Болашақ – бала шақтан басталады
2016 жылы жарық көрген 8 автордың 10 кітабы біздің қолымызға тиді. Яғни екі автор – Маркиза Базарбаева мен Ермахан Шайхыұлы екі кітаптан ұсыныпты.
Маркиза Базарбайқызының «Базарлық» атты кітабы «Назеркенің ертегісі», «Аңыздар» және «Әулиелер» деп аталатын үш бөлімнен тұрады екен. Шығармалардың барлығы да орта буын мектеп оқушыларының дүние танымын кеңейтуге орасан зор пайда тигізері даусыз. Аса шұбалаңқы емес, оқуға ыңғайлы ертегі-аңыздардың тілі жатық, берер тәлімі мол. Жазушының «Халықберген» деп аталатын кітабы Ұлы Отан соғысының қасіреттерінен сыр шертетін әңгімелерден тұрады.
Ермахан Шайхыұлының «Шылдыр шүмек» атты кітабы төменгі сынып оқушыларына арналған. Онда берілген жаңылтпаштар, тақпақтар мен мазақтамалар, шағын әңгімелер бүлдіршіндердің жас ерекшеліктерін ескеріп, оқуға да, жаттап алуға да ыңғайлы жазылған.
Ермаханның екінші кітабы «Әріп әлемі» деп аталады. Ол туралы осы кітапқа жазған алғы сөзінде жазушы Баянғали Әлімжанов: «Шынында Ермахан тауып кеткен екен. Әріптерді ойната отырып, әзілдің көркін қыздырып, қазанын қайната түскен. Және бұл дыбыс қуалап, әріптерге елтіп кеткендік емес, мұнда біраз нәрсе бар», – дейді. Бұл – осы кітапқа берілген шынайы баға.
Балаларға арналған тағы да бір тамаша сый – өзі ақын, өзі композитор Тілеуғазы Бейсембектің «Сиқырлы музыка» деген кітабы. Бұл – қазақ әдебиетіндегі музыка туралы балаларға арнап жыр тілімен жазылған тұңғыш туынды. Автор музыка сауатын жыр жолдарымен жас оқырмандарына түсінікті етіп жеткізеді.
Ертай Айғалиұлының балаларға арнап жазған шығармалары әдеби бәйгелер қорытындысында қай кезде де жүлделі орындарға ие болып жүретіні белгілі. Осы жолғы «Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым!» кітаппен атауы бірдей хикаят шын мәнінде жас ұрпақтың жанына жақын тақырыпты қамтыған.
Үн-түнсіз жүріп өзінің шығармашылық шаруасын тап-тұйнақтай, тиянақты атқаратын балалар жазушыларының бірі де, бірегейі Әлібек Файзуллаұлы десек, еш қателеспейміз. Оның өткен жылы «әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы бойынша «Таймас» баспасынан «Ақылыңа ақыл қос» деп аталатын кітабы жарық көрді.
Шымкенттегі «АЗИАТ» баспасынан шыққан жас жазушы Гүлдәрия Әшірбаеваның кітабы «Ең әдемі гүл» деп аталады екен. Бұл – осы жинақтағы шығармалардың ең соңынан орын алған ертегінің атауы. Гүлдәрияның осы ертегіден өзге шағын әңгімелерінің барлығы да балалар мен жасөспірімдерге арналған. Қай-қай шығарманың да тілі жатық, оқиғалар өзегі өмірдің өзінен алынғаны анық байқалып тұр. Қаламгердің болашағынан үміткүтеміз.
Қолымызға келіп түскен тағы бір туынды бұған дейін қандай да бір шығармаларымен көзге түсе қоймаған Ерекен Қорабаев деген автордың «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген «Есі бар тентек» деп аталатын кітабы. Кітап «Әңгімелер», «Ой, қызық-ай!» және «Біздің ауылдың адамдары» деген үш бөлімге топтастырылған, бас-аяғы отыз шақты әңгімеден тұрады.
Жалпы алғанда, бұл автордың қалам тарту қабілетіне шек келтіруге бола қоймас. Алайда, автордың әрбір сөздің дұрыс жазылуына көңіл бөле бермейтіні қынжылтады. Мәселен, кітапта жиі кездесетін «асық-пасықтары», «жатқан» сөзін – «жатырған», «балалар» сөзін – «балдар», «бейсауат» сөзін – «бесеубет», «недәуір» сөзін – «недәуіршік» деп қолдана беруі әдеби шығарма үшін, әсіресе балаларға арналған шығармалар үшін кешіре салуға болмайтын жағдай.
Міне, осы тұста еліміздегі кітап өндірісі мәдениетіне тоқтала кеткеніміз жөн шығар.
Бұл кітаптың ең соңғы бетіндегі шығу мағлұматтарында (выходные сведения) «Автордың дайын файлынан «Нұрлы әлем» баспасының өз баспаханасында басылған» деген мәлімет жазылған. Ол түсінікті жағдай. «Нұрлы әлемнің» өз баспаханасы бар екен. Ал кітапты жарыққа шығарарда баспа немқұрайлы қараған ба? Оның редакторлары, корректорлары қарапайым қателерге мән бермеген бе? Мазмұндық, стилистикалық, грамматикалық, емлелік қателіктерден көз сүрінеді.
Осы ойды сабақтай түсінуге жетелейтін тағы бір кітап белгілі қаламгер, беделді ақын, балаларға арналған шығармаларымен тер төге еңбектеніп келе жатқан ағамыз Оразбай Байбақұлының «Өлеңдер» және «Ертегілер мен әңгімелер» деген екі бөлімнен тұратын «Жалғыз үйрек» деп аталатын кітабы.
Оразбай ағамыз қаламы әбден төселген, алып отырған кез келген тақырыбын толық меңгерген қаламгер. Біз ол кісінің жазған-сызғандарын тап-тұйнақтай жинақтап, жыл сайын екі-үш кітаптан шығарып тұратынына да қанықпыз. Сондықтан да бұл сапар шығармалардың мән-мазмұны емес, кітаптың полиграфиялық болмысы жайлы болмақ.
Орекең қарымды қаламгер. Бірақ баспагер емес. Оны осы жолғы «Жалғыз үйрек» кітабынан да көреміз. Кітап бір қарағанда көзтартарлық десе де болғандай. Қатты мұқаба, офсеттік қағаз.
Бұл кітаптан баспа мен баспахана атауы, кітап палатасына тіркелген ISBN белгісі, таралым саны мен тапсырыс номері дегендерді таба алмайсыз. Өйткені, кітапта титул, титулдың айналымы, шығу мағлұматтары беттері деген атымен жоқ. Шығармалардың тақырыптары да әр түрлі стильде, әр алуан кегльдермен терілген.
Өткен жылы біз «Ол-Жас» баспасынан министрліктің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Ең керемет дәм» атты «Ертегі – бөбек ертеңі» антологиясын басып шығардық. Бұл – ертегі-әңгімелер жинағында басы Ыбырай Алтынсариннен бастап ең соңы жас жазушы Нұрлан Құмарға дейін ұзын саны сексеннен астам қаламгердің шығармалары авторлардың суреттері және өмірбаяндарымен қамтылған. Антологияны құрастырған Байбота Қошым-Ноғай. Бұл 30 баспатабақ көлеміндегі бір ғана кітап. Ал біз министрлікке «Ертегі-әңгімелер», «Ертегі-хикаяттар», «Ертегі-өлеңдер» және «Ертегі-дастандар» деген төрт кітап ұсынғанбыз. Сол
4 кітаптың біреуі жарық көрді де, қалған үшеуін жылы жауып қоя салды.
Біздің ұсыныс – баспалар тарапынан ұсынылатын барлық кітаптарды демей-ақ қояйық, дәл осындай мәдени мұраға пара-пар қомақты жобалар Жазушылар одағының тиісті секцияларында қаралып, білікті қорытындылар арқылы мемлекеттік тапсырыстан толық өтуіне қол жеткізсек екен.
Жалпы, балалар әдебиетіне қатысты қордаланып қалған мәселелер жөнінде айтар ойлар жеткілікті. Сондықтан биылғы құрылтайға дейін осы тұрғыда арнайы бір пленум ұйымдастырса артық болмас еді. Өйткені, ертеңгі ересек оқырмандарды балаларға арнап шығармалар жазатын қаламгерлер дайындайтынын естен шығармайық. Болашақ – бала шақтан бастау алатынын ежіктеу артық болар дейміз.
Қанат ҚАЙЫМ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ПІКІРЛЕР1