Көркем аударманың көкжиегі тарыла түскені ме?
Былтырғы жылғы Әдеби Жыл қорытындысынан бергі жыл он екі ай ішінде аударма саласы бойынша әр түрлі баспалардан жарық көрген бар-жоғы төрт-бес кітап қолымызға тиді.

Соның өзінде екі тілді еркін меңгерген белгілі аудармашы, қарт қаламгер Көпбосын Панзабек ұсынған үш бірдей кітаптың екеуі, атап айтқанда, «Атамұра» баспасынан жарық көрген, қазақ тілінен орысшаға аударылған жалпы білім беретін мектептің 7 сыныбына арналған С. Жолдасбаевтың «Қазақстанның орта ғасыр тарихы» және С.Макимбаев, С.Тортаев , т.б. авторлар ұжымының «Орта ғасырлардың бүкіл дүниежүзілік тарихы» атты оқулық кітабы, сондай-ақ экономист ғалым Оразалы Сәбденнің «Абай және қазақ елінің болашағы» (қара сөздерін ХХІ ғасырда іске асыру тетіктері) атты орыс тіліне аударылып, қазақша нұсқасы қоса берілген кітабы. Ал поэзия, проза, драматургия, публицистика жанрларында қатар қалам тартқан Ақылбек Шаяхметтің – Әбдірахман Досов, т.б. орыс тілді авторлар аударған «Дала дауысы» («Голос степи») кітабы «Фолиант» баспасынан, Маралтай Райымбекұлының «Алатау» атты шағын өлеңдер жинағы татар тіліне аударылып, Қазандағы «Илһам» баспасынан, ұйғыр жазушысы Дүрнәм Мәшүрованың «Ана мирасы» атты деректі романы ақын Дәулетбек Байтұрсыновтың аударуымен «Жазушы» баспасынан жарық көрген.
«Жоқтан гөрі жоғары» демекші, аталып өткен кітаптардың ішіндегі көлемі қомақтылауы Дүрнәм Мәшүрованың «Ана мирасы» атты деректі романын түгелдей оқып шыққандағы ой-пікіріміздің тобықтай түйінін айтудың реті енді келіп отыр. Кітапты ұйғыршадан аударған Д.Байтұрсынұлының бауырлас халықтың төл тілі мен тұрмыс ахуалын, тағдыр-талайын терең білетіндігі бірден байқалады. Тіпті, кітап кейіпкерлерімен бір болып, біте қайнасып кеткендей игі әсер қалдырады. Кітаптың құрылым композициясы да өзгеше.
Аталмыш кітап өмірдің өзінен ойып алынған шынайы оқиғаларға негізделіп жазылғаны аңғарылып тұрады. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап күні кешеге дейінгі ұйғыр халқының небір қилы кезеңдері, қуаныш-шаттығы, мұң-мұқтажы, арзу-арманы жазушы тарапынан жүрек тебірентерлік сөз саптауы, сындарлы сөз оралымдары, ұйғыр халқына тән қанатты сөздер мен мәйекті мақал-мәтелдерді ұтымды қолдану арқылы жан-жақты әрі жатық баяндалады.
Осынау танымдық-тағылымдық тұстары да молынан ұшырасатын кітапты қазақ тіліне жатық аударып шыққан Д.Байтұрсынұлының аудармашылық еңбегі атап өтуге тұрарлық.
Экономист ғалым Оразалы Сәбден «Абай және қазақ елінің болашағы» («Абай и будущее Казахстана») атты кітабының жанрын «бестселлер» деп белгілеген екен. Расында, атына заты сай, таралымы да тәп-тәуір (5000), оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болатын-ақ кітап! Бұған аталмыш кітапты оқу барысында көз жеткіздік.Қорыта айтқанда, қайсымызға болсын аса қажетті, танымдық-тағылымдық тұстары мол, соны серпінге толы бұл кітапты орыс тілді оқырмандарға майын тамызып аударған майталман аудармашыға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы орайда, К.Панзабековтың жаңа оқу бағдарламасына сәйкес қазақ тілінен орысшаға аударған, қазақ халқының этникалық қалыптасуын, мемлекеттік құрылымын қарастыратын «История средневекового Казахстана», сондай-ақ құлдық құрылымның жойылу кезеңі мен Еуропа, Азия және Африка елдеріндегі феодалдық қатынастардың қалыптасуын, гүлденуін, ыдырауын қарастыратын «История средневеового Казахстана» атты 7 сыныпқа арналған оқулықтардың аударма сапасына пікір айту біздің құзырымызға жатпайтындықтан, атап өтумен ғана шектелдік.
Белгілі ақын, драматург, көсемсөзші Ақылбек Шаяхмет өзінің «Голос степи» атты драмалық поэма, өлеңдері, балаларға арналған еңбектері, мақала, миниатюралары сынды сан алуан жанрдың басын біріктірген кітабын орыс оқырмандарына ұсыныпты. Тағдыр-талайы туған елінің тағдырымен тығыз ұштасқан автордың еңбегі қай тілге аударылса да, оқырман ой-санасына ізгілік дәнін егу мүмкіндігі бар екендігі аңғарылады. Әріптес-замандастарының айтуынша, оның еңбектерін, әсіресе, поэтикалық туындыларын аударуға құлшыныс танытқан орыс тілді авторлар көптеп табылатын көрінеді. Танымал ақын Маралтай Райымбекұлының «Алатау» атты шап-шағын жыр жинағы татар тілінде Қазандағы «Илһам» баспасынан (2016) жарық көрді. Аудармашылардың бірі Рафис Корбанның «Таныс болыңыз – Маралтай» деп, кітапқа жазған алғысөзінде тілі де, ділі де ұқсас қазақ ақынының өлеңдерін тездетіп аударып тастағысы келген талпынысы оңайға соға қоймағанын, Маралтай шығармасында көптеген таныс болмаған сөздерге, күрделілеу ой орамдарына тап болуы себепті Қазақстанда тұратын қаламдасы Равил Гозәеровпен бірлесіп тәржімелеуге тура келгенін айтады. Маралтайдың өмірден қыршын кеткен талантты ақын Бауыржан Үсеновке арнаған «Қазанама» («Қайғынаме») өлеңіне қатысты бір әттеген-ай» бар. Өлеңді аудару барысында кеткен қателік: Б.Үсенов пен отыз жасында өмірден өткен ақиық ақын Т.Айбергеновтің аты-жөніне байланысты болып отыр. Сілтемеде: Төлегенді – батыр, Бауыржан Үсеновті – Бауыржан Момышұлы Үсенов, Ұлы Отан соғысының Батыры, жазушы (1910-1982) деген түсініктеме береді. Сөйтіп, әжептәуір өлеңнің көркемдігіне, мән-мағынасына көлеңке түсіреді.
Қазіргі кезде шет тілінен тікелей аударатын ақын-жазушыларымыздың қатары толығып келе жатқаны жақсылықтың нышаны. Ағылшын тілінен Дәурен Берікқажы, француз тілінен Танакөз Толқынқызы, қытай тілінен Дүкен Мәсімхан мен Иманғазы Нұрахмет, жапон тілінен Шарафат Жылқыбаева, моңғол тілінен аударатын Қуандық Шамақай табысты еңбек етіп, газет-журнал беттерінде жиі көрініп жүргені көңілге демеу.
Жалпы, аударманың өрісі неге тар, қонысы неге құнарсыз? Көкжиегі қашан кеңейеді? Ашылғанына он жылдан астам уақыт болған, аудармашыға, оқырманына да аса қажет «Әлем әдебиеті» журналы шығып келген еді. Міне, ол да күні кешелері мемлекеттік қаржыландырудың тоқталуы салдарынан жабылып тынса керек… Сөйтіп, соңғы кездері айқын көрініс беріп келе жатқан көркем аударманы екінші сортты әдебиет санау ұстанымы аударма атты сарқылмас асыл кен-қазынамызды тасада қалдырып, отандық, әлемдік көркем әдебиеттің көрнекті үлгілерінен қол үздіру, аударма саласының қазіргі хал-ахуалын көре тұра, көзжұмбайлық жасау сияқты әдебиет, мәдениет, руханиятқа қатысты жағымсыз құбылыстар бүгінде белең алып бара жатқаны жанға батады.
Темірақын ЖАҚЫП,
ақын-аудармашы