«Мүсіреповтің халық жауы Майлинмен идеясы бір»
08.10.2019
2015
0

«Жұмған аузын ашпайтын, қойдан да қоңыр»    (Т.Нұртазин) жазушы Майлин қалайша «халық жауы» болып шыға келді? Бір кездегі дос-жаран «халық жауы» атанған қаламгер туралы не деді? Ғабит Мүсіреповтің өле-өлгенше Майлинді пір тұтып, «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген сөзі рас па? Үкім шыққанға дейін классик жазушы тергеу изоляторында қанша отырды? Осы сауалдардың жауабын бейімбеттанушы ғалым Тоқтар Бейісқұловтың «Жалған жаланың құрбандары» атты кітабынан алып, ықшамдап беріп отырмыз. Мархабат.

«Мүсіреповтің халық жауы Майлинмен идеясы бір»

 …Осы екі газеттегі соңғы мақалалар 11-12 қазан күндері жазушылардың партия жиналысы туралы жазылған. Онда сөйлеген Т.Жароковтың сөзін алға тартсақ та түсінікті болады. «Мүсірепов әлі шынын айтқан жоқ. Ол ұдайы халық жауы Майлин туралы сөз бола қалса, Мүсірепов оны жақтай кететін еді, қанатының астына алатын еді. Біз, Майлин әшкерленіп, қолға түспестен бұрын оның қазақ халқының ежелгі жауы екендігін «Қазақ әдебиеті» газетіне жаздық. Бірақ Мүсірепов ҚК(б)П Орталық Комитетінің ағарту бөлімінің бастығы болып тұрғанда газеттің осы номерін конфиске жасатты, шығарттырмады, газетке Майлин туралы жазылған мақаланы өз қолымен түзеткен соң ғана газет жарыққа шықты. Мүсірепов халық жауы Майлин әшкереленбей тұрғанда «Мен Бейімбетке сенемін, сондықтан онымен жақын жолдаспын, ол туралы не болса да мойныммен көтеремін» дейтін еді. Шынында, Мүсіреповтің халық жауы Майлинмен идеясы бір. Ол Майлин екеуі бірігіп «Амангелді» пьесасын Ұлы Октябрь революциясының 20 жылдық мерекесіне қою туралы Мүсіреповтың опера және балет театрына бұйрық беруі де сол «айрылмас» достықтың белгісі», – деді ол.

(«Буржуазияшыл ұлтшылдардың
ұясын тас-талқан жасау керек».
«Лениншіл жас»,
1937 ж., 16 қазан).

«Бейімбет жау болса, мен де жаумын»

 …Жұрт арасында кең тарап кеткен Ғ.Мүсіреповтың: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын», – дейтін сөзі осы жиналыста айтылған деп шамалаймыз. Сол жағдайды Ғабең екі рет толығырақ таратып әңгімелеп бергені бар. Соның бірі Т.Кәкішевпен сұхбат кезінде, енді бірі М.Сәрсекеев және Н.Ғабдуллинмен әңгімелескенде айтқан. Тұрсынбек Кәкішев сол сөзі туралы сұрағанда:

– Ол енді болған нақты факт. Партия жиналысында айттым, – деп жауап қайтарды Ғ.Мүсірепов. – …Оны естіген соң (Бейімбеттің қамалғанын – Т.Б.) Жазушылар Одағында партия жиналысы болды. «Мына Бейімбет ұсталды. Сәкен ұсталды. Бейімбеттің достары бар», – деп қырағылық көрсетіп, атымды атамаса да, тие-тиісе сөйлеп жатыр. Мен партия жиналысында айттым: «Бейімбет ұсталыпты. Мен де естідім. Бірақ, Бейімбет халық жауы емес, Бейімбет халық жауы болса, мен де халық жауымын». Бұл менің батырлық істейін деп айтқаным емес. Бейімбеттің тазалығына, қақ-соқпен жұмысы жоқтығына біржола сенген сөзім.

(Т.Кәкішев. «Ескірмейді естелік». 1994 ж., 275-277 б.б.).

Абақтыда азап көрген ардагер

Б.Майлиннің ісі бір-ақ том екен. С.Сейфуллиндікі  4 том, І.Жансүгіровтікі  4 том, Бейімбет ісіндегі құжаттар неге аз деген де ой келеді, бірақ жақсы сақталған, оған да шүкір, құртып жіберсе не істер едік?

Істің сыртқы мұқабасына көз жүгірттім. (Екі адам екі жағымнан қадағалап тұр). «Дело №11020. По обвинению Майлина Беимбетов Джармагамбетовича по ст. 2.7,8 ІІ УК РСФСР» деген аты көзіме оттай басылды.

* * *

Мұқабаның ішкі бетінде қалташа бар екен. Соның ішіне екі фотосурет салынған: бірінде Бейімбет қарсы алдынан, екіншісінде қырынан түсірілген. Тегі түрмеге түскендерді солай екі түрлі кейіпте түсіріп алатын болуы керек. Ол суреттерді бұрын көрген болатынмын, сонда да мұқият қарап алдым. Соның алдынан түсірілгені (5х6) қою қара шашы дударланған, сақал-мұрты өсіңкіреген, жүзі қуқыл тартқан Бейімбет бейнеленген. Көзі бадырайып, от ұшқыны көмескіленген, жақтары мен еріндері ісінген сияқты. Кім білсін, соққы көрді ме, қинау жасалды ма? «Кінәңді мойында!» – деп, басқа да жанды шығаратын әрекеттер жасалды ма? Ал түрмеге отырғызылғандарды қинауға болатындығы туралы үкімет нұсқауы бар екендігі ол кезде белгілі еді. «Аса қауіпті қылмыскерлерді жауап алған кезде абақтыда азаптауға болады» деген арнайы бұйрық 1937 жылдың басынан енгізілгенін («Известия» ЦК КПСС, 1889 г., №3) білмеуі мүмкін емес. Кигені – галстуксыз ақ көйлек, кең жағалы ескі сұр пальто. Бейімбет атылғаннан кейін әйелі Гүлжамал түрмеге барғанда шығарып берген оның киімдерінің ішінде осы пальтосы болуы тиіс. Суреттің қашан түсірілгені неғайбыл, ол туралы еш белгі жоқ

  «Алашорда» отрядының еріктісі

Анкетада патша әскеріндегі қызмет қандай болғаны сұралған. Оған берілген жауап – «Қызмет еткем жоқ». Ал, «Ақ әскердегі қызметі мен шені» деген сұрақ қойылған графада «Алашорда отрядының еріктісі, қатардағы жауынгер» деген сөз еріксіз көңілді елең еткізеді. 1918 жылы А.Байтұрсынов Қостанайға келіп, «Алашорда» отряды қатарына жастарды тартқанда Б.Майлиннің де қатардағы жауынгер болып тізімге жазылғаны белгілі. Оныншы жылдары Ахаң басқарған «Қазақ» газетіне өлеңдерін жариялатып, 1914-1916 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде онымен кездесіп әңгімелескен Бейімбет, әрине, А.Байтұрсыновты сыйлаған, құрылып жатқан «Алашордаға» үміт арта сенген. Табиғатында халқына қай жақтан жақсылық болса, солай қарай аңсары ауып, икемделетін Бейімбеттің отряд қатарына қосылуы шектен шыққан айып бола ала ма, ол заңды құбылыс еді.

* * *.

Келесі тоқталатын құжатымыз – 1937 жылғы 6 қарашада Б.Майлиннің үйінде тінту жүргізіп, МХК-ның Ішкі істер наркомына әкетуге алынған заттар тізімі:

  1. №5031347 паспорты:
  2. №155993 партбилеті;
  3. №1707 Жазушылар Одағының мүшелік билеті;
  4. 6 канар (тюков) қолжазбасы;
  5. 6 қанар кітаптары;
  6. 27 фотосурет салынған тері портфелі.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір