Келер ғасыр үшін…
Жылдағы дәстүрінен айнымай, әдебиеттің әр жанрында жарық көрген бір жылғы кітаптарды талқыға салып, әр баяндамашы өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып шығуға тырысып бағатын Әдеби жыл қорытындысы өтті. Қыспаққа толы, бірақ қамқорлығы да күшті болған өткен заманның бұндай жиыны рухани қуат алып қайтатын қастерлі мәжіліс болса керек. Үлкені қабақ астынан айналасындағы бар құбылысты бақылап, баяндамашының аузынан өзіне қатысты қандай ләм шығар екен деп сынай қарап отырса, кішісі өзін қанаттандыратын сөз естігісі кеп елпілдей тыңдайтын әдет сол кезеңдерден мұра болып қалғанға ұқсайды. Аты мінбер жақтан мақталып жатса риза қалыпта, тоғайған көңілін жасыра алмай еріксіз жымиып, өзінің ұстамды қалпынан ажырағысы келмегендей маңғаз бас изеп отырған қаламгер қасындағы серігіне қолын ұсынады. Кітабының әлдеқандай кемшілігі айтылып, шығармашылығына қатысты сын естіп отырғандар қызарақтап, ешкіммен көз түйістіргісі келмей баяндамашыға арбалған күйі қозғалмай тыңдайды. Мұндай қатты сынды көбіне кітабы алғаш талқыланғандар немесе аты көпке таныс бола қоймаған қаламгер естиді. Баяндамашы көз таныс, аралас-құралас қаламдастарын сынағылары келгенмен, көңіліне қарап, бата алмай, сипай қамшылап өтеді. Бұл да атадан қалған жалпақшешей мінез-ау деп топшылайсың. Ол кезде жаппай жариялылық бола қоймағанмен, бір-бірін қатты сынап, сөз аңдыған ауыр жиындар болыпты.
Әдеби жыл қорытындысында өңсіз жұмыс, үстірт ой болмауға тиіс. Бүгінгі кітап шығару еркіндігі бұйырған уақытта әр жанр бойынша жарық көрген көп жинақтың бәріне жеке тоқталу да мүмкін емес. Сілтеген қаламы, сермеген талабы зая кетпеген оқшау таланттарға мән беріп, жалпы жанр бойынша қазіргі тенденцияны өткенмен сабақтастыра таразылағанда, көркемдіктің қай межесінде тұрмыз деген сұраққа жауап іздеуге Әдеби жыл қорытындысы мүдделі жиын. Сондықтан жанр эстетикасы мен поэтикасына көбірек бойлау қажет. Жаңа заман бізден соны талап етеді. Баяндамада атыңның аталғаны, аталмағаны маңызды болмаса керек. Жалпы, ағымды айтқан кезде онсыз да есімдер аталады. Ал ондай болмай қалған жағдайда қайғырудың керегі не?
Әдебиетіміздің бүгінгі ошарылмалы қалпы, сөз өнеріне жаңалық келмей жатқаны қанша уақыттан бері айтылып келеді. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде өнеріміздің қайсысында үлкен өзгеріс болды дейсіздер. Әдебиет үшін жиырма бес жыл өте қысқа уақыт. Ақын-жазушылардың бәрі қысқа мерзімде әлемдік ой-сананың қатарына еркін қосылған Әуезов талантына ие емес қой. Еуропаның отарында болған Латын Америка жазушыларына бүгінгі дәрежеге жету үшін кемі бір ғасыр уақыт кетті. Алғаш латын-
америкалық романның жазылуынан есептегенде. Ал тәуелсіздікке ұмтылған поэзиясын айтсаңыз, одан арыға кетесіз. Әлем әдебиетінің биігіне тез өрлеген жапондар болса, өздерінің түп тамырынан айнымаған жаңа бағытты дұрыс деп тапты. Олар да қай ағыммен жүреміз деп ұзақ таласқанға ұқсайды. Ақырында дәстүрден айнымаған жаңа модернизм қалыптастырды. Ал қазақ әдебиетінде «дауыл алдындағы тыныштық» деп аталған қазіргі кезеңнің де аяқталар өз уақыты бар. Адамзат баласының бұндай күй кешетінін ойшылдар әлдеқашан айтыпты. «XX ғасырды психолог К.Юнг – ұжымдық хаос белсенділігінің ғасыры десе, философтар: В.Шубарт – өліара кезең, Н.Бердяев – жаңа орта ғасыр, Борингер – жаппай абстракциялау дәуірі, жазушы Джоис – әлімсақтық архетиптердің қайта оралуы, мәдениеттанушы, философ М.Элиаде – көркемдіктің тілі біржолата байланып, атымен жаңа ғаламшар қалыптасатын дәуір деп болжамдапты. Олардың пайымдауынша, бұлай болатындығының басты себебі – қоғамның бұған дейінгі тәжірибесін үзілді-кесілді жоққа шығаруы болып табылады екен. Мұндай жағдай, сонымен, бір дәуір әбден тұралап, келесі дәуір енді-енді қылаң беріп, өткенмен байланыс түбегейлі үзіліп, жаппай ойсырайтын омырылмалы кезеңде орнайтын көрінеді».
Екінші мыңжылдықтың басталғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл кезеңнен де өтеміз. Жақсылы-жаманды өмір сүрерміз. Бірақ ендігі ғасырда келетін ұрпақ үшін құнарлы әдебиет жасауға тиіспіз. Біздің замандастарымыз алдыңғы келер екі ұрпақ әлем әдебиетіне еркін қосыла қоймас. Бірақ үшінші ұрпақтың жағдайы соған жетер деп үміт қыламыз. Өйткені, жиырмасыншы ғасыр басындағы алаштықтардың үзіліп қалған жолы енді жалғанады.
Сол уақытқа дейін Әдеби жыл қорытындысы да дәстүрін үзбей, аман жетсе деп тілейсің.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.