МЕН ӨМІР СҮРУДІ АРМАНДАЙТЫН ЕЛ МЕН ЗАМАН ОРТА ҒАСЫРЛАРДА ҚАЛҒАН
«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»
Сауалнама қонағы – ақын Ұларбек Дәлейұлы
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Опалылық дер едім. Әрине, оның аясына көп дүние сияды.
– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?
– Тыныш заманда туған топырағы үшін тер төгу, ел шетіне жау келсе – тобықтан қан кешу.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Меніңше, аман жүру.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– «Қан мен тердегі» Судырахмет пен «Көтерілген тыңдағы» Шукар шал. Екеуін үнемі сағынамын.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Мал бауыздай алмаймын…
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Спорт залдары мен бассейнде жүзу. Сосын, бас алмай кітап оқу.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Дәрігер болар едім.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Мен өмір сүруді армандайтын ел мен заман орта ғасырларда қалған.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Ол туралы ойланып көрмеппін.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Тез шешім қабылдай алмай дағдарып қалатын кездерім көп.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Ғайыпқа сенемін, қатты сенемін. Әлемді жаратушы құдіретті бір күш сөзсіз бар. Сондықтан, айып та бар.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Өнертапқыш болсам, бір сәбиге зар болып, ана болуды армандаған барша әйелге сәби сыйлайтын дәрі ойлап табар едім. Өйткені ана мейірінен өткен құдіретті ешқайдан көрмедім.
– Неден жиіркенесіз?
– Атаққұмарлық пен аярлықтан.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Сталин. Оның кесірі шарпыған ұлттар мен ұлыстардың қазіргі кеспірін көргенде қатты кектенемін.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Құдай өзі берген жанды өзі алады».
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Жоқ. Тым сирек жылаймын. Дегенмен жаным нәзік.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп».
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Өткен ғасырлардағы құндылық саналған барша ізгі қасиеттер кеміп, суалып барады. Олардың орнын өзге құндылықтар иемденіп алды.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Мен сүйетін ақындардың бәрі өліп қалды… Жазушылардан Мұхтар Мағауин мен Төлен Әбдік кітап сөремнің ең үстінде тұр.
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылық пен кемшілікті көріп жүрсіз?
– Жас қаламгерлер көп. Ұқсас шығармалары да көп. Қазірше біраз нәрсе белгісіз. Заман буырқанысы белгісіз бір жастардың қаламынан от болып төгілетіндей күтемін.
ПІКІРЛЕР3