Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру
14.04.2017
1509
0

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті


КІРІСПЕ

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жол­дауымда Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы басталғанын жарияладым.
Осылайша, біз қайта түлеудің ай­рық­ша маңызды екі процесі – саяси ре­форма мен экономикалық жаң­ғыру­ды қолға алдық. Біздің мақса­ты­мыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басым­дық­тары мен оған  жеткізетін жолдары бар.  Мен  көздеген  жұ­мыс­тары­мыздың бә­рі дер уақытында және барынша тиім­ді жүзеге асарына сенімдімін. Бі­рақ  ойлағанымыз орындалу үшін мұ­ның өзі жеткі­лік­сіз.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұ­рын жаңғырып  отыруы тиіс. Бұл сая­си және экономикалық  жаңғыру­лар­ды толықтырып қана қоймай, олар­дың өзегіне айналады.
Рухани жаңғыру тек бүгін бастала­тын жұмыс емес.
Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл ба­ғыт­та бірнеше ауқымды іс атқардық.
2004 жылы «Мәдени мұра» бағдар­ла­масы аясында Қазақстан аумағын­да­ғы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.
2013 жылы «Халық – тарих толқы­нын­да»  бағдарламасы  арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жи­нап, зерттедік.
Енді осының бәрінен де ауқымды жә­не іргелі жұмыстарды бастағалы отыр­мыз.
Мен еліміз мықты, әрі  жауапкер­ші­лігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам  басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өз­гертетініміз туралы көзқарас­та­рым­ды ортаға салуды жөн көрдім.

І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

Күллі жер жүзі біздің көз ал­ды­­мызда өзгеруде. Әлемде бағы­ты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи ке­зең басталды. Күн санап өзге­ріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әб­ден сіңіп қалған таптаурын қа­ғидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қол­ға алып, заман ағымына икем­делу арқылы жаңа дәуірдің жа­­ғымды жақтарын бойға сіңіруі­­міз керек.
ХХ ғасырдағы батыстық жаң­ғыру үлгісінің бүгінгі заманның бол­мысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кем­ші­лігі – олардың өздеріне ғана тән қа­лыбы мен тәжірибесін басқа ха­лықтар мен өркениет­тердің ерек­шеліктерін ескермей, бәріне жап­­пай еріксіз таңуында. Әжеп­тәуір жаңғырған қоғамның өзі­нің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық ко­дыңды сақтай білу. Онсыз жаң­ғыру дегеніңіздің құр жаңғы­рық­қа айналуы оп-оңай.
Бірақ ұлттық кодымды сақ­таймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни бола­шаққа сенімді нығайтып, алға бас­тайтын қасиеттерді де, кежеге­сі кері тартып тұратын, аяқтан ша­латын әдеттерді де ұлттық са­на­ның аясында сүрлеп қоюға бол­майтыны айдан анық.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәс­түрлерге шекеден қарамауға тиіс. Ке­рісінше, замана сынынан сүрін­бей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлт­тық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаң­ғыру ұлттық сананың түрлі полюс­терін қиыннан қиысты­рып, жарастыра алатын құдіре­ті­мен маңызды.
Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын бо­лашақтың көкжиектерін үй­ле­сім­ді сабақтастыратын ұлт жа­ды­ның тұғырнамасы.
Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркен­деу­дің берік діңі ете отырып, әр­бір қадамын нық басуын, бо­ла­шаққа сеніммен бет алуын қа­лаймын.
Бұл ретте, тұтас қоғамның жә­не әрбір қазақстандықтың са­насын жаңғыртудың бірнеше ба­ғытын атап өтер едім.

1. Бәсекелік қабілет
Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсе­ке­лік қабілетін арттырса ғана та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады.
Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлт­тың аймақтық немесе жаһан­дық нарықта бағасы, я бол­­маса сапасы жөнінен өзге­лер­ден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, со­нымен бірге, білім, қызмет, зият­керлік өнім немесе сапалы ең­бек ресурстары болуы мүм­кін.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­білетімен айқындалады. Сон­дық­тан әрбір қазақстандық, со­л арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы ке­рек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты фактор­лар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.
Сол себепті, «Цифрлы Қазақ­стан», «Үш тілде білім беру», «Мә­дени және конфессияаралық ке­лісім» сияқ­ты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақ­­стандықтарды ХХІ ғасыр­дың та­лаптарына даярлаудың қамы.

2. Прагматизм
Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қа­саң қағидаларды өзгерт­пейін­ше, біздің толыққанды жаң­ғыруы­мыз мүмкін емес.
Төл тарихымызға, баба­лары­мыздың өмір салтына бір сәт үңі­ліп көрсек, шынайы прагма­тизм­нің талай жарқын үлгілерін табуға болады.
Халқымыз ғасырлар бойы ту­ған жердің табиғатын көздің қа­ра­шығындай сақтап, оның бай­лығын үнемді, әрі орынды жұм­­сай­тын теңдесі  жоқ эколо­гия­лық өмір салтын ұстанып кел­ді.
Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяу­сыз жыртылды. Ықылым за­ман­дардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырап­шыл­дыққа ұласты. Соның ке­­сі­­рінен, Жер-Ана жаратыл­ған­нан бері шөбінің басы тұл­пар­лардың тұяғымен ғана тапталған да­ланың барлық құнары құрдым­ға кетті. Түгін тартсаң майы шы­ғатын мыңдаған гектар миялы жер­леріміз экологиялық апат ай­мақтарына, Арал теңізі аңқасы кеп­кен қу медиен шөлге айналды.
Осының бәрі – жерге аса нем­құрайлы қараудың ащы мысалы.
Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүл­кілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, со­ған  сәйкес  болашағыңды  жос­парлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке  жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мә­дениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстам­дылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнем­шілдік­пен орынды пайдалану көрген­ді­лікті көрсетеді.
Нақты мақсатқа жетуге, білім алу­ға, саламатты өмір салтын ұс­тануға, кәсіби тұрғыдан же­тілу­ге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пай­далану – мінез-құлықтың праг­матизмі деген осы.
Бұл – за­ма­науи әлемдегі бірден-бір та­быс­ты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.
Өкінішке қарай, тарихта тұ­тас ұлттардың ешқашан орындал­майтын елес идеологияларға шыр­малып, ақыры су түбіне кет­ке­ні туралы мысалдар аз емес. Өт­кен ғасырдың басты үш идео­ло­гиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.
Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Ен­ді айқын, түсінікті және бола­шақ­қа жіті көз тіккен бағдарлар ке­рек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көз­дейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкін­дік­тері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.
Яғни реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.

3. Ұлттық бірегейлікті сақтау
Ұлттық жаңғыру деген ұғым­ның өзі ұлттық сананың кемел­денуін білдіреді.
Оның екі қыры бар.
Біріншіден, ұлттық сана-се­зім­нің көкжиегін кеңейту.
Екіншіден, ұлттық болмыс­тың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Қазір салтанат құрып тұрған жа­ңғыру үлгілерінің қандай қа­тері болуы мүмкін?
Қатер жаңғыруды әркімнің ұлт­тық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның тү­бірімен қате екенін көрсетіп бер­ді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әр­бір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тілі­міз бен музыкамыз, әдебие­ті­міз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезов­тің ғұламалығы, Жамбылдың жыр­лары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жет­кен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
Сонымен бірге, жаңғыру ұғы­мы­ның өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.
Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің та­ри­хын білген және оны мақтан ет­­­кен дұрыс. Бірақ одан да маңыз­­­дырақ мәселені – өзіңнің бір­тұтас ұлы ұлттың перзенті еке­ніңді ұмытуға әсте болмайды.
Біз әркім жеке басының қан­дай да бір іске қосқан үлесі мен кә­сіби біліктілігіне қарап баға­ла­натын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-та­ныс­тықты көтермейді.
Осының бәрін егжей-тегжейлі ай­тып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жа­ман­ды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені тү­сініп, байыбына барғанын қа­лай­мын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлт­тық мәдениет сақталмаса, еш­қан­дай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлт­­­тың дамуына кедергі болатын өт­кеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

4. Білімнің салтанат құруы  
Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қа­ны­мызда бар қасиет.
Тәуелсіздік жылдарында қыр­уар жұмыс жасалды. Біз он мың­даған жасты әлемнің маң­дайал­ды университеттерінде оқы­тып, дайындадық. Бұл жұмыс өт­кен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басында қолға алын­ған «Болашақ» бағдар­ла­ма­сынан басталды. Елімізде өте жо­ғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.
Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас се­бептері бар. Технологиялық рево­люция­ның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кә­сіптердің жартысы жойылып кетеді.
Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұн­шама жедел өзгермеген.
Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дай­да кәсібін неғұрлым қи­­­­налмай, жеңіл өзгертуге қа­бі­летті, аса бі­лім­дар адамдар ғана табысқа же­теді.
Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шы­ғыстарының үлесі жөнінен әлем­дегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.
Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әр­кім терең түсінуі керек. Жастары­мыз басымдық беретін межелер­дің қатарында білім әрдайым бі­рін­ші орында тұруы шарт. Се­бебі, құндылықтар жүйесінде білім­ді бәрінен биік қоятын ұлт қа­на табысқа жетеді.

5. Қазақстанның револю­ция­лық емес, эволюциялық дамуы
Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кес­тең еткен 1917 жылдың қазан айын­дағы оқиғаға 100 жыл толады.
Күллі  ХХ ғасыр революция­лық сіл­кіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мей­лінше әсер етіп, бүкіл болмы­сын өзгертті.
Әрбір жұрт тарихтан өзінше та­ғылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.
Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің су­бъективті пайымдарын тықпа­лау­ға да ешкімнің қақысы жоқ.
Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.
Біріншіден, ұлттық дамудың ықы­лым заманнан жалғасып ке­ле жатқан өзімізге ғана тән жолы бір­жола күйретіліп, қоғамдық құ­рылымның бізге жат үлгісі ерік­сіз таңылды.
Екіншіден, ұлтымызға адам айт­қысыз демографиялық соққы жа­салды. Оның жарасы бір ға­сыр­­дан бері әлі жазылмай келе­ді.
Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаз­дады.
Төртіншіден, еліміздің көпте­ген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды.
Әрине, тарих тек ақтаңдақ­тар­дан тұрмайды.
ХХ ғасыр Қазақстанға бір­қатар игіліктерін де берді.
Индустрияландыруды, әлеу­меттік және өндірістік ин­ф­рақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалып­тасуын осыған жатқызуға болады.
Бұл кезеңде елімізде белгілі бір жаңғыру болды. Бірақ бұл – ұлт­тың емес, аумақтың жаңғыруы еді.
Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді.
Біздің кешегі тарихымыз бұл­тартпас бір ақиқатқа – эволюция­лық  даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жет­кізді.
Бұдан сабақ ала білмесек, та­ғы да тарихтың темір қақпа­ны­на түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстан­дықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.
Бірақ қоғамның эволюция­лық дамуы қағида ретінде мәңгі тұм­шаланудың синонимі емес.
Сол себепті, тарихтың ащы са­ба­ғын түсініп қана қоймай, өзі­міз күнде көріп жүрген қазіргі құ­былыстардан ой түйіп, бола­шақ­тың беталысына қарап, па­йым жасай білу де айрықша маңыз­ды.
Бүгінде революциялар өңін өз­гертіп, ұлттық, діни, мәдени, се­паратистік перде жамылды. Бі­рақ бәрі де, түптеп келгенде, қан­төгіспен, эко-номикалық күй­реумен аяқталатынын көріп отырмыз.
Сондықтан әлемдегі оқиға­лар­ды ой елегінен өткізіп, қоры­тын­ды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыс­тар­дың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі.

6. Сананың ашықтығы
Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезім­нің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.
Бір қарағанда, жер жүзіндегі мил­лиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа­тар­мағай оқып жатқан ағылшын ті­лін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлел­деуді қажет етпейтіндей.
Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тіл­дері – неміс, француз, испан, ита­льян немесе басқа да тілдерді сый­ламай ма? Әлде 100 миллион­да­ған қытай мен индо­незия­лықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?
Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге ер­кін кірігіп, жұмыс істеудің бас­ты шарты.
Бірақ мәселе бұған да тіреліп тұр­ған жоқ. Сананың ашықтығы зер­денің үш ерекшелігін білдіре­ді.
Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты ау­мағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын тү­сі­ну­ге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ол жаңа тех­но­ло­гия­ның ағыны алып келетін өз­ге­рістердің бәріне дайын болу де­ген сөз. Таяудағы он жылда біз­дің өмір салтымыз: жұмыс, тұр­мыс, демалыс, баспана, адами қа­тынас тәсілдері, қысқасы, бар­лығы түбегейлі өзгереді. Біз бұ­ған да дайын болуымыз керек.
Үшіншіден, бұл – өзгелердің тә­жірибесін алып, ең озық же­тістіктерін бойға сіңіру мүм­кін­дігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгін­гі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үл­гісі.
«Өзімдікі ғана таңсық, өз­гені­кі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіш­терінің бірі.
Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден тел­міріп отырып баға беретін бол­са, әлемде, құрлықта, тіпті ір­ге­дегі елдерде қандай дауыл со­ғып жатқанын көре алмайды.
Көкжиектің арғы жағында не бо­лып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұста­ным­д­а­ры­мызды түбегейлі қайта қарауға мәж­бүрлейтін сыртқы ықпалдар­дың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.

ІІ. ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптас­тыру­ды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.
Осыған байланысты, мен ал­да­ғы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.
Біріншіден, қазақ тілін бір­тін­деп латын әліпбиіне көшіру жұ­мыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйек­ті­лік қажеттігін терең түсініп, байып­пен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алған­нан бері мұқият дайындалдық.
Қазақ тілінің әліпбиі тым те­реңнен тамыр тартатынын біле­сіз­дер.
VI-VII ғасырлар – ерте орта ға­сыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Ор­хон-Енисей жазулары» деген атау­мен танылған көне түр­кілер­дің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды.
Бұл – адамзат тарихындағы ең кө­не әліпбилердің бірі ретінде бел­гілі.
V-XV ғасырларда түркі тілі Еу­­разия құрлығының аса ауқым­ды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.
Мәселен, Алтын Орданың бү­кіл ресми құжаттары мен ха­лық­аралық хат-хабарлары негі­зінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.
Халқымыз Ислам дінін қа­был­даған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бас­та­ды.
Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аума­ғында  араб әліпбиі қол­да­ныл­ды.
1929 жылғы 7 тамызда КСРО Ор­талық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңе­сінің Президиумы латын­дан­дырылған жаңа әліпби – «Бір­тұтас түркі алфавитін» енгізу ту­ралы қаулы қабылдады.
Латын әліпбиінің негізінде жа­салған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
1940 жылғы 13 қарашада «Қа­зақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негі­зін­дегі жаңа әліпбиге көшіру ту­ралы» заң қабылданды.
Осылайша, қазақ тілінің әліп­биін өзгерту тарихы негізінен нақ­ты саяси себептермен айқын­да­лып келді.
Мен 2012 жылғы желтоқсан айын­да жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне кө­шуге кірісуіміз керектігін» мә­лімдедім.
Бұл – сол кезден барлық сала­ларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз.
Яғни 2025 жылға қарай іс қа­ғаздарын, мерзімді баспасөзді, оқу­лықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастау­ға тиіспіз.
Ол кезең де таяп қалды, сон­дық­тан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті да­йын­дық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кес­тесін жасауы керек.
Латыншаға көшудің терең ло­гикасы бар. Бұл қазіргі заманғы тех­нологиялық ортаның, комму­ни­кацияның, сондай-ақ, ХХІ ға­сырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.
Мектеп қабырғасында бала­ла­рымыз ағылшын тілін оқып, ла­тын әріптерін онсыз да үйреніп жа­тыр. Сондықтан жас буын үшін ешқандай қиындық, ке­дер­гілер болмақ емес.
2017 жылдың аяғына дейін ға­лымдардың көмегімен, барша қо­ғам өкілдерімен ақылдаса оты­рып, қазақ әліпбиінің жаңа гра­фикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулық­тар­ды дайындауға кірісуіміз қа­жет.
Алдағы 2 жылда ұйымдастыру жә­не әдістемелік жұмыстар жүр­гізілуге тиіс.
Әрине, жаңа әліпбиге бейім­де­лу кезеңінде белгілі бір уақыт ки­риллица алфавиті де қолданы­ла тұрады.
Екіншіден, қоғамдық және гу­манитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.
Оның мәні мынада:
1. Біз тарих, саясаттану, әлеу­мет­тану, философия, психология, мәдениеттану және филоло­гия ғылымдары бойынша сту­­­дент­терге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитар­лық кафедраларды қайта қал­пына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және бо­ла­шақты терең түсіне алатын білім­ді адамдар да ауадай қажет.
2. Біз алдағы бірнеше жылда гу­манитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақ­сы 100 оқулықты әртүрлі тіл­дерден қазақ тіліне аударып, жас­тарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде сту­дент­терді осы оқулықтармен оқы­та бастауға тиіспіз.
3. Ол үшін қазіргі аудармамен ай­налысатын құрылымдар негі­зін­де мемлекеттік емес Ұлттық ау­дарма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұ­мыстарға кірісе бергені жөн.
Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?
Ең алдымен, жүз мыңдаған сту­дентке жаңа сапалық деңгейде бі­лім бере бастаймыз.
Бұл – білім саласындағы жаһан­дық бәсекеге неғұрлым бейім­делген мамандарды даярлау деген сөз.
Оған қоса, жаңа мамандар ашық­тық, прагматизм мен бәс­е­келік қабілет сияқты сананы жаң­ғыртудың негізгі қағи­да­ла­рын қоғамда орнықтыратын бас­ты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ор­даларының аудиторияларында қа­ланады.
Біздің әлеуметтік және гу­ма­ни­тарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шек­теліп, дүниеге бір ғана көз­қарас­пен қарауға мәжбүр болдық. Әлем­нің үздік 100 оқулығының қа­зақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең за­манауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.
Бұл – мемлекеттің міндеті.
Үкімет мұны аудармашы ма­ман­дармен қамтамасыз ету, ав­торлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профес­сор­лық-оқытушылық құрамды бел­гілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі ке­рек.
Үшіншіден, Қазақ «Туған жер­ге туыңды тік» деп бекер айт­па­ған.
Патриотизм кіндік қаның там­ған жеріңе, өскен ауылыңа, қа­лаң мен өңіріңе, яғни туған же­ріңе деген сүйіспеншіліктен бас­талады.
Сол себепті, мен «Туған жер» бағ­дарламасын қолға алуды ұсы­намын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұла­сады.
Мәселен, «Ауылым – әнім» ат­ты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағы­насы өте терең сөздер.
Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – ше­к­сіз зерденің ғана емес, ғажайып се­зімнің иесі. Туған жер – әр­кім­нің шыр етіп жерге түскен, бауы­рын­да еңбектеп, қаз басқан қа­сиет­ті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қай­да жүрсе де жүрегінің түбінде әл­дилеп өтпейтін жан баласы бол­майды.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша ің­кәрлікпен атсалысу – шынайы пат­риотизмнің маңызды көрі­ністерінің бірі.
Бұл кез келген халықты ән­шейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.
Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.
Туған жерге деген сүйіспен­ші­лік нені білдіреді, жалпы, бағ­дар­ламаның мәні неде?
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыс­та­рын жүргізуді, экологияны жақ­сартуға және елді мекендерді абат­тандыруға баса мән беруді, жер­гілікті деңгейдегі тарихи ес­керткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көз­дейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің та­рихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қыр­қасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауы­ның төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта па­на, ыстықта сая болған, есім­дері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Екінші, басқа аймақтарға кө­шіп кетсе де туған жерлерін ұмыт­­пай, оған қамқорлық жаса­ғысы келген кәсіпкерлерді, ше­неу­ніктерді, зиялы қауым өкіл­дері мен жастарды ұйым­дас­ты­рып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Үшінші, жергілікті билік «Ту­ған жер» бағдарламасын жи­нақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұ­қият ойластырып, халыққа дұ­рыс түсіндіру қажет.
Туған жеріне көмек жасаған жан­дарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.
Бұл жерде де көп жұмыс бар.
Осы арқылы қалаларды кө­гал­дандыруға, мектептерді ком­пью­терлендіруге, жергілікті жо­ға­ры оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.
Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.
Туған жерге деген сүйіспен­ші­лік Туған елге – Қазақстанға де­ген патриоттық сезімге ұла­сады.
Төртіншіден, жергілікті ны­сан­дар мен елді мекендерге ба­ғыт­талған «Туған жер» бағдарла­ма­сынан бөлек, біз халықтың са­насына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.
Ол үшін «Қазақстаның қа­сиет­ті рухани құндылықтары» не­месе «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» жобасы ке­рек.
Әрбір халықтың, әрбір өрке­ниет­тің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халық­тың әрбір азаматы біледі.
Бұл – рухани дәстүрдің басты не­гіздерінің бірі.
Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-бай­тақ аумағы тарихта түрлі роль ат­қарған. Бірақ осынау рухани геог­рафиялық белдеуді мекен ет­кен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жер­леріміздің біртұтас желісін бұ­рын-соңды жасаған емеспіз.
Мәселе еліміздегі ескерткіш­тер­ді, ғимараттар мен көне қала­ларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.
Идеяның түпкі төркіні Ұлы­тау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Та­раздың ежелгі ескерткіштерін, Бе­кет ата кесенесін, Алтайдағы кө­не қорымдар мен Жетісудың кие­лі мекендерін және басқа да жер­лерді өзара сабақтастыра оты­рып, ұлт жадында біртұтас ке­шен ретінде орнықтыруды мең­зейді.
Мұның бәрі тұтаса келгенде хал­қымыздың ұлттық бірегей­лі­гінің мызғымас негізін құрай­ды.
Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың ар­тында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мә­дени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлт­тық құндылықтарымыз арқы­лы ғана төтеп бере аламыз.
Қазақстанның қасиетті жер­лерінің мәдени-география­лық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақ­тап, аман алып шығатын сим­волдық қалқанымыз әрі ұлттық мақ­танышымыздың қайнар бұ­ла­ғы.
Ол – ұлттық бірегейлік негіз­де­рінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжылдық тари­хымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жү­зеге асыруға тиіспіз.
Биыл Үкімет жұртшылықпен ақыл­даса отырып, жобаны әзір­леуі керек. Онда үш мәселе қам­тыл­ғаны жөн. Нақтырақ айтқан­да:
1. Аталған «Мәдени-геогра­фия­лық белдеудің» ролі мен оған енетін орындар туралы әрбір қа­зақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.
2. БАҚ осыдан туындайтын ұлт­тық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.
3. Ішкі және сыртқы мәдени ту­ризм халқымыздың осы қас­тер­лі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғы­сын­ан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлық­тық қана емес, жаһандық ауқым­дағы құндылықтар.
Бесіншіден, заманауи әлемде­гі бәсекелік қабілет  – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың еншісінде.
Біз ХХІ ғасырдың жаһандық кар­тасында ешкімге ұқсамайтын, дер­бес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қа­зақ­стандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.
Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі баста­ма­ларымызбен ғана емес, мәдени же­тістіктерімізбен де тануы керек.
Бұл жоба нені көздейді?
Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.
Екінші, ол бүгінгі қазақ­стан­дық­тар жасаған және жасап жат­қан заманауи мәдениет болуға тиіс.
Үшінші, мәдени қазыналары­мыз­ды әлем жұртшылығына та­ныс­тырудың мүлдем жаңа тәсіл­дерін ойластыру керек.  Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әр түрлі мультимедиалық тә­сілдермен де шыққаны абзал.
Төртінші, бұған ауқымды мем­лекеттік қолдау жасалуы қа­жет. Сыртқы істер, Мәдениет жә­не спорт, Ақпарат және ком­му­ни­кациялар министрліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұ­мыс істеуі керек.
Бесінші, бұл жұмыста шығар­ма­шылық зиялы қауым, оның ішін­де Жазушылар одағы мен Ғы­лым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен роль атқаруға тиіс.
Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек.
Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткіземіз.
2017 жыл жер жүзіне мәдениет са­ласындағы қай жетістіктері­міз­ді көрсете алатынымызды ай­қын­дап алу тұрғысынан шешу­ші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тыңғы­лық­ты жүзеге асырамыз.
Осылайша, мың жылдық т­ари­хымызда төл мәдениетіміз тұң­ғыш рет әлемнің барлық құр­лықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады.
Алтыншыдан, ұлт мақтаны­шы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс.
Мен бүгінгі замандастары­мыз­дың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын.
Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.
Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұр­ғы­сынан қас-қағым сәт десек те, елі­міз үшін ғасырға бергісіз ке­зең. Әрине, жасалған жұмыс­тар­дың маңызы мен ауқымына еш­бір күмән жоқ.
Дегенмен, осы қыруар істі ат­қарған, ел дамуына зор үлес қос­қан азаматтардың өздері мен олар­дың табысқа жету тарихы әдет­те құрғақ фактілер мен цифр­лардың тасасында қалып қоя­ды. Шын мәнінде, Қазақ­стан­ның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жыл­да­рында табысқа жеткен, елі­міз­дің әр өңірінде тұратын түрлі жас­тағы, сан алуан этнос өкілде­рі­нің тарихы.
Жобада нақты адамдардың нақ­ты тағдырлары мен өмірбаян­дары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.
Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына ба­ра бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің ең­бе­гімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама заман-дастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.
Сондықтан оларды телеви­зиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз ке­рек. Жастар өмірге шынайы көз­бен қарап, өз тағдырларына өз­дері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуы­мыз керек.
Қазіргі медиамәдениетті суы­ры­ла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шы­найы оқиғалар қалыптас­тырады. Мұндай оқиғаларды көр­сету бұқаралық ақпарат құрал­дарының басты нысанасына айналуға тиіс.
Бұл жоба үш мәселені шешуге ба­ғытталғаны жөн.
1. Ақылымен, қолымен, дары­нымен заманауи Қазақстанды жа­сап жатқан нақты адамдарды қо­ғамға таныту.
2. Оларға ақпараттық қолдау жа­сап, танымал етудің жаңа
му­ль­тимедиалық алаңын қалып­тастыру.
3. «100 жаңа есім» жобасының өңір­лік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұл­тымыздың алтын қорына ене­тін тұлғаларды білуге тиіс.

ҚОРЫТЫНДЫ

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағ­за іспетті. Ол өмір сүру үшін за­ман ағымына саналы түрде бейім­делуге қабілетті болуы керек.
Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақ­пастан бірден төрге озды. Сон­дық­тан заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің ал­дында тұр.
Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаң­ғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс.
Екі дәуір түйіскен өліара шақ­та Қазақстанға түбегейлі жаңғыру жә­не жаңа идеялар арқылы бола­шағын баянды ете түсудің тең­дес­сіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.
Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жө­нін­дегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сене­мін.
Жаңа жағдайда жаңғыруға де­ген ішкі ұмтылыс – біздің да­муы­мыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.

ПІКІР ҚОСУ