«Қазақтың жезқанатты жезкиігі»
21 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі қазақ ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 85 жыл толу мерейтойына орай оның өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақтың жезқанатты жезкиігі – Вселенная судьбы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория мен
К.Салықов атындағы «Жезкиік» қоры ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов ашты. Кәкімбек Салықовтың қызы – Майра Салықова арнайы сөз алып, дөңгелек үстелге қатысушыларға алғысын білдіріп, әке жайлы естеліктерін мен сағынышын сыр ғып шертті. Дөңгелек үстелге ақын Ұлықбек Есдәулет, академик Аманжол Қошанов, «Жезкиік» ән-өлеңін орындаушы Ғалым Мұхамедин, ақын Марфұға Айтхожина, ақын Бахытжан Қанапиянов, жазушы Софы Сматаев, әнші-домбырашы Шәміл Әбілтай және т.б. қатысып, «Кәкімбек Салықовтың тағдыр әлемі», «Кәкімбек Салықовтың өлеңдер қазынасы», «Кәкімбек Салықов және рухани жаңғыру идеясының құндылықтары», тақырыбында ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында Кәкімбек Салықовтың шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға архивтік сюжет – Кәкімбек Салықовтың сұхбаты көрсетілді.