Әдебиет ауылындағы бәсеке
Әлемде әдебиет саласы бойынша өткізілетін бәйгелер жеткілікті. Біз солардың бірі Нобель сыйлығына ғана көбірек көңіл аударамыз. Ал одан өзге Хьюго, Сервантес, Джеймс Тейт, Х.Андерсен, Астрид Линдгрен, т.б. атындағы жүлделер, тек әйел жазушылар қатыса алатын және әділқазылар алқасы да ханымдардан тұратын Orange әдеби сыйлығы туралы, әлемде әдеби шығарма үшін ең үлкен сыйлық (100 мың евро) ұсынатын IMPAC халықаралық сыйлығы жайлы көп біле бермейміз. Оны былай қойғанда іргеміздегі Ресейдің өзінде бұндай әдеби сыйлықтардың саны өте көп. Бұл сыйлықтардың көбін мемлекет емес, жеке кәсіпкерлер ұсынатыны тағы бар. Ал бізде ше? Хас шеберлерді шыңдайтын қандай әдеби бәйгелеріміз бар? Әрине, ауыз толтырып ешнәрсе айта алмасымыз анық. Осындай ірі жүлделерге татитын бірнеше емес, бір ғана ірі әдеби сыйлық белгілеу қолымыздан келмей отырғаны өкінішті.
«Өнерің жетіп, өсе алмай қалсаң, сол қайғы… Күнде таласқан өнерің өнер болмайды!» деп Мұқағали жырлағандай, өнері мен өресі жете тұра, назардан тыс қалған жазушылар да, өнерді бәсекеге балап, әріптестерін күндесіндей күндейтін қаламгерлер де болған бізде, әлі де бар. Өнердің бәсеке екені рас. Бәсеке болмаса, үздік нәтиже болмасы да анық. Қаламгерлеріміздің қаламы ұштала түссін, жастардың төл әдебиетке ынтасы аусын деген ниетпен қазір түрлі жанрлардағы әдеби шығармаларға байқаулар арагідік ұйымдастырылып тұрады. Ашық айтылмаса да осындай бәйгелердің өткізілу мәдениеті, шын жүйріктерді сұрыптаудағы тазалық турасында сан алуан пікірлерді естіп қаламыз. Ал сол өнер бәйгелері әдебиетімізге, ұлтқа қандай пайдасын тигізіп жатыр? Ол өз алдына бөлек әңгіме. Кезінде бір жақсы шығарма жазылса немесе ақын-жазушылар мемлекеттік дәрежеде мойындалып, марапатталса, жұрт болып қуанып, ұлт болып серпіліп қалатындай көрінетін. Ал қазір кім не жазса да, қандай марапат алса да ешкім селт етпейтін болған. Мұндай немқұрайдылық бізге қайдан келді? Қаламгерлерімізді осы ойлар төңірегінде ой бөлісуге шақырдық.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
жазушы
ҚАЙСЫБІРІН АЙТАЙЫН
Әдеби шығармаларға байқаулардың жиі ұйымдастырылуын тек құптау керек. Ондай игілікті шара қаламгерлерге рухани демеу болады ғой. Ал жүлдегерлерге ұсынылатын сыйақы мөлшері спорт жұлдыздарына беріліп жататын қомақты сыйақылардан кем болмағаны керек, артық болып жатса, тіпті жақсы. Еңбегіне қарай – құрметі. Дегенде, біздің қоғамда бір парадокс пайда болды. Жеңіске жеткен медальды спортшыға сыйақы ретінде тегін пәтер беріліп жатады. Сол пәтердің құны қанша тұрады? Миллиондарға шырқайды. Оны әдеби шығармалар байқауында жүлдеге ие болған қаламгерлерге берілетін сыйақымен салыстырғанда қонылтақсып қаламыз. Салыстыруға мықтағанда бір миллион теңге алар. Соны көп деуге бола ма? Көптігі – бір тамшыдай ғана.
Мейлі, бір тамшыдай болса да өнер бәйгелердің үзілмегені жөн. Жөн дейтінім, ақын-жазушыларымыз қоғамнан шеттеп қалды. Кітабы шыға қалса, алатын қаламақысы мардымсыз. Жазушыларымызға қарағанда, ақындардың жыр мүшәйрасына қатысып, бір серпілетіні бар. Олар сол кезде ғана көзге түсіп қалады. Ал жазушыларымыз көбіне жұртшылық назарынан тыс. Бұрынғы замандағыдай ел аралап, оқырмандарымен дидарласу сап тыйылды. Жалпақ жұрт қаламгерлердің қандай шығармалар жазғанынан мүлде бейхабар. Ел ішінде әдеби шығармалар бұрынғы замандағыдай насихатталмайды.
Осындай жағдайда әдеби шығармаларға байқаулар ұйымдастырылып, бәйге белгілеудің әдебиетімізге және ұлтымызға тигізер әсері қайдан болсын. Оның әсері тек бүгіндік, шамалы уақыттан кейін ұмыт болады. Өйткені, сөз болып отырған байқаулар өтпелі шара. Әдеби шығармаларды және оның авторларын барынша жүйелі насихаттағанда ғана көпке тигізер әсері болмақ.
Ұйымдастыру, сұрыптау шараларына қатысып жүрсем екен. Басы-қасында болмағасын киіп-жарып не дейін. Елдегі біздер байқаулардың өткізілгеніне, жеңіске жеткен авторлардың сыйақыға ие болғанына қуанып мәз болуды білеміз.
Үшінші сауал қай-қайдағыны еске салады екен. «…қазір кім не жазса да, қандай марапат алса да ешкім селт етпейтін болған. Мұндай немқұрайлықтың бізге қайдан келді?» деп төтесінен қойған. Дұрыс, орынды ой. Айтыла беретін мәселе. Самарқаулық бізге көктен түскен жоқ. Ұлттық менталитетімізде бұрыннан бар. Оның үстіне Брежнев билігі тұсында карьерасы биіктегендердің қоғамдық кеңшілігінен көңілдері де биіктеп кетті. Бір мысал келтірейін. 1974 жылы жерлес жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов Мұхтар Әуезовтен кейінгі КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (прозадан) болды. Бұл дегеніміз жазушының кіндік қаны тамған жерде ұлан-асыр той болатын оқиға ғой.
Жоқ. Сол тұста Арал ауданын 12 жыл басқарған республиканың жоғарғы советіне үш шақырылым бойына депутат болған «қозықарыны» былқ етпеді. Облыс басшысының құттықтаған жеделхаты автордың қолына тимеген, Одақтың тартпасында жатып қалған. Облыстың қазіргі әкімі Қырымбек Көшербаев жазушының 90 жасқа толуы орайымен ортамызға шақырып құрметтеді. Ағамызбен бірге болып бір серпіліп қалдық. Сөйтіп, айтарыңыз не, Әбең жерлес оқырмандары ортасында тек сол жолы, арада 40 жыл өткенде ғана болып қайтты.
Тағы бір оқиға. Ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың Қызылордаға келіп кеткенін мен кейін білдім. Күні кеше М.Шоқайға ескерткіш орнату салтанатында ескі таныс, мұғалім болған зейнеткер мені көріп, жағамнан ала кетті. Т.Жұртбаймен өздерің кездесіп, бізге неге айтпайсыңдар деп. Не дейін, ұйымдастырушылар сонда қаламгерді ардагерлермен кездестірмей, кімдермен кездестірген?
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы
НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ – ДЕНДЕГЕН ДЕРТ
Айналайын Абайыңыздың өзі сайлау мәселесі-нен меселі қайтып, қатты түңілген. Қазақты сол сайлауыңыздың қалай бөлетінін, қайтіп бұзатынын, партия-партия болмақтың ізгілікті ірітіп, ынтымақты ыдырататынын күйіне айтып, кіртие жазған. Бірақ бүкіл адамзатыңыз сол сайлауыңыздан артық, сол сайлауыңыздан жетілген нәрсені әлі күнге дейін таба алмай келе жатыр.
Біздіңше, әдебиет, өнер, т.т. және т.б бойынша ұйымдастырылатын бәйгелер, конкурстар, мүшәйралар да шамамен алғанда сайлау сияқты сезіледі. Бәйгелер бұрын да болған, бүгін де бар, келешекте де жалғасын табатын шығар.
Бәйгелерде озып шыққан, қомақты-қомақты жүлделерді қанжығаға байлаған туындылардың бәрі бірдей алған атақтарына, иеленген байлықтарына лайық бола бермейтіні де, түгелдей әдебиетіңіз бен өнеріңіздің, ұлтыңыздың қазынасына айналмайтыны да аян-дүр. Мұның түрлі-түрлі себептері бар. Жауаптарын және де айналайын Абайыңыздан анықтайсыз. Жетіспейтіні: Әділет. Имани гүл. Пайда ойлама, ар ойла; т.т және т.б.
Біздің жасырақ жылдарымызда «Жалын» бәйгесі жап-жақсы ұйымдастырылатын. Мәселен, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қарауылбек Қазиев сияқты тағы да бірқанша таланттарыңыз сол бәйге арқалы топ жарып шыққан. Олардың «Қарлығаштың ұясы», «Иманжапырақ» сынды туындылары да әдебиетіңізге әйдік әсер еткен. Біз пақырыңыз да «Жалын» жарысында екі-үш мәрте жүлде иеленіп ек. Бір таңданарлығы сол, біз бәйгеге бірдеңемізді жібердік, жасырын атымыз мынандай, шығармамыз анандай деп біреуге айтудан, қоңырау шалудан аулақ болатынбыз. Ұялатынбыз. Ондай арсыздыққа бетіміз шыдамайтын. Бәйге алғанымызды білмей де қалатынбыз.
Мына заманыңызда бар-баршасы басқашаланды ғой. Ұят пен аяттың қайда қашып кеткенін кім білсін-ай, кім білсін. Тіс қаққандарыңыз да, тістері енді-енді шығып келе жатқандарыңыз да жасырын, жабық бәйгелеріңіздің өзінде таныстар іздейді, тамырлар табады. Алдын ала айтудан ұялмайды. Айтпаса, айтылмаса, айтқызбаса, арланады-ау қайта.
Бәрібір, бәйгелер керек. Сайлауыңыз сияқты. Сайлауыңызда сайланған бірен-саран депутат болмаса, көбіне көңіл толмайды емес пе? Әдебиетте де солай. Немқұрайдылық – барлық салада дендеген дерт. Абай айтып кеткен имани гүлдің арамшөпке айналуынан, әділеттің әлсіреуінен, тектіліктің табанға тапталуынан, шындықтың шетқақпайлануынан, ардың пайдаға жұтылуынан… Бұлардың бәріне қоса іштарлықтың меңдеп, құштарлықтың жүдеуінен.
Бірте-бірте бұлтыңызда сейілер. Ұлтыңыз да серпілер. Немқұрайдылық та айығар. Неғыпты сонша…
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ТАЛАП ПЕН ЖАУАПКЕРШІліК БҰРЫНҒЫДАН ТӨМЕН
Әрине, әдебиет саласындағы түрлі бәйгелер өте қажет. Мұны дәлелдеп жатудың өзі орынсыз. Бүкіл дүниежүзі бойынша алғанда, әдебиетті дамытудың бір жолы – арнайы бәйгелер жариялап, қаламгерлерді ынталандыру екендігі баршаға мәлім. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бізде мұндай бәйгелер әлде де аз деп ойлаймын. Алдағы уақытта оларды қазіргіден әлдеқайда көбейтсек өте дұрыс болар еді. Мұндай бәйгелер, ең алдымен, әдебиетіміздің жаңа, жас толқынынның қатарын көбейтуге, олардың шығармашылыққа деген ынта-ықыласын арттырып, дарын-қабілеттерін шыңдап, жұртшылыққа танымал болуына қолдау көрсетуге негізделуі тиіс. Қаржылық жағынан Қазақстанда бұған толық мүмкіндік бар; соған орай болашақты мұндай бәйгелердің қажеттілігін түсінетін жанашырлық көзқарас қалыптастыру керек.
Әрине, мұндай бәйгелер қаншалықты нәтижелі болады және әдебиетіміздің дамуына қалай ықпал етеді – мұның бәрі бәйгенің тағдырын шешетін әділқазылар алқасына байланысты. Сөз жүзінде мұндай бәйгелерде жүлдені ең сапалы, ең үздік шығармалар ғана алу керек дегенді жұрттың бәрі бір ауыздан өте жақсы айтады. Барлығы да әдебиетке өте жанашыр екендіктерін білдіреді. Ал іс жүзіне келгенде, біраз мәселе мүлдем басқаша шешіледі. Мұны әдебиет жөніндегі бәйгелерге қатысып жүлде алғандар да, жүлдеден құр қалғандар да, ең бастысы, сол бәйгеге әділқазы болған сарапшы ағайындар да бізден гөрі әлдеқайда жақсы біледі. Сондықтан оның бәрін қайталап, дәлелдеп жатудың өзі ыңғайсыз.
Дегенмен, соңғы уақытта әдебиет саласындағы түрлі бәйгелер мен сыйлықтарға ие болудың талабы мен жауапкершілігі бұрыңғы уақытпен салыстырғанда әлдеқайда төмендегені анық. Ал сонда бұған қалай тоқтау салуға болады? Бұл да ауызша айтқанда өте оңай болғанымен, дәл қазіргі кезеңде бізде жүзеге асуы өте қиын мәселе. Қиын болатын себептер де сан алуан. Бірақ қалай болғанда да, мұндай бәйгелерді сарапқа салатын қазылар алқасына әдебиетке шынайы жанашыр және өзінің бұл саладағы жауапкершілігін анық сезінетінбілгір мамандар көбірек тартылса дейміз. Бәлкім, сонда барлық өркениетті елдердегі сияқты бізде де бәйгелер мен сыйлықтарды ең мықты, көркемдік сапасы ең жоғары туындылар ғана алатын болар.
Өркениетті елдерде бәйге алған шығармалар жұртшылыққа жан-жақты, кеңінен насихатталады; соған орай ол барынша көп таралыммен жарыққа шығып, қалың көпшіліктің қолына жетеді. Осының нәтижесінде кітап шығару мен тарату бизнестің ең тиімді түрлерінің біріне айналған. Біз бұл жөнінен де өзгелерден едәуір кейін қалғанбыз. Бұған көз жеткізу оп-оңай; мысалы Алматыдағы кітап дүкендеріне барып қараңыз, ондағы сатылымға шығарылған кітаптардың басым көпшілігі – Ресейдің өнімдері. Ал сонда Алматыдағы қаптаған баспалардың кітаптары қайда? Бұған әлі күнге дұрыс жауап берген ешкім көрінбей тұр.
Міне, осыған орай, алдағы уақытта бәйге жариялап, ол бәйгенің қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды жинап, мақтау қағаздар мен тиісті ақшасын берумен ғана шектелмей, ол жеңімпаз шығармаларды жұртшылыққа кеңінен насихаттап, мүмкін болғанша көп таралыммен шығаруды қолға алу қажет.
Дайындаған Айнара АШАН.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.