Төрт студентке «Айқын» газетінің шәкіртақысы берілді
Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газеті мүшел жасына орай «13 жылдыққа – он үш шара» атты бастама көтерген еді. Сол жоба аясында басылым ұжымы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің студенттерімен әдеттегіден өзгеше жағдайда, дастархан басында дидарласты.
«Айқын» ұжымын Журналистика факультетінде ерекше салтанатпен күтіп алған журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы: «Қазақ мүшел жасына ұлан-асыр той жасайды. Осы ата-дәстүрді жаңғыртып жүрген «Айқын» газетінің ұжымына алғыс айтқымыз келеді. Осы әдемі үрдісті енді еліміздің өзге де БАҚ өкілдері ізін суытпай, жалғаса дейміз», – деп ақ тілегін айтты.
«Бұл шаңырақ жас журналистерді дайындайтын бірден-бір оқу орны екенін жылдар бойы дәлелдеп келеді. «13 жылдыққа – он үш шара» аясында ҚазҰУ-ге ат басын бұрмай тұра алмадық. Жылы шыраймен қабылдап, қонақ ретінде күтіп алған факультет ұжымына алғыс айтқымыз келеді», – деген «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп журналистикаға деген талабы зор төрт студентке бір реттік шәкіртақы берді. Оның бірін «Айқын» газетінің журналисі Айдана Нұрмұхан анасының рухының құрметіне өз атынан табыс етті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.