Жүсіпбек Аймауытовтың аудармадағы сөз қолдану, сөз жасау шеберлігі
ХХ ғасыр басындағы көркем аударманың жай-күйі, ерекшелігі жөнінде сөз болғанда қазақтың көрнекті қаламгері Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығына соқпай өтуге болмайды. Ол осы кезеңде көптеген көркем шығармаларды алғашқылардың бірі болып қазақша сөйлетіп, аударма ісінің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгер. Жазушы Джек Лондонның «Күштілердің күші» (Сила сильных), «Теңсіз, телегей аттаныс» (Неслыханное нашествие), Г.Мопассанның «Су жүзінде» («На реке»), В.Гюгоның «Бейшаралар» («Бедные люди» Л.Толстойдың орысша тәржімасынан), Р.Тагордың «Балжан» («Шубха»), А.С.Пушкиннің «Сараң сері» («Скупой рыцарь»), «Тас мейман» («Каменный гость»), Н.В.Гогольдің «Бақылаушы» («Ревизор»), Ф.Дюшеннің «Дәмелі» («Тамилла»), М.Горкийдің «Өлең сұңқарға» («Песня о Соколе»), С.Чуйковтың «Тау еліндегі оқиға» («Вершинная быль»), Конрад Берковичтің «Өрбике» («Гордячка Яхде»), «Әкесі мен баласы», «Заң білместің зары», «Мұрда», «Мұрданың өлімі», «Тұқым» («Семя»), Жалал ад-Дин Мухаммад Румидің «Молда Ирамидың кітап жазуға қалай кіріскені» («Сказки Мулли Ирамэ»), «Пәренжі» (перде) орыс ертегісі), «Қатындар» (қабарды (кабардин) ұлтының ертегісі («Старинная кабардинская сказка о женах»), «Аю мұртынан күлді» сияқты шығармалар жатады. Прозалық шығармалармен қатар, ол дүниежүзі пролетариатының гимні «Еңбекшілер ұраны» («Интернационал») мен азамат соғысы кезінде туған «Жас әскер» («Молодая гвардия»), «Жас көсемдер маршы» («Марш юных пионеров») өлеңдері сияқты жалпы саны 30-ға жуық еңбекті де аударған.
Ж.Аймауытов шығармаларын зерттеген Қ.Мұхамедханұлы, С.Қирабаев, Р.Нұрғали, Б.Майтанов, Р.Тұрысбек, А.Зейнуллина, Н.Қуантайұлы, Қ.Әубәкірова және өзге де әдебиетші ғалымдар, ізденушілер жазушының көркем шығармалары, аудармалары жөнінде бірқатар еңбектер жазды. Ж.Аймауытов ең алдымен жазушы болғандықтан оның көркем шығармаларының әдебиеттану ғылымы тұрғысынан көбірек зерттелуі де табиғи нәрсе. Алайда, көрнекті қаламгердің әдеби мұрасын, әсіресе, аудармаларын лингвистикалық тұрғыдан зерттеудің де маңызы зор. Бұл әлі көп қолға алына қоймаған мәселе болғандықтан біз оның кейбір аудармаларын тілдік тұрғыдан сөз етіп, қаламгердің сөз қолданыс ерекшеліктері мен қаламынан туындаған жаңа қолданыстары, жасаған балама атаулары жөніндегі ойларымызды ортаға салуды жөн көрдік. Қаламгердің жоғарыда аталған аудармаларының барлығын бір мақалада қамтуды мақсат етпейміз. Біздің әңгімемізге арқау болғалы отырған сөздер мен сөз тіркестері Джек Лондонның «Күштілердің күші», «Теңсіз, телегей аттаныс», Г.Мопассанның «Су жүзінде»,Конрад Берковичтің «Өрбике», «Әкесі мен баласы», «Заң білместің зары», Сыған (маздем) әңгімелері, «Пәренжі» (перде) орыс ертегісі, «Қатындар» Қабарды (кабардин) ұлтының ертегісі, «Аю мұртынан күлді» сияқты шығармаларынан жиналды. Мысалы, мына төмендегі атаулар солардың қатарына кіреді: аттаныс (нашествие), балықжегіштер//балықжеушілер (рыбоеды), дімкер (малый, слабый), етжегіштер// етжеушілер (мясоеды), жайнауыз лампы (прожектор), жүме (гряда), мағистрат (начальник квартала), сейілші//молашы (экспедиция), салғырт (доля), тәжірибехана (лаборатория), тәкие//тәкия (гостиница), торғы (перевал), шалғыншылық (патруль, патрульная служба) және т.б. Сондай-ақ, бұлардың қатарына қапта, тәкиеші, жұмсақ тақ, оңғатай тәрізді атауларды да қосуға болады. Осы сөздердің басым көпшілігін аударма барысында автордың өзі жасаған сыңайлы. Мәселен, балықжегіштер, балықжеушілер, етжегіштер, етжеушілер, тәжірибехана, шалғыншылық, тәкиеші сияқты сәтті жасалған атауларды сол қатарға қосуға негіз бар. Өйткені, бұл сөздер ХХ ғасыр басындағы басылымдар мен жазушы замандастарының еңбектерінен кездесе бермейді.Жазушы бұлардың бірді-екілісін өзімен қанаттасып еңбек еткен алаш зиялыларының еңбектерінен алуы да мүмкін. Бір анығы бұлардың сол кезеңде жасалған жаңа сөздер болғандығы күмән туғызбайды. Бүгінгі тілімізде белсенді қолданылатын атаулар қатарында болмағанымен, түпнұсқа тілдегі сөздің мағынасын мейлінше дәл жеткізіп тұрған, ұтымды жасалған сөздер екенін айту керек. Ал дімкер, жүме, мағистрат, салғырт, тәкие сөздерін тілден дайын қалпында алынғанымен, жазушы бұл атауларға қосымша мағыналық жүк артып, жаңа мағыналық реңк беріп қолданады. «Перевал» сөзінің баламасы ретінде қаламгер-аудармашы «торғы» сөзін қолданады. Бұл сөздің тіліміздегі «тору», «торуыл» «торуылдау» сөздерімен түбірлес, мағыналас екені, бір түбірден өрбігені байқалып тұр.
Ж.Аймауытов Г.Мопассанның «На реке» әңгімесінің атауын «Су жүзінде» деп аударады. «Қайықшы болғанда бір жансебіл, өмірін мәңгі су бойында, су жүзінде кешірген бір адам». Бұл сөйлем – «Это был старый любитель гребного спорта, завзятый гребец, находившийся всегда у воды, всегда на воде, всегда в воде» – деген сөйлемнің аудармасы. Ал мәтін ішінде «су жүзінде» тіркесі «на воде» тіркесінің аудармасы ретінде қолданылған. «Однажды вечером, когда мы прогуливались по берегу Сены, я попросил его рассказать какой-нибудь случай из его речной жизни» деген сөйлемді ол «Бір күні екеуміз жағада келе жаттық. Су жүзіндегі өміріңнен қызық әңгіме айтшы!» деп сұрадым» түрінде екі сөйлемге бөліп аударады. Мұнда да осы «су жүзінде» тіркесін пайдаланады. Бүгінгі тілімізде негізінен «іс жүзінде», «сөз жүзінде» деген жиі қолданылатын «жүзінде» сөзін сумен тіркестіріп қолданғаны бір қарағанда тосындау көрінгенмен, бұл қолданыста тек тосындық қана емес, сонылық та бар. Жазушы әңгіме тақырыбын «Өзенде», «Өзен бетінде» немесе «Су бетінде» деп тікелей аудара салмай, тың тіркеспен, өмірін су бетінде өткізген адам жайлы баяндалатын әңгіме тақырыбының өзінен бейнелілік, көркемдік сипат байқалады. Бұл – көркем ойлау жемісі.
Жүсіпбек Аймауытов аудармаларында көптеген жалқы есімдер, соның ішінде, ел, қала, ұлт атаулары орыс тіліндегі қалпында емес, қазақ айтылымына икемделіп жазылады. Олардың қатарында мына төмендегі атаулар кіреді: Донай, Ыстамбол, Дүбіржі, Қалқұтта, Әмерике//Әмірике, Жапан, Керей, Манжұриа, Абыстралия, Ресвей, Түстік Апырике, Іскандинау, Пырансие, Пекін, Ниунорк, Башингтон//Башынгтон, Англие, Абыстрие, Бенгір жұрты, Қарпат тауы, Түркістен, рұмын, рұмын жұрты, манғол, пыранұз, Пұрмоза (Формоза), Іиран, Пиладелпі (Филадельфия), Жақын Шығыс, қабарды (кабардин), Иақут, Түлше.
Ж.Аймауытов өз аудармаларында кірме сөздердің бәрін дерлік қазақ тілінің үндестік заңына бағындырып, дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп жазған. Бұл атаулармен қатар аудармаларда кісі аттары да кездеседі. Мәселен, Джек Лондоннан аударған «Күштілердің күші» шығармасында: Бұғықуғыш (Быстроногий Олень), Сарбас (Желтоголовый), Түндеүркек (Боящийся Темноты), Дырауқол (Крепкая Рука), Шіркей жырау (Гнида), Қусүйек (Голень), Теңіз арыстаны (Морской Лев), Месқарын (Жирный), Қозықарын (Пустой Живот), Доңызтұмсық (Свиное Рыло), Қыликөз (Одноглазый), Мертік бұғана (Сломанное Ребро), Текесақал (Длиннобородый), Иттіс (Собачий Клык), Жолбарысжүзді (Тигриная Морда), Үшаяқ (Трехногий), Итазу (Длиннозубый), Мылжамұрын (Раздробленный Нос), Түктібет (Волосатый) сынды үндіс аттары қолданылады.
Жазушы бұл атаулардың бәрін қазақ ұғымына лайықтап өте ұтымды аударған. Осы атаулардан-ақ оның аудармашылық шеберлігімен қатар, қазақ болмысы мен тілін соншалықты жақсы, терең білетінін айқын көруге болады. Мәселен, «Пустой Живот» дегенді – «Қозықарын», «Крепкая Руканы» – «Дырауқол», «Длиннобородыйды» – «Текесақал», «Жирный» дегенді – «Месқарын», «Голеньді» – «Қусүйек» деп, тек қазақ өмірін, қазақтың тұрмысы мен тілін Жүсіпбектей терең білетін қаламгер ғана аудара алар еді. Иә, қазіргі аудармада кісі есімдерін аудармай алу қалыпты жағдайға айналды. Аудара қалған күннің өзінде орыс тілінің шырмауынан шыға алмайтын жағдайға жеткен қазіргі заманда көп аудармашы «Длиннобородыйды» – «Ұзын сақал», «Жирныйды» – «Семіз», «Сломанное Реброны» – «Сынық Қабырға» деп аудара саларына күмән келтіру қиын.
Жүсіпбек Аймауытов кабардин ұлтының «Старинная кабардинская сказка о женах» деп аталатын өлеңмен жазылған көне ертегісін «Қатындар» деп атап, қара сөз түрінде аударады. Алайда, оқиға желісі, мазмұны толық сақталады. Бұл аудармада да аудармашы кейіпкерлер атын қазақ ұғымына, айтылымына икемдеп қолданады. Джамботты – Жамболат, Хатакчуканы – Хатаңшоқы, Асланбекті – Арыстанбек деп өзгертіп алады. «Жамболат – қабардының ер жігіті». (Джамбот – кабардинец, джигит удалой). «Кенеттен қарсы алдынан Хатаңшоқы шыға келді. (Вдруг едет навстречу ему Хатакчука). «Осы күнге дейін дана Арыстанбек бір алданып көрген жоқ. (Ученый и мудрый старик Асланбек). Дж.Лондоннан аударған «Теңсіз, телегей аттаныс» шығармасында да «Бургальтер» деген есімді «Бұрыққалтер» депқазақыландырып алады.
Қазіргі қолданыстағы кірме сөздердің барлығы дерлік (стақаннан өзгесі) Жүсіпбек Аймауытовтың аудармаларында басқаша жазылады: тілипон, ділгірәм, әпесер, кемесер, енженер, сәбетші, сипр, мөлиен, мүлиен, пірезідент, мүйнет, стақан, зеребе және т.б.Жазушы А.Чеховтың «Бумажник» атты әңгімесінің атауын да «Күмәжнек» (әмиән) деп қазақтың айту мәнеріне келтіріп алады.
Тек Ж.Аймауытов қана емес, онымен замандас қаламдастарының бәрі дерлік сол кезеңде кірме сөздерді дәл орыс тіліндегідей қабылдай салмай, қазақ айтылымына икемдеп жазды. Өйткені, олар кірме сөздерді қабылдау мен игерудің Ахаң, Нәзір, Халел сынды зиялылар арнайы зерттеп, ғылыми негіздеген ортақ қағидаттары мен қазақ тілінің дыбыс жүйесінің табиғатынан туындаған ережелерді басшылыққа алды.
Сондай-ақ, қазіргі тілімізде гауһар, реніш, лақтыру, әлдеқашан, нөкер, дөңбекшу, сурет, ру, қадірлеу, кітап, қазіргідей, дімкәс, қазір түрінде қолданылып жүрген сөздер Ж.Аймауытов аудармаларында төмендегіше жазылады: кәуһар, іреніш, ылақтыру, алдақашан, нөгер, төңбекшіп, сүгірет, ұру, кәдірлеу, кітеп, кәзіргідей, дымқос, кәзір.
Алаш зиялысының қолданысында қазақ тілінің дыбыс үндестігі мен буын үндестігі қазіргі орфографиямызға қарағанда көбірек ескерілген. Мысалы, «әлдеқашан», «қадірлеу», «кітап», «қазіргідей», «қазір» деген аралас буынды сөздер үндестік заңына бағынбай тұр. ХХ ғасыр басында алаш зиялылары үндестік заңының бұзылмауына, сақталуына айрықша мән берген. Ж.Аймауытов та мұндай сөздерді үндестік заңына сәйкес не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке жазады. Оның аудармаларында бұл сөздердің «алдақашан», «кәдірлеу», «кітеп», «кәзіргідей», «кәзір», «текеперлік» түрінде жазылуы соған дәл бола алады.
Сонымен қатар л, р үнді дауыссыздарынан басталған сөздердің алдынан і, ы, ұ дауысты дыбыстарын қосып «іреніш», «ылақтыру», «ұру» түрінде жазу да қазақтың айту мәнеріне, дыбыстық жүйесінің табиғатына келеді.
Алаш ардақтысының осы аудармаларында өзіне ғана тән авторлық қолданыстары да, сонымен қатар, ХХ ғасыр басында жиі қолданылғанымен қазіргі әдеби тілімізде сирек жұмсалатын немесе көнерген сөздер мен сөз тіркестері қатарына өткендері де аз емес. Ондай сөздер мен сөз тіркестерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады: Елжетпесті ерттеп мініп, тыншу жаз, ұзақ ымыртым, танасапты қанжар, арғымақ ошақ, жігіттің абыланы, түтік боп кету, безеу (безендіру), жаңылдау, жаңылдап өлең айту, күңгіреті сұрау, садан сапты қанжар, аурай балта, жол аузы, бөрігу, таңдақ, жылым су, кемтік, жан жапырағы, опашылдық, аушылық, қаса көрім, қоқырлану, қызыл таңдақтай, қарақтап қою, бықырлаған ел, шиман, дімкәр, қалытқылап айту, аласәуле, сендел қақты, бұя бастырмай, шарыққа шықты, шіңгі тұқым, тістің суындай (отборный), ділгер (необходимый), күлкіге шаптырды (насмехались), тоң (дөң) айбат, алапатты жұрт (могучая нация), мұралану, «жер мұраланамыз», тозғындады (распад), толастық күні, адын леп, жоқтас, «Жанболаттың жоқтасы, жан жолдасы…», кесе қар, сарайшы, су жүзінде, елбелек сағым, қопа жыршылары (бақалар), кірәржитін дәнеме жоқ, қолаң ете түсу, таулардың жүмесі, қала отағасысы, қалқақтады, оңтағай, ұрубасы, сықталып шықты, жиренбас, қаржуын қайтару, күлгірленеді, әмірқан бәтіңке, әміркен етік, беті маса тайғандай, пұршам келмеді, таңқақ, етшең, құмырсқаның үйлеуі және т.б.
Аударма мәтінінде түкі-жақы – «ішерге тамақ түкі-жақы жетеді», мертік-шортық, алаң-бұлаң, жек-күмән, будам-будам, «будам-будам темекі», жолшы-жолам тәрізді авторға тән және өте сирек қолданылатын қос сөздер кездеседі.
Ж.Аймауытов өз аудармаларында тұл болу, тұл болып өмір сүру, елге жар шашу, таралғысын тартты тәрізді тұрақты тіркестердің де түпкі мағынасын біле отырып орнымен қолданған. Мәселен, қазір «тұл қалды» тіркесін «жесір қалды» мағынасында әйелге де қатысты қолданатын жазушы, журналистер, аудармашылар аз емес. Жүсіпбек Аймауытов бұл тіркесті тек әйелі өлген еркекке қатысты ғана қолданады.
Жазушы аудармасынан сондай-ақ, қазіргі уақыта қолданыла бермейтін немесе өте сирек жұмсалатын «шарыққа шықты» тіркесін кездестіруге болады. Ол орыс тіліндегі «достиг своей высшей точки» деген жолдарды «шарыққа шықты» деп аударады. «1976-шы жылы Қытай бір жақ, қалған жер жүзі бір жақ болып, екі елдің араздығы шарыққа шықты». «Раздор между Китаем и остальным миром достиг своей высшей точки в 1976 году».
Орыс тіліндегі бұл сөйлем Қазіргі тілде «достиг своей высшей точки» деген жолдар бүгін «шырқау шегіне жетті», «шарықтап кетті» деп аударылған болар еді.
«Жапан тегі Шығыс халықтарының ортасынан қараңғыны қақ жарып, екі құлағы тік шыққан бір шіңгі тұқым болды. «Теперь японская раса стала каким‑то парадоксом среди восточных народов».
Жазушы «Все животные, лягушки и жабы, эти ночные певцы болот, молчали» деген сөйлемді «Ел жатса да, жатпайтын қопа жыршылары – бақалардың үні өшті» деп аударады. Осы сөйлемдегі «певцы болот» тіркесін қаламгер «қопа жыршылары» деп өте сәтті аударған. Егер ол осы сөз тіркесін орыс тілінен сөзбе-сөз аударып, «балшық әншілері» немесе «батпақ әншілері» десе, қазақша сөйлемнің көркемдік бояуы әлдеқайда солғындау шыққан болар еді. Түпнұсқадағы «ночные» дегенді аудармашы жай ғана «түнгі» дей салмай, «Ел жатса да, жатпайтын…» деп тіптен жандандырып, қазақ ұғымына жақындатып жіберген.
Кез келген көркем әдеби шығарманы белгілі мәдениеттің өкілі, сол мәдениет көрініс тапқан белгілі бір ұлт тілінде жазады. Сондықтан әдеби шығармада сол туынды жазылған тіл иесінің де, сол мәдениеттен сусындаған көркем мәтін түзуші ақын-жазушының да ұлттық-мәдени таным-түсінігі мәтін мазмұнынан да, стилі мен сөз қолданысынан да менмұндалап тұрады. Сол мәдениетті бір елден екінші елге, бір тілден екінші тілге жеткізуші тәржімешілер түпнұсқаны да сақтауға, өзі аударып отырған тіл иесінің мәдениеті мен ұлттық танымын да ескеруге барын салады. Таразының екі басын тең ұстау нағыз біліктілік пен кәсіби шеберлікті қажет ететін іс. Көркем аудармада мұндай шеберлік шыңына мықтының мықтысы ғана шыға алады. Бір ұлттың тұрмыс-тіршілігіне тән, мәдениетіне сіңісті нәрсенің бәрі өзге ұлтта да дәл сол қалпында қайталана бермейтіндіктен, олардың тілдерінде де елеулі өзгешеліктер, ұғымдық айырмашылықтар болады. Аударма кезінде осы өзгешеліктерді ескеру өте маңызды. Түпнұсқа шығарма жазылған тіл мен аударылып отырған тіл типологиялық тұрғыдан бір топқа жатпайтын жағдайда лингвомәдениеттанымдық бірліктерді аудару өзіндік қиындықтар туғызады. Мұны қазіргі аударматануда толық шешімін таппаған мәселенің бірі деуге болады. Кейде бір халықта бар ұғым, зат екінші ұлтта болмауы да мүмкін. Ондай жағдайда аударылып отырған тілде ол ұғымға ат қою, жаңа сөз жасау немесе сол ұғым атауын тілге қабылдау қажеттілігі туындайды. Жаңа атаулардың жасалуына және кірме сөздердің қабылдануына түрткі болатын да осындай себептер. Сонымен қатар сөз мағынасының мәдени компоненті де аударма кезінде маңызды орын алады. Тәжірибелі аудармашылар көркем аударма жасау барысында бұл жайттарды ескеріп отырады. Сондай-ақ, аудармашылар түпнұсқа мәтіндегі жоқ ұғымдарды аударылып отырған тілге ғана тән ұлттық ұғымдарды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері арқылы беретін жағдайлары да ұшырасады. Бұл әсіресе, ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының аудармаларында жиі көрініс беретін құбылыс. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы аудармаларынан да, Ж.Аймауытовтан да соны көруге болады. Мысалы, «Я выпил еще, растянулся на дне лодки и так пролежал, может быть, час, а может быть, и два, без сна, с открытыми глазами, окруженный кошмарными видениями» деген сөйлемді ол «Көп жаттым шамасы. Ет пісірімдей уақыт өткен шығар. Көзім ілінбеді. Маңайым толған қорқыныш» деп, қысқа-қысқа үш сөйлемге бөліп аударады.
Жүсіпбек Аймауытов түпнұсқа мәтіндегі «час, а может быть, и два» деген сөзбен сөз тіркестерін, «бір-екі сағат», «бір, мүмкін екі сағат» деп дәл аударып бере салуына да болар еді. Бірақ қаламгер олай етпейді. Ол «ет пісірімдей» деген байырғы ұлттық уақыт өлшемін пайдаланды. Мазмұндық жағынан орыс тіліндегі сөйлемде айтылған ойдан ауытқу байқалмайды, қайта аударма ұлт ұғымына сәйкестеніп, көркемдік сипаты артып, қазақ оқырманына жақындай түскен.
Келесі сөйлем де осындай. Джек Лондонның «Теңсіз, телегей аттаныс» шығармасынан алынған «Китай был колоссом среди наций, и его голос вскоре стал уверенно и громко раздаваться во всех странах» деген сөйлемді ол «Қытайдың даусы ұлт топтарында үйірге түскен сақа айғырдың даусындай саңғырлады»(246) деп аударады. Ол осы сөйлемнің «его голос вскоре стал уверенно и громко раздаваться» деген бөлігін «оның даусы сенімді де қатты шыға бастады» демей, оның орнына «үйірге түскен сақа айғырдың даусындай саңғырлады» деген тек қазаққа ғана тән бейнелі тіркестерді қолданады. Бір қарағанда түпнұсқадан елеулі ауытқу бар сияқты көрінгенімен, орыс тіліндегі сөйлемде айтылған ой қазақ оқырманына әлдеқайда әсерлі, көркем шығармаға тән образдылықпен, бейнелілікпен жеткізілген.
Ж.Аймауытов «В 1904 году была русско‑японская война, и все историки тогда же отметили как событие первостепенной важности вступление Японии в число великих держав» деген сөйлемді «Сол кезде-ақ тарихшылар бұл соғыс Жапанның елдігін көрсеткені, таралғысын тартқаны деп топшылап еді» (243) деп аударады.
Түпнұсқа сөйлемде «таралғысын тарту» деген сөз тіркесі атымен жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені, ол бүкіл тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты төрт түлікпен байланысты, жылқыны айрықша қастерлеп, «Ер қанаты – ат» деп түсінген халықтың танымынан туындаған ұғым. Алайда, аудармашы ондай тіркестің түпнұсқада жоқ екенін қарамастан, ондағы айтылмақ ойды қазақ ұғымына сай, көңіліне қона кететін ұлттық мәдени сипаты бар тұрақты сөз тіркесі арқылы береді. «Үзеңгіні ерге жалғастыратын, айылбасы бар қайыс бауды» тілімізде «таралғы» деп атайтынын атқа мінсе арқасы қозатын қазақ баласы жақсы біледі. Осы таралғымен байланысты қалыптасқан «таралғысын тартты» тұрақты тіркесі «ұрысқа, жорыққа, ұзақ жолға дайындалды» деген ұғым да тек қазаққа тән. Тұпнұсқаның мазмұны мен идеясын, көркемдік деңгейінде сақтап әрі өз жұртының көңіліне де қонатындай етіп жеткізе білген шебер аудармашының тәржімаларында бұл секілді мақсатты қолданыстар аз емес.
Әлем классиктерінің 30-ға тарта шығармаcын кәсіби шеберлікпен тәржімалап, қазақ оқығандарының арасында «Аударма туралы» алғаш арнайы мақала жазған Ж.Аймауытовтың ұлттың аударматану тарихында алатын орны айрықша. Ол тәржіма табиғатын терең түсініп, аударма өнерінің өрістеуіне елеулі үлес қосқан айрықша дарын иесі. Қаламгер-аудармашының тілі өте шұрайлы да бай. Енді осы тіл байлығын, аудармаларын тілдік тұрғыдан да жан-жақты зерделесек, тәржімелік тәжірибе алумен қатар, сөз қорымыз шебер қаламнан шыққан сөздермен толыға түсері де күмән туғызбайды.
Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымының докторы, профессор ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі