Қасқырбай Нарбатыр. Есігім алды қара тал
02.05.2020
3133
16

Күзгі түн

Желдетеді әдетінше ұлып күз,

Тал қоштасқан желегімен ырықсыз.

Бір-ақ күнде  тұрмыс құрып кеткендей,

Жайнап бәрі, жазда жүрген қырық қыз.

 

Ойға алданыш ештеңе жоқ жағымды,

Түнгі салқын түршіктірер тәніңді.

Бұлт торлаған айғыз-айғыз ай беті

Салақ әйел шарасындай кәдімгі.

 

Күз мінезі баяғыдан белгілі,

Тұнжыраған, құлдыраған көл құны.

Қиқу сала қоштасқан құс тізбегі

Жетер  жерге жеткен шығар ендігі?

 

Селеу біткен жоқтайтындай түз құтын,

Ауа, жер де бәрі – бәрі сызды тым.

Қайтқан құстың мұңын мұңдап мысалы

Өксігендей күй кешулі күзгі түн.

 

Сағыныш

Не дейін бұл қыр-сыры көп тағдырға,

Сағынышым байланулы сан жылға

Баяғыда өлген әке-шешемді

Қосып келем сағынышты ән-жырға.

 

Кім бар сірә тереңіме үңілген,

Сағыныштан жаным талай үгілген

Сағынамын бала болған кезімді

Ауылдағы жалаңаяқ жүгірген.

 

Қайда әкелді бұраң-бұраң із мына,

Өміріме келді қайдан күз мына

Әлі күнге сағынумен келемін

Мектептегі ғашық болған қызды да.

 

Сағынышпен атып мендік күллі ақ таң,

Бозторғайдың үнін үзбей тыңдатқан

Қинайды рас сары тап болған сезімім

Бәріне де көнген көңіл мұң баққан.

 

Қандаймын бұл, бәрін неге сағынам,

Өлең маған сағыныштан дарыған

Тынбай аққан тіршіліктің мәнін мен

Сағыныштың салмағымен танығам.

 

Жалған дүние

Қаптады байлауы жоқ қасаң қылық,

Ойсыз сөйлеп қаламыз, осал жүріп

Жырқ-жырқ етіп шығады жалған күлкі

Жалт-жұлт етіп байқалар жасандылық.

 

Ессіз тірлік қол болды ерге қалай,

Өтірікпен келеді өрге қарай

Жалған айтып, жалпының жайын тауып

Бекіп алған орынға төрден оңай

 

Жалған достық, жасалған  мәні қолдан,

Сипай сөйлеп, сыйласу қалып алған

Жалған дүние- дегенің осы болды-ау

Шындығы кем, жағалай бәрі жалған

* * *

Сайтандар мазалайды түнде келіп,

Тынышым бара жатыр мүлде кеміп

Жүйкеме жүк болды бар жүгенсіздік

Бой-басым да үйренді күнде көріп.

 

Басқарушы жер жаһан, ұлы көкті,

Берді маған берудей нығметті

Жеңіл желпі сырларын дүниенің

Сөз қылуға боп алды тілім епті.

 

Уау, осындай кейпімді ұнатар кім?

Қалай енді өзімді жұбатармын

Жан Алланы аузыма күнде алғанмен

Бірімін нақ кәдімгі күнәһардың

 

Түк қалмаған жандаймын баста мидан,

Түрлі-түрлі қасыма дос та жиғам

Қайтып келер өзіме түрі жоқтай

Тұрақ таппай кеудемнен қашқан иман

 

ҮЙ

Отбасында төрт адам,

Бір-біріне жат па құр?

Бақыт таппай ортадан

Төртеуі төрт жақта жүр.

 

Түйіспейді ойлары,

Үйлеспейді сөздері

Жоқты іздейді қайдағы

Айдалада көздері

 

Әкенің жоқ беделі,

Шешенің жоқ тәртібі

Әңгіме жоқ келелі

Үйде ұрыс әр күні.

 

Ұлдың сөзі айқай кіл,

Жарымаған мінезге.

Келін болса сайтан бір

Құбылатын лезде.

 

Сенімі қақ жарылған,

Қиюы кем босаға.

Жанұя бұл нағылған

Бұл неткен үй, о, тоба?!

Өмір — өзен

Алыстап асса да күн, айдан әрі,

Балғын шақ кетпей жүр ғой ойдан әлі.

Ауылда суға түскен, бұзау баққан

Қызықтың бірі де жоқ, қайда бәрі?

 

Өртейді көкіректі жалынша мұң,

Келмейді өткен күнім жалынсам мың.

Көргім кеп арт жағыма сан қарадым

Көз алдым бұлдыраған сағым – сағым.

 

Белгі таппай, безерген ен даладан,

Көңілімді қайтейін шер бораған.

Есімде ғой, шомылған өзенге кеп

Қаракөз қыз кекілін жел тараған.

 

Өзіммен — өзім тегі сан алыстым,

Өткенге жету қайда жол алыс тым.

(Тірліктен безінгенде арақ іштім)

Қыз қайда көйлегімен суда жүзген

Иірімінде кетті ме сол ағыстың?

 

Дерек іздеп артыма қарайлағам,

Өшкен белгі сыр айтсын қалай маған?

Салқын күзгі судан бұл не сұрайсың

Ағып жатқан Талас қой талай заман.

 

Толы болып жарыққа, көшем шамға,

Сәлем бермес күйде ем кеше ханға.

Күз де келді, біразға біз де келдік

Өмір — өзен дегенің осы екен да?!

 

 Біреу

Ойға шаптың, қырға шаптың

Дос іздеумен безіп жүрсің

Ол да сатқын, бұл да сатқын

Айтшы,  сонда өзің кімсің?

 

Жарты есіңді жаратып-ақ,

Олжа тарттың алыстан шын

Айналаңның бәрі ақымақ

Жалғыз өзің данышпансың

 

Ұқсап елді сүйетінге

Заман желін басым ұғып

Жүрген сенің ниетіңде

Бар пәле тұр жасырынып

 

Әуелден — сол  өтімді ісің,

Ұшар тұста дәл самғайсың

Атом бомба секілдісің

Түскен жерін талқандайтын

 

Жылайтының тағы да бар,

Жазықсыз бір тапталғандай

Тұрқыңда не мағына бар

Ыржиасың атжалмандай.

 

Қара тал

Есігім алды қара тал,

Қарайған жанды тіршілік.

Қара тал маған пара-пар

Күз сайын тұрар күрсініп.

 

Қайран жаз, қызық дәурені,

Жапырақпен ұшты бұл бір шын.

Мен құсап ол да әрнені

Ойлайтын шығар, кім білсін?

 

Менікі ылғи жоқ қарау,

(Ол үшін уайым әлі қыс?)

Көктемге дейін көп бар-ау,

Біз үшін ортақ сағыныш.

 

Қараша айы, қара тал,

Ұқсастау болдық неден біз

Тарылтып барып таң атар,

Арғы бір жағын көрерміз…

 

Елді сүю

 Елге ынтық адал сезім бар менде,

Мейлі илан, достым мұны жалған де.

Осы өлкеден бастау алған өмірім,

Осы өлкеде аяқталса арман не?

 

Бал шағымды еске аламын бүгін мен,

Өлкем осы жалаңаяқ жүгірген.

Бой – басыма дарқандығын даламның

Желпи соққан самалынан сіңіргем.

 

Аға көріп өскенмін мен кең жүрек,

Артымнан көп іні ерттім, елжіреп.

Туған елдің тура сөзін айтпасам,

Бедел іздеп керегі не енді кеп.

 

Білуімде өзім туған жерде құт,

Туған жерім тұр мені шын тербетіп.

Менің елді сүюімде кінә жоқ,

Кей ісімде бар болғанмен кем – кетік.

 

Тірлігімді дұшпан түгіл, дос аңдып,

Жүрген шақта елден сүйеу тосам нық.

Ең бастысы туған жерді сүюде

Ешкімге де көрсетпесін осалдық!

 

***

Жиырмасында беріп кеткен берерін,

Отызында беріп кеткен берерін,

Өліп кеткен ақын қаншы көкөрім,

Білген соның кім бар екен себебін?

Жанталаса жазды-жазды өлеңін,

Сезді ме екен со шіркіндер өлерін?

Өзім жайлы білмеймін ел не дерін,

жүрмін бәлкім бере алмай керегін.

Алаңсыз еш аман-есен келемін,

Не дейтінін Жаратушы шеберім?!

 

***

Қаламыз әр кез өмірде,

Келеңсіздікпен беттесіп

Ауыр тисе де көңілге

Кетпейсің одан көкке ұшып

 

Қиюы кетіп істің де

Жүресің кейде тым алаң

Қара жердің үстінде

Алатын ол да сыбағаң

 

Түспейтін жүк бар арқадан

Бересің қанша, аласың

Өмірден, осы ортадан

Қашқанда қайда барасың

 

Алтының азып,мыс қалса

Іздерсің қайдан дерегін

Кеудеден жаның ұшқанша

Осы ғой, осы көрерің!

 

***

Аспанда бұйра-бұйра бұлт көшкіні,

Құйып жауар секілді сырт кескіні.

Қайта-қайта қайталап жұрт та ескіні,

Құдайыға құрбан қып құртты ешкіні.

 

Бір-бірінің көңілін аулай қауым,

Жүргенімен қойды бір жаумай жауын.

Дұғаны қайыруы дұрыс деспей

Жапты жұрт жас молдаға таудай дауын.

 

Малдың қаны жоқ еді көптік еткен,

Айта алмас ем, жұрт шығын шекті деп кем

Ақ тақыр боп айнала, шаңы шыға

Көктен тамбай тамшы  су өтті көктем.

 

Құрғақ жерді қуыра жаз да кірді,

Жолыққандай болды кез тазға жынды

Ар жағы айтарлықтай қызық емес

Тоқтатайын ол жайлы жазба жырды.

 

***

Өтуде өмір,

Ісің де түк өнбей

Жүдеулі көңіл

Еркіңе жібермей.

 

Тірліктің құны

Құлдырап етекке

Жалғыздық мұңы

Қинайды жетекте

 

Бүркеумен жүрсің

Жаныңның жарасын

Ұмытшы құрсын

Сен қайда барасың?

 

Өзіңді сақта

Жоғалтып алудан

Сезімді шақта

Елеусіз қалудан.

 

***

Жылт етпей сезім бір түйір,

Күлкі азайды, қалды наз.

Көк аспанға бұлт үйір

Күзге қарай ауды жаз.

 

Білініп әр –әр кемдігі

Өтуде күндер дүрлігіп

Не болмақ өмір ендігі

Көңілде біздің жүр күдік

 

Төгілтіп  суық жаңбырды,

Еңсені басар күзгі уақыт

Жиналып мұңың сан жылғы

Қинар –ау  жанды сыздатып.

 

Сұстанар әлі тау – шың да,

Алдыда қатқыл қара күз

Мазасы жоқ маусымға

Майдалап кіріп барамыз.

 

* * *

Нағыл дейін сөз ұқпайтын жындыға,

Осылар да қоғам үшін құнды ма?

Адал ісің аярларға күлкілі

Сөз жетпейді баяндарға, сұмдық, ә?

 

Надан дейін, одан артық сөз кәні,

Ойлағаны қара басы, өз қамы.

Жетпейтіні-ай, адалдықтың баршаға,

Жамандықтың көктейтіні-ай тез дәні.

 

Арлылардың өңі жүдеу, тым сынық,

Сорлалардың күні туды, тіл шығып.

Есеп беріп есіріктер жүре ме

Өсек теріп өрге тартқан құлшынып.

 

Уай, қайтейік қашса баға асылдан,

Кесір туып жатыр тантық, тасырдан.

Қайран жүрек қайтіп мұздап соқпайды

Талқан сатқан тәйтік қыз да басынған.

 

Ай, зауылда өмір көші ай, заула,

Көнбейді еш көңіл қошың байлауға.

Алтын басым бүгін барсың иықта,

Белгісіз-ау, алдырармын қай дауда?

Шамам да жоқ, қазір сені ойлауға!

 

* * *

Азайса деумен ауыртпалығың арқаңнан,

Бағыңды елім тілеймін атқан әр таңнан.

Өгейің емес шыға қалғандай қалқаңнан

Өлең деп келгем өмірге осы ортаңнан.

 

Келеңсіздікке қалғандай шақта кез келіп,

Тобырлық сана топшылауына тез көніп.

Білгенін істеп, бетімен жүрген халық деп

Өнер қуғанға қарамағайсың өзгеріп.

 

Шайқала басып шайырлар өткен ізбенен,

Айқара ашық көңілмен жоғын іздеген.

Кеңдіктің сырын, елдіктің жырын үндеумен

Үміттің отын еселеп жүрміз біз деген.

 

Бәрімен жұрттың табу да қиын жарасым,

Қинайды кейде басыңа берген баға шын.

Төменде жүрген төскейден асып не көрер

Төрелік үшін төбеге шығып қарасын.

 

Елемесе сол, елемей қойсын мені ешкім,

Ойпырай енді онысы несі? — демеспін.

Естілер аз ба, есіне ап бізді жүретін

Ендеше, шындық екеудің бірі емеспін.

 

Тіл байланып, тұрған бір тұста ой сөйлеп.

Айту да қиын әлденені кеп ай – шай жоқ,

Есесі бардай етектен шалып әдейі

Кейбіреу жүр ғой өлеңшіні сол қойшей – деп.

 

Ашулы жандай қозғады дер ме, әр несін.

Бәріне түбі шығарар ұят, ар кесім.

Өз жайынан Қасымша айтар кім бар – ау,

Бізді де біреу Қасқырбай бар ғой, бар десін!

 

* * *

Жылжып жылдар ай аунап, дөңгелеп күн,

Ақыл айтар белдеуге мен де кеппін.

Өтті көбі, өмірде енді қалған

Қай қатемді түзетіп жөндемекпін?

 

Нұрланған да шақ болған, гүлдеген де,

Бәрін айтып бітерсің кімге демде?

Күнәм да бар ойласам күрсіндірген,

Жуып – шайып кеткенге үлгерем бе?

 

Күн кешкенмін пердесіз пейілмен де,

Шалқақтаумен мен құрған сейіл кем бе?

Дем алдырып өзімді күткенім жоқ

Не қалдырып кетем деп кейінгі елге.

 

Кеудемде қайшыласқан сұрақ толы,

Тұр соның жауап таппай жылап көбі.

Тазамын деп таусылып керегі не,

Өзім ғана білемін бірақ та оны!

 

***

Жүргендеймін қара жердің шетінде,

Осы болды, мейлі, өкін, өкінбе.

Тас пейілін жібітем деп талайдың,

Тасқа толып кетті білем өтім де,

 

Алдымды бір көрсетпейді шаң, құйын,

Жаншылумен жүдеу тартты жан күйім.

Айғайы көп аласұрған тірліктен,

Ашып кеткен секілді ме бар миым?

 

Қайда барам, тұрғаным-ай жол таппай,

Жан-жағыма мойным талды жалтақтай.

Көңіл мыж-мыж айдалада түнеген,

Қайыршыдан қалып кеткен қалпақтай.

 

Келгенмін бе оңайға кіл алданып,

Сайран салып санасыздай сандалып.

Мағына іздеп мазасыз бір күй кешкен,

Өз-өзіме өтер болдым таңданып.

 

Қысқа күнде бес суынып, бес күйіп,

Жүрсем қашан алар екем ес жиып.

Оқталсам да бірдеңені айтқым кеп,

Демеді ешкім дауысыңды естиік.

 

***

Біреуден  кейін, біреуден күнім ілгері,

Жүйесін тауып жылжуда ісім күндегі.

Әйел де тыныш, көңілі тоқ боп жүргені,

Түсініп қалған кезі де шығар бұл мені,

 

Біреуден кейін, біреуден күнім ілгері,

Өшім бар сірә ала алмай жүрген кімдегі?

Ойлантқанменен дүниенің осы дүрмегі,

Деп қоям іштей болар – ау түбі бір жөні.

 

Біреуден кейін, біреуден күнім ілгері,

Бізге дейін де өмірді кімдер сүрмеді?

Маңызды емес біреудің маған күлгені

Қайсынан оның саласың аулақ іргені?

 

Біреуден кейін, біреуден күнім ілгері,

Айтпағым мынау,ізгі жан бетің бұр бері.

Боп тұрғанмен көңілдегінің кіл дені,

Білінбей қоймас бұл дүниенің бір кемі…

ПІКІРЛЕР16
Аноним 04.05.2020 | 00:06

Қазіргі қазақ поэзиясына қарным аша бастаса,Қасекеңнің қара өлеңін ақтарып рухани рухани бір тояттап қалатыным рас менің.Қаламыңыз мұқалмасын.Керемет шығармаларыңыз!👍👍👍👏👏👏Оңғаров Нұрлан.

Аноним 04.05.2020 | 00:16

Жырлары жанды ерекше сезімге бөлейтін-тым ерек сезімді ақын ғой,Қасқырбай ағам!
Кісіні терең ойға жетелеп,жүректі бір соқтырып,бір соқтырмай қоятын керемет өлеңдер!!!

Аноним 04.05.2020 | 00:49

Қасқырбай Нарбатырдың қай өлең жолдарына үңіліп қарасаңыз сол образға еніп кеткендей күйде боласыз , осы жағдайды басымнан кешіп жүрген жанның бірімін және де осы заманның Мұқағалиындай ақын деп бағалар едім , әуендері қайталанбас бір төбе , халық жадында жылдам жатталады

Аноним 04.05.2020 | 01:07

Қасекеңни6 қай өлеңінен болсын шынайы өмірдің лебі есіп тұрады және олардың арасындағы өзара байланыс көңілге нұр құяды.Әр өлеңінен рухани азық аласыз

Аноним 04.05.2020 | 01:51

Керемет

Аноним 04.05.2020 | 10:06

Қасқырбай аға, қазір көктем болсадада күзге саяхат жасағандай болдым, пушкиндық ностальгия сезінді. Өлеңдеріңіз әсерлі болыпты. Талантыңыз өрлей берсін.
Гульпаш Рамазановна.

Аноним 04.05.2020 | 11:03

Керемет өлең жолдары! Қаламыңыз шыңдала берсін!

Аноним 04.05.2020 | 11:35

Журекке, жылы тиетин сырлы тартымды, олендер Касеке, каламын шаршамасын, кашан да конилинде коктем болсын жасай бер. Ермек

Аноним 04.05.2020 | 15:48

Канатын талмасын,сенин олендерин,копшилик жанын тебирентеди. Алла жар болсын бауырым.

Аноним 04.05.2020 | 19:39

Өлеңдері жүрекке жакын,сазды ,мәнді,керемет жазылған!

Аноним 05.05.2020 | 04:56

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы
Қиыннан қиыстырар ер данасы… деген Абай пайымындай Сізде Қасеке өлеңнің сырты мен ішіне , өміршеңдігі мен өнегелілігіне аса жауапкершілікпен қарайсыз. Сезімді сенімге тізгіндетесіз, көңілді күйбеңмен жұбатасыз. Сонысымен өлеңдеріңіз оқырмандар жүрегіне ұялап тұр, сөз асылымен сусындатып тұр. Қаламыңыз мұқалмасын, Қасқырбай аға!

Аноним 05.05.2020 | 04:59

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы
Қиыннан қиыстырар ер данасы… деген Абай пайымындай Сізде Қасеке өлеңнің сырты мен ішіне , өміршеңдігі мен өнегелілігіне аса жауапкершілікпен қарайсыз. Сезімді сенімге тізгіндетесіз, көңілді күйбеңмен жұбатасыз. Сонысымен өлеңдеріңіз оқырмандар жүрегіне ұялап тұр, сөз асылымен сусындатып тұр. Қаламыңыз мұқалмасын, Қасқырбай аға!
Ізгі ниетпен: Мұхит Жанұзақұлы ініңіз

Аноним 05.05.2020 | 10:21

Жүрек түбінен шыққан өлең жолдарыңыз, жүрекке жетіп, керемет бір әсерлі көңілге ой тастады. Жазарыңыз көп болсын Қасқырбай аға! Қарандасыңыз Қарлыға Сейтханқызы

Аноним 05.05.2020 | 11:20

Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгер ақынымыз Қасқырбай Нарбатыр ағамыздың өрнегі мол жырлары еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттырып жүргенін білеміз. Өлең жырларыңыз өте тамаша! Қаламыңыз ұштала берсін, Қасқырбай аға! Ізгі ықыласпен: қарындасыңыз Бесбаева Анара Сауытбекқызы.

Аноним 05.05.2020 | 23:50

Ақын ағамыздың тыңнан түрен салғандай, ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуімен еркін көсіліп өзгеше сәуле түсірген шығармашылығы санаға сілкініс беретін қуатты да пәрменді екені анық ақ.
«Абырой-адамдықтың тағы» демеи ме қазағымның дархан көңіл, шалқар даласындай шабытыңыз шарықтай түссін.
Қаламыңыз ұштала берсін Қасеке!
Ізгі ниетпен: Ақыш

Аноним 07.05.2020 | 12:06

Қаске! Керемет қой ,ойың,тұжырымың..
Әркім өз өмірін тауып алады…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір