Рухани құндылықтардың дербес қоры
20.10.2017
1587
1

Абай ұлылығын тануға, танытуға деген ұмтылыс Абай өлген күннен бері әлі күнге тоқталмай жалғасып келеді. Осындай ниеттен туған еңбектердің бір парасы – «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығы. Бұл кітаптарды баспаға дайындаушы ғалымдар көптомдықтың маңызы туралы айтып берген еді. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды.

Абайтану ғылым саласы, оқу пә­ні ретінде әл-Фараби атындағы Қа­зақ Ұлттық университетінде қа­лып­тасты. Абайтанудың ғылым са­ласы, оқу пәні ретінде дамуының бар­лық ке­зеңдерінде осы универ­си­тет­тің ға­лым-ұстаздары ерен еңбек етті.
Б.Кен­жебаев, Т.Тәжібаев, Х. Бек­қо­жин, Т.Нұртазин, З.Қабдолов,
Х.Сү­й­ін­шәлиев, Т. Кәкішев, Т.Қо­жа­кеев, Қ. Жарықбаев, А.Көбесов сияқты ұстаз-ғалымдар абайтану ғылымының М.Әуезовтен кейінгі дамуына зор үлес қосты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдебиет­тану­шы ұстаз-ғалымдары мен білім алу­шы жастары, жас ғалымдары абай­тану ғылымының дербес ғы­­лы­ми-ақпараттық базасын жа­сау­ды қолға алған болатын. Бүгінде абай­тану ғылымы саласында ғалым­дардың талай буынының тәжірибе­сіне, тарихи қалыптасқан мектеп­тер­дің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терабайт көлеміне негізделген үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) дербес ғылыми-ақпарат­тық базаның негізі қаланды. База қазіргі шақта сынақ үстінде. Бас­тап­қа нәтиже жақсы. База ТМД елдері­нің ғылыми ұйымдары мен меке­ме­ле­рінің 566 ғылыми-ақпараттық ресурстарының алғашқы ондығының қатарынан орын алады. Негізгі тұтынушылар – мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарында білім алушы жастар. Тұтынушылардың географиясы әртүрлі: алыстағы ауылдан бастап, бүкіл дүниежүзі елдерін қамтиды.
2015-2017 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының сайтында абайтану ғылымы бойынша жинақталған ресурстар толықтырылып, «Абай­тану. Таңдамалы еңбектер» көп­том­ды­ғының 20 томы жарыққа шықты. Келесі 10 томы баспаға дайындалуда. Олар Абай институтының сайтында арнайы айдармен беріледі.
2015-2017 жылдар көлемінде «Абай Құнанбаевтың шығармашы­лық мұрасын пәнаралық зерттеу» ғылыми жобасы аясында орындалуға тиісті міндеттердің бірі абайтану ғылымының дербес ғылыми-ақпа­рат­тық базасының негізін жасау болатын. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығын дайындау осы міндетті іс жүзіне асыру мақса­тында қолға алынған.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымының бірінші томы Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай туралы сөз» трактатымен ашылды. Басылымның Х-ХХ томдарында Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, Қ. Жұмалиевтің, З. Ахметовтің,
А. Нұр­қатовтың, Қ. Мұхамед­ханов­тың, Л.М. Әуезованың, Т. Әлімқұлов­тың, М.Мырзахметовтің, Р. Сыз­ды­қо­ваның және басқа зерттеушілердің еңбектері берілген. Көптомдықтың тобында «Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу» жобасы бойынша жүр­гі­зіл­ген зерттеу жұмыстарының нәти­же­лері бірнеше том көлемінде жарық көрді. Оларды абайтану ғылымының бүгінгі жетістіктерінің айтарлықтай көрсеткіші деуге болады. Абайтану саласында қазақ ғалымдарының қазақ тілінде жазған еңбектерінің бірқатары жинақталды. Абай­тану­шы­лардың кейінгі буынындағы зерттеуші-ғалымдардың еңбектері осы басылымда жинақталады. Абай­дың өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тіліндегі еңбектердің қоры да аз емес. Бұл орайда жинақ­тал­ған таңдамалы еңбектер де 30-35 том шамасында. Шетел тілдерінде жазылған еңбектердің де өз орны бар. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымы – еліміздің ұлттық рухани құндылықтарының дербес қоры. Ол ұдайы толықты­ры­лады, байытылады және қоғамның рухани жаңғыруына қызмет етеді.

Ләйла МҰСАЛЫ,
Пазылхан БИСЕНБАЕВ,
Бақытқожа БАЯЗИТОВ,
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығын баспаға дайындаушылар.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір