ЖАҺАНҒА ЖАҢА ТҰРПАТТЫ УНИВЕРСИТЕТТЕР КЕРЕК…
Қазақстандық білім мен ғылымның көшбасшысы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрылғанына биыл 85 жыл толады. Осыған орай университеттің бүгінгі жетістіктері мен қазіргі тынысы, қоғамдағы орны және келешектегі даму бағыты туралы осы қасиетті қарашаңырақтың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановпен арнайы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Ғалымқайыр Мұтанұлы, академик
«AL-FARABI UNIVERSITY – SMART CITY»
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін қазір әлем таниды. Халықаралық рейтингтерде көрсеткіші жыл сайын жоғарылап келеді. Аз жылдың ішінде 670-орында тұрған университет 350-позицияға көтеріліп, бүгінде 220-орынға жетті. Осы биіктеуді халықаралық қауымдастық «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың феномені» деп бағалауда. Шындығында, бұл – өзгелер өнеге алатындай құбылыс. Осы құбылыстың құпиясы бар ма?
– Мемлекеттердің дамуы, ең алдымен, тікелей адам капиталына байланысты екендігі белгілі. Сол адам капиталын қалыптастыруда қай елде де университеттер ерекше рөл атқарады. Жоғары оқу орындары – қашанда жаңғырту үдерістерінің, сондай-ақ, мемлекеттің инновациялық дамуының жетекшісі. Сондықтан да, оқу ордаларына қарап, мемлекетін тануға болады. Мысалы, Ұлыбритания десек, Кембридж университетін немесе Оксфорд университетін еске аламыз, Америка десек, Гарвард университеті, Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд университеті бірден ойға оралады. Олай болатыны, елдің атын әлемге танытуда осы университеттер орасан рөл атқарып отыр. Және де, керісінше, университеттері дамыған мемлекеттің өзі де өркендеген мемлекет есептеледі. Қазақстанды да сондай дәрежеге көтеру үшін университеттеріміздің әлеуметтік имиджін, жалпы әлеуетін көтеруіміз керек. Білім ордасының әлеуеті мықты болса, ұлттың да әлеуеті жоғарылап, бәсекеге қабілеттілігі артады. Осыны ескерген Президент Н.Назарбаев: «Қазақстанда кемінде екі университет әлемдік рейтингте университеттердің екіжүздігіне енуге тиіс», – деп нақты тапсырма берген. Көрсетілген межеге жетуді негізгі міндет ретінде қабылдап, университет дамуының жаңа моделін қалыптастырдық. Мұнда біз іс-әрекеттеріміздің барлығын нәтижеге бағытталған басқару жүйесін енгізуден бастадық.
– Ол қандай модель және оның ерекшелігі неде?
– Ол даму моделі «Al-Farabi University Smart City» деп аталады. Қазір «smart» – «ақылды», «парасатты» сөзі өте көп қолданылады. «Smаrt-қала», «Smаrt-денсаулық сақтау», «Smаrt-білім», «Smаrt-энергетика», т.б. Мұның бәрі көбіне технологиялық-техникалық, цифрлық жүйеге қатысты ғана біржақты қабылданып, айтылып жүр. Шын мәнінде, «smart» сөзінің мағынасы одан ауқымды, оның астарында «ақылды», «парасатты» деген ұғымдар да бар. Ал, ақылдылық пен парасаттылық тек қана жаңа техниканы, технологияны меңгерумен өлшенбейді, ол адами қасиеттермен, адамгершілік болмыспен бағаланады.
Тарихқа ой жүгіртіп қарасаңыз, адамзат әрқашан табиғи заңдылықпен жетілуге, дамуға үнемі ұмтылып отырған. Жетілдіру арқылы өркениетті қоғам құруды көксеген. Соңғы жылдарда неше түрлі қақтығыстар, соғыстар, қырып-жоюлар, сан түрлі жантүршігерлік қатыгездіктер орын алуда. Осындай қырғи-қабақ текетірестер болмайтын, адамдар бірі-бірімен бейбіт қатар өмір сүретін қоғам құрудың жолын іздеген Платон, Аристотель секілді данышпандар кезінде идеалды, «ақылды қоғамды» арман етсе, адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» еңбегінде ақылды қоғам, оның тұрғындары, басшысы, өзара қарым-қатынастары қандай болуы керектігіне ғылыми негізде жауап берген. Әл-Фараби адамдар шынайы бақытқа жету үшін әр уақытта өзін-өзі жетілдіру арқылы бірі-біріне көмектесу қажет деп біледі. Тұрғындары өзара қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған қоғам – қайырымды қоғам болып табылады. Ғұлама бабамыздың бұл идеясы бүгінгі әлемдік қауымдастық үшін аса маңызды болып отыр. Сондықтан да, арада он бір ғасыр өтсе де, өзінің мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің бүкіл адамзатқа ортақ қайырымды қоғам құру идеясын жандандыра жан-жаққа кеңінен насихаттау үшін, технологиялық-техникалық дамуды ғана емес, рухани жетілуді де біріктіре отырып, «Al-Farabi university – smart city» атты модель құрып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі студент ертең маман болып еңбекке араласып қана қоймайды, ол күндердің күнінде тұтас бір ұлт, тіпті, адамзат тағдыры үшін бір өзі шешім қабылдайтын сәтке де жетеді. Сол уақытта ол рухани қасиетке бай, ақылды, қайырымды, парасатты болса, болашақ үшін дұрыс шешім қабылдайтыны анық. Сондықтан да, «Al-Farabi university – smart city» моделі – өмір қажеттілігінен туған өміршең жоба…
Сұхбаттасқан
С.Сабырбек
(Толық нұсқасын газеттің №11 (3656) санынан оқи аласыздар)