Кинорежиссердің кезекті кітабы…
Қырағы көзқарас пен ерекше дарынды талап ететін өнер саласы бір-бірімен астасып, байланысып жатыр. Өнер тауының қай биігін бағындырамын десеңіз де өз еркіңіз. Себебі, өнер сахнасында шектеу жоқ. Әлқисса…
Оныншы наурыз күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубында кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кешті жазушы Смағұл Елубай жүргізіп, кітап авторы хақындағы көптеген естеліктерімен бөлісті. Тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері мен өнер және қоғам қайраткерлері қатысып, өз пікірлерін ортаға салып, көпшілікті келелі әңгімелерімен баурап алғандай. Әсіресе, Мұрат Әбуғазының орындауындағы «Салтанат» күйі тыңдарман көңіліне ерекше әсер сыйлады.
Сатыбалды Нарымбетов тұсаукесер рәсімінде: «Бұл кітаптың жарыққа шығуы оңай болған жоқ. Үш-төрт жылдай баспаханада жатып қалды. Кітабым туралы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына айтып едім. Ол қолдау білдіріп, шығаруға көп көмектесті» деп туындысының шығу тарихымен бөлісті.
Тұсауы кесіліп жатқан кітап турасында сөз қозғар болсақ, «Көзімнің қарасы» – С.Нарымбетовтың авторлық әлемімен қатар жан сарайын аша түсетін туынды екені байқалып тұр. Кинорежиссерлік өнер мен жазушылық қабілетінің түйіскен тұсын осы еңбегі дәлелдеп тұрғандай. Мұнда автордың өнердің сан-салалы сыры мен қыры, замандастары жайлы, қоғам мен руханият, қала берді мәдениет турасындағы толғамдары, эсселері мен естелік жазбалары қамтылған. Автордың суреткерлік қолтаңбасы мен азаматтық һәм адамдық болмысын кеңірек көрсететін кітапқа режиссердің киносценарийлері де енгізіліп отыр.
Әдеби кештің барысында жылы лебіздер мен жүрекжарды тілектер толастамады десек те болғандай-ақ. С.Нарымбетовтың әр жылдары жарық көрген «Тентек», «Ассалаумағалейкүм, Атлантида!» атты повесть, әңгімелер жинағының соңын алған бүгінгі кітабы да талғампаз оқырмандар жүрегіне жол тартпақ. Біраз игі-жақсылардың басын қосып, кітапсүйер оқырманға естен кетпес кеш ұйымдастырған «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Тұсаукесер соңында бүгінгі сырлы сұхбаттың иесі Сатыбалды Нарымбетовке сөз беріліп, автор осы күнге дейінгі көрген-білген, түйген ақыл-кеңесін және әдебиетке, әсіресе кітапқа деген сүйіспеншілігінің қалай пайда болғанын тыңдарман қауымға толқып отырып жеткізді. Кітап иесінің салмақты сөзінен соң өнер мен жазушылықтың жолын қиюластырған авторға деген таңданысымыз һәм құрметіміз арта түскендей. Бүгінгі тұсаукесер рәсіміне куә болып отырған жас тыңдармандар көкейдегі сауалдарын қойып, лайықты жауаптарын алып жатты. Режиссерлік таланты мен қаламгерлік қабілетін ұштастыра білген Сатыбалды Нарымбетовке шығармашылық табыс тілейміз.
Маржан ӘБІШ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.