ЖАСТАРҒА ТАҒЫЛЫМ
11.01.2019
1438
1

Орыстың атақты мысалшысы И.А.Крыловқа:
– Сіз ғажайып талант дарыған адамсыз, мысалды неге сонша аз жазасыз? – деп көлденең біреу сұрақ қойыпты.
Сонда Крылов тұрып:
– «Осы кісі неліктен соншама қағаз шимайлап, босқа азапқа түседі екен!» – дегендей жан жүдетер жұдырық сөзден гөрі, «апырмай, аз жазады, бірақ асыл жазады» – деген жеңіл жазғырындыны естігенді артық көремін, – деп жауап қатыпты.


ҚАТЕРЛІ ОРЫН

Марк Твэн:
– Адамға ең қатерлі орын – төсек, десе керек. Әңгімеге араласқан жұрт:
– Жазушы неге бұлай деді екен? – деп аңырып қалыпты.
Сонда Марк Твэн:
– Адам атаулының көпшілігі-ақ ажалдың қара шеңгеліне со бір төсекте жатып ілікпей ме? – деп жұмбақ сөзінің шешуін айтыпты.

29 июнь 1956 жыл, №26, 3-бет


ФИЛОСОФ ПЕН АҚЫН

Күндерде бір күн Вольтерге жас талапкер жігіт келіп өзінің өлеңдерін оқыпты.
– Жарқыным, мұндай өлеңдерді жұртқа әбден танылған кезіңде жазарсың, әзірге тек тәуір өлеңдермен ғана көріну керек, – депті Вольтер.


ТУРГЕНЕВТІҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Орыстың ұлы жазушысы Иван Сергеевич Тургенев бір күні асханаға барып тамақтанады.
Асханада кісі көп екен, орын жетіспеген соң бір генерал алған тамағын Тургенев отырған столға қойыпты да, амалсыздан түрегеп тұрып-ақ тамақтана бастапты. Орнын бере қоймаған Тургеневке дәрежеқұмар генерал:
– Сіз хайуан мен адамның қандай айырмасы бар екенін білесіз бе? – депті.
Сонда жазушы оның бетіне қарап:
– Білемін, неге білмеймін, адам отырып тамақтанғанда, хайуан тұрып та асай береді, – депті.

30 март 1956 жыл, №13, 3-бет


АБЫРЖЫМАС ДЮМА

Дюма төсек тартып, әл үстінде жатқан шағында дәрігері қасына келіп:
– Жағдай жаманға айналғанда, бар шындықты ақтарып айтпақ боп уәде қылып ем ғой, жасырмайын. Сіздің бой жасағаныңыз тәуір болар, жан алқымға келген дем бітер шақта әлдебіреумен көріскіңіз келе ме? – депті.
– Әрине ғой, – деп абыржымай тіл қатқан Дюмаға:
– Кіммен? – деп емші қайта сауал беріпті.
– Басқа бір дәрігермен, – деп байсалды жауап қайтарыпты Дюма.


ТОПАСТЫҢ САЗАЙЫ

Бірде М.В.Ломоносовтың камзолының шынтағы тесіліп қалса керек. Оған жолыққан сарай маңындағы бір тыраш кекетіп:
– Мына жеріңізден оқымыстылық көрініп тұр екен… – депті.
– Жоқ, олай емес, мырза, – депті Ломоносов қолма-қол, – бұған топастық үңіліп тұрған жоқ па?

30 март 1956 жыл, №13, 3-бет


АДАЛДЫҚ

Бір актер белгілі неміс драматургы Бертольд Брехтқа келіп: «Мен аңқылдақ ақ көңілдігім мен адалдығымнан ылғи үлесімнен құр қаламын да жүремін», – деп мұңын шағыпты.
– Адалдық адамға аса қажет қасиет, – депті Брехт сонда, – бірақ сәтсіздіктің бәрін адалдықтан көре беруге болмайды ғой.

30 март 1956 жыл, №13, 3-бет


ҚАЙСАРЛЫҚ

Жас кезінде әдебиетші Клабундқа (1891–1938) алғашқы еңбектерін басқызу өте қиынға түссе керек.
Бір реті келіп ол берлиндік ірі газеттердің бірінің директорына барғанда, директор оны мынадай сөздермен қарсы алады:
– Жас жігіт, мен бүгін сіздің 12 әріптесіңізді қабылдамай жіберіп едім, ал, сіздің бақытыңыз бар екен, – деп қарсы алыпты.
– Мұны бақыт дегеннен гөрі қайсарлық деген дұрыс болар, – депті Клабунд – сол келген он екінің бәрі … мен болатынмын.

9 март 1956 жыл, №10, 4-бет


АТЫ БЕЛГІЛІ БОЛҒАНДА

Бір американ жазушысы өзінің көңілдесіне сырын ай­тыпты:
– Мен әдеби еңбекпен он жыл шиғылданып, тек он бірінші жыл дегенде ғана талантым жоғын ұқтым…
– Әлбетте, сен бұдан кейін жазуды қойған шығарсың?
– О не дегенің!.. Ол – менің атымның тым шарықтап кеткен кезі болатын…

13 апрель 1956 жыл, №15, 4-бет


ЖАҚСЫ АҚЫЛ

Новелла жазатын, аты белгісіз біреу әдебиеттің осы жанрының шебері Пауль Гейзеге (1830-1914) былай дейді:
– Өз-өзімнен қайран қаламын, мен бір жұмада бір новелла жазып тастаймын, бірақ соны бастыруға бір жыл керек.
– Сондайлық таңғалатын ештеңе жоқ, – депті Пауль Гейзе. Сіз керісінше жасаңыз: қысқа новеллаға бір жылыңызды түгел жұмсаңыз, сонда оны бір жұмада бастыра аласыз.

9 март 1956 жыл, №10, 4-бет


ГёТЕ МЕН СЫНШЫ

Гёте Веймар қаласының бір паркінде серуендеп келе жатады. Ақынның шығармаларын жақтырмай жүретін бір сыншысымақ екі кісі өте алмас тар соқпақтың бойында қарсы кездеседі. Екеуі бір-біріне тақау кеп қалғанда, сыншы тәкәппарлана:
– Мен ақымақтарға ешқашан да жол бермеймін!.. – депті.
– Ал қайтесің, мен ондайларға жол беремін… – деп Гёте езу тартып, соқпақтың бір бетіне ойысып тұра қалыпты.

13 апрель 1956 жыл, №15, 4-бет


БЕЙТАНЫС

Генрих Гейне жоғарғы қауым әйелдерінің арасында жолы болғыш ақын Мориц Гартманға бір күні:
– Қымбатты Гартман, бүгін менің үйімде бір ару болып қайтты. Сізге бейтаныс ару сол ғана шығар… – депті.
– Ол кім еді?
– Соны да білмейсің бе, ол Муза ғой!


ҚОШЕМЕТ КІМГЕ АРНАЛҒАН

Гёте мен Бетховен арбада келе жатады. Кездескен жұрт екеуіне бас иіп, жүргізбей қояды. Гёте бұған қысылып, жұрттың мұнысын жаратпай, композиторға қарайды. Сонда Бетховен тұрып оған:
– Ұлы мәртебелім, сіз мазасызданбаңыз, мүмкін бұл тағзымдар маған арналған шығар, – депті.


ЖАЗУШЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕН

Александр Дюманың жас кезінде оның романдарындағы төртінші тарауда өлген кейіпкер кейде қырқыншы тарауда қайта шығатыны үшін жұрт жиі сөз қылып, сөксе керек.
Кемеліне келген шағында Дюма мұндай қате жібермейтін болыпты. Жазушы романға жаңа кейіпкер енгізсе, оған қатты қағаздан мүсін жасап, белгі жапсырыпты. Бұл белгіде оның аты, жасы, шашының түсі және тағы басқа қасиеттері көрсетіледі екен. Бұл кішкентай мүсіндер оның жазу столының үстінде тізіліп тұратын болса керек. Романның барысында бір кейіпкер өлетін болса, жазушы мүсінді столдан алып, қорапқа тастайды екен.

13 апрель 1956 жыл, №15, 4-бет


ТҮЙЕ МЕН ЕСЕК

Абай бір жолы ауылдан келген беті Семейдің кітапханасына кіріпті. Ол мұнда әр келген сайын болып, ылғи кітап оқып отырады екен.
Қазақы киінген, денелі дала қазағының кітапханашының алдына келіп, кітап сұрай бастағанына бір чиновник әрі таңданып, әрі мысқылдап:
– Немене, кітапханаға түйе жіберілетін болған ба? – дейді кітапханашыға. Сонда Абай:
– Түйе көшеде өтіп бара жатты да, есекті көзі шалып, оған соға кеткісі келген ғой. Оған несіне таңданасыз? – депті.
Айналада тұрғандар Абайдың сөзіне риза болып, күліп жіберіпті.

27 апрель 1956 жыл, №17, 4-бет


КІШІПЕЙІЛДІК

Сұлтан-Хусейн 1472 жылы Әлішер Науаиға «әмір» деген атақ беріп, ресми қағаздарға басқа әмірлер мен бектерден мөрін жоғары басатын уәзір етіп қояды. Бір күні Науаи мен әмір Сейд Хасан екеуі сәнді киініп келіп, бір қағазға мөрлерін бассын деген пәрменде беріледі. Әркім: «Науаи өз қолында сұлтанның бұйрығы болған соң, мөрін өзге әмірдің бәрінен де жоғары қояр», – деп ойлайды.
Сәтті сағатта мөрін бассын деп Әлішерге қағазды алып келген мекен, ол:
– Әуелі қағазды әмір Сейд Хасанға апарыңдар, мөрін сол бірінші бассын, – деп ишарат білдіреді.
Әмір Сейд Хасан бой тартып, қағазды Науаиға қайта жіберіпті. Бұдан соң ақын әлгі қағазды алып, өзінің бойына біткен сыпайыгершілікпен бұдан төмен ешкім қоя алмайтын жерге мөрін басыпты. Бұған Сейд Хасан дегбірсізденіп, өзге отырғандар аң-таң қалыпты.

13 апрель 1956 жыл, №15, 4-бет

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір