ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ ҚАЙТА ТҮЛЕЙ БАСТАДЫ
«Қазақ прозасының аяғын тұсап келе жатқан проблемалар әлі де баршылық. Солардың бірі – көпсөзділік, бір сөйлемі бір абзац, жарты бет, кейде бір бетті алатын аса күрделі құрмалас сөйлемдермен жазу». Бұл – прозалық шығармалар туралы баяндама жасаған жазушы Әбділдабек Салықбайдың пікірі. Жазушы ықшам, нақты жазу, Э.Хемингуэй енгізген телеграфтық стильдің әлі де болса қазақ прозасына дендей енбегенін мысал ете келіп, алайда соңғы жылдары Мұхтар Мағауин секілді сақа жазушылардың өзі қысқа сөйлемдер арқылы ойын жеткізуге машықтанғанын атап өтті.
Баяндамашы ең алдымен кейінгі жылдары тарихи зерттеулермен шұғылданып жүрген жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың тарихи сипатты «Алашия» трилогиясына тоқталды.
«Алашияның» аңдатпасында Б.Қойшыбаев осы шығарманы жазуына Алаш қозғалысы куәгерлерінің бірінің қолжазбасы қолына түсуі себепкер болғанын айтады. Автордың бірінші орыс революциясының 80 жылдығына арнаған мақаласын оқыған Ресей қалаларының бірінде тұратын куәгердің ұрпағы отбасылық мұрағатындағы атасының қолжазбасын – бірнеше көне дәптерді жазушыға аманат етіпті. Тосынсыйға тап болған қаламгер ХХ ғасырдың басындағы оқиғаларға бар болмысымен еніп кетіп, бұрынғы зерттеулерін одан сайын үдетіп, жүйелеп, осы қомақты туындысын жазып шығыпты. Бұл – автордың оқырманды қызықтыра түсу үшін ойлап тапқан тәсілі ме, әлде шыны солай ма, оны тап басып айта алмаймыз. Қалай болғанда да ұлттық идеологиямыздың бастау бұлағында тұрған ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысын сан қырынан ашқан трилогия дүниеге келді».
Баяндамашы «Алашияның» жазу мәнерін, жанрын анықтау қажеттігін, бұл бұрын қазақ прозасында кезікпеген тәсілдер кең қолданылған шығарма екенін айта келіп: «Яғни, автор қазақ прозасына тың жанр енгізіп отыр. Жалпы бұл шығарманы Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясында жеке талдаған жөн деп санаймын», – деді. Бұдан соң танымал жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» кітабындағы екі хикаяты мен он екі әңгімесін жоғары бағалап, әсіресе, «Ақкүшік» – «қарымды жазушының қолынан шыққан сом бітімді хикаят» деген баға берді.
«Жазушы шеберлігі туындының алғашқы сөйлемдерін оқыған соң-ақ көзге ұрады. Ауыл музыканты Қалдыбай мен оның сұлу әйелі Бекзат, олардың ақкүшігі, диірменші Павел Пантелеевич пен оның көршісі Матрена, кафе, тойхана бизнесін дөңгеленткен пысық жігіт Өрікайдар – қапысыз танылып, барлық қырынан ашылған кейіпкерлер. Хикаяттың арқауы мықты, өрнегі айшықты. Қалдыбай мен Бекзаттың бас құрағанына он шақты жыл болып қалса да бір перзентке зар. Ауыл әншісі тексеріліп көрсе, өзі белсіз екен. Содан ол әйелімнің обалына қалдым деп, үйінен безіп, диірменшімен әмпей болып, ішкілікке салынады. Ал осы диірменде туған, Павел сыйлаған ақкүшігі байлаудан босанғанда иесін оңай іздеп тауып, бір күні сонымен бірге болып, келесі күні оның әйелі Бекзатты жағалап, екеуін де қимай, екі араны шұбырынды із қылады. Асылы, алған нысанасын, кейіпкерлерін қапысыз танып, жазып отырған шығармасындағы оқиғалар мен құбылыстарды кино кадрларындай көріп, ең болмаса көз алдына елестетіп отырып жазған жазушы – нағыз жазушы. «Ақкүшікті» оқығанда Несіпбек Дәутайұлының осындай бақытты жазушылардың бірі екеніне еш күмәніміз қалмады».
Жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Алтын балық», «Көгілдір көйлекті келіншек» секілді шығармалары да оқырманды бейжай қалдырмайтынын, өзге әңгімелері де кәсіби жазушының өзіндік мәнерін айқындайтынын жеткізе отырып, аға буын өкілі саналатын жазушының кей сәттерде тілге немқұрайды қарайтынын құптай алмайтынын білдірді. Айталық, ылығу сөзін «лығу», еркектің белсіздігін «бедеу» деп алғанын келтіре кетті. «Осы орайда тілге жүрдім-бардым қарайтын басқа да әріптестерімізге базынамызды қыстыра кетсек. Мысалы, қазіргі жас ақын-жазушылардың көпшілігі өз шығармаларында қораны «сарай» деп жазатын болыпты. Атам қазақ үшін сарай – ежелден бері кең, зәулім, салтанатты ғимараттың атауы. Ал бұлар оны малға пана болатын, көзге қораш қораға қия салған» деп жас қаламгерлердің тіл қолданыстағы кемшіліктерін тізбектеп, олқылықтың негізі – ізденістің жоқтығынан деп тұжырым жасады.
Баяндамашы жазушы Тұрдақын Жексенбайдың «Қыран туралы хикаялар» атты кітаптағы «Бүркіт», «Бала бүркіт», «Бүркітшінің әңгімесі» атты әңгімелерін «оқырман басына жастап жатып оқитын» кітаптар санатына қосып, қаламгер өзі жазған сала туралы терең зерделеп, талмай ізденгені шығармаларынан көрініс тапқанын баса айтты…
(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар