Ноқтаға басы сыймаған
18.08.2015
2707
0

9Бауыржан Момышұлымен бірнеше рет – «Алматы» шипажайында, Жоғарғы Кеңестің Президиумында, композитор Ах­мет Жұбанов­тың үйінде және т.б. жерлерде кездесіп, әңгімелестім. Сөйтіп, бүгінгі күні күрделі де белгілі тұлға, Ұлы Отан соғысының Батыры Бәукең жайлы естелік айтатын болдық.
Кеңес Одағының тұсында шетелдік атақ­тылардың барлығы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне келетін: оның отырысына Неру, Хо Ши Мин, иран шахы Пехлеви секілді әйгілі адамдар қатысқан. 1956 жылдың шілдесінде Жоғарғы Кеңеске ағылшын жазушыларының бір тобы келуіне байланысты олардың қазақстандық әріптес­те­рін Мұхтар Әуезов таныстырды. Әдет­тегі сыпайыгершіліктен кейін ағыл­шын­дардың бірі: «Республикада қанша жазушы қазақ бар?», – деп сұрап қалды. Сұрақты Мо­мы­шұлына аударған Әуезов: «Бауыржан, сен айтшы, айналайын», – деп өтінді. Ол болса бірден: «Бесеу!», – деп тақ етті.
«Ой, Құдайатқан!», – деген Әуезовтың үнін­де өкініш бар еді. Алайда, еш саспаған Бәукең:
– Бұл әлем білетін жазушылар, – деп жалғастырды. – Әуезов, Мұқанов, Мүсі­ре­пов, Мұстафин, Тәжібаев! – Сосын ары қарата еш тоқтаусыз, асқан қарқынмен ойын ашық айта жөнелді. – Бізде тағы 25 жазушы бар – оларды күллі Кеңес Одағы біледі. Одан бөлек 270 қаламгерді тек Қазақстан ғана біледі. Бірақ осы соң­ғы­сына ерекше көңіл бөліп, кітап­та­рын шы­ғартса, тұрғын үймен қамтамасыз етсе – оларды күллі әлем білетін болады. Со­ның бәрін қосқанда республикада үш жүз жазушы бар.
Сөйтіп, Момышұлы қысқа да нұсқа тіл­мен республика Жазушылар одағы басшылығының жұмысын сынап өтіп, жас дарындарға жанашыр көңіл керектігін ұғындырды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 25 жыл­ды­ғына дайындық кезінде Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Мочалин Бауыржан Момышұлын салтанатты жиналыс Президиумының тізіміне қосуды ұмы­тып кетіпті. Тізіммен дәл мерекенің қар­саңын­да танысып шыққан Қонаев Мочалинге «қателігін» түзеуді тапсырады. Ол болса Бәукеңе өзі­нің орынбасары Бектемісовті жұмсай­ды. Алайда: «Қолым бос емес, бармаймын!», – деген ашулы Момышұлы партия же­текшісіне: «Марш отсюда!», – деп қысқа қайырады.
Жоғарыдан келген тапсырма орындалмайтын болған соң Мочалин жиналыс­қа екі сағат қалғанда Бәукеңнен кешірім сұрап келеді. «Қолым бос емес, бармаймын», – дегенді қайталаған батырға пар­тия қызмет­кері: «Егер бармасаңыз Қо­наев мені жұмыс­тан қуады. Мені ая­ңыз­шы, өтінем!», – деп жалынады. Мо­ча­линнің жыламсыраған түрін көрген Бәукең селк етіп: «Жарайды, жарайды, барайын!», – деп көне кетіпті. Ер адамның соншама төмендегенін жақтыртпаған батыр жолай: «Кешегі келген кім? Бойы кішкентай», – деп әңгіме ауанын басқаға бұрмақ болады.
– Қалалық партия комитетінің екінші хатшысы.
– А, мен оны сіздің адъюдантыңыз ек­ен деп қалдым. Көп әбігерленеді екен, – деген Бәукең партия шенеуніктерінің жүрегіне тағы бір әжім түсіріп тастайды.
Бірде Момышұлын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Исмаил Юсупов шақыртып, республика әртісі Шахан Мусиннің әйелін неге тартып алғаны жайлы түсініктеме жазуды сұрайды. Өйткені, соның алдында ғана «Қазақ әдебиеті» газетіне жазушы Сафуан Шәймерденовтің мақаласы шық­қан болатын. Онда Бәукеңнің қадамы жан-жақты сыналып, «азғындық әрекет­ке» баланады. Қайтпек керек?! Бәукең Орталық комитетке келіп, түсініктемені төте жазумен оңнан солға қарай жазып, биік кабинеттен үнсіз шығып кетеді. Араб қарпін танымайтын Юсупов сол жылы, яғни, 1963 жылы Министрлер Кеңесінің төрағалығын өткізіп берген Қонаевты кө­мекке шақырады. Бір парақ қағазды оқып көрген Қонаев әбден күліпті. Сөйтсе, Момышұлы түсініктемені былай жазыпты:
«Гвардии полковник деген атағым бар.
Аздап қатындармен шатағым бар.
Жас жігіттей қылшылдаған қуатым бар…».
– Бізге керегі не еді? – депті Қонаев. – Сүйікті Камашымды бүгін-ақ қайтарам деп жазғаны ма?! Бірде-бір әйелге тағды­рын қос­қан адамды тастауға бұйыра алмайсың…
Бір жолы «Алматы» санаторийінде мен, Бәукең, тағы да басқа демалушылар бар бір нөмірге жиналдық. Отырып, әң­гіме-дүкен құрып отырмыз, жиналған­дар­дың бәрі қазақ болған соң Бәукең қазақ­ша сөйледі. Бір кезде көптің ішінен облыстық партия комитетінің хатшысы, қандай екені есімде жоқ, әйтеуір бір сала­ның профессоры, фамилиясын ата­май-ақ қояйын, Момышұлының сөзін: «Бауке, это же неправдоподобно!», – деп орысша бөлді. Оған батыр: «Жігітім! Мен ешқашан өтірік айтқан емеспін және айтпаспын да, өйткені, облыстық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істе­ген емеспін», – деп жауап қатты. Профессор әрі партия басшысы отырыстан тезірек кетуге асықты.
Бірде Баукең маған өзінің тәжірибесін, турасын айтқанда, тәкаппарлықтан алған сабағын айтып отырды. Алдымен әйгілі орыс физиологы Павловтың кезінде жас­тар­ға айтқан: «Ешқашанда тәкаппарлыққа еркіндік бермеңіз! Келісетін жерде ешқашанда қасарыспаңыз!», – деген сөзін мысалға алды. Басштаб Академиясын бітірген соң Момыш­ұлына Корпус штабының бастығы қызметін ұсынады. Генералдық қызмет болса да ше­неуніктік лауазым әскери полковник болған Баукеңе қол емес еді.
– Құдай мені жазалайын деген шығар, – деген ол өзінің қалай шеттетілгенін айтып берді. – Сыңарезуленген қырсық­тыққа салып, ұсынылған қызметтен бас тарттым. Оның орнына дивизия командирі болуды сұрадым. Ақыры менің балалық ісімді лайық­ты бағалап, отставкаға жі­бер­ді.
Егер сол жолы Баукең келіссе онда оған бірден генерал атағын берер еді. Ондай жағ­дайда корпус командирі болу иек астындағы іс. «Сөйтіп, маған ақымақ қырсықтығым ке­дер­гі келтірді», – деген Баукең сөзін тұжыра түсті. Осыған қарап, осы бір үлкен адам айт­қанымен ғана жүріп қоймай, өз ісіне сергек әрі сынай қара­ғанын білуге болады.
1934 жылы Момышұлы кіші лейтенант ла­уазымымен Қиыр Шығыстағы атты әскерде қызмет етіп, эскадрон бас­қа­рады. Ол тұстағы әс­керде дедовщина деген нәрсе жоқ, кері­сі­нше, адамды қорлау қылмыс ретінде ба­ға­ла­на­тын. Әрбір ротадағы тәртіпті политрук, пар­торг, комсорг қадағалайтын, ал, әрбір ба­­­тальонда қосымша «ерекше бөлім» болатын. Оның себебі түсінікті: қорланған, кем­сі­тілген жауынгер Отанды дұрыс қорғай алмайды.
Бірде Момышұлы қызмет еткен бөлім­ге Ерекше Қызылжұлдызды қиыршығыс­тық армияның командирі, Кеңес Одағының маршалы Василий Константинович Блюхер келеді. Момышұлының жұмысын жоғары бағалаған ол ризашы­лық ретінде Баукеңе сағат сыйлайды. Содан көп ұзамай Блюхер «халық жауы» деп айыпталып, атылып кете барады, сөйтіп, Момышұлын «Блюхердің сыбайласы» деген жаламен қудалау басталады. Бақытына орай айыптаулар жайына қала­ды: Момышұлына құрметпен қарай­тын маршал Буденный (дәл Блюхер секілді) офицерге таңыл­ған заңсыз айыпты алып тастауды бұйы­рады. 1936 жылы елде жаңа, «сталиндік» Конституция қабылданды, оның жобасы газеттік жарияланым арқылы емес радиомен тал­қыланды. Ол кезде пәтерлерде радиоқа­был­дағыш та, теледидар да жоқ, халық жаңа Конституцияны көшелердегі ба­ға­наларға ілінген қара табақтардан тыңдап, білді. Ба­ғана түбіне жиналған көпшілік жобаны кейіннен өз жұмыс орындарында «талқылау және қолдау үшін» бұрынғы тау инженері Левитанның даусына құлақ салатын. Бірақ Момышұлы қызмет еткен әскери бөлімде өткен партия жиналысында бірауыздан қолдау мүмкін болмайды, өйткені, бірбеткей Бауыржан жо­баның нұсқасын беруді талап етіп: «Оқып шығайын, ойланайын, сосын барып дауыс беремін», – дейді ашықтан-ашық. Содан бастап оның жеке іс қа­ға­зында «саяси сенімсіз» деген жазу пайда болады. Алайда, бұған да Буденный араласып, теріс жазбаны өшіртуге бұйрық береді.
1941 жылдың қарашасында Мәс­кеудің түбінде болған ұрыста Момышұлы­ның бөлім­шесі ерекше көзге түскені белгілі. Ол кезде 316-шы Панфилов дивизиясы Мәскеуді қор­ғап, кеудесін оққа тосқан болатын. 1942 жылдың басында Баукең Алматыға келіп, республика Компартиясы Орталық Комите­тінің бірінші хатшысы Николай Скворцовтың қабыл­дауын­да болады. Кенеттен ойына не келгенін кім білсін, әлгі кісі батырдан: «Сізді ұлтшыл деушілерге не айтасыз?», – деп сұрап қалады.
– Не айтайын?! – дейді көзін сығы­райт­қан Бауыржан, – Ендеше, тыңдаңыз. Мен барлық ұлтты сүйемін, бірақ олардың бірде біреуін өзімнің туған халқымның қатарына қоймаймын. Ал, сіз ше?! – дейді абдырап қалған Скворцовқа. Ол ешқан­дай жауап бере алмайды, бірақ кейінн­ен барлық биік кабинеттерде Момышұлының «ұлтшылдығын» жария жасап, батырға генерал атағын бергізбеуді сыбырлайды.
Соғыстан кейін полковник Момышұлы­ның дивизиясындағы бес жүз жауынгер елге қайтарылады. Қойманы аштыруды бұйырған командир әрбір жауынгердің туыстарына сыйлық ретінде зат алуын ұсынады да: «Сіз­дер­дің зат салатын қап­та­рыңыздан басқа, құтыларыңыз бен қасықтарыңыздан өзге ештеңелеріңіз жоқ. Ал отбасына, ошақ қасына сыйлық­сыз оралу жақсы емес», – деп адамгер­шілік көрсетеді. Сол әрекеті үшін Бауыр­жанға «мемлекет мүлкін талан-таражға салды» деген айып тағылады. Қорғаныс министрі Николай Булганиннің атына: «ма­тер­иал­дық шығын келтіргені үшін полковник Мо­мышұлының шенін төмендетіп, ісін Әскери трибунал сотына беруді» айтқан ұсынысты шағым кетеді. Іс қаралып, министр жауапкерді кілемге шақырады. Бірақ бұрынырақта Ленинград және Мәскеу қалалық кеңестерінің төрағасы болған маршал Булганин түсінігі бар адам болып шығады. «Қалай болғанын түсіндіріп беріңізші», – деп сабырлы тіл қата­ды. Бауыржан:
– Жолдас маршал, оның бәрі соғыста түскен олжа болғандықтан жауынгерлер оны қанымен өтеген-ді, – деп жауап қатады. – Олардың қатарында менің туыстарым жоқ, бірақ олар төрт жыл бойы окопта тіршілік кешті және Отан үшін жандарын қиды. Сон­дық­тан да «осы бір ұсақ-түйек зат оларға кіш­кентай болса да қуаныш сыйласын» деп шештім.
Бұған Булганин бар болғаны: «Бұдан кейін олай жасамаңыз, жолдас полковник», – деп тұжырады.
Алайда, көп ұзамай олар қайта кез­де­седі, онда да батырдың бірбеткей мінезі­не бола. Соғыстан кейін Момышұлы Бас­ш­табтың Академиясын қызыл дипломмен бітіріп шық­қан­дық­­тан ұстаздық қылуға сонда қалдырады. Академияның бітіру жиналысында бір генерал академия бастығы, Кеңес Одағының маршалы Матвей Васильевич Захаровқа: «Соғыс кезінде Ортаазия республикаларынан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан шыққан жауынгерлер майданда неліктен ерлік, қаһармандық көрсетпеді және неге орыс аязынан қатты қорықты?», – деген аран­дат­қыш сұрақ қояды. Мынадай сауалға мар­шал Захаров: «Бұл өңірлерде үш жүз жыл бойы соғыс болмаған. Олардың бойында әскери тәжірибе, ұрыс тәсілдері жетіспеді. Оның үстіне, ыстық аймақтарда дүниеге келген адамдардың орыс аязына шыдай алмайтыны белгілі», – деп бұра тартып, жалған жауап береді. Сол кезде Момышұлы орнынан тұрып, акт залына анық естілетін дауыспен, анық әрі нақты: «Сұрақты қоюшы да – оңбаған, жауап беруші де – оңбаған», – дейді. Кейінірек, Бау­кең тік сөйлегеніне өкініш білдірді: көптің көзінше академия басшысын сөгудің керегі жоқ еді, бірақ қателікті тү­зеуге кеш болатын. Сөйтіп, тағы да Булганиннің атына Захаров пен академия мұғалімдері жазған шағым кетеді, онда «әскери қолбасшыларды көптің кө­зінше жәбірленгені үшін полковниктің ше­нінен айыру және соттау» ұсынылған. Ба­тыр тағы да министрдің алдына барады.
– «Өз әрекетіңізді түсіндіріңізші, жолдас полковник», – деп Николай Александрович маған ауыр көзқараспен қарады, – деп еске алады Баукең кейінірек. – Жоғалтатын еш­теңем жоқ, сотпен қор­қы­тып отыр. Сондықтан, тікесінен: «Жолдас маршал, мен екі генералды жәбірлесем, олар бірнеше халықты түгел­дей қорлады. Кімнің қандай жазаға лайық екендігін өзіңіз шешесіз, ал, мен тік мінезім үшін кез келген жазаны көтеруге дайынмын», – дедім. Булганин ұзақ ойланып отырды, сосын, терең күрсініп: «Бұдан кейін олай істе­меңіз, жолдас полковник», – деп тұжырды.
60-шы жылдары Куба басшылығының шақыруымен Момышұлы Бостандық Ара­лына баруға жиналды. Фидель Кастроның бауыры Рауль қастерлі қонақты үш рет салтанатпен күтіп алады. Төртінші ретінде Баукең СІМ ұсынған ұшақпен ұшпайды, сөйтіп, оны ешкім күтіп алмайды. Қо­нақ­үйге дейін өз аяғымен жеткен Баукеңді кіші Кастроның көмекшісі іздеп келіп: «Ертең сағат үште қос Кастро сізді қабыл­дай­ды, сізді өзім әкетемін. Әзірше, де­ма­лыңыз, өз үйіңіздей сезініңіз», – деп қонақ­жай­лық танытады. Келісілген уа­қыт­та Мо­мыш­ұлының алдынан әйгілі Фидель ка­­би­не­тінің есігі ашылады. Әскери китель мен қазақша бөрік киген біздің батыр ішке қазақшалап: «Асса­лау­ма­ғалейкум», – деп амандаса кіреді. Сосын Куба басшылығының таңда­на қараған үнсіздігін үстеп, үстіндегі ки­телін шешіп, орындықтың арқалығына іледі, мойнынан галстугын сыпырып, жей­де­сінің жағасын ашады және арқалығы биік орындыққа емін-еркін отыра қалады. Бұл сәтте кабинет қожайынының жүзіндегі абдырау бірте-бірте ашуға айнала бас­тайды. Фидель Кастроның беті көз алдында қызарып шыға келеді. Ашуы әбден шегіне жеткенде Баукең сабырмен: «Ке­ше сіздің көмекшісіңіз маған өз үйімде­гі­дей сезінуді айтып еді. Сондықтан да туыстас социалистік мемлекетте еркін демалып жүрмін», – деп жағдайды түсін­діреді. Бұған ағайынды Кастролар күліп жібереді.
Сол күні олар Баукеңе: «Біздің жауынгерлер сіздің «Волоколам шоссесі» деген кітабыңызды тастамайды, дәл сіз секілді батыр болғысы келеді. Ақыры келген екенсіз, біздің кубалық дивизияға бір ай басшылық жасауға қалай қарайсыз?!», – деп ұсыныс тастайды.
– Мен Кеңес Армиясының офицерімін, – деп жауап береді батыр. – Бірақ бас­шы­лық рұқсат етсе, жұмыс істей аламын.
Ақыры Фидель Кастро ресми рұқсат алып беруге күш салады, Баукең бір ай бойы Куба дивизиясына басшылық жасайды.
Момышұлы тіпті күнделікті тіршіліктің өзінде қалыпқа сыймайтын ерекше көзқа­расын анық көрсетіп, өзін сенімді ұстайтын. Соның нәтижесінде көп жағ­дай­да әңгі­ме­лесу­ші тарапынан түсініс­пеушілік туындап жататын. Оның мысалы көп. Соның бірі былай.
1963 жылы Абай атындағы ГАТОБ-та шығармашылығын жаңа бастаған ға­жайып композитор Ғазиза Жұбанованың шығарма­шы­лық кеші өтті. Сол жолы қоғамның талқы­сына композитордың алғашқы туындылары ұсынылды немесе бүгінгінің тілімен айтсақ, автордың алғашқы туындыларының тұсауы кесілді. Кеш жақсы өтті, үзіліс кезінде көпшілік авторды құттықтап жатты, Ғазизаның өзі болса қуаныштан балбұл жанды. Өйткені, құт­тықтаушылардың арасында: «Ғазиза, сен ұлы композиторсың, мұндай музыканы Құр­ман­ғазы да, Дина да, Тәттімбет те жаза алмаған!», – дейтін жағымпаздардың болғаны анық.
Кештің кейіпкеріне Бауыржан Мо­мышұлы да жақындап:
– Ғазиза, – дейді асқан салтанатпен. – Құт­тықтаймын және сені тудырған атаңа рахмет!
Композитордың түрі бұзылып кетеді. Себебі, батырдың сөзін ол өзінше түсін­ге­ні белгілі еді. Кейіннен Ахмет Жұбанов қызының сол жолы өкпелеп қалғанын айтып: «Папа, Бауыржан аға көптің көзін­ше маған музыканы сен жазып береді деп айтты», – дегенін маған жеткізді. Бірақ дана Ахаң қызына: «Қызым, сен басы ноқтаға сыймаған әйгілі асауды дұрыс түсінбепсің! «Құттықтаймын» деу арқылы ол сенің өнеріңді мойындаған, ал, «Атаңа рахмет» дегені әкең сенің қалыптасуыңа және дамуыңа көп нәрсе жасағанын білдіреді. Шындық осы емес пе, әлде мен сен үшін еш­теңе істемедім бе?! Осыны терең ойла және кезекті, жалған жағымпаздықты аз тыңда», – деп ақыл айтады.
Баукеңнің кейіннен айтуынша, сол кештен соң Момышұлының үйіне Ахмет Жұбанов өзі келіп, қатты таң қалдырады. «Бауыржан, шырағым, тез киін. Камаш-жан (батырдың әйелі – Ред.), сен де жүр», – деген Ахаңның тапсырмасын орындаған ерлі-зайыптылар сұраулы жүзбен қарай­ды. Сосын Ахаң: «Қызымның қуанышына – алғашқы шығар­машылық концертіне орай сендерді үйге шақыруға өзім келдім», – дейді. Момыш­ұлы әскери тәртіппен: «Жақсы, аға!» – деп қуаныш­ты ізет білді­реді. Осыған қарап, мүйізі қара­ғайдай Жұбановтың өз аяғымен келіп ша­қыруды намыс көрмегенін біле аламыз. Әйт­песе, кейбіреулер секілді телефонмен не шақыртушы баланы жұмсап шақыруға да болады. Әйгілі композитор Бауыржанның шыншылдығына және турашылдығына осылай құрмет көрсетсе керек.

Баукең жайлы жүрекке жылы тиер естелігімді түйіндей келе, батырдың со­ғыс­­тың қызған шағы – 1942 жылдың қаң­тарында жыр алыбы Жамбылмен болған кездесуін айтқым келеді. Әйгілі абыз ақынмен қоштасып тұрып Баукең: «Ата, мен майданға жүремін, батаңызды беріңіз!», – дейді. Жамбыл алақанын жайып:
– Батырдың жолы болсын,
Самсаған қолы болсын,
Түсі де суық екен, ісі де долы болсын! Әу­мин!» – деп бата береді.

Орыс тілінен тәржімалаған
Мәди Алжанбай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір