Ең бірінші ұстаз – ата-ана
Бұрынғы дала баласымен қазіргі қала баласының арасындағы айырмашылық Жер мен Көктей десе де болады. Алдыңғы аға буын өкілдері ата-ананың, қала берді ауыл адамдарының пікірімен санасып өмір сүрсе, қазіргінің баласы ешкімнің де ақылына мұқтаж емес. Олардың ойлауы да, сезінуі де тіпті өмірге деген көзқарасы да өзгеше. Өз пікірі, өз қалауы бар. Әрине, өсіріп отырған ұрпағыңыздың дәл сіз қалағандай адам болуы немесе өзіңіз армандаған мамандық иесі болуы шарт емес. Тек білімді, адамгершілігі мен ақыл-парасаты келіскен саналы азамат болып өссе деген тілек қана. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дегенді айтқанда, ұлы ғұлама Әл-Фараби де осыны меңзесе керек. Ата-бабамыз ұрпақ саулығын, ұлт тазалығын тектіліктен іздесе, бүгінгі ата-ана барлық игілікті білімнен іздейтіндей. Әуезовше айтқанда «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім». Бұл – заман талабы. Дей тұрсақ та, жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз деп жанталасып жүргенде өзіміздегі барды жоғалтып аламыз ба деген күдіктің ара-тұра көңіл түкпірінен қылаң беретіні де жасырын емес. Қай істің болса да екі жағы бар, пайдасы һәм зияны. Кейде ұл-қызымыздың мінез-құлқынан, болмыс-бітімінен ұлтымызға жат қылықтарды байқағанда іштей оның қайдан келгенін, кімнен жұққанын ойлап бас қатырамыз. Оның үстіне еліміздегі білім жүйесі де тұрақсыздыққа ұшырап, ата-ананың күдігіне күдік қосқан сыңайлы. Балабақша мен мектептердегі білім сапасы да көңіл көншітерліктей деп айтуға келе қоймайтын секілді. Себебі, кімді көрсең, мамандардың ақылы көмегіне жүгініп, мектептен тыс білім беруге талпынады. Қазіргі кездегі балаларды біліміне қарай іріктеу үрдісі де олардың психологиясына кері әсер етуде. Әр ата-ана өз баласын жоғары дейгейден көргісі келеді. Сол себепті де үздік деңгейлі сыныптарға отырғызудың амалдарын жасайды. Осыдан барып балалар арасында теңсіздік орын алады. Енді ғана өмірге қадам басқан ақ пен қараны айырып үлгермеген баланың жан дүниесіне көлеңке түседі. Бұрындары ұрпағының болашағына ата-анадан кейін ұстаз алаңдаған болса, қазір мұғалімдер олардың мектеп бітіріп кетуіне асығатын болған. Осалдарынан шама келсе ептеп құтылудың қамын жасап бағады. Түлектердің арғы тағдыры ешкімді толғантып та жатпайтын секілді. Айта берсек, бала тәрбиесіне қатысты түйіні шешілмеген мәселелер баршылық. Бір кездегі әженің ертегісін, ананың әлдиін, ата мен әкенің ұлағатты істерін көріп, дала сырын ұғып өскен ұрпақтан тараған қазіргі жастарды бүгін кім тәрбиелеп жатыр дейсіз ғой, оны бәріміздің ішіміз сезетін сияқты…
Осы орайда қазіргі бала тәрбиесіндегі ұлттық тәрбиенің ролі қандай? Ұлттық құндылықтар мен адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды азамат тәрбиелеу үшін не істемек керек? Қоғам мен адам, адам мен табиғат қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалай дамытуға болады? Білім жүйесіндегі өзгерістер балалардың психологиясына қалай әсер етуі мүмкін? Ұлттық тәрбиеден ажыраудың түбі қайда апарады деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Сараш Сахиқызы,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымының кандидаты
Білім беру саласы ғана емес, қоғам да жауапты
Жаһандану біздің қалауымызды күтіп тұрған жоқ. Біз жаһандану көшіне ілесе аламыз ба деген қауіппен жанталасып кеттік.
Бір кездері ғалымдар арасында «Білімді бала – тәрбиелі, тәрбиеге жіберген уақытты білімге арнаған абзал» деген тұжырым болатын. Қазір тәрбиеге деген пікір өзгергенімен, оның барлық тетіктері іске қосылып кетті деуге болмайды. Білім мен тәрбиеге ұлттық мазмұн беру дегенді көп айтамыз. Бірақ сапасы әлемдік стандартпен өлшенеді ғой.
Қазір білім беру жүйесінде әрбір бала – болашақ тұлға, тұлғаға бағдарланған білім мен тәрбие беру деген мәселеге басымдылық береді. Қазіргі келіп жатқан түрлі реформалар мен заманауи педагогикалық технологиялардың, білім берудің түрлі шетелдік әдіс-тәсілдерінің негізінде білім алушы баланы тұлға етіп қалыптастыру жатыр. Бұл, әрине, жақсы! Тұлғаның өз ой-пікірі мен ұстанымы болады, өз құқығын дұрыс пайдалана біледі. Дамудың алдыңғы қатарында болған мемлекеттің әрбір мүшесі тұлға деңгейінде болса, жаман ба?! Сонымен қатар, біздің еліміздің білім беру жүйесінің бір ерекшелігі – «Өзін-өзі тану» пәні аясында білім алып, тәрбиеленуі. Бұнда әр оқушының тұлғалық қалыптасуында ішкі «менін» тәрбиелеу бар. Бұл пәнді оқытуға да мамандар даярланып жатқанына көп болған жоқ. Мектептерде сағат жетпегендер бере береді. Осыған орай іштей қорқынышым да жоқ емес. Себебі, баланың ішкі «мені» дұрыс бағытталмаса, менмендікке (эгоизмге) ауысып кетуі әбден мүмкін.
Мектепте тәрбие жұмысымен сынып жетекшілері айналысатынын бәріміз білеміз ғой. Мектептегі бір әріптесімнен «Бала тәрбиесімен айналысу қалай?» деп сұрасам, «қағаз жүзінде өте жоғары» әзіл-шыны аралас жауап беріп еді. Иә, мұның шындығы басым болуы мүмкін. Президент айтса да, министр айтса да мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаруға әлі ешкім кіріскен жоқ. Жақында ғана қаланың да, ауылдың да мектептерінде болдым, мұғалімдердің көбі менің дәрісімді қағазын толтырып отырып тыңдады.
Сондықтан да тәрбие нәтижесін мектептен көрейік деп мойын созудан да қалатын шығармыз.
Құндылықтар өзі де жалпыадамзаттық құндылықтардан бастау алады ғой. Ата-анадан баланың бөлініп шыққаны сияқты дүние. Жалпыадамзаттық құндылықтар: адам, өмір, жер, су, ауа, денсаулық, білім, әділет, бостандық, т.б. ұғымдарды қамти отырып, осының аясында ұлттық сипатқа негіз болатын ұғымдармен толықтырылады. Ұлттық құндылықтар: тіл, діл, дін, тарих, құқық, өнер, т.б. аясында.
Жалпы, тәрбие деген нақты ғылым болмағандықтан, бірден нәтиже бермейді. Адам тәрбиелеудің формуласы жоқ. Ұлтжанды тұлға тәрбиелеуге де қатысты тұжырым осы.
Тәрбиемен айналысатын отбасындағы ата-ана, білім беру жүйесіндегі әрбір педагог Пайғамбарлардың дінге қызмет етуі сияқты тақуалықпен кіріскенде ғана оң нәтиже көре аламыз. Және тәрбиенің нәтижесін білім беру саласынан ғана емес, қоғамнан көруіміз керек. Қоғамның әрбір мүшесі өзінің отбасындағы жауапкершілігін сезінгендей, кәсіби қызметінде, қоғам алдында, ұлт алдында, болашақ ұрпақ алдында ұялмайтындай өнегелі ісімен үлгі көрсетуі тиіс. Әйтпесе, тәрбие туралы он рет тұжырымдама жасалып, жиырма рет бағдарламасын ұсынсаңыз да бәрі бекер.
Біз, ауызша бәріміз – патриотпыз, ұлтжандымыз. Алайда, қазақ тілінің мәселесі шаш-етектен. Ұлттық өнеріміз де заманауи даңғазаның тасасында қалып қойды. Дінімізге де көзқарас түрлі-түрлі болып барады. Дінге үрке қарайтындар көбейгені сонша, өз қандастарымыз атеистік бағытты қолдап кете ме деп ойлаймын. Бұл тәрбиеге негіз болар біздің ұлттық құндылықтарымыздың бүгінгі жай-күйі.
Мемлекет тарапында Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында да ұлт проблемасы көтерілмей қалмайды. «Мәңгілік Ел» идеясы унитарлы мемлекеттің ұлттық идеологиясына негіз болуға жарайды. Шындығында, қазір адам тәрбиесімен айналысатын педагог-ғалымдар ізденіс үстінде. Алайда, бұл аздық етеді. Әр маман өз кәсібінде ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетсе, ұлттық рухтың биіктеуіне көрсеткіш болар еді.
Ұлттық тәрбиеден ажыраудың көрінісін біз кеңестік кезеңде бастан кештік, зардаптарын әлі тартып келеміз. Енді қалпына келтірудің өзіне ұзақ уақыт кетіріп отырмыз.
Ермек Нұрымов,
психолог
Балаларды рухани мәңгүрттікке ұрындырмақ
Жаһандану заманында әлем мен бірге ғылым да қарыштап өсуде. Бұл– заман талабы. Білім-ғылым дамыған сайын адам өмір сүруіне көптеген жеңілдіктер әкелуде. Ыбырай Алтынсариннің:
«Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды..,» –
деген өлең шумақтары ғылымсыз адам өмірінің қараң екенін аңғартады.
ХХІ ғасырда зияткер балалар тәрбиеленуде. Бізге керегі де осы. Себебі, әлемге зер салып қарасақ, Батыс мемлекеттері әлдеқайда алдыға шығып «Марс» ғаламшарын зерттеуге кірісіп кетті. Бұл нені білдіреді? Бұл ғылым мен білімнің жетістігін, адамның интеллектуалды дамығанын көрсетеді. Сондай білімі мен білігі келіскен бәсекеге қабілетті азаматтарды біздің елде неге тәрбиелемеске?!
Баланың ең бірінші ұстазы
ол – «Ата-Ана». Яғни ана құрсағынан мектеп қабырғасына дейін қалай тәрбиелесең және қай тілде сөйлесең бала сол тәрбиені, сол тілді ары қарай дамытады. Шынын айтқанда, қазіргі кезде мектеп қабырғасындағы жағдай көңіл көншітпейді. Ғалымдардың шырылдаған үніне құлақ аспай, баланың жас ерекшелігін ескермей психологиялық қабылдауына мән бермей бірінші сыныптан бастап «үш тілді» оқыту жүйесін енгізіп жіберді. Мысалы: дамыған мемлекеттер арасында көш бастап тұрған Жапонияның өзі 11 жасқа дейін баланы тек жапон тілінде оқытып, 12 жастан ғана ағылшын тілін үйрете бастайды екен.
Әуелі мемлекетімізде ұлттық идеология жұмысы қарқынды жүзеге асуы тиіс. Мәселен, кезіндегі кеңес үкіметінің ұлттық идеологиясы қандай болды? Ұлттық тәрбиені ең алдымен отбасында беру керек. Ол үшін ата-ананың өзі ұлттық құндылық пен адамзаттық құндылықтармен сусындаған, білім көкжиегі кең болуы тиіс.
Ата-бабаларымыз бесік жырымен әлдилеп, батырлар жырымен рухтандырып өсірген бала өз елін шын сүйетін азамат болатынын білген. Біз де қазір осы жолды ұстанып, зияткер дарынды балаларға бірінші кезекте ұлттық тәлім-тәрбие беріп, одан кейін барып батыстың білімінен сусындатуды қолға алып отырмыз.
«Тәрбие, тәрбие» деп көп айта бергенімізбен, бұл мәселенің түпкі негізіне үңіліп қарамасақ,құр сөзбен қалауымыздағыдай ұрпақ тәрбиелеп шыға алмасымыз анық. Болашақ ата-ана өз өмірлеріне жүйелі түрде мән беріп, келер ұрпақтың дені сау, дарынды, білімді, қайырымды болуын мақсат тұтуы тиіс. Алайда, кейбір отбасыларда бұл нәрсеге немқұрайды қарайды. Кейін, «баламның бұндай болып шығуына сіздер кінәлісіздер» деп ұстаздардың алқымынан алып, реніштерін білдіреді. Бұл ата-ананың өз міндеті мен ұстаз міндетін ажырата алмай, адасуымен барабар.
Ертеректе ғалымдар XXI ғасыр – бала психологиясының ғасыры болады деп тұжырым жасаған болатын. Сол сөз бүгін шындыққа айналған.
Бала тәрбиесіндегі маңызды мәселелердің бірі – балаға рухани тәрбие беру. Техниканың үздіксіз дамуы, балаларды рухани мәңгүрт әлемге түсірді. Таңдаған әуені, айтқан сөзі, бәрі де рухани тоқыраудың белгісі.Рухани тоқырау белгісі баланың ойлау жүйесін, айналаға деген көзқарасын өзгерте бастайды.
Бүгінде көп ата-ана интернет және өзге де техникаларды балаларының дұрыс қолдануын талап ете алмай, әлеуметтік желіге құнығып кетті деп реніштерін білдіріп жатады. Негізінде әр нәрсенің өз орны мен тәртібі бар. Соның бірі әр жанұяда өзіндік тәртіп болу керек. Ата-ананың балаларын өзгелерден қалмасын деп жасап жатқан жағдайлары, кейде тым артып кеткендіктен, өздеріне таяқ болып тиіп жатады. Күні бойы әлеуметтік желіде отырған бала айналасындағылардан оқшауланып өседі. Қоғам және табиғатпен байланысы үзіледі. Осының салдарынан бала емін-еркін қарым-қатынасқа түсуі бәсеңдеп, өмірден өз орнын табуы қиындайды. Яғни рухани азғындыққа ұшырап, өмірдің мәнін жоғалтып алады.
Дайындаған
Гүлім СЫДЫҚОВА.