Гүл сезім
25.01.2019
1473
0

Жас ақын Елдар Боранбек небәрі 21 жаста. Бірақ өнерде «мынау жас, мынау жасамыс» деген сөз жүрмейді. Сонда да айтайын: ол М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін үстіміздегі жылы бітірген. Өткен жылы ұстаздарының қолдауымен оның «Жастық жыры» деген өлеңдер жинағы жарық көріпті. Оқып шықтым. Қазақтың қаршығадай қара баласы өнер жолына сенімін сертке ұстап түскенге ұқсайды. Жас ақын бір өлеңінде: «Тастүлекпін, таңдайына жыр қонған», – дейді.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Ұлбикені сойып, өкпесін алып көрсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен. Көрген жұрт ботадай боздапты», – деп жазған еді.
Ендеше, «бәйтеректің тамырынан бүр жарған» жас ақынның жүрегі де жырға тұнып тұрған шығар, кім біледі? Елдарға жігерің жұқармасын, қаламың мұқалмасын деп сәт сапар тілегім келеді.

Рафаэль Ниязбек,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Түркі әлеміне қызмет үшін» Халықаралық сыйлығының лауреаты


Елдар Боранбек

Гүл сезім

Тоң кетіп жүректегі ақ қарменен,
Жоғалтуға сезімді шақ қалған ем.
Жаны кеткен ағаштай күн суынса,
Жапырағыма көп болды, бақ қонбап ең.

Жігіт едім жақсыға жарайтұғын,
Әр уақытын ырысқа балайтұғын.
Әлі шындық алқынған әр мезгілмен,
Тағы нәсіп келер деп санайтыным.

Айлар сырғып, жыл жылжып жеткенменен,
Мұңымды айтқам ақпанға өткенде мен.
Көгілдір таң балауса тамсандырды,
Таза сезім туған ба көктемменен?!

Ақын – бағбан, гүл сынды баптайды өлең,
Көктем сезім, үмітті бас бәйгеден.
Жаңа жарған бүршіктей пәк пейілді,
Иесі келгенінше сақтай берем.

Ешкім ойға салмайды пасық бұғау,
Арман ару, өңімде тасыттың-ау!
Қазақтықтың қаймағын қанып ішкен,
Бір көргенше өзіңді асықтым-ау!
Иә, солай…
сірә мен – ғашықпын-ау!


Әділет АХМЕТҰЛЫ

Аяз

Сол бір тау айбатты еді ақ қарымен,
Асқары аспан сүйген, қатпары кең.
Ақ қырау, түлкі тымақ, тері шалбар,
Қара ішікті қарт мінген қасқа күрең.

Қасқа күрең айналған бурылға,
Танауынан будақтап бу ұрылған.
Ол Алтайдың айбарлы иесі еді,
Еріксіз бас изейді мұны ұғынған.

Тым жылылық тарайтын үй ішінен,
Тау демалған түліктің күйісімен.
Адамдардың рухы биіктейтін,
Ақпандағы аяздың иісімен.

Қарлы боран демалып, тынады аспан,
Ой, жотадан ор қоян тұра қашқан.
Ақ сөңкелер сарт етіп сынатұғын,
Қаңтардың қаһарына шыдамастан.

Кіреукелі ұлы өзен мұз, ақ сауыт,
Сыр беретін жарыла сызаттанып.
Ақ теректің қызымды жаңқасынан,
Ағам отын әкелер ұзақ барып.

Ет бауыр ел үйренген далаға кең,
Ауылдың көркі емес пе бала деген.
Жүздерінен алқызыл ұят тамған,
Төбешіктен жарысқан шанаменен.

Қыс еді бұл қызықтың ішіндегі,
Бірлік үшін алмасқан бүтін демі.
Теңдессіз бір өмірдің айғағы еді,
Түтілген жүн секілді түтіндері.

Бәрі бүгін шалғай ел, шалғай өңір,
Тауда туған ұл едім, таудай едім.
Аязды ғой көрерміз қыс күндері,
Бірақ, қайта келмейді-ау ондай өмір.


(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір