Шығармашылық мұра және пәнаралық зерттеу
08.12.2017
2471
1

«Қазақ әдебиеті» әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институ­тының базасын­да «Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу» деген тақырыпта конферен­ция өткізді. Конферен­цияға осы тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізуші ғалымдар, ұстаздар, магистранттар, докторанттар қатысты. Конференцияда жасалған баянда­маларды, сөйленген сөздерді ықшамдап жариялап отырмыз.


Жанғара Дәдебаев, ф.ғ.д., профессор:
– Абай шығармашылығын пә­н­а­ралық зерттеу 2015-2017 жыл­дар ара­лығында Қазақстан Респуб­ли­касы Білім және ғылым министр­лі­гінің гранттық қар­жы­ланды­руымен арнайы ғылыми жоба бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінде жүргізілді.
Абайтану ғылым пәні, білім пә­ні ретінде әл-Фараби атындағы Қа­зақ Ұлттық университетінде қа­лып­тасып, өз алдына бөлек ғылым са­­ласына айналғаны белгілі. Бұл – ғы­лым мен білім саласындағы ай­тар­лықтай маңызды жетістік. Солай бо­ла тұра абайтану саласында зерт­телмеген, бірақ зерттелуі қажет өзек­ті мәселелер аз емес. Абайдың шы­ғармашылық мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының әрқайсысының деңгейінде зерттеу нысаны болғаны және бұл бағытта да қол жеткен табыстарымыз бары анық. Алайда, бұл салалардың әр­қай­сысы бойынша Абайдың шы­ғар­машылық мұрасын бүгінгі күн мұ­раттары мен мақсаттары тұрғы­сы­нан, ғылым дамуының бүгінгі жет­кен жетістіктері тұрғысынан жаңа­ша саралаудың қажеттігі де дау тудырмайды.
Абайдың шығармашылық мұ­расын пәнаралық зерттеу қажеттігі бү­гін пісіп-жетілді десек, ол артық болады. Абайдың шығармашылық мұ­расын пәнаралық зерттеу тәжі­ри­бесі бұған дейін де болған және бар. М.Әуезовтің Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы іргелі зерттеулерінің өзегінде пәнаралық зерттеу ұстанымдары жатқаны анық. Л.М.Әуезованың, М.Мыр­захметовтің, Р.С.Сыздықованың ең­бектері пәнаралық сипатымен маңыз­ды.
Абайтану саласында жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижелерінің маңызын жоғары бағалай отырып, Абай­дың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеудің зәрулігін арнайы атап көрсетуді дұрыс көре­міз. Бүгінгі күн талаптары тұрғысы­нан алып қарағанда, Абайдың шы­ғар­машылық мұрасын пәнара­лық зерттеудің маңызды арналарын байыптау – баламасы жоқ ірі де іргелі, маңызды да мәнді ғылыми мә­селе.
Абайдың шығармашылық мұра­сын пәнаралық зерттеу – бір зерт­теудің көлемінде, бірнеше зерт­теу­шінің ізденістері аясында біржола ше­шіледі екен деп ойлауға болмай­ды. Өйткені бұл мәселе өте күрделі, көпқұрамды, көпсалалы. Оның үстіне Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеудің бү­гінгі күнгі әдістемелік ұстанымдары мен өлшемдері де анықталған емес.
Зерттеудің мақсаты – Абайдың шы­­ғармашылық мұрасының пә­на­ра­лық өрістері мен ілімінің біртұтас құ­рылым-жүйесін анықтау. Осы мақ­с­ат аясында бірнеше маңызды мін­деттерді шешу көзделген. Ол мін­деттер тиісті талаптар деңгейінде орын­далды. Әр міндет шегінде жаңа білім өндірілді. Зерттеу нәти­же­лерінің әлеуметтік маңызы бар.
Зинол-Ғабден Бисенғали, ф.ғ.д., профессор:
– Абайдың шығармашылық мұ­расын пәнаралық зерттеу, жоға­ры­да көрсетілгендей, өзара сабақтас бір­неше ғылыми міндетті жүзеге асыру бағытында жүргізілді. Олар­дың әрқайсысының өзіндік маңызы мен мәні бар. Солардың қатарында Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу мен эстетикалық қабылдаудың методологиялық ұс­танымдарын негіздеу (түсіну, пайым­дау, бағалау) бағытында ір­гелі ізденіс жұмыстары жүргізілді. Бұл маңызды ғана емес, өте күрделі және үлкен ғылыми-теориялық дайын­дықты, зерттеу тәжірибесін, ме­тодологиялық біліктілікті талап етті. Оның үстіне Абайдың шығар­ма­шылық мұрасын пәнаралық зерт­теу мен эстетикалық қабыл­дау­дың методологиялық ұстанымдарын түсіну, пайымдау, бағалау катего­рия­лары өрісінде негіздеуге бүгінгі таң­да әдебиеттанушылардың бә­рінің өресі жетеді деп айту қиын. Тіп­ті, Абайдың белгілі бір шы­ғар­масын, шығармашылық мұрасын түсіну мен түсіндірудің өз қиындық­тары бар.
Абайдың қай шығармасы да әр­кімге түсінікті болып көрінетіні рас. Солай дегенімізбен Абайдың ең бір түсінікті, көп зерттелген, көпке бел­гілі деген шығармасының өзінде осы күнге дейін анықталмаған, ашыл­маған сырлар бар. Мысалы, «Се­гіз аяқ» өлеңіндегі «Алыстан сер­меп, Жүректен тербеп, Шы­мыр­лап бойға жайылған» немесе «Қиуа­дан шауып, Қисынын тауып, Та­ғы­ны жетіп қайырған» секілді жолдар үлкенге де, кішіге де таныс, белгілі, тү­сінікті, мектеп оқулықтарында лайықты талданған. Мұғалімдер, оқыту­шылар, зерттеушілер тиісінше түсініп, соған сәйкес тиісінше түсін­діруде. Соған қарамастан осы жол­дарда тілдік бірліктер беретін ма­ғынадан тыс жатқан мән бары зерт­теушілер тобының еңбектерінде ал­ғаш рет анықталды және баға­лан­ды. Оның мәнісі зерттеу нәти­же­лері бойынша жарияланған еңбектерде тү­сіндірілді, пайымдалды, бағалан­ды. Осы секілді жаңалықтар зерттеу барысында өндірілген жаңа білімнің өзегіне айналды.
Абай шығармашылығының осын­дай тереңіне бойлап, мәтіннен тыс жатқан жасырынулы мағы­на­лар­ды анықтаудың методологиялық амалын табу – ғылыми зерттеудің ай­рық­ша атап өтуге болатын нәти­же­лерінің бірі. Турасын айтқанда, зер­ттеушілер тобы негіздеген және іс жүзінде пайдаланған әдістемелік ұстаным арқылы ғана Абай шығар­ма­ларының жүйесінде бұған дейін пайымдалмаған, анықталмаған құбылыстардың мәні ашылды.
Мүбарак Үмбетаев, доцент:
– Абай шығармашылық мұра­сы­ның ұлттық және жалпыадам­зат­тық мәнін қазіргі қоғамның интел­лек­туалдық және тұрақты дамуымен байланысты аксиологиялық талдау бағытында жүргізілген жұмыстар туралы бір ауыз сөз айтайын. Бұл мә­селе бойынша бірнеше белгілі зерт­теушілер еңбектенді. Абай шы­ғар­машылығының ұлттық және жал­­пыадамзаттық мәні дегеніміздің өзі құндылықтар дегенді білдіреді. Ал аксиологиялық талдау құнды­лық­тар теориясы арнасында жүзеге аса­тыны түсінікті. Ал Абай шы­ғар­машылығындағы құнды­лық­тарды анықтаудың өз қиындықтары бар. Ол қиындықтар ақын шығар­ма­шы­лығындағы құндылықтардың мол­дығынан туындайды. Мен солардың ішін­де білім, ғылым саласындағы құндылықтарға назар аударғым келеді. Абайдың білім, ғылым ту­ра­лы ойлары, Абай шығарма­шы­лы­ғындағы білім, ғылым тақырыбы мек­теп оқулықтарында да, зерттеу ең­бектерде де аз айтылып жүрген жоқ. Мен және басқа бір топ зерттеу­­шілер бұл мәселеге хал-қадерімізше өзімізше қарадық.
Білім, ғылым – Абай іліміндегі бас­ты категория. Сондықтан білім, ғы­лым басты құндылық ретінде Абайдың ілімі арнасында қарас­тырылды. Абайдың білім, ғылым ту­ралы қисындары мен қағи­да­ла­рының қайнар көзі аршылды, Абай­дың өзіне ғана тән даналық ой­ларының маңызы анықталды. Бі­лім­мен, ғылыммен шектесіп жат­қан басқа да бірқатар маңызды жай­лар анықталды. Бі­лімданалықәділеттілік желісі бойынша ақын ой­лауының даралығына сипаттама берілді. Абайдың осы жүйесінің кері үлгісі түзілді: білімнің жоқтығынадандықхайуандық. Бұлардың әрқайсысының ғылыми сипат­та­масы жасалды. Білім, ғылым ұлттық жә­не жалпыадамзаттық құндылық ретінде қоғамның интеллектуалдық және тұрақты дамуының негізі қызметін атқаратыны туралы ой қо­рытылды. Бұл ретте білім, ғылым ту­ралы өткен дәуірлерде жасаған да­нышпандардың еңбектері де тиіс­ті сараптаудан өтті. Осындай зерт­­теу барысында алынған нәти­же­лер Абайдың ілімінің концеп­туал­дық үлгі-моделін өрнектеуге не­гіз бол­ды. Менің ойымша, бұл – ай­тарлықтай жетістік.
Дәнел Қарағойшиева, ф.ғ.д, профессор:
Зерттеу шеңберінде қарас­ты­рыл­ған өзекті мәселелердің бірі – Абайдың шығармашылық мұра­сы­ның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарының қалыптасуына ықпал еткен факторларды жүйелі зерттеу, оның мәдениетаралық бай­ланыстарын пайымдау. Алдыңғы мәселелер сияқты бұл да күрделі, ме­тодологиялық жаңа тұрғыны та­лап ететін мәселе. Оны өз деңгейінде ше­шу үшін біздің заманымызға дейін өмір сүрген және ғылыммен ай­налысқан дана тұлғалардың шы­ғармашылық мұрасы, даналық ой­лары, олардың Абай шығармашы­лығын­да негізделген құндылықтарға қатысы қарастырылды.
Негізінде, Абай шығар­ма­шы­лы­­­ғында көрініс тапқан құн­ды­лық­тар мен Абайдың мәдениетаралық бай­ланыс­тары өзара сабақтас, тек­тес құбылыстардың қатарына жа­та­ды. Сөйте тұра бұларды белгілі бір заң­дылықтар негізінде шектеуге ту­ра келді. Сөйтіп бұлар іргелі бір мә­селенің құрамдастары түрінде зерт­телді. Нәтижесінде екі сала бойын­ша елеулі ғылыми нәти­же­лер­ге қол жетті. Ол нәтижелер екі мо­­нографиялық зерттеуде жа­рия­лан­ды.
Зерттеу тобы Абайдың мәдение­та­ралық өрісіне шектеу қоймай, әлем­дік ақыл-ой байлығының маңы­зын жоғары бағалай отырып, қазақтың дәстүрлі мәдениетіне ерекше мән берді. Абай мұрасында көрініс тапқан ұлттық және жал­пыадамзаттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал еткен фак­торлар қатарында қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен мә­дениетінің орны үлкен екені туралы негізделген пікірлерді жоғары ба­ғалаймын.
Абайдың, Абай шығар­ма­шы­­лығының мәдениетаралық өрісін пайымдау бағытында ақын шы­ғар­маларының шетел тілдеріне ау­да­рылуының көркемдік-эсте­тикалық, та­нымдық және тағылымдық мәнін зерт­теу нәтижелері де маңызды еке­ні анық. Бұл бағытта әлі де ат­қа­ры­латын жұмыстар аз емес. Әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық уни­­верситетінің шетел фило­ло­гия­сы және аударма ісі кафедра­сы­ның ғалым-ұстаздары, студенттері мен магистранттары, докторанттары аталған мәселе бойынша айтарлық­тай зерттеу жұмыстарын жүргізіп, елеу­лі нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жал­ғаса береді.
Зұфар Сейітжанов, ф.ғ.д., профессор:
– Абайдың шығармашылық мұ­расының ұлттық және жал­пы­-
а­дамзаттық құндылық­тары­ның қа­лыптасуына ықпал еткен фак­тор­ларды жүйелі зерттеу – өте керекті, күрделі және өзекті ғылыми мәселе. Оны талапқа сай шешу пәнаралық зерттеуді салааралық, мәдениетара­лық зерттеу деңгейінде жүргізуді, оның теориялық негізін, әдістемесін жасауды қажет етеді. Зерттеушілер бұл бағытта да үлкен ізденістерге бар­ды. Сократ, Конфуций, Аристо­тель, әл-Фараби, Ибн Сина, Науаи, Ни­зами сияқты ілгеріде өткен за­ман­дарда жасаған хакімдер мен ғұ­ламалардың еңбектерінде негіз­делген рухани құндылықтар, өзекті қ­ағидалар сарапталып, оларға Абай­дың қатысы, олар мен Абай ара­сын­дағы үндес сарындардың негізі анық­талды. Сократ, Конфуций, Арис­тотель, әл-Фараби, Ибн Сина, Науаи, Низами, сондай-ақ Ахикар, Анахарсис, Лұқман хәкім, Толыбай сыншы, Жиренше шешен сияқты жал­пыадамзаттық рухани құнды­лық­тардың қалыптасуы мен дамуы­на еңбек сіңірген тұлғалардың шы­ғармашылық ұстанымдары тара­зылануы айтарлықтай табыс. Ұлт­тық, мемлекеттік, жалпыа­дам­заттық мәні айқын басқа де әдеби ес­керткіштер өзегіндегі құнды­лық­тардың қарастырылуы да құп­тар­лық. Олардың қатарында Низам ал-Мүлктің «Сиасет-наме» (ХІ ғ.), Ж. Баласағұнның «Құтты білік»
(ХІ ғ.), Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» (ХVІ ғ.), Мұхаммед Садық Қашқаридың «Жақсы кісілер әдебі» (ХҮІІІ ғ.) сияқты ескерткіштердің алатын орны үлкен.
Абайдың шығармашылық мұра­сын пәнаралық зерттеудің мә­се­лелері дара емес, көп қырлы, көп дең­гейлі және жүйелі сипатымен ерек­шеленеді. Абайдың шығар­ма­шылық мұрасын көп қырлы, көп дең­гейлі бірбүтін жүйе ретінде қа­растыру дәстүрлі зерттеу әдістерінің аясында жаңа ұстанымды, өзгеше тұрғыны талап етеді. Бұл талап Абай­дың мәдениетаралық байла­ныстарын зерттеуге де қойылады.
Абайдың мәдениетаралық бай­ланыстары дегенде айта кететін бір үл­кен мәселе бар. Ол – Абайдың көр­кемдік дәстүрінің өзінен кейінгі ақындар шығармашылығында жал­ғасуы. Әсіресе, Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын қазақтардың әде­биеті мен мәдениетінің дамуына Абай шығармашылығының әсері зор болды деп білемін. Осы мәселені мен қытайда тұратын қазақтардың әдебиеті, ақындық өнері негізінде арнайы зерттедім. Менің ойымша, осы мәселені басқа елдерде тұратын қазақтардың әдебиеті мен мәдениеті не­гізінде тереңдетілген түрде зерт­теудің өзектілігі дау тудырмайды. Алайда бұл сияқты жұмыстарды ар­найы жүргізуге бүгінде біздің мүм­кіншілігіміз шектеулі болып тұр.
Алмасбек Мәуленов, ф.ғ.д.:
– Зерттеу барысында қарас­ты­рылатын мәселелер өте күрделі жә­не көп қырлы. Олардың кейбірін зерт­теудің методологиялық амал­дары мен тәсілдері әдебиеттану ғылымында, абайтану саласында теор­иялық тұрғыда толық иге­ріл­меген. Әрине, аталған мәселелердің әрқайсысын зерттеудің методо­ло­гиялық негізін жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан зерттеу жұмысында осы аталған өзекті теориялық мә­селелерді Абайдың шығармашылық мұрасы шегінде шешудің ортақ әдіс­­темелік тұрғылары мен ұста­ным­­дары анықталған. Осы ұста­ным­дарға сәйкес психопоэтика, линг­вопоэтика, синергетика, эк­зис­тенциализм, хронотоп, дәстүрлі дүниетаным категориялары пәна­ра­лық зерттеу ұстанымдары талап­тарына сай сараланған.
Абайдың психопоэтикасы бұған дейін арнайы қарастырылмаған өзек­ті және іргелі мәселелердің қа­тарына жатады. Абайдың психо­поэ­тикасын пайымдау алдында әде­биеттегі, әдеби шығармадағы эпи­калық және лирикалық суреттеу амалдарының теориясына талдау жасалуы орынды. Зерттеушілердің Абайдың қара сөздері мен өлең­де­рінде, поэмаларында өрнектелген құ­былыстарды ақынның рухани өмірімен, әлеуметтік ортасымен бай­ланыста қарастырып, ақынның пси­хопоэтикасын суреткерлік ой­лау жүйесі арнасында тануға ерекше көңіл бөлгенін құптаймын. Абайдың психопоэтикасы ақынның түйсік деңгейіндегі әсерлері мен тебіре­ніс­тері, биологиялық құлшыныстары, тәннің тілектері, жан аффектілері дең­гейіндегі құбылуларға негіз­дел­мейтіні, қоғамдағы, әлеумет өмірін­де­гі шындық құбылыстарды терең пайым­даудан, ақылға салып сара­лаудан туған күрделі, көп деңгейлі танымға негізделетіні туралы пікір дәйек­тілігімен, дәлелділігімен де, маңыз­дылығымен де бағалы. Абай­дың жалғыздығы туралы талдаулар, ой­лар мен пікірлер сонылығымен, ғылыми маңызының жоғарылығы­мен ерекшеленеді.
Сәуле Жусанбаева, ф.ғ.к.:
– Ақын өлеңінің мәтінінің ма­ғы­налық-құрылымдық жүйесін шарт­ты түрде мына үлгіде кестелеуге бо­ла­ды: ақын ↔ болмыс ↔ мәтін. Өр­­нек­те ақынның шығармашылық қыз­­метінің түпкі нәтижесі мәтін екені көрсетілген. Бұл – жалпыға бел­гілі, түсінікті жай. Енді осы үлгіні мәтіннің коммуникативтік қыз­метіне қатысты өрнектейтін бол­сақ, мынадай жүйе түзіледі: ақын ↔ мәтін ↔ оқушы (тыңдаушы). Мұндағы түпкі нәтиже – мәтінді оқу­шының (тыңдаушының) қа­был­дауы. Осы жүйе негізінде мынадай ой қорытуға болады: ақынның мә­тін түзу жолындағы қызметі мәтінді қабылдаушы (оқушы, тыңдаушы) тұлғаға бағытталады. Осыдан келіп мәтіннің функционалдық қызметі ту­ралы пікір туады. Басқаша айтар бол­сақ, мәтінді түзу (ақынның қыз­меті) және оны қабылдау (оқу, тың­дау) үдерістері түгелімен ком­му­ни­кативтік мақсатқа бағын­ды­рыл­ған. Мәтін және оны қабылдау мәтінді түзуші тұлға мен оны қабылдаушы тұл­ғаның арасындағы қатынас ар­қылы жүзеге асады. Қабыл­дау­шы­ның (оқушының, тыңдаушының) мәтінді түсінуі тілдік бірліктердің ма­ғынасын, мазмұнын ұғуымен ба­ланысты екені рас. Бірақ мәтінді түсіну барысында қабылдаушының өзінің таным деңгейі, мәтіннің ма­ғы­налық-құрылымдық бірліктері­нің өзара сабақтасып, байланысып жатқан қызметінің мәні мен мәнісін тану мүмкіншілігі басты қызмет ат­қарады.
Абай өлеңдерінің семан­ти­ка­лық-құрылымдық жүйесі керемет келісіммен өрілген. Онда әдеттегі ма­ғыналық-құрылымдық тұтас­тық­тың арнасында бірнеше тақырыптық сарын бар, мекен мен мезгіл арақа­тынасының да неше алуан құбылуы бар, сезімнің ойға ауысуы, ойдан се­зімге ауысу, ой мен сезімнен сырт­қы болмысқа ауысу арна­ла­рын­да да толып жатқан мән бар. Тура мағына мен бұрма мағынаның шен­десуінен, семантикалық бірлік­тердің тұтасуынан шығатын басқа да күрделі мағына, оның айрықша сипатты қалпы арқылы айшықта­ла­тын жайлар да мол. Зерттеудің бұл саладағы нәтижелері пәнаралық мазмұнымен бағалы.
Темірхан Тебегенов, ф.ғ.д., профессор:
– Абай институтында орын­дал­ған зерттеу жұмыстарының нәтиже­ле­рін көріп, көңілім толып тұр. Ең бастысы – абайтану саласында ға­лымдардың талай буынының тә­жіри­бесіне, тарихи қалыптасқан ғы­лыми мектептердің арнаулы ақ­параттары мен өндірген білімдерінің мол қорын қамтитын дербес ғылы­ми базаның негізі жасалғаны. «Абай­тану. Таңдамалы еңбектер» де­ген атпен жарық көріп жатқан көп­­томдық басылымның біздің кө­зі­міз көрген 30 томы, баспада өн­ді­рісте жатқан 5 томы – осы не­гіздің нақ­ты көрінісі. Баспадан шық­қан осы 30 томның 5 томы әр жы­лдары Абай атындағы Қазақ Ұлт­тық пе­дагогикалық университетінде орын­далғанына өзім осы универ­си­теттің профессоры ретінде көңілім то­лып, қуанып тұрмын. Екінші ай­тайын дегенім – менің жоғары оқу орындарына арналған «Абайтану ұлағаты» деген оқу құралым 2013 жы­лы жарық көрген болатын. Абай институты сол еңбегімді «Абайтану. Таң­дамалы еңбектер» сериясы бойын­ша жаңағы ғылыми базаға енгізу туралы ұсыныс жасаған еді. Оқу құралын әлі де жетілдіре түсетін, толықтыратын ойым барын ай­тып, разылығымды білдірдім. Енді сол еңбегімді толықтырып болған соң, «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» ғылыми базасына өзім ұсынамын деп ойлап жүрмін.
Абайтану ғылымы саласындағы таңдамалы еңбектердің осы базада жинақталғаны және осы базаның толыға беруі қоғам үшін, жеке тұл­ғалар үшін, оқушылар мен оқыту­шылар үшін игілікті болады деп есептеймін.


«Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған конференцияда зерттеу тобының мүшелері, магистранттар мен докто­рант­тар өз ойларын ортаға салып, Абай мұрасын пәнаралық зерттеу нәтиже­лерінің әлеуметтік маңызына жоғары баға берді. Конфе­рен­ция­ға қатысушылар «Абайтану. Таңдамалы еңбек­тер» көптомдық басы­­лымының абайтану сала­сын­дағы дербес ғылыми базаның негізі ретінде аса зор рухани құндылық екеніне назар аударды. Конференция барысында «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» сериясын одан ары қарай жалғастырудың жолдары туралы да салмақты ойлар айтылды. Абайтану саласын­да әлі зерттелмеген, зерттелуі қажет ірі-ірі мәселелер барына көңіл бөлінді. Кон­ференция барысында «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығының көрмесі ашылды. Абай ғылыми-зерттеу институтының сайтында абайтану бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жинақталған ғылыми ақпараттар қоры көрсетілді. Ақпараттар қоры ТМД елдерінің 600-ден астам ғылыми-зерттеу мекеме­лерінің ғылыми-ақпараттық базалары ішінде алғашқы жиырманың кеуде тұсында келе жатқаны туралы мәліметтер берілді.

Конференция материалдарын дайындаған
Нұрлайым Батыр.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір