Жаңа Конституция – жаңару мен дамудың айқын бағыты
27.02.2026
85
1

Кеше облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты мазмұнды жиын өтті. Алқалы басқосуға Бейбіт Исабаев, мекеме басшылары, азаматтық қоғам өкілдері, зиялы қауым мен жастар қатысты.

Жиынды облыстық мәслихат төрайымы Гүлнар Тойлыбаева жүргізіп, басқосудың алда өтетін республикалық референдум аясында ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа редакциядағы Конституция жобасы – елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды құжат. Сондықтан әрбір азаматтың пікір білдіруі мен референдумға қатысуы – ортақ жауапкершілік.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде жаңа Конституция жобасының мән-маңызына кеңінен тоқталды.

«Жаңа Конституция жобасы Ұлы дала тарихымыз бен тамырымыздың, заңдылық, дәстүр мен мәдениет құндылықтарына негізделіп жасалған. Біздің халқымыз әрқашан әділдік пен ар-намысты жоғары санаған. Елдігіміздің басты нышаны болып саналатын Конституция жобасында мемлекетіміз бен қоғамды жүйелі жаңғыртуға деген үлкен мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы нақты қадам», – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар ол Ата Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Әсіресе, билік тармақтарының теңгерімі, қоғамдық бақылау тетіктері және халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидаты құжаттың өзегіне айналғанын жеткізді.

Жиында Жетісу университеті Басқарма төрағасы-ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев Конституцияның преамбуласына жан-жақты талдау жасап, кіріспеде халқымыздың тарихи жауапкершілігі, бірлігі мен татулығы, ортақ құндылықтары айқын көрініс тапқанын айтты.

«Преамбула – жай ғана кіріспе мәтін емес. Ол – мемлекетіміздің рухани-идеялық тұғыры. Онда ел бірлігі, қоғамдық келісім, адам құқықтары мен бостандықтарына адалдық сынды қағидаттар нақты айқындалған. Бұл – болашақ ұрпаққа бағытталған стратегиялық ұстаным», – деді ректор.

Сөз соңында ол барша азаматтарды референдумға белсенді қатысып, тарихи шешім қабылдау сәтінде азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Жиында қоғам белсенділері мен сарапшылар да сөз алып, Конституция жобасының артықшылықтарына тоқталды. Олар жаңа құжат елдің саяси жүйесін демократияландыруға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық диалог пен ашықтық қағидаттарының күшеюі – уақыт талабы екені айтылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі алдағы референдум ел тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті. «Әрбір азамат референдумға қатысу арқылы ел дамуына өз үлесін қосады. Бұл – болашағымыз үшін жауапты таңдау», – деді ол.

Осылайша, «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты жиын қоғамда кең талқыланып жатқан Ата Заң жобасының маңызын айқындап, жұртшылықты белсенді азаматтық ұстаным танытуға үндеген мазмұнды кездесу болды.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.02.2026 | 17:40

Өте дұрыс айтылған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір