АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МУЗЫКА
Алматыда 12-13 қыркүйек күндері Қала күні мерекесі аясында IX музыка фестивалі өтті.
Екі күн бойына ашық аспан астында танымал шығармашылық ұжымдар мен музыка аспаптарында ойнайтын солистердің және вокал өнері шеберлерінің қатысуымен оркестрлік музыка көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Сахна төрінде Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі және ҚР Мемлекеттік үрлемелі оркестрі өнер көрсетті. Мерекенің алғашқы күні классикалық музыка тыңдармандарына «Күйден классикаға дейін» атты музыкалық бағдарлама ұсынылды. Оған қазақтың аспаптық және әндік классикасының жауһарлары, халық шығармашылығының үздіктері, орыс және еуропалық авторлардың классикалық әуендері, заманауи сазгерлердің шығармалары, кинофильмдердің саундтректері енді. Ал екінші күні «Менің қалам» бағдарламасы аясында өткен жылдар мен қазіргі кезеңнің Алматы туралы әндері орындалды.