Шымырлап шындық өрілген
Әдебиетті майдан десек, сол майданның жауынгерлерінің ішінде өзін-өзі көрсетуге бейім тұратын белсенділері де, ал жасаған ерліктері ешкімнен кем болмаса да аса көрінуге тырыспайтындары болады. Мен кезінде сын майданында қал-қадарымша біраз еңбектеріммен көріндім десем, мақтанғандық болмас. Алайда, ол шақтарда әдебиет майданы халықтық майдан болды десем, артық айтқандық емес. Қалық бұқара ол шақта әдебиеттің жауһары қайсы, жаманы қайсы екенін сараптай білетін шетінен білгір, шетінен оқымысты еді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары сол қалың оқырманнан айрылып қалдық. Алайда, әдеби үдеріс тоқыраса да біржола тоқтап қалған жоқ. Шын жазушылар жазуынан жаңылмады. Қазір бұл рухани майданнан сырт қалсам да, кімнің кім екенін, кім қалай жазып жүргенін, халқына қандай шығармалар ұсынып жатқанына қарап, бағамдап отырамын. Мәселен, бүгін сөз еткелі отырған Ертай Айғалиұлының шығармашылығын бір кісідей жақсы білемін. Ертай журналистика әлемінде танымал, ал әдебиеттегі еңбегін біреу білсе, біреу білмейді. Себебін жоғарыда айттым. Бағалайтын оқырман қауым кемшін, жазушы еңбектерінің сол ортаға жетпей жатқандығы.
Бәрі өзгерген. Өмір аунап түскендей. Кеше ғана мектеп қабырғасында жүрген, бір-біріне жасырын хат жазып, ақ бұлақ басында анттасқан жастар бүгінде ер жетіп, есейген, оң-солын танып, жақсы мен жаманды айыра бастаған.
Жазушы Ертай Айғалиұлының «Мен Саған ғашықпын» роман күнделігіндегі Мәлік, Ақтолқын, Орал тағдырлары осындай ойларға жетелейді. Оқырман жанын тербеп, терең толғандыратын алғашқы сцена – Мәліктің Ақтолқынға жазған хатының қолға түсіп, көпшіліктің талқысына салынуы. Бір қарағанда балалық шақтың ажырамас бір қылығы секілді көрінетін осы бір жайтта үлкен сыр, астарлы мән бар. Өйткені, үлкен өмірге аяқ баса бастаған жастардың кіршіксіз сезімінің суреттелуі, сынға түсуі, қараулық пен қиянаттың бой көтере бастауы – бәрі-бәрі осы хатпен байланысты. Бұл хат осыдан кейін өрбитін бар оқиғалардың өзегі, діңгегі секілді. Мәлік жазған хатым көптің күлкісіне айналды, сырым ашылды деп есептемейді, қайта жалған намысты ысырып тастап, таза сезімін жан аямай қорғауға дайын. Керісінше Оралдың адам сүймес қылығы іш жидырады. Осылайша болмашы оқиғадан бастау алатын кейіпкерлер әрекеті бірте-бірте жонданып, бірте-бірте тереңдеп, үлкен тартысқа, шешуі қиын үлкен түйінге айналады. Кейіпкерлерді үнемі іс-әрекет үстінде көрсету, сынға салу, азаматтық бет-бейнесін ашу, керісінше азғындық пен аярлықты әшкерелеу бұл жазушының өте-мөте құптарлық үлкен машығы, творчестволық мәнері десе болады.
Хат оқиғасына байланысты жан толған татын, жүрек тербейтін нәрсе – осы оқиғаға жастар ұстазы Назгүлдің араласуы, оларға араша түсуі. Сол кездегі коммунистік қоғамның адам санасына салған шектеуіне қарамастан жастардың кіршіксіз сезімін қорғаған, жапатармағай кінәлаудан жасқанбаған, шындықты жақтап отқа түскен ұстаздың бұл әрекеті ерлікке пара-пар. Бұл – есте қалатын, оқырманның жүрек түкпірінде тұрып алатын жай.
Роман кейіпкерлері Мәлік пен Орал әр түрлі қырынан суреттеледі. Бірі Ақтолқынды шын беріле ұнатса, екіншісі жас қыздың көңілін өзіне аудару үшін неше түрлі қулыққа, аярлыққа барады. Мәлік үлкен адамгершілігімен, қайсар мінезімен көзге түссе, Орал құрық бойламас қулығымен, жат пиғылымен есте қалады. Бұл кейіпкерлер образы бірте-бірте ашылады. Екеуінің арасындағы тартыс мәмлеге келмес үлкен тартысқа, жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғандықтың арасындағы үлкен күреске айналады.
Алайда, шығармадағы қым-қуат сюжеттің, драматизмге толы оқиғалардың шыңы Желтоқсан көтерілісіне байланысты. Кешегі жасөспірімдер – бүгінде жан-жақты толысқан, өмірдің неше алуан бұлталағынан өткен, от кешкен жандар. Ел аман, жұрт тынышта талай тағдырларды тас талқан еткен бұл оқиға ел тарихындағы ең ауыр, ең қиын кезең. Жазушы кейіпкерлері осы қияметтен өтеді. Өтіп қана қоймай, ұлт намысын қорғаған батырларға айналады. Жалпы бұл жағдай өмірде кімнің кім екенін анықтаған, қайсарлық пен ездіктің, шындық пен өтіріктің арасын ашқан жай болса, өнерде батырлықты, ерлікті дәріптейтін және керісінше озбырлық пен әділетсіздікті, аярлық пен зұлымдықты әшкерелейтін тақырып. Жан азабы мен тән азабын бірдей көрген Мәлік тағдырынан оның өмірде ту етіп ұстаған сенімінен айырылмағанын, Ақтолқынға деген махаббатын ешқашан жоғалтпағанын, ұлттың рухани жүгін арқалаған азаматқа айналғанын көреміз. Ал қулық пен сұмдықты таңдаған Орал түптеп келгенде өзін бақытсыз жан сезінеді.
Желтоқсан көтерілісі – айтылмаған ақиқат, жазылмаған жыр. Осыған дейін өмірге келген туындылар – тереңге түрең сала алмаған, бұл трагедияға саяси-әлеуметтік, философиялық тұрғыдан баға бере алмаған шығармалар. Бұл тақырыпты көркемдік тұрғыдан ойлау, оның батырларын көркем образ дәрежесіне көтеру әлі де жетпей жатқан нәрсе, болашақ туындылардың арқауы деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, «Мен Саған ғашықпын» роман күнделігі – бүгінгі ақтаңдаққа су сепкендей болған алғашқы көркем дүние. Көп қаламгерлердің бұл тақырыпқа бара алмай жүргенін, айналып өтетінін ескерсек, аталмыш роман – рухани санаға нәр берген алғашқы шығармалардың бірі. Жазушының азаматтық позициясы дейміз бе, жоқ әлде творчестволық батылдығы десек пе екен, қалай айтсақ та бұл роман-күнделікті сол аласапыран жылдарды бүкпесіз баяндаған, шындықты шырқырата айтқан, қабырғасын қақырата сөккен алғашқы көлемді шығармалардың бірі деу керек.
Романдағы орталық кейіпкерлердің бірі – әрине, Ақтолқын.
Бұл – жүздеген қарындастарымыздың жинақталған көркем бейнесі. Егер небір сұмдық соғыстардың бәрі жас сәбидің бір тамшы жасына татымайды деген пікірді басшылыққа алсақ, сол кездегі зұлмат қияметті бастан кешірген қыздарымыздың өксікті өмірі, қаяулы тағдырлары, керзі етікке тапталған арманы мен ар-ожданы қаншама көркем шығармаға жүк болмақ? Қаншама образдарға арқау болмақ? Міне, әдебиет галереясына осындай шақта, осындай уақытта келіп қосылған Ақтолқын бейнесі – жалғыз тұрған оқшау бейне, олқының орнын толтырған образ.
Аты айтып тұрғандай романның жазылу тәсілі де өзгеше, жазушының формалық жағынан да ізденгені байқалады. Шығарманың өне бойын көктей өтіп жатқан күнделіктер кейіпкердің ой-сезімін, толғаныс тебіренісін айқара ашып, ақтара көрсетеді. Бұл күнделіктер романның жалпы сюжетімен астасып, соның негізгі өзегі, лейтмотиві болып жатқандай. Күнделіктер, одан кейінгі суреттеулер мен баяндаулар оқушысын арғы-бергі уақыт өлшеміне апарып, өткен мен бүгінді сабақтастырып, тұтас бір сюжеттік желіні құрайды.
Айта берсек, романның жақсы жақтары көп-ақ. Кейіпкерлер образын сомдау жағынан да, олардың ішкі толғаныстарын монологтар арқылы жеткізу жағынан да, формалық ізденулер жағынан да айтылар сөз аз емес. Тыңға түрен салуы, ат ізін салмаған тақырыпты көтеруі өз алдына. Бірақ «әттеген-айсыз»шығарма, міні жоқ сом дүние десек, өзіміз үшін де, жазушы алдында да өтірік айтқан болар едік. Мәселен, жазушыға кейіпкерлер ой-сезімін ақтаруда, толғаныс-тебіреністерін жеткізуде ішкі психологизм неғұрлым мәнді де маңызды жайларға құрылса, кейіпкер бейнесін аша түсетін терең толғаныстарға арналса деп тілек айтар едік. Ал жалпы жасөспірімдердің бал сезімін, балауса дәуренін суреттеуден басталатын «Мен саған ғашықпын» роман-күнделігі – осы кейіпкерлердің өсіп-өну жолын, есею кезеңін, кейін төрткүл әлемді дүр сілкіндірген Желтоқсан күрескерлеріне айналғанын, батырлық эпопеясын алға жайған, ащы шындықты шалқыта, шымырлата жазған шығарма. Өмірлік фактіні бұрмаламай батыл пайдаланған, өмір шындығын көркем шындыққа айналдырған шұрайлы дүние.
Қамбар Керейқұлов.