Қазақ әдебиетін қалай оқытып жүрміз?
24.10.2019
4200
3

Таяуда Алматыдағы «Ғылым Ордасында» М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты мен Алматы қалалық Білім басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен  «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов сөз сөйлеп ашты. «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Абай ғылыми институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтар бастаған, тағы басқа ғалымдар мен әдебиет пәнінің мамандары қостаған қазақ әдебиетін оқытудың әралуан проблемаларын  қамтыған он беске жуық баяндама оқылды. Конференция соңында жиынға қатысушылардың бірауыздан мақұлдасуымен қарар қабылданды.

Басқосу барысында қазіргі оқытылып жүрген «Қазақ әдебиеті» оқулығына орынды сындар, оны түзетуге бағыт-бағдар болар ұсыныс, пікірлер айтылды. Өзекті ойларын жанашырлықпен ортаға салған баяндамашылардың материалдарын газетке іріктеп, ықшамдап жариялап отыруды жөн көрдік. Профессор Жанғара Дәдебаевтың оқулықтарға саралай жасаған сынын оқырмандар назарына ұсынып, бұл үрдіс газеттің алдағы сандарында жалғасатынын ескертеміз.

Жанғара Дәдебаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

 ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

Негізгі орта білім, жалпы орта білім беру ісінде міндетті түрде басшылыққа алы­натын басты мемлекеттік нормативтік құжаттар бар. Олар – «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» және «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты». «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары осы стандарттар негізінде жасалды.

Аталған стандарттар Қазақстан Рес­пу­бликасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген. 2018 жылы 31 қазанда Білім және ғылым министрінің № 604 бұйрығымен аталған стандарттардың жаңа буыны бекітілді, бұ­рын­ғы стандарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 қаулысымен күштерін жойды.

1995-2000 жылдары Л.Андерсен мен Д.Кратвол басшылығымен жұмыс жасаған психологтардың тобы 2001 жылы Блум таксономиясының жаңартылған нұсқасын өндіріске енгізді. Жаңартылған нұсқада білу – есте сақтау болып аталды, жинақтау жасау – деп аталды. Танымдық дағды деңгейлері танымдық процесс деңгейлері ретінде мына жүйеде нақтыланды: 1) есте сақтау (помнить), 2) түсіну (понимать), 3) қолдану (применять), 4) талдау (анализировать), 5) бағалау (оценивать), 6) жасау (создавать).

Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында, олардың негізінде жасалған оқу пәнінің үлгілік оқу бағдарламаларында, оқулықтарында Блум таксономиясының 1956 жылғы жүйесі қолданылды, 1995-2000 жылдары айналымға түскен жаңартылған жүйесіне білім басындағылар әзірге мән бере қойған жоқ.

Білім алушылардың ойлау құзіреттілігін қалыптастыру мен дамыту ісінде Блум таксономиясына негізделген алты танымдық құзіреттіліктің әрқайсысының өмірлік маңызы бар. Олар өзара сатылы түрде сабақтасқан. Бір деңгейге көтерілмейінше келесі деңгейге асу мүмкін емес. Мысалы, қолдану үшін түсіну шарт, түсіну үшін білу, білгенді есте сақтау шарт. Білу, білгенді есте сақтау болмаған жерде қалған танымдық дағдыларға орын жоқ. Бұл дағдылардың әрқайсысының қалыптасу деңгейі білім алушының тыңдау (тыңдалым), айту (айтылым), оқу (оқылым), жазу (жазылым) сияқты түрлі нақты еңбек-әрекеттерінің нәтижелері арқылы анықталады.

Білім алушылардың оқудағы жетістіктері бойынша күтілетін нәтижелерді оқу мақ­са­ты түрінде тұжырымдап бекітуге үлкен мән берілді. Блум таксономиясының ие­рархиялық жүйесін нақты пәннің маз­м­ұнымен, оқытудың мақсаттарымен, оқытудан күтілетін нәтижелермен, оқу­шылардың оқу жетістігі деңгейлерінің сипатымен үйлестіру бағдарламаны, бақылау-бағалау құралдарын жасаушылардан да, оқулық авторларынан да, мұғалімдерден де үздік кәсіби біліктілікті талап етеді.

Мемлекеттік стандарттарда бекітілген жүйе негізінде пәннің үлгілік оқу бағдар­ла­маларын жасау керек еді. Пәннің үлгілік оқу бағдарламалары жасалды, бірақ олар­да (5-9, 10-11-сыныптарға арналған оқу бағдарламаларында) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда бекітілген тан­ым­дық дағдыларды қалыптыстыру, дамыту мақсаттары, оқу мақсаттары таксо­номиясы бұрмаланды. Мемлекеттік стандарттардағы Білу, қолдану сияқты танымдық деңгей дағдылары бағдарламаны жасаушылар мен бекітушілердің назарынан тыс қалды. Блум таксономиясындағы Білім, білу аталған стандарттарда оқыту мақсаттары жүйесіндегі бастапқы саты ретінде қабыл­данған. Ол жоқ жерде қалған бес танымдық дағдыны қалыптастырмақ болу – әурешілік. 

Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында анық көрсетілген танымдық сипаттағы дағдылардың бір­азы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарлама­ла­рында қолданылмай, олардың орнына жау­ап беру, интерпретация, салыстыру деген­дер қосылған.

Жаңартылған бағдарламаларда оқы­ту мақсаттары 1) «Түсіну және жауап беру», 2) «Анализ және интерпретация», 3) «Бағалау және салыстыру» деп, үш топқа бөлініп жүйеленді. 1) «Түсіну және жауап беру», 2) «Анализ және интерпретация», 3) «Бағалау және салыстыру» дегеннің өзі дағдылар ретінде ұсынылды. Бұлардың алғашқы сыңарлары – Блумның таксономиясындағы басты құрамдастар, қалған үшеуін бағдарламаны құрастырушылар мен бекітушілер қосқан. Бұл – білім берудің тарихы мен теориясында, оқыту мақсаттары бойынша ғылым мен білім қорында қалыптасқан, білім беру өндірісінде стандарттық деңгейде кеңінен қолданылып отырған ғылыми-әдістемелік, психологиялық, танымдық, нормативтік жүйе негізінен ауытқудың көрінісі.

Таным деңгейлері арасындағы иерархиялық жүйені бұзу жүйесіздікке әкеліп соқпай қоймайды. Оның үстіне, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар қазақ тілінде «талдау» деп анық көрсеткен атаудың пәннің үлгілік оқу бағдарламасында «анализ» болып берілгені, оған «интерпретация» секілді атаудың тіркескені қазақ әдебиеті үшін де, қазақ әдебиеттануы үшін де, қазақ тілі үшін де жетістік емес, кемістік.

Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын қолдану оқытудан күтілетін нәтижелер түрінде көрсетілген білім беру мақсаттарының жүйесіне қол жеткізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға бағытталған білім маз­­м­ұны осы мақсатты нәтижелерден түзіледі. Енді «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларындағы осындай 14 мақсат­тың бірінің сипатына назар аударайық. «Анализ және интерпретация» бөлімінің құрамындағы бес бөлімшенің бірі – Автор бейнесі деп аталады.

Автор бейнесі бөлімшесінде білім алушылар үшін 10-11сыныптарда мынадай нақты оқу мақсаттары қойылған:

1) 10-сыныпта «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын айқындау» / «автор бейнесінің шығармадағы белгілі бір оқиғадағы көрінісін анықтау» қажет.

2) 11-сыныпта «автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау» / «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын ашу» шарт.

5-9 сыныптардағы оқу мақсаттары мынадай:

3) 5-сыныпта «эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтауға» тиіс, 6-сыныпта «эпикалық, поэзиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтайды».

Әдеби шығармаларды бұлайша «эпикалық, поэзиялық шығармалар» деп топтау –  қателік. Білім мазмұны, әдеби-теориялық ұғымдар деңгейіндегі қателік. Білетін маманға «эпикалық шығармалар» қатарында поэзиялық шығармалар да болатыны, ал «поэзиялық шығармалар» қатарында эпикалық шығармалар да болатыны белгілі.

4) білім алушылардың алдына 7-сыныпта «эпикалық, поэзиялық, драмалық шығармадағы автор бейнесін анықтау» мақсаты қойылады. Бұл да – қате. Білім мазмұны, әдеби-теориялық деңгейіндегі қате. Өйткені сөз өнері, көркем әдебиет туындылары «эпикалық, поэзиялық, драмалық» деп топтастырылмайтыны Аристотель заманынан бері белгілі.

5) 8-9-сыныптардағы мақсат – «автор бейнесі мен кейіпкерлер қарым-қатынасының тілдік көрінісін талдау», «автор бейнесінің идеялық-стилистикалық тұтастырушы ретіндегі рөліне талдау жасау»

«Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарла­ма­ларының он төрт мақсатының біреуін мы­салға келтірдік. Енді осы мысалға алынған мақсаттың жайына назар аударайық.

«Автор бейнесі» – нейролингвис­ти­кадағы, психопоэтикадағы күрделі, қиын мәселе. Әдеби шығармада автор бейнесі затты келбетімен көрінбейді, имплицитті. Оны білудің, оның мәнісін түсінудің, оны оқытудың жолдары әдебиеттану, педагогика ғылымдарында осы күнге дейін нақты анықталған емес. Оқытылатын әде­би шығармада затты келбеті көрініп тұрмаған, дерексіз, қиялдағы бейнені анықтау дағдысын қалыптастыруды мақ­сат ету білім алушылардың қияли болуына ықпал етуі ықтимал. Автор бейнесін анықтау әл-Фараби сипаттаған «әрекетшіл ақыл-парасат» деңгейінде, іргелі теориялық ойлау деңгейінде ғана мүмкін болмақ. Бұл – кәсіби зерттеушілердің ісі.

«Автор бейнесін анықтау» деп аталып отырған оқыту мақсатының орындалуы да қайшылықты. Мысалы, 5-сы­нып­тағы «Керқұла атты Кендебай» ер­т­е­гісін, «Қобыланды батыр» жырын, «Асанқайғының жерге айтқан сынын» оқыту­да Анализ және интерпретация бөлімі бойын­ша мынадай мақсаттар қойылады:

5.2.2.1 – эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтау.

5.2.4.1 – көркем шығармадан алған әсерін сипаттап, авторға хат, өлең жазу…

«Керқұла атты Кендебайды», «Қобылан­ды батырды», «Асанқайғының жерге айтқан сынын» оқытуда мұндай оқу мақсаттарын қоюға қандай ғана жанның ақылы жетті екен.

Білім алушы да, білім беруші де, тіпті осы жаңартылған бағдарламаны бекіткендер де  аталған шығармалардан алған әсерін сипаттап, авторға хат жаза алмайды, жазуы мүмкін емес. Ақиқаты осы. «Автор бейнесіне» қатысты оқудағы мақсат та, ол мақсатқа жеткенде күтілетін нәтиже де негізсіз, мағынасыз, мәнсіз.

Пәнді оқытуда білім алушының, білім берушінің алдына орындалмайтын, орындау мүмкін болмайтын мақсат қою және сол мақсатқа жетуді талап ету – білім алушының ақыл-ойына бағытталған зорлық, қиянат, зиянкестік. Оқу пәні бойынша білім мазмұнын бұлайша жаңартуға болмайды.

Енді мынаған назар аударайық. «Автордың бейнесі» деген ұғым, атау мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда жоқ. Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда «Автордың бейнесі» ұғымына қатысты оқу мақсаты қойылмаған.

«Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша, білім алушы шығармадағы автордың көзқарасын түсінеді. «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша, білім алушы а) шығарма авторларының өмірлік және шығармашылық жолы туралы негізгі деректерді біледі, ә) автордың ұстанымын түсінеді.

Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда білім алушылардан автор ұғымына қатысты осы аталған мақсатты нәтижелер талап етіледі: а) шығарма авторларының өмірлік және шығармашылық жолы туралы негізгі деректерді білу, ә) автордың көзқарасын, ұстанымын түсіну.

 Дұрыс. Мемлекеттік стандарттардың талаптарын орындау жалпыға міндетті. Оқытудан күтілетін нәтиже түрінде мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда көрсетілген осы мақсаттарды назардан тыс қалдырып, олардың орнына білім алушылардан автордың бейнесін анықтауды талап етуі  дұрыс емес, бұрыс. Оқытуда дұрыс емес, бұрыс мақсатты көздеу білім алушыны адастырумен бірдей.

Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында авторға қатысты оқытудан күтілетін нәтижелер қандай екені көрсетілді. Стандарт бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер – оқу мақсаттарын, білім мазмұнын анықтаудың негізі. «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларындағы «Автор бейнесін анықтау» мақсаты стандарттарда көрсетілген мақсаттарға, нәтижелерге сай келмейді.

Білім беру аяқталғанда, оқытудан күтілетін нәтижелер «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында», «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» алты топқа бөлініп жүйеленген. Пәннің оқу бағдарламасының мазмұны, оны ұйымдастыру, оқытудың мақсаттары мен міндеттері, әдістері мен амалдары, бақылау-бағалау жүйесі оқытудан күтілетін осындай нәтижелермен үндесуі шарт. Пән бағдарламаларында оқыту мақсаттары оқытудан күтілетін нәтижелерге тікелей қатысты қойылу тиіс, оқыту нәтижелері оқыту мақсаттарына сай болу керек. Білім беру ісінің оқытудан күтілетін нәтижелерге бағытталуы туралы мемлекеттік ұстанымның мәнісі сонда.

«Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары және олардың негізінде дайындалған оқулықтардың жайы 2018 жылдың наурызында осындай күйде еді. Бұл жайындағы ойларымызды біз сол кезде бұқаралық ақпарат құралдарында айттық.

2018 жылы 31 қазанда (БҒМ № 604 бұйрығымен) білім берудің барлық дең­гейле­рінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары жаңадан бе­кі­тілді. «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңар­тылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдар­ламаларындағы оқу мақсаттарының жүйесі сол бұрынғы қалпында, оқулықтар да сондай.

Жоғарыда талданып, сараланған жайлардан «Қазақ әдебиеті» пәнінің негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлеріне арналған жаңартылған мазмұндағы бағдар­ламаларының мазмұны туралы бірнеше тармақтан тұратын қорытынды ой өріліп шығады. Олардың бәрін емес, біреуін ғана көрсеттік. Ол мынадай:

  • «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары, олардың негізінде жазыған оқулықтар «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» мен «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» талаптарына сай келмейді, қайшы келеді.

 «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламалары мен оқулықтарының 2019-2020 оқу жылындағы күйі осындай.

Қазақ әдебиетін қазақ халқының баламасы жоқ байлығы, ұлттық рухани құндылығы ретінде қорғайтын, сақтайтын, насихаттайтын, дамытатын, ел игілігіне айналдыратын, оны оқу мен оқытуға  жанашыр болатын, жоқтаушы, сұраушы болатын екі мекеменің бірі қалғып, бірі мұлгіп отырса да, жағдай түзелер деп үміт еттік. Сарғайған үмітпенен әлі отырмыз.

ПІКІРЛЕР3
Қонақ 13.01.2020 | 23:14

Жанғара аға!
Сіздің мақалаңызды оқи отырып, қатты ойға қалдым. Мен осы жаңартылған бағдарламадағы оқу мақсаттарына еш түсінбей қойдым. Өте қиын мұғалімдерге де, білім алушы жас ұрпақтарға да жасалып жатқан қиянат деп ойлаймын.
«Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» мен «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» талаптарына сай келмейді, қайшы келеді.» деген пікіріңізбен толықтай келісемін. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулықтарының оқу мақсаттарын қайта қаралып, түзетулер мен енгізулер енгізсе деп ойлаймын. Тек мен ғана емес бүкіл қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің көкейіндегі арманы деп білемін.

Қонақ 01.08.2020 | 19:01

Құрметті, ф.ғ.д., профессор Ж.Дәдебаев! Аталған оқу мақсатына қатысты көтерген мәселеңіз өте дұрыс деп ойлаймын. Өз басым алдымда отырған оқушыларға В.Винорградовтың «автор бейнесі», 1961 жылы американдық ғалым У.К.Буттың ұсынған «имплицитті автор» терминін түсіндіру оңай емес деп айта аламын. Автор бейнесі — оқырман санасында орын алатын жоғары поэтикалық категория болғандықтан ол оқушылардың таным түсінігіне жете бермейтіндігін айта кеткен жөн. Мен бұл жөнінде «Автор бейнесін» қалай оқытамыз?» атты мақала да жариялаған болатынмын. Оқушыдан бұрын үлкен кісі әрең түсінетін бұл психопоэтикалық дүниені ұғыну үшін оқырманның да таным, түсінік көкжиегі өте терең болуы керек емес пе?! Ал, қазіргі таңда әдеби шығарма оқығысы келмейтін оқушыларға бұл мақсатқа қол жеткізіп, нәтиже аламыз деп айтсақ өтірік болатыны анық.

Қонақ 09.02.2024 | 15:06

Мәссаған, мына мақаланың шыққанына төрт жыл өтіпті. Автор бейнесі деген оқу мақсатында әлі жүр. Ағамыздың жан айқайы аяқсыз қалыпты. Біз мектепте оқығанда рақат еді. Оқу, сұрақ — жауап әдісі ғана болды. Көркем шығарманы түсініп оқып, жан дүниесімен сезініп, өзіне ұстаным деп қабылдаса болды емес па? Неге сонша күрделендіріп жіберді?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір