Бақыт турасындағы қазақ өлшемі
07.04.2017
2426
0

Әлемдегі ең ірі қаржы-экономикалық Bloomberg агенттігі былтыр Қазақстанды экономикасы бақытсыз он елдің қатарына қосты. Сонда «байлық қазақ үшін бақыт емес, ең бастысы денсаулық пен амандық, ел тыныштығы» деп жұбаттық өзімізді. Шындығында, әлемнің әр түрлі зерттеу орталықтары шектеулі параметрлерге салып, дүниежүзіндегі ең бақытты, ең бақытсыз елдердің тізімін жариялап жатады. Бірақ әр ұлттың бақыт туралы түсінігі өз құндылықтары мен дүниетанымдарына байланысты әр түрлі болатынын ескерсек, бұл сараптама қорытындыларына көз жұмып сене беруге болмайтынын түсінеміз. Мәселен, Америка, Батыс Еуропа елдерінің ішкі өнімі артып, экономикасы дамығанымен, ол елдерде өз өміріне налитындар, көңілі толмайтындар, яғни бақытсыздар саны бұрынғыдан көбейе түскен. «Бақ» және «құт» сөздерінің қо­сарлануынан туындағанына қа­рағанда, бақыттың бір анық­та­масы – дәулет, мал-дүние болса ке­рек. Алайда, байлығынан да баян таппай, көңілі алай-дүлей бо­лып жүретін қалталыларды көр­генде бұл да бақыттың өлшемі емес екенін түсінесің.
Ертегілері үнемі «мұратына же­тіпті» деп аяқталатын қазақ хал­қы үшін «мұратқа жету» сөзі «ба­қыт» ұғымымен төркіндес. Әф­саналарымыздағы Алдар көсе мен Қожанасырдың әділетсіз сараң байларды келемеждеп, әділ­дік орнатуы, Асан қайғының жел­мая­сына мініп жерұйықты, Қор­қыт­тың ажал құрығы жетпейтін мәң­гі мекенді іздеуі халқымыздың «қой үстіне бозторғай жұмырт­қа­ла­ған» мамыражай тірлікке, «жар­лы­сы мен байы тең» әділетті қ­о­ғам­ға деген іңкәрлігін аңғарта­тын­дай. Түсінген адамға қазақ бақытының кілті осында секілді. Баланы өмі­рі­нің өзегі санайтын бабаларымыз үшін бақыттың енді бір шарты – отбасындағы жақсы жар мен қайы­рымды ұрпақ. Келе­шегінен үміт­шіл, барына шүкір­шіл, жоғы­на қанағатшыл қазақ бұдан өзге қажеттіліктерді өмі­рінің мәніне айналдыра қоймаған.
Құдай күпір көрмесін, бүгін біз өзі­міз үшін жерұйықтай ыстық ата­мекенімізде, бейбіт заманда жар сүйіп, ұрпақ өсіріп отырмыз. Ал енді біз өзімізді бақыттымыз деп айта аламыз ба? Бұл сауалға «иә» деп жауап берген күннің өзінде, арғы жағыңнан өзге қа­жеттіліктерің қылаң беріп, әлі де толық бақытқа жете алмағаныңды аңғарасың. «Бір кем дүние» деген осы. Рас, талай жыл аңсаған нәр­сеңе қолың жеткен уақытта кеу­деңді бір сәт қуаныш кернейді. Бі­рақ қажеттілігің өтелген сәттен бас­тап, ол сен үшін қарапайым дү­ниеге айналып шыға келеді. Сөй­тіп, келесі бір арманның құ­ша­ғына енесің. Адамзат ғұмы­ры­ның ұзақтығы бақыт іздеу мен ба­қиға кетудің арасындай кө­рі­не­тіні де сондықтан шығар. Кейде ба­қыт бұлдыраған сағым секілді, жа­нына жетіп, қолмен ұстаймын де­генше көзден ғайып болады. Кей­де бақыт ақ ұлпа қар секілді, алақаныңа енді қондырдым деген­де, еріп те үлгереді. Кейде ба­қыт ла­пылдаған от секілді. Жалынына жылынам дегенше, күлге айналады. Сонда бақыт дегеніміз қалаған нәр­сеңе қолжеткізгенде бастан ке­шетін бір сәттік қана көңіл күй ме? Олай болса, бабаларымыз неге қалың қауым жұрты үшін, жаңа ту­ған ұлы үшін, ұзатылған қызы үшін қол жайып, Тәңірінен бақыт ті­леді? Демек, бақыт біз ойлағандай баян­сыз нәрсе болмаса керек.
Атам қазақ «таздың басына, пұ­шықтың мұрнына, адасқанда бат­паққа қонады» дейтін бұл ұғым­­ның шынында өлшемі не, мә­ні мен өзегі неде? Бүгін қазақ та­­ны­мын­дағы бақыт түсінігінің мәні мен маңызына үңіліп көрген едік.


Айсұлу
МОЛДАБЕКОВА,
әлеу­меттанушы

«Өз бақытың – өз қолыңда»

– Кезінде Шә­кә­рім: «Анық бақ деп айтар­лық үш нәр­се бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» деп жыр­­лаған. Бұл бұрынғы қазақтың ба­қыт туралы өлшемі болса керек. Ал бүгінгі қазақтың бақыт туралы тү­сінігі қандай?
– Қазақтың ықылым заманнан бақыт туралы түсінігі «қа­на­ғатшылдық» ұғымымен ұштасып жат­қандай. Себебі, ата-баба­ла­ры­мыз жоғын жоқтамай, барына «шү­­кір» айтып үйренген. Бүгінгі қа­­зақтың бақыт туралы өлшемі кө­бірек материалдық игіліктерге қарай ойысты. Тілек айтқанда да бақыт пен байлықты қатар, екін­шісі біріншісінің мәнін ашатындай айтатыны тегін емес. Демек, ха­лықтың сана-сезімінде бақыт­тың материалдық сипаты орнығу­да. Сонымен қатар, бұрындары «көппен көрген ұлы той», «өзгенің қай­ғысын бөліспей, жалғыз ба­қыт­ты бола алмайсың» деген сияқ­­ты бақытты сезінуде ұжым­дық сана басым болса, қазіргі таң­да «өз бақытың – өз қолыңда» де­гендей индивидуализм басым.
– Шетелдік зерттеу орта­лы­қ­тары мына елдің тұрғындары ба­қытты, ал мына елдіктер бақытсыз деп қорытынды шығарып жатады. Сон­да олар өзге ұлттардың бақытын қандай өлшемдермен бағамдайды? Бақыт туралы түсінік әр елдің құн­ды­лықтарына байланысты әрқалай емес пе? Жалпы, бақыттың өлшемі, критерийі не, мәні мен өзегі неде?
– «Бақыт» – философиялық ка­­­тегория болғанымен, әлеу­ме­ттану ғылымы арқылы оның өмір­дегі «көрінісін» өлшеуге әбден бо­лады. Бұл бағытта сынақтан өт­кен әдіс-тәсілдер жетерлік. Осы тұста, солардың ішіндегі ең танымалы БҰҰ-ның «Тұрақты даму шешімдерінің желісі» жаһандық бастамасы аясында Колумбия уни­верситетінің «Жер институты» зерт­теу орта­лығы жыл сайын әлем бойынша бақытты елдердің рей­тин­­гісін анықтайды. Бұл зерттеу ая­­сында «бақыттылық» деңгейі тек құндылықтар тұрғысынан қа­рас­­тырылмайды, халықтың әл-ау­­қаты, ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы өлшемі, өмір сүру ұзақ­тығы, азаматтардың бос­тан­дығының болуы, қауіпсіздікті се­­зіну мен ертеңгі күнге сенім, от­­басылардың тұрақтылығы, жұ­мыспен қамту кепілі, жемқорлық дең­­гейі және қоғамдағы сенім дең­­гейі, кеңпейілділік пен жо­март­тық та зерттелінеді. Жоғарыда көр­се­тілген объективті көрсеткіш­тер­мен бірге, адамдардың бақытты су­бъективті сезінуі бойынша Ха­лықаралық Гэллап зерттеу ұйымы жүргізген әлеуметтанулық сауалнама нәтижелері де қамтылады. 2017 жылы әлемнің ең бақытты мем­­лекеті 4 млн. 900 мың халқы бар Норвегия екендігі анықталды. Шы­нында да Норвегия корольдігі көптеген әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық көрсеткіштер бойынша әлем­нің дамыған мемлекеттерінің қа­та­рына жатады. Одан кейінгі орын­да Дания, Исландия, Швейцария, Финляндия, Нидерланды, Ка­нада, Жаңа Зеландия, Австралия және Швеция.
АҚШ – 14 орында болса, Гер­ма­­ния – 16, Ұлыбритания – 19, Бра­­­­зилия – 22, Франция – 31, Ита­­лия –48, Жапония –51, Түркия – 69, Қытай –79, Үндістан – 122 орын­­да.
Ал көршілес мемлекеттерден Өз­­бекстан – 47, Ресей – 49, Түркі­мен­стан – 59, Қазақстан – 60, Тә­­жік­стан – 96, Қырғызстан – 98. Ал ә­лемдегі ең бақытсыз мемлекет­тер қатарына Сирия, Орталық Аф­­ри­ка жатады.
Сонымен  адамдардың бақыт­ты күн кешуіне экономикалық жағ­дай, игіліктердің қоғамда тең бө­лінуі, яғни байлар мен кедейлер ара­­сындағы алшақтықтың тө­мен­ді­гі әсер етеді және халықтың өзін-өзі бақытты, не бақытсыз се­зінуі де әсер етеді. Бірінші жағ­дай­да материалдық игіліктер маңыз­ды роль ойнаса, екінші жағ­дайда, Сіз айтқан әр елдегі құн­ды­лық­тар жүйесінің маңызы зор.
Қазақтың менталитетінде жаңа жоғарыда атап өткен «шү­кір­ші­лік» деген жақсы қасиеті бар. Тіп­ті күнкөріс минимумынан тө­мен өмір сүрсе де өзін «ел қатарлы» ба­ғалайтын азаматтарымыз көп. Яғни ешбір қазақ өзін «бақыт­сыз­бын» деп атамайды. «Шүкір, же­те­ді» деп жауап береді. Осылайша әр адам­ның субъек­тивті бақытты се­зінуі мен халықтың тұрмыс-тір­ші­лігін объективті бағалап, олар­дың нәтижелерін бір-бірімен са­лыс­тырып, әлеуметтанулық ма­­ғы­надағы «бақыттылық» коэф­фи­циентін анықтайды.
– Батыс қоғамындағы «бақытты сел­қостық» (счастливая апатия) қа­зір­гі қазақ қоғамынан да бай­қа­латындай. Мойнына ауыр тұрмыс­тың қамытын киіп, күйбең тірлікпен күнін өткеріп жүрген адамдар осын­дай селқостыққа душар болған се­кілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– «Бақыт үшін не керек?» деген сауал­дың жауабы да әрқилы. Да­мы­ған ел болып саналатын, жалпы ішкі өнімі жан басына шақ­қан­да 20 мың доллардан асатын ел­дердің азаматтары өздерін ба­қыт­сыздар қатарына жатқызады. Жал­пылама айтқанда, Сіз айтқан ба­тыс қоғамындағы жағдайдың мә­ні құндылықтардың құлды­рауы­мен түсіндіріледі. Мате­риал­дық игіліктердің бәрі бар, алайда «қуыс кеуделер» көп. Әсіресе, от­ба­сы құндылығының құлдырауы, демографиялық қартаю, т.б. адам­дардың өмірдің мәнін жоғалтуына алып келуде. Біздің қоғамда «ба­қыт­ты селқостық» орын алып отыр деп айта алмаймын. Біздің қо­ғам әлі де болса материалдық игі­ліктердің соңынан қуып келеді. А.Маслоу айтқан «қажеттіліктер тео­рия­сындағы» материалдық дең­гейден әлі  де болса қоғамымыз өт­кен жоқ. Сондықтан біздің қо­ғам­дағы апатия, селқостық, ол – әлеуметтік селқостық. Әлі де бол­­са күйбең тіршілікке жегілген ха­лық көп.


Ғалым ЖҮСІПБЕК,
АҚШ, Вашингтон «Қайта ойлау» институтының сарапшысы

Шәкәрім айтқан өлшемдер адамзат үшін өзекті

Менінше, ең алдымен, әр адам­­ның өзінше бақытты болатынын айту керек. Әрине, соңғы жыл­­дары жасалған көптеген зерт­теу­лер бүкіл адамзатқа ортақ кей­бір құндылықтарды сипаттап бер­ді. Жалпы, өзін бақытты санау не­месе санамау субъективті құ­бы­лыс. Яғни ол баратын бағыт емес, жо­лаушылықтың бір түрі. Сондай-ақ, бақыт туралы түсінік, әр адам­ның ой өрісіне, өмірлік тәжі­ри­бе­сіне, біліміне, идеалдарына, тіп­ті жасы мен өскен ортасына бай­ла­ныс­ты. Халық көсемі болатындай ұлы тұлғалардың бақыт туралы түсінігі мен қарапайым халық өкіл­дерінің бұл тұрғыдағы ойы бір­дей болмауы мүмкін. Дегенмен,  Шәкәрім айтып кеткен өлшемдер қазіргі таңда да өзектілігін жойған емес. «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал ең­бек» принциптерін қазіргі таңда әр адамды бақытқа апаратын универсалды құндылықтар деп айтуға болады.
Соңғы жылдары жасалған зерт­­теулерге зер салсақ, адамды ба­­қытты ететін құндылықтар ара­сын­­да материалдық емес құн­ды­лықтардың басымдығы анық бай­қалады. Олар: отбасымен және өз­ге адамдармен жақсы қарым-қа­тынаста болу, оларды жақсы көру, өмір сүрудің өзінше мағынасын табу, позитивті ойлау, кешірімді болу, басқа адамдарға пайдасын ти­гізу, өз қабілеттерін аша білу, қор­шаған ортаның тазалығы мен ме­дициналық қызметтің сапа­лы­лығы әрі қолжетімділігі.
Кезінде Гарвард универ­си­те­тінің ғалымдары «адам қалай ба­қытты болады» деген сұраққа жауап іздеп көрді. Сөйтіп, адамзат тарихында ең ұзақ саналатын, төрт ұрпақ бойы (75 жыл)  мыңда­ған адам­ды қамтыған (1938-де бас­талып 2013-те біткен) зерттеу жасады. Соның нәтижесінде, әлеу­­мет­тік байланыстардың мық­тылығы, яғни адамдарды тегіне, әлеуметтік деңгейіне, ұлтына, дініне қара­мас­тан қабылдау және жақын адам­дарды жақсы көру  – бақытты болудың ең үлкен факторы екеніне көз жеткізіпті.
Адамды өзін бақытты сезінуге апа­ратын құндылықтар Батыс немесе Шығыс қоғамдары үшін ғана емес, жалпы бүкіл адамзат үшін ортақ. Алайда, қазіргі таңда бұл құндылықтар адами потен­циал­дың  дамуы  жағынан алдың­ғы қа­тарларда тұратын Батыс елде­рін­де көбірек байқалады. Тіпті, кейбір Азия, Африка (Орта Шы­ғыс) елдерінде адамға деген құрмет әлі де төмен, қарапайым азамат­тар­дың өздері ұлтқа, дінге, сектаға, кланға бөлініп алып бір-бірін сый­ламақ түгілі, зәбір көрсетеді. Қо­ғамдық әділеттік деңгейі де тө­мен, қоршаған орта тұрмақ, адам өмірі қорғалмайды, материалдық құндылықтар алға шығарылады.
Ал «қазақтың бақыт туралы ұлт­тық түсінігі қандай?» деген сұрақ­қа жауап беру үшін біздің сан ғасырлық рухани қазынамызға на­зар аудару керек. Сонда жо­ға­рыда аталып өткен универсалды, адамзатқа ортақ құндылықтарды көре аламыз. Ал «қазіргі казақ қо­ғамында бақыт туралы  түсінік қандай» деген сұраққа жауап беру үшін мынаны назарға алу керек деп ойлаймын. Қоғам «дәстүршіл» ме, жоқ па; тіпті одан терең қаз­балай берсек, бұл «дәстүршілдік» шынайы ма, әлде тек қана сыртқы көрінісі ғана дәстүршілдік пе, ішкі мазмұны «советизм» бе, мате­риализм бе, яғни «метамар­фо­заға» ұшыраған дәстүршілдік пе? Жеке тұлғаның, әсіресе жас немесе әйел адамдардың құқықтары мен бос­тандықтары бағзы біреулердің мүд­делері үшін құрбандыққа шалына ма, жоқ па? Жеке  тұлға­лардың қадір-қасиеті үлкен ма­ңызға ие ме, жоқ па? Өкінішке қарай, бү­гінгі қазақ қоғамында бақыт туралы түсінік материалдық құнды­лық­тарға негізделіп қалған се­­кіл­ді. Және де көп азаматымыз өзі­нің бақытты болуын – өзін бас­қалармен салыстыруға, өзгелермен жарысуға негіздеп қойған. Көп­қа­батты коттедж салу, соңғы үлгідегі көлік алу, евроремонт жасату, шет­елге барып демалу, т.б.  Да­мы­ған Батыс елдерінде бұндай нәр­селермен мақтану, оларды өмірге мақсат ету, анахронизм болып саналады, бұның заманы баяғыда өтіп кеткен. Тіпті осыдан қырық жыл бұрын жасалған зерттеуде америкалық студенттердің 78 %  көп ақша тауып бай болуды емес, мағыналы өмір сүруді қалайтын­дарын білдірген.
Бақытты болу рейтингінде да­мыған Батыс елдерінің алдыңғы қа­тарда болуы кездейсоқ емес. Се­бебі, әр адам бұл өмірде өзіне деген құрметті, өзін түсінетін ортаны із­дейді, қабілеттерін аша білуді (са­мореализация), оларды дамытуды көздейді.

Дайындаған
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір