға кеткен өшін алу үшін бізді құс ұшып, құлан аяғы баспайтын құладүзге қалдырып отыр! – деуші еді… Мұны естігенде Ақтоғайдың коммунистерінің зәре-құты ұшып, орындарынан тұра-тұра қашатын…

Солардың көбісінің көзі әлі тірі.

Қызыларай. Былқылдақ пен Сылқылдақ

Қызыларайдағы жері былқылдап, өзен суы сылқылдап ағып жататын Былқылдақ – Ермековтердің ата жайлауы. 1914 жылы Әлағаң Томда оқып жүргенде орыс оқымыстысы Потанинді осында өзімен ертіп келген. Потанин осы жерде Аяпбергеннің аузынан көптеген қазақ ертегілері мен аңыздарын жазып алған көрінеді. Қыдыр қонаққа арнап құлын соймақ болады. Сонда Потанин:

– Мен десеңіздер, мына құлынға пышақ тигізе көрмеңіздер! – деп шыр-пыр болады. Сол оқиғаны Қызыларайдың көне-көз қариялары бертінге дейін күлісіп айтып жүрді. Құнанбай аға сұлтан боларда Әлиханның атасы Ермек би оны осы Былқылдақ жайлауына шақырып, Арқаның бір топ атқамінерлерімен қонақ қылған. Тәттімбеттің «Былқылдақ», «Сылқылдақ» күйлері осы жерде дүниеге келген. Әлағаңның шапағатымен ғылым жолына түскен Қаныш Сәтпаев 1923-1925 жылдары осы Былқылдақтың самал ауасымен тыныстап қайтады. Қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Н.Нұрмақов пен Т.Жүргеновтің үйлену тойлары осы жайлауда дүркіреп өткен көрінеді. Соның бәрінің басы қасында Әлімхан Ермеков жүрген… Бір қызығы, Ермековтің арғы атасы, Абылайдың батырларының бірі – Сеңкібай би, Әлімхан да, қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов та осы Сеңкібайдан тарайды.

Қарқаралы – Қызыларай Алаш ардагерлерінің қазақты қалай ел қыламыз деп әңгіме-дүкен құрған жері! Ақбайдың Жақыбының ауылында молда болған Әбіштің Рахымжаны осы ауылда туған. Қызыларайдың шалдары Сұлтанмахмұттың сол молланың аузынан жазып алған Әлімхан Ермековке арнаған өлеңін айтып жүретін. Ол кезде біз жас едік. Өз өлеңімізбен өзіміз әуре болған кезіміз. Жаттап алып, жадымызда сақтай алмай қалдық. Есте қалған бір-екі-үш жолы: «Қызыларайдан ұшқан қыраным, Ұлыста бөлек ұланым, Томағаңды сыпырып, Қиядан елді шоларсың, Алатауда қалықтап, Алтайыңда шалықтап, Алтын тұғырға қонарсың», – дегені ғана. Қаншама сөз ұмыт қалды? Он-он үш жаста естіген өлең алпыстан асқанда қайта еске түсе ме? Сол Қызыларайдан ұшқан қыран, ұлыста бөлек ұлан, томағасын сыпырып, қияны көктен шола алмай, Алатауда қалықтап, Алтайында шалықтап, алтын тұғырға қона алмай арманда өтті!

Әлімхан мен Сәбит

1967 жылы Қарағандының облыстық театрында С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пъесасының премьерасы болды. Тұсаукесерге Сәбит Мұқановтың өзі де келді. Залдың бір мүйісіндегі оңашалау жерде Әлімхан Ермеков отырған. Сәбең оны сыртынан көріп қалды ма, әлде, көптен көңілінде жүрген ойы ма екен, Жайық Бектұровқа:

– Үйіңе шақырғалы тұрсың ғой? – дейді, – Менің қасыма ресми адамдарды қоспа. Осында Әлімхан Ермеков бар деп естимін. Сол  кісінің жүзін бір көргім келеді.

Жайықтың үйінде:

– Әбеке, сіз бізден көп үлкенсіз. Көпті көрдіңіз. Мына біз Совет өкіметі орнағанда кедей едік, жалшы едік. Әлі оқыған жоқ едік. Ауылда етекбасты болып өстік. Біздің көзімізді совет өкіметі ашты. Содан біз осы жаңа өкіметтің сөзін сөйлеп, сойылын соғып, кете бардық. Сол күрес, шайқас тұсында сіздерге, бәлкім, біздің сөзіміз де, сойылымыз да тиіп кеткен кезі болған шығар? – деп Сәбең әлденеден кешірім сұрағандай, алды-артын орағытып сөйлеп кетеді. Біреуінің жасы сексенде, екіншісінің жасы жетпіске келіп қалған.

– Пъесаңызды көрдік, – дейді Әлағаң. – Сахнада Сәкен болып ойнаған артист Бөкейхановқа: «Сен, төбет!» деп тұрды. Бөкейхановқа Сәкен солай айта алушы ма еді?

Сәбең қысылып қалып:

– Ей, Жайық, пъесада өзі сондай сөз бар ма еді? – деп, өзі жазған шығармасының сөзін ұмытып қалғандай сыңай танытады…

Міржақып пен Әлімхан

Ақтар мен қызылдардың қырғыны шегіне жетіп тұрған азамат соғысы кезінде Міржақып Дулатов екі жақтың түрмесіне кезек-кезек түседі. Мінезі тік. Көкейіндегі ойын күлтелемей, айта салатын бетті адам екен.  Сол мінезімен екі тапқа да жақпай, екі жақтың да қуғын-сүргініне іліне береді. Бір кезде қараңғы сахараға «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған Алаштың боздағын өзге жұрт өз алдына, өзінің қазағы түсіне алған жоқ. Түсінуге өресі жетпеді! Әлі де жетер емес… Сондай тар жол, тайғақ кешудің кезінде М.Дулатов Әлімхан Ермековтің үйіне келіп бас сауғалайды. Оның осы үйде екенін басқа біреу емес, қазақтың өзі көрсетеді! Қылышынан қан тамған қызыл комиссар Угар Жәнібеков Міржақыпты тұтқындауға келсе, есік алдында интеллегентше киінген бір адам тұр екен. Түр-кескінінен Алашорданың адамы екені көзге ұрады:

– Сен кімсің?! – дейді Угар ала көзімен атып.

– Мен Әлімхан Ермековпін! – дейді әлгі адам комиссардан айылын жимай.

– Апырым-ай, ә? – дейді Угар, – Сіз Әлімхан Ермеков болсаңыз…  Сіздің үстіңізге баса-көктей кіру ұят шығар?! Мен кетейін. Мен сізді көргем жоқ! Сіз мені көрген жоқсыз!

Әлімхан Ермеков осы әңгімені ылғи сүйсіне айтып жүреді екен. Әлихан да, Угар да Қызыларайдың тумасы. Бір ел, бір рудың баласы. Бір-бірімен сырттай таныс-біліс болғанмен, бетпе-бет кездесіп тұрғаны осы. Қазақша айтқанда, қанжығада жолығып тұр! Аласапыран заманның дауылы екеуін екі жаққа лақтырып жіберген! Пролетариаты, люмпені, қайыршы, жәлебі болмаған қазақтың үстіне Қазан төңкерісі жасаған эксперименті, міне, осындай! Әкені – баладан, ағаны – іні-қарындастан, елді – ағайын-жұртынан айырған! Сол тарихи ессіз эксперименттің зардабын қазақ халқы әлі тартып келеді! Көресіні содан көріп жүр! Адамзат қауымдастығында жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған, әке отырғанда – ұлы, шеше отырғанда – қызы сөйлемеген жұрт осы қазақ еді! Қазан төңкерісінен кейін отыз екінің аштығына ұрынып, жан-жаққа босып кетті. Отыз жетіде бір-бірін «халық жауы» деп ұстап берді! Бүгінде орыс тілді, қазақ тілді болып екіге бөлініп алған… Енді келіп бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлескісі келеді! Орыс болып көрдім, енді бір мәрте ағылшын болып көрсем, адамзат көшінің алдынан шыға келермін деген оспадар ойдың үстінде отыр әлі!

Тышқанды сынауға болады. Көжекті де сынауға болады. Топырақтан жаралып, Алланың демімен адамзат өркениетін құрған адам баласына экперимент жасауға болмайды! Әлихан, Әлімхан, Ахмет, Міржақып, Мағжандар, міне, осы үшін күресіп, алтын бастарын Алаш жолына құрбан қылды!  Германдық-фашистік, советтік-коммунистік режимдердің адам баласына жасаған сынақтарына ақыл-есі түзу адамзат үмбеті лағынет айтып жатыр. Орыстан басқа, бізден басқа… Коммунизмді қарғап-сілеген Балтық жағалауы, Батыс Еуропа елдері өркениет өріне тұяқ іліктіріп, экономикалық жағдайын, ұлттық рухын да жөнге қойып, еңсесін көтеріп алды. Біз баяғы Ленин мен Сталинның қойып кеткен жерінде көзіміз іріңдеп, көңіліміз тұманданып әлі отырмыз. Әлі қанша отырамыз, белгісіз?!.

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір