Мұстафа Шоқай ескерткіші
30.03.2017
1961
0

Қазақ тарихында ізі бар азаматтардың тағдырлары әрқилы. Мұстафа Шоқай қазақ қана емес, күллі мемлекеттердің саяси-тарихи болашағы мен бағдары шешіліп жатқан кезеңде қайраткерлік қызметін бастап, сол алмағайып дәуірде өмір сүрді. Оның азаматтық көзқарасы, ұстанымы да шиеленіскен уақыттың күрмеуін шешу мақсатына қатысты болды. Өзі өмір сүрген кезеңнің саяси-тарихи болжамын жасап, қазақтың болашақта «ұтылып қалмауы» жолында күреске шықты. «Үміт, сенім, иман – ұлттық күреске бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер. Біз барлық отандастарымызды үміт, иман, сенім тәрізді моральдық күш пен ғылыми-техника күшін бірлестіре отырып, ұлт азаттығы жолында жұдырықтай жұмылуға шақырамыз. 1937 жыл
жатжұрттарда сергелдеңде өткізген өміріміздің соңы, азат, еркін өміріміздің басы болғай», – депті Мұстафа «1937 жыл» атты мақаласында.

Сол азат, еркін өмірдегі қазағы Мұстафа Шоқай рухын қастерлеп, Қызылордада Мұстафа мүсінін ескерткіш тұғырына қондырды.
Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына ҚР ҰҒА академигі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Досмұхамбет Кішібеков, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкір, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ел азаматтары мен алаштанушы ғалымдар қатысты. Ескерткіштің ашылу салтанаты алдында Рахымжан Отарбаевтың «Мұс­тафа Шоқай» спектаклінен үзінді қойылды. Мұнан соң Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын ескерткіштің ашылуымен құттықтап, сөз сөйледі. «Мұстафа Шоқай – Еуропа топырағына табан тіреп тұрып, әлемдік саясатқа қазақтың үнін жеткізген Алаш қайраткері.Ол кез келген ірі тарихи құбылыс секілді біржақты сипаттауға болмайтын, үйрен­шікті қалыпқа салуға келмейтін тұлға. М.Шоқай сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процестің бел ортасында, эпицентрінде жүріп, Түркі әлемінің, өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты. Сондықтан да Мұстафа Шоқай ақ пен қызылға жақ, я қарсы болды деген қара­байыр түсінікке сыймайды. Ол өзінің бүкіл ғұмырын, күллі қажыр-қайраты мен ақыл-ойын туған халқының, түбі бір тұтас түркі жұртының бірігіп өркендеуіне арнады», – деді Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев. Қ.Көшербаев сондай-ақ, 2015 жылы М.Шоқайдың
125 жылдығын Сыр жұртшылығы атап өткенін, өзінің туған жері Сұлутөбеде қайраткердің ескерткіш-бюсті қойылғанын жеткізді. «Сол мерейтой аясында қайраткер әрі күрескер тұлғаның еңселі ескерткішін облыс орталығы Қызылордада орнату мәселесі қолдау тапқан болатын. Міне, бүгін мемлекеттік комиссия тарапынан үздік танылған, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Көшер Байғазиевтің жобасы Қызылорда қаласында орнатылып отыр», – дей келе, аймақ басшысы Мұстафа Шоқайдың бейнесін жасаған мүсіншілерге алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, салтанатты рәсімде ғалым, философия ғылымының докторы Досмұхамед Кішібеков Мұстафа Шоқай­дың арманы орындалып, халқымен қауышқан күнімен көпшілікті құттық­тады. «Қайраткер халық үшін жанын пида етті. Ал бүгін Шоқайдың өзі келмесе де, рухы еліне келді. Тәуелсіздікпен бірге еңбектері оралды. Ашылған ескерткіш құтты болсын, ұрпақ тәрбиесіне мол пайдасын тигізсін», – деді ғалым.
Мұстафа Шоқай ескерткішінің ашылу салтанатынан соң, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған Қазақстан, Түркия және Өзбекстан­нан Алаш қайраткерлерінің мұраларын зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген белгілі тарихшы ғалымдар қатысты.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір