«Кез болған соң кер заман біздің баққа»…
Бүгінгі оқырманға өткеніміздегі қоғамдық қарым-қатынас туралы айту өте қиын. Жаппай қуғын-сүргін кезеңіндегі оқиғаларды халық қалай қабылдады? Жаппай қуғындауды халық құптады ма? Айналаның бәрі жау екеніне шынымен сенді ме? Ұсталып кетіп жатқандардың кінәсіз екенін жалпы көпшілік түсінді ме, түсіне тұрып үндемегені қалай?
Өткенді кінәлаудан бұрын, бүгінгінің өткенге деген бағасы туралы да айта кету керек шығар. 1931–33 жылдардағы ашаршылық, 1937–38 жылдардағы жалпыхалықтық репрессия, 1937 жылдан 1953 жылға дейінгі түрлі тергеу-тексеру, қуғын-сүргінді әрқилы қоғамдық пікірлермен ақтап алғымыз-ақ келетін бір мінез де байқалады. Қазақ елінің тарихи жадысында сталиндік репрессия туралы пікір екіұдай. Алайда, бұл «талайды өткердік, өткенге салауат» деген сөзді ғана білдірмесе керек. Бүгінгі әлеуметтік қарым-қатынастар формасы және қоғамдық сана қазақстандықтардың кешегі кеңестік және бүгінгі тәуелсіздік кезіндегі бастан кешіп отырған жағдайымен ұдайы салыстырыла беруі де өткеннің аяусыз мінезіне, қиын-қыстау кезеңдеріне деген кейбір көзқарастарды жеңілдетіп жібергендей әсер береді.

Коммунистік мұраттарды көздеген алып империя құлаған соң бастан кешкен қиындықтар – қоғамның әлеуметтік және экономикалық құрылымын өзгертіп қана қоймай, адамдардың құндылықтары мен өмірлік ұстанымдарын да түбірімен басқа арнаға бұрғаны жайлы әлеуметтанушы ғалымдар айтып жүр ғой. Мәдени-рухани көңіл күйдің төмендеуі, «бұрынғы әлем жасырақ әрі жарқын еді ғой» деген сағынышқа толы ойға, ал «бұрын» сөзі – кеңестік жүйеге деген аңсауға ұласып, өткеннің барлық «зұлматын» сол «сағыныштың» көлеңкесінде қалдырып қойғымыз келеді. Демек, біз өткенді тек сағынып еске алсақ дейміз.
Мұның бір себебі – осы күнге дейін сталиндік қуғын-сүргінді, кеңестік жүйенің қатпар-қатпарларын түсіне алмай жүргенімізден болар. Жасырып-жауып қайтеміз, Ленин, Сталин идеясына адал жандар біздің елде әлі көптеу. Сол идеяға адалдығы қазақ қоғамын тітіренткен зұлматтарға аталған қос тұлғаның еш қатысы жоқ деген «ақтау» қимылдары арқылы да байқалып жатады. Әрине, өткенге өкпе арту, өткеннің мұң-зарын естімедің деп әлдекімдерге кінә қою біздің тарапымыздан да дұрыс емес шығар. Алайда, өткеннің қателігі мен шындығын елеп-екшеу де керек еді ғой. Иә, сол зұлматтың өртін көргендердің, дертін жамағандардың жүрек наласы мен зар-мұңы жайлы егжей-тегжейлі айтуға, жазуға, зерттеуге ешкім кедергі емес.
Біз білген, бізге жеткізген деректер былай сөйлейді:
1927 жылдың басында Кеңестер одағы ірі халықаралық жанжалдың ошағына айналып, «КСРО Лондонда совет революциясын жасамақшы болды» деп ашық түрде айыпталады. Нәтижесінде, Ұлыбритания КСРО-мен экономикалық, саяси қарым-қатынасын үзеді. КСРО өз тарапынан Ұлыбританияның бұл қадамын «Лондон КСРО-ның ішкі саяси жағдайына қол сұқты» деп бағалап, сол кездегі партия жиналыстарында Сталин: «империализмнің барлық қалдығы мен ақ гвардия қозғалысының жақтастарын елімізден құрту керек» деп мәлімдейді. 1927 жылдың 7 маусымында Польшада КСРО-ның саяси өкілінің оққа ілігуі Кеңестік жүйенің «империализм қалдықтарынан арылу» жоспарына сыныққа сылтау бола кетеді. Ақырында жаппай тазалау науқаны басталады. Мысалы, сол жылдың 10 маусымында «империямен байланысы бар» деген 20 адам ату жазасына кесіледі. 1927 жылдың бір ғана маусым айында «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен тоғыз мыңнан аса адам тұтқынға алынады. Бұл «репрессия неден басталды?» дегенге тарихшылардың берген жауабы. Ал сол кезеңнің тарихи жағдайын экономикалық тұрғыдан бағалаған сарапшылар жаппай террордың саяси себебіне қоса, экономикалық астарының да болғанын жоққа шығармайды. Сол кезеңде КСРО-дағы ірі компанияның көпшілігінің тізгіні байырғы империялық Ресейден шыққандардың қолында еді. Бұл лауазымды, бақуатты тұлғалардың көпшілігі жаңа билікке ықылассыз екені де белгілі болатын. Сондықтан Кеңестік жүйе бұл адамдарды ірі компаниялардағы басшылық орындарынан мейілінше алшақтатып, тіпті, қолдан келсе, көздерін жоюға тырысып бағады. Ал бұл үшін салмақты әрі дәлелді себеп керек болатын. «Империализммен байланысы бар жансыз» ретінде оларды тұтқындау – Кеңестік жүйе үшін ең оңтайлы шешім болғанын сол кезеңді зерттеп жүрген мамандар бүгінде жоққа шығармайды… Оның үстіне, Кеңес үкіметі жа-
ңадан құрылған жылдары аталған кеңістікте жаппай идеологиялық күрес жүріп жатқан еді. Жаңа жүйе халыққа өз ұстанымын таңуға қанша тырысып баққанымен, бұл әдіс жеткіліксіз болатын. Сондықтан ендігі жерде билікті ұстап қалу үшін жаппай қорқытып-үркіту шаралары жасалуы тиіс еді. 1927 жылы басталған репрессия толқыны 1930 жылдарға жалғасып, енді тек қана саяси бәсекелестерді ғана емес, кулактарды да елден тазарту керек деген шешімге келеді. Кеңес билігі елді байлардан тазартамыз дегенімен де, ол тазалау науқанына орташалар мен кедейлер де қоса ілігіп жатты. 1936 жылдың 14 қаңтарында партия құжаттарын ауыстыру науқаны басталады. Құжаттарды ауыстыру барысында партияның барлық мүшелері жаңа құжатқа ие бола алмай қалады. Осылайша, партияның құжатын ауыстыру барысында большевиктердің 18%-ы партия қатарынан шығады. Бұл тазалаудың бір ғана науқаны еді. 1933 жылы партияның ең жоғары басқарушы тұлғаларынан 250 адам партия қатарынан, ал, 1934-35 жылдары партия қатарынан 20 мың адам шығарылады. Бұл – алдағы 1937 жылға дайындықтың басы ғана еді…
«Біз әрбір дұшпанымыздың көзін жоямыз, ол мейлі байырғы большевик болса да, дұшпандық әрекеті дәлелденсе оның өзін ғана емес, отбасының, әулетінің көзін қоса құртамыз. Социалистік мемлекеттің тұтастығына, әрекетімен, тіпті ойша қарсы болса да біз оны аяусыз жазалаймыз» деген Сталиннің сөзі жаңа репрессия толқынын тудырды.
1937 жылдан бұрын да, кейін де коммунистік диктатура тұзағына түскендерді аяған емес. Алайда, дәл осы 1937 жыл кеңестік жүйеден өткендердің жадында мықтап сақталған. Иә, қазақ тарихының кеңестік кезеңіндегі аса ауыр жылдарының бірі – осыдан сексен жыл бұрынғы қуғын-сүргін кезеңі еді…
Бүгінгі күні коммунистік диктатура кесірінен жапа шеккендердің нақты саны белгісіз. Әркім әртүрлі деректер келтіреді. 1954 жылы КСРО Бас прокуроры В.Руденко, Ішкі істер министрі С.Круглов, Әділет министрі
К.Горшениннің Н.Хрущевке даярлаған анықтамасында 1921-54 жылдар аралығында революцияға қарсы қылмыстары үшін
3 777 384 адам сотталған, оның ішінде 642 980 адамға ату жазасы кесілген дейтін дерек бар. Әрине, бұл деректерді жоққа шығарып, құрбандардың саны аталған деректен әлдеқайда көп екенін дәлелдейтіндер де көп. Сот пен үкімсіз атылып кеткендердің саны қанша екені тіптен белгісіз. Түрмелер мен айдаудағы азаптан көз жұмғандардың да дерегі жоққа жақын. Осы жылдар аралығында депортацияланған ұлттардың әңгімесі тіптен бөлек. Қызыл террор уақытындағы ең ауыр кезең 1937-38 жылдары
1,3 млн. адам тұтқынға алынып, оның жартысынан астамы ату жазасына кесілген дейді тағы бір деректе. Репрессия жылдарында Қазақстандағы лагерлерге бес млн-нан аса тұтқын тоғытылған десе, өзге деректер Қазақстандағы саяси тұтқындардың саны 5 млн-нан да асқанын айтады. 1921-54 жылдар аралығында Қазақстанда 100 000-нан аса адам тұтқындалып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. АЛЖИР-де жиырма мыңға жуық әйел тұтқында отырды…
Бұл сан ғана емес, Кеңес одағы азаматтарының қасіретінің жылнамасы, жүріп өткен жолы. Демек, ол біздің де өткеніміз, бастан кешуге мәжбүр болған, көндігуге тиіс болған жолымыз.
Қаншама қазақтың қаны сұраусыз төгілген сол дәуірдің «қателіктеріне» біз бүгін көз жұмып қарағанымызбен, жыл сайын барлық жымысқы саясаты әшкере болған ол кезеңнің ұстанымын болашақ кешіре ме? Ал біз әлі күнге күллі қоғамға сталинизмнің не екенін, оның бар қазаққа шектірген азабын егжей-тегжейлі түсіндіріп, ұғындырып, ағы мен қарасын айырып бере алмай отырмыз. Бұрынғы КСРО аумағында бой көтерген өлім мен азап лагерлері, қуғын-сүргін, қырып-жою, миллиондаған адамды бір ғана идея үшін құрбан қылған жүйе бойымызға тағы нендей мінезді жұқтырып кетті? Қазақтың зиялы қауымынан бастап қарапайым азаматына дейін «Халық жаулары» атанып, тәні азапталып, жаны құрбан болғаны жайлы дерек – осы күні біздің жүректерді қаншалықты сыздатады?
Байырғы біз жүріп өткен бұрыс жол болашақта алдымыздан шыға қалса, айналып өтудің қамын ойластыру үшін де ақ пен қараны айыра білуіміз керек емес пе? Өзіңнің көзкөрген танысың, бауырың, жақының жаламен ұсталып кетіп жатқанда үндей алмай қалу – қай жаққа да жеңіл тимейтіні анық. Етіңнен ет кескендей қылып ет жақынын от пен оққа айдап әкетіп бара жатқанда, үндемей қалу үшін, «тағдыр салды, мен көндім» мінезіне көндігу үшін халықтың бойына үрей мен сатқындық, қорқақтық пен жалтақтық мінезін қалай тамтұмдап сіңірді деген сұрақ өткенде мазаламаса да, бүгінгінің күнінде жанымызды жай таптырмауы тиіс емес пе еді? Сол уақытта халықты билеген үрей ұлт болмысын қаншалықты өзгертті, ендігі уақытта сол өткеннің мінезі бізді қайтадан құрдымға кетірмеу үшін әлгі алапат үрейден арылудың жолы қалай деген тақырыпты зерттеу алаңына айналдыру әлі де өзекті мәселелердің бірі.
Қарагөз СІМӘДІЛ.