Социалистік бәсеке (әңгіме)
27.11.2024
264
0

– Қатын, қабағың қатулы ғой, – деп Пәштай үйге сөйлей кірді. Әше­йінде алдынан жайраңдап шығатын жұбайы Рауғаш қолына ұстаған аудандық «Өскен өңір» газетін жалп еткізіп жерге тастай салды.
– Не жазыпты, газетке өкпелі сияқтысың ғой? – деп еді, әйелі шаптығып қалды.
– Жұрт­тың әйелі он бала туып, герой боп жатыр. Менің жеті бала туып, жүрісім мынау. Сегізіншіге тағы жерікпін, – деп жұп-жұқа төрт бет аудандық газет­ті жерден алып, қосағының қолына ұстат­ты.
Пәштай – өндіріс бригадирі. Негізі, бригад деген – колхоз бастықтан ке­йінгі мәртебе. Бүкіл жер мен егін, отын-суға бөлінген көлік, жыл аяғында жұрт­тың шекесінен шертіп, артық өнім жазу – бәрі-бәрі бригадтың қолында, тек істің тігісін жатқызып, қара-құрамен тіл табыса білу керек.
– Е-е-е, несі бар, Құдайдың бергені де, – деді тумысында терісі кең Пәштай газетке көз жүгіртіп. – Күміс алқаң мойныңда. Сегізінші март­та селсәбет орамал мен қара кеспе жауып, әтір-сабынның бәрін саған әкеледі. Кімнен кемсің? – деп жұбайының көңіліне дақ салған алақандай аудандық газет­ті жалп еткізіп жерге тастай салды.
– Жұрт­тың қатыны герой боп жатыр, – деп бұртиып тіл қатқан Рауғаш шай қамына кірісті.
Пәштай кейде жақын маңда жүрсе үйге кеп түстеніп кетеді, алыста жүрсе «бөрі азығы – жолда» деп көрінген қазақ үйден дәм тата салады. Бригадты ауырсынатын түтін жоқ.
– Онда сен де онға жеткіз де, күріш ек, – деп күйеуі босағада тұрған түртиген темірін көтерсең су ытқып қоя берген томпақ қол жуғышқа алақанын шайды.
– Мен он бала туып, күріш ексем, балаға кім қарайды? – деп Рауғаш сөзін түйіндеп, сәл іркіліп қалды.
– Апам қарайды.
– Апамды көндіріп көр. «Он баламен күріш егемін деген не сұмдық!» – деп естіген кез­де-ақ екеумізге тұра ұмтылмай ма? – Рауғаштың қайын енесіне деген ызасы әп-сәт­те бетіне кілкіп шыға келді. – Енем көнсе… бала туу деген түк емес.
– Иә-ә, түк те қиындығы жоқ, тек асырау оңай емес, – деп Пәштай жерде жатқан газет­ті қайта қолына алды.
«Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өспей ме» деген жұбайының ыза аралас даусын естіген ол дастарқан басына жайғасты.
Алақандай аудандық газет­ті қайта қарап еді, бір бетіне көрші «Еңбекші» ауылындағы Ұлман Жайсаңбаева деген әйелдің күріш дестесіне оранып тұрған суреті мен астында «очерк» деген түсіндірмесі бар «Он үш жұлдыз» деген мақала жарияланыпты. Арасында еліміздің ең басты дөкейі – Бас хатшының Қазақ­станның 50 жылдығында сөйлеген сөзінен үзінді жүр. «13 бала тәрбиелеп, күріш еккен Ұлман Жайсаңбаева екі мәрте Ер» депті.
– Апырмай, шынымен он үш пе екен? – деп Пәштай жастыққа жантайып жатып ап, газет­тен көзін тайдырып, әйеліне қарады.
– Өлген ағасының үш баласын да атына жаздырып алған, дейді. Өзінен шыққаны он ғой, – деді Рауғаш бір кесе шайды тістене ұсынып.
– Онды туу да оңай емес, – деп самауыр түбінде қабағы түйіліп отырған әйеліне кесесін ұсынды. – Құдай күш-қуат берсе, келер жылы сегіз болса, екі жылда сенікі де он болады. Сосын, «Батыр ана» атанасың. Құдай екеумізге де қуат берсін, – деп тағы бір кесені сораптай бергенде, көшеде тұрған мәшиненің «Би-и-и-п!» деп созылған даусы естілді.
Шопыр кеп қалды. «Көкиірімге» барып, жерді көруіміз керек. Жол жаман. Егіске жер таңдап, сүдігер жыртуға дайындаймыз. Өзің де дайындықсыз қалма, – деп күнде көріп жүрген әйеліне сөзбен ши жүгіртіп, орнынан көтеріле берді.
– Сіз дайын болсаңыз, біз дайын, – деп Рауғаштың түюлі қабағы жазылып, өң-жүзіне өмір нұры қалқып шыға келді.
Бригадты күтіп тұрған «ГАЗик» қайқаң етіп дөңгелеп кет­ті.
«Көкиірім» – ауылдан он бесшақты шақырым жер, топырағына түрен тимеген тың аймақ. «Осы жерді Рауғашқа қалдырсам. Бастыққа оңаша айтсам. Оу, «әйелдер жасампаз күш, оларды еңбек майданына шығару керек» деп биліктің өзі айтып жатқан жоқ па? «Біздің Рауғаштың Ұлман Жайсаңбаевадан қай жері кем», – деп қосып қоям. Ол да ертең баланың санын онға жеткізеді», – деп бір қайырды да, шайқалақтап кетіп, шопырға қарады. Ойқы-шойқы жолда төрт дөңгелек жүк мәшинесі шоқырақтап, тәт­ті қиялы үзіліп, түйінделмей қалды. Әудем жер жүріп жол түзелген соң тәт­ті ойын одан әрі жалғады. – «Әуелі парторгке айтайын. Өзі бізге күйеу боп келеді. Саясат­ты жүргізетін сол ғой. «Көкиірімнің» түрен тимеген топырағы жаман өнім бермес» деп өз-өзінен жеңілдеп кет­ті. Сол жағындағы жылдамдыққа салатын қақайған темірге тізесі тиіп кетіп, денесі ду ете қалды. Көрпе астында Рауғаштың тұла бойын денесі жалап өткенде осындай күй кешетін. «Бүгін қайтсем де парторгпен сөйлесем» деп, өзі сөйлеп, парторг тыңдап отырған оңтайлы сәт­ті көз алдына әкелді.
– «Көкиірімнің» төбесі көрінді, – деді шопыр жігіт қақайған темірдің жұдырықтай дүмін алақанымен қыса ұстап. Тегіс жерге түскесін мәшине алып-ұшып жүйтки жөнелді. Шопыр бір қолы рөлде, бір қолы қақайған темірдің жұп-жұмыр дүмінде, төрт дөңгелек осы бір жіңішке темірге бағынып қалған секілді. «Тіхниканың болмысы да адамнан айнымайды екен-ау» деп ауылдан ұзап шықпаған Пәштай өз ойына өзі таңғалды.
Енді жол жақсы, – деді шопыр күбірлеп.
Пәштай тістеніп сөйлеп қалған жұбайына аяқ астынан іші елжіреп, жүзін көріп, бір ауыз тәт­ті сөз айт­қанша асықты.

* * *

Отыз жыл бірге жамылған көрпе бұрынғыдан да жып-жылы боп кет­ті. Ерлі-зайыпты екеуі түнде шәйі көрпенің астында жатып әңгіме тиегін ағыт­ты. Күйеуі бір қырындап алып, жұбайының иығына қолын салып ап, еркектік сезімнің шылбырына шырмалып қалды. Бұрын «күнде көріп жүрген Рауғаш қой» деп қарайтын әйелінің тіліне бал үйіріліп, ә дегеннен таңдайдан шыққан тәт­ті сөз тұла бойын баурап әкетіп барады. Кейбір сөзіне қою қараңғыда селк-селк етіп күліп те алды.
Алматыдан «Еңбекшіге» келген дөкей бастық жиналыс жасапты, Ұлман Жайсаңбаеваның 13 бала өсіріп, еңбек еткендердің алды боп жүргенін атап айтып, ең соңынан: «Сұрақтарың бар ма?» – дегенде, сол ауылдың үлкені боп есептелетін бір шал: «Қарағым, Ұлманның еңбегі – еңбек-ақ, оның күйеуі Сейсенбайдың еңбегі неге еленбейді?» – дегенде, дөкей сасып қап: «Еленеді, еленеді», – деп ыржалаңдап күле беріпті дейді. «Шынында да, еңбек соныкі ғой», – дегенде, Пәштай мәз боп: «Мені де бағалайтын біреу бар екен ғой. Соғыста «Отан үшін жан пида!» дегендей, перзент үшін аянбайықшы, – деп қозғалақтап қалды.
– Осы сенің ішің бұрынғыға қарағанда, үлкендеу ме?» – деді жұбайының теңкиген қарнын сипап.
Алты айлық қой. Ертең доғдырға барамын.
–Мен де ертең парторг пен бастыққа кірем. «Көкиірімнен» 20 гектар жер алам сенің атыңа. Екеуі де қарсы бола қоймас. Партия саясатына қарсы шығуға қорқатын шығар. Өздері емес пе, «әйелдерді алдыңғы сапта ұстаңдар» деп жүрген. Қол-аяғыңды аман-есен бауырыңа алсаң, ерте көктемде егіске шығасың. Кетпен ұстап, анда-санда қарауытып, ел-жұртқа бір көрінсең… – дегенде, аяғы ауыр әйел дүниеде дәл осындай еркек жоқтай қырынан жатып алып күйеуін қат­ты қысып, құшағына алды.
– Енем де қолдап отыр. «Жұрт­тан қаласың ба?» – дейді… – бәріне риза Рау­ғаштың еміс-еміс үні естілді.
Бұл – қырыққа тақап, қырқылжың шақты бастан өткерген ерлі-зайыптылардың неке түніне бергісіз ерекше тәт­ті түні болды.

* * *

Құдай бере­йін десе, аянбайды екен, Рауғаш күзге салым егіз ұл тапты. Біреу­іне – Мейрамбек, екіншісіне – Әлімбек деп ат қойды. Шілдехана, бесік той деген бұл шаңырақ үшін таңсық емес, аузының салымы бар екі-үш көрші әйел­ді шақырып, шарананы бесікке салды. Қазақ перзент санамаған, осы жолы іштей біреумен бәсекеге түскен Рауғаш бесік басында тұрып: «Енді біреу тусақ, «Батыр ана» боламыз!» – деп саңқ ете қалды. Қайын енесі: «Тәйт әрі, жаман ырым жасама!» – деп бетін қайтарып тастады. Рауғаштың шамырқануына тағы бір себеп, «Социалистік Қазақ­стан» газетінен тағы да Ұлманның суретін көрді. Республикалық әйелдер құрылтайына облыс атынан қатысатын делегат екен. Сурет­тің астында «Батыр ана», мол өнімші диқан» деген сөздер жазылыпты. «Облысты бір өзі ұстап тұрғандай шалқаюын қарашы. Кеудесінде қос Алтын жұлдыз жарқырап…» Түртпек ой оң бүйірін түртіп қалды. «Өлә, мынаны қара, қасында Қостанайдағы шошқа бағатын қыздың суреті тұр», – деп Рауғаштың дау­сы қат­ты шығып кет­ті. Әнтек дауыстан бесіктегі шарана шар ете қалды. Бесікті тербетіп тұрып тағы да өзіне-өзі сөйледі.
«Кәпір-ай, күндіз-түні доңыздың қасында қалай жүреді екен!?» – деп жиіркене қараса да, қыздың кеудесіндегі Алтын жұлдыздың бір ұшы кірш етіп қадалғандай кеуде тұсы дыз ет­ті. «Осыдан енді… бір жылда бір бала тусам… көрерсіңдер мені де. Сосын тууды біражола доғарам» деп түс ауа келген газет­ті лақтырып тастап, бір жаққа асыққандай дызақтап, Пәштайдың жолын тосты. Сол келсе ауыр жеңілдеп, алыс жақындайтындай боп көрінді. Өзі топырағын баспаған «Көкиірім» деген жердегі ұзындығы мен еніне көз жетпес егістік алқап пен төртбұрыш атыздарды көргенде, жүрегі дүрсілдеп кеткен. «Бұны сумен қалай толтырады, күріш деген үш ай жаз суда тұрмай ма?» деп кең алқапқа қорқақсоқтай қараған. Сөйтсе, кәрі Сырдария бәрін сумен қарық қылады екен, содан арнасын алған ағын су сай-саланы толтырып, көл-дария боп көлкіп жатады екен. «Біз бала емізуден басқа түк көрмеппіз-ау» деп егіске шыққан күні айналасына таңғала қарап, көңілі сергіп қайт­қан. «Осының бәрі бір Пәштайдың арқасы, сол болмаса мен тоғыз балаға толғатып, кетпен ұстар ма едім. Сол аман болсыншы! Құдай соны күш-қуат­тан айырмасын» деп талтүсте ерінің жолын тағатсыздана тосты. Егізді қырқынан шығарысымен егіс басына барып, алқапты көріп қайт­қан әйел оныншы перзентінің сұлбасын көз алдына кескіндеп селт тұрып қалды да, газет­тегі Ұлманның суретін қайшымен қиып алып, күн түскен терезенің алдына қойды. «Тегін әйел емес, тегін адам мұндай болмайды». Шошқа баққан қыздың суретін де қиып ап, умаждап, самауыр түтігіне сап от тұтат­ты. «Қазір Пәштай кеп қалса, шай дайын болсын» деп асығыс-үсігіс қимылға көшті. Бірге отырып шай ішуді, сосын, боз орамалмен желпініп отырып айтар әулекі әңгімені, сосын, күннің батып, қас қарайуын күт­ті. «Он бала туған әйел бұл ауданда аз емес, бірақ Ұлманнан ке­йін шұбыртып бала туып, кетпен ұстайтын мен ғана шығармын». Өзіне-өзі риза бір зуыл өнбойындағы жіңішке жіптің бойымен жүгіріп өт­ті.
Тұтанған от бықсып жана бастады. «Енді сексеуіл салайын» деп түтіндеп жатқан самауыр түтігіне төніп, шошқа баққан қыздың қара күйікке айналып, ирелеңдеп жанған суретіне жаны рақат­тана қарады.

* * *

Колхоздың жалпы жиналысынан бригад Пәштай үнжырғасы түсіп қайт­ты. Есіктен кірген бет­те бетіне жалт қараған Рауғаштың көңілі тоқ, жүзі жайдары, сүйінші сұрағандай алып-ұшып сөйледі.
– Менде жаңалық бар. Жүрегім айни бергесін доғдырға барып едім, «аяғың ауыр», – деді. Осыны аман-есен босансам, еркек болса – Тоқтарбай, қыз болса – Қоштасу қоям атын. Біз перзентке риза болсақ, олар екеумізге риза шығар. Бәрі сенің арқаң, Пәштай! – деді де, қабағы түйіліп қалды. Күйеуінің өң-жүзінен кірбің байқады.
–Не, жиналыста бір нәрсе айт­ты ма?
– Парторг көп сөйледі. «Мәскеу жақ дүрлігіп жатыр» дейді. Олар дүрліксе, біз қалтыраймыз ғой. Әйтеуір аман-есен болайықшы!
Дүрлігіп-дүрлігіп қоят та. Желтоқсан да өт­ті ғой дүрлігіп, – деп әйелі саясатқа да ауыз салды.
Пәштай шайын ішіп болған соң төсекке жатуға ыңғайланды. Соңғы кез­дері отыз жыл отасқан ерлі-зайыптылар дәл бір жаңа үйленген жас жұбайлардай жұмсақ көрпені ерте жамылатын болып жүр. Бүгін де емшектен шығаруға дайындай бастаған шақалаққа көкірегін бір сорғызып алып, көнтерлі қайын ененің қолына ұстат­ты да, Рауғаш жатын бөлмеге жетіп келді.
– Енді бұрыш жағып қоймасам… жүдә қояр емес қой тартқылап, – деп омырауын түймелеп келе жатыр. – «Уыз күйіңде көтеріпсің», – деді доғдыр қыз.
– Күріштің бітімі де жаман емес, – деп күйеуі әңгімені егіске бұрды.
– Екі бақ бірдей қонса… «Батыр ананы» бірден беретін шығар. Сосын, геройлық болса…
– Әуелі медаль алсайшы. Ол сатылап келетін дәреже ғой, – деп күйеуі атақ-даңқтың мәнісін айтып, түсіндіре бастады.
Он бала туып, кетпен шауып жүрген қатындар көп емес. Соның бірі – біз шығармыз.
Әуелі оныншыңды жарыққа шығарып ал, қалғанын ке­йін көресің. Парторгтің бүгінгі сөзі жаман. Бір қауіп бар секілді.
Күйеуінің енжар кейпіне көңілі толмаған Рауғаш аяқ астынан бұртия қалды.
– Өзің бүгін әжептеуір боп қалыпсың ғой.
– Жалғыз мен емес, бастық та, парторг те осындай.
– Қатындары бедеу қалған биедей екі-үш баладан асырмаған соларды қойшы. Еркекпіз деп жүр ғой солар да.
– Не де болса, колхозды ұстап тұрған солар ғой. Қой, жатайық. Ертең ауданда жалпы жиналыс…
Аудандағы жиналыстан білгені – Мәскеу дүрлігіп, Бас хатшы орнынан түсіпті. Енді әр ел дербес өмір сүріп, өз түтінін өздері түтететін болыпты дейді. Осыны айтып келгенде, Рауғаш балаша қуанды.
– Қайта жақсы емес пе? Біреуге күнің қарағанша өз жыртығымызды өзіміз жамамаймыз ба? Қашанғы Мәскеу деп жалтақтап отырамыз, – деп жеңіл ауыздыққа салып, саясатқа да тура тарт­ты. – Геройлық та өз қолымызда болады.
– Колхоз тарап кетсе, не істейсің?
Рауғаш тілін тістеп тұрып қалды. Көз алдына күздің күні сап-сары боп басын көтере алмай тұрған дәні баданадай-баданадай күріш сабағы елестеді де:
Не дейд… Колхоз тараса, қалай күн көреміз? – деп жыламсырап қалды. – Тоғыз баланы… оныншыны сол үшін… – Рауғаш оң қолын көкірегіне қойып біраз тұрды да, жүрегі айнып, далаға қарай сытылып кет­ті. Қауындыққа барып ұзақ лоқсыды. Тұла бойы дызылдап, тағы бір лоқсығанда аузынан қып-қызыл қан ытқыды. Періште боп жаралған оныншы перзент­тің сұлбасы жерде қалмай көкке ұшып кет­ті.

* * *

Биылғы егін бітік болғанмен орылмай қалды. Колхоз тараған соң жерді сатып алған қаладан келген біреу сары дәннің рәсуасын шығарып, бітік егіннің берекесін кетірді. Біресе тірлігіне мәт­тақам адамдарға, біресе темір-терсек – техникаға жала жауып, қызыл дән ақыры қырманға түспеді. Жекенің тірлігіне көндіге алмаған Пәштай да – қазір көптің бірі. Қолда бар екі-үш уақ малға қарап, аузы құрғағанда біреуін сойып жеп сорпа ғып ішіп жүр. Тоғыз бала тапқан Рауғаш «Батыр ана» атанбаса да, Алла тоғызына тоқтық берсін деп тәуба айтады. Тек анда-санда «Батыр ана» Ұлманның аты аталғанда іші удай ашиды.
Жаңалықты оқып тұратын аудандық газет те шықпай қалды. Кеше сол он үш бала өсірген өнегесі мол диқан Ұлманның да уақыты келіп, дүниеден қайт­қанын ауылдастардың аузынан естіді. Бұрынғыдай салтанат жоқ, аға­йын-туыс қоңырқай күйде шығарып салыпты. Рау­ғаштың о бастан құлағы түрік, газет­тегі жылт еткен жаңалықты құр жібермейді, әрнені сыпайылап жазатын «Лениншіл жас» қазір «Жас Алаш» болып аты өзгеріп, азуы алты қарыс сөзсойылға айналды.
– Пәштай, мына қара. Өлә, сауап болған екен, одан да өлгені жақсы еді. Анау Қостанайдағы шошқа баққан қыз жындыханаға түсіпті. Мә, оқышы, – деді күйеуіне газет­ті ұсынып.
Пәштай мойнын бұрмайтын жаңалық атаулыны Рауғаштың қызыл тілі құр қалдырмайды. Амалсыз көз қиығын салғанда, газет­тегі қара бояумен көмкеріліп, қара сызықпен қоршалған сурет пен «Доңыз-өмірдің ақыры» деген тақырыптың сояудай әріптері арбиып-арбиып тұр екен.
– Сол, шошқа баққан герой қыз ғой, – деді одан әрі оқығысы келмей.
– Сол… соның дәл өзі, – деді Рауғаш айызы қанғандай алқына сөйлеп.
Есік алдынан ешкінің лағының шыр-шыр етіп маңыраған жіңішке даусы естілді.
– Қозы-лағың бүгіндікке су ішкен жоқ. Бар, суғар, қайтып кеп оқисың, – деп Рауғаш бүктелген газет­ті томпиған телевизордың үстіне тастай салды. Жындыханаға түскен қыздың самауыр түтігінде түтіндеп жатқан Алтын жұлдыз таққан бейнесі де көз алдынан көлбең ет­ті. «Тағы біреулер оқыса керек боп қалар, түкпірге түсіп кетіп жүрмесін» деп газет­ті саусағымен түртіп, бері ысырды. «Әуелі Пәштай кеп түгел оқып шықса не дер екен?». Қозы-лақты суаруға кеткен қосағын тезірек келсе екен деп талтүсте тықырши күт­ті.

 

 

Қуандық Түменбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір