Өнердің төресі – сал-серілік
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы, әнші-композитор
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы деген сөз өнерге де қатысты. Сөйтсе де осы күнгі еркіндік әсіресе, ән саласында цензура керектігін меңзеп тұрғандай. Бүгінде осы еркіндікті алға тартып көп адам әншілікті меңгеріп алса, ал енді бірі ішкі цензураны ұстанып тасада қалады. Адам бойына әншілік өнерді Құдай дарытады, оның қадірін біліп дамытып, даңғазаға елікпей сақтау әркімнің парасат-пайымына жүк. Өнер сүйер қауымға өнертанушы, әнші-композитор ретінде жақсы таныс Ерлан Төлеутай 9 сәуір күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Сал серінің сарқыты ол кешегі» атты шығармашылық кешін өткізбекші. Кеш қарсаңында Ерлан мырзаны бір-екі ауыз әңгімеге тарттық.
– Әнші ретінде танылғаныңызға біраз жыл болды. Шығармашылық кеш өткізуге қай уақытта бекіндіңіз?
– Кәсіпкер, меценат «Бизнес – Бастау» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсила замандасыммен сыйлас-жолдаспыз. Жиі бас қосып пікірлесіп тұрамыз. Бірде әңгіме барысында, осынша жыл ән айтып келесіз, репертуарыңызда сал-серілердің көптеген әні бар, өнертанушы ретінде атқарған еңбегіңіз де қомақты, шағын ортада ән салып жүре бермей шығармашылығыңызды насихаттаған жөн деген ойын айтқан еді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Жақында шығармашылық кеш өткізуді ұсынды, бұл бастаманы Қазақстанның халық әртісі, кино және театр актері Досхан Жолжақсынов ағамыз қолдады. Сонымен бірге, Тоқтар Әубәкіров, Жарқын Шәкәрім, Болат Әбділманов, Дидар Амантай, Ғани Бейсембай, Рүстем Әбдірашев, Бейсен Құранбек сынды азаматтар қостап ұйымдастыру ісіне көмектесуде. Кештің «Сал серінің сарқыты ол кешегі» деген атауын да Ахметбек мырза ұсынды. Қазір концертке дайындық жүріп жатыр.
– Сал-серілердің әндерінің барлығының дерлік туу тарихы бар десек, артық айтпаймыз. Кеште әр әннің тарихына тоқталасыз ба?
– Біржан салдың өмірбаянын тәптіштеп айтып отырмайтыным белгілі. Мәдидің, Ақан серінің, Балуан Шолақтың әндерін айтқан сайын олардың болмысына үңілемін. Балуан Шолақтың әндеріндегі жойқын қуат пен мінез маған жақын, сол себепті ән айтарда ойыма қадау-қадау сөз түссе тосылмайтыным рас. Жұрт жаттанды концерттерден жалыға бастады. Өнерпаз халыққа әнімен қатар сөзімен де жақын болғаны жөн, ерте замандағы әншілер халыққа етене жақын болған. Қазір сахнаға кім шығатынын жалаң хабарлап, әнші қаққан қазықтай қақиып сахнаға шығып ән айтып кетіп қалатынына бойымыз үйреніп кетті. Меніңше, бұл үрдісті сейілту керек.Шашубай туралы әңгімелерде төрде ән айтып отырған Шашубайдың жылжи-жылжи босағадан бір-ақ-шығатын, топысы төбесінде ойнап жүруші еді деп айтылады. Сал-серілердің бойындағы осы еркіндікті сезіндіре алсақ деген ой бар, оның қаншалықты қолдан келері бір Құдайға аян. Сөздің шыны, тәуекелге бел буып отырмын.
– Сал-сері деген ұғым мен бүгінгі заманның келбеті бір-біріне қаншалықты жақын деп ойлайсыз?
– Сал-серіліктің сипаты да, дүниетанымы да көшпелі өмірге тән құбылыс. Оны дәл сол күйінде қайта жаңғырта алмаймыз. Көшпелі халықтың мәдени институты ретінде сыртқы формасы жоғалып кеткенімен, ішкі мазмұны сақталып қалды деуге болады. Серілік – өнер дерті, сұлулыққа құштарлық, үйлесімді аңсау. Олардың шығармашылық қуаты өзгелерден күшті. Ол сыртқа жазушылық яки күйшілік, яки суретшілік, әнші-композиторлық шығарма ретінде жарыққа шығады.
– Қазақтың музыкалық мұрасының көбін сал-серілердің туындылары құрайды. Сол әндердегі ырғақ, әуен мен әуезді келешек ұрпаққа жеткізудің амалы қандай?
– Кейде сал-серілердің музыкалық мұрасы болмаса қандай ән тыңдар едік деген ойға қаламын. Кеңес үкіметі орнаған соң музыкалық жоғары оқу орындары ашылып, музыканы батыстық оқу жүйесі арқылы үйренуге көштік. Құрманғазы, Ақан сері сияқты композитор боламын деген үмітпен ауылдан келген балалардың көпшілігі еуропалық үлгіге бейімделіп, ән-күй шығаруда Біржан сал, Тәттімбет, Мұхит салған дәстүрді бірте-бірте сетінетіп алдық. Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Ақселеу Сейдімбеков сынды ағаларымыз сал-серілердің өнер өрнегін жоғалтпауға барынша тырысты. Сөйтсе де біздің буын сал-серілердің әндерін тек орындай аламыз, бірақ ән шығарудағы олардың сорабынан айырылдық. Өйткені, біздің санамызға еуропа музыкасы әбден сіңіп кеткен.
– Ән айтуды қалай, қашан бастағаныңызды біреу білсе, біреу білмейді. Өнердегі үлгі тұтар ұстазыңыз кім?
– Қарағандыда Жақсыгелді Кемалов есімді ғажап әнші бар. Өзім сол кісіні ұстаз тұтамын. Қайрат Байбосыновтан да көп өрнек алдым. Ол өзіне дейінгі барлық әншілік мектептердің басын қосып, қазақтың әншілік өнерін жаңа сапаға көтерген шын мәніндегі ұлы әнші.Қайрат Байбосыновты ән өнеріндегі сал-серіліктің көзі ғана емес, өзі десек, меніңше қате болмас.
Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.