УАҚЫТ ӨЛШЕМІ – ҚАЗАҚТЫҢ НАУРЫЗДАМАСЫ
Тіршілікке жан бітірген жазғытұрымен жағаласа келген кішкентай құсқа – Наурызек деп ат қойып, осы мейрамда мейманына ұсынатын асын – Наурыз көже атайтын, бұл күні ықылас сұрап, қол жайған жұртқа айтылатын тілекті – Наурыз батасы деп айшықтайтын,тіпті осы Жаңа жыл мерекесінде орындалатын ән-жырды – Наурыз жыры деп әспеттейтін қазақтан басқа қай халық?
Міржақып Дулатұлының ұлық мереке жайында: «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы.Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі» деуінің себебі де осы секілді. 2009 жылдың 30 қыркүйегінде UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген екен. Шынында да бір кездері бүтін бір ұлттың мәдениетінен хабар беретін Наурыз мейрамын біз бүгін қалай мерекелеп жүрміз? Наурыздың танымдық мән-маңызын тереңінен түсіну үшін бізге не керек? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрмекпіз.
– 1926 жылы діни сипаттағы әдет-ғұрып қатарына жатқызылып, мерекелеуге тыйым салынған Наурыз мейрамы араға 62 жыл салып, 1988 жылы қайта ауызға алына бастаған екен. Бұл аралықта жұртшылық Наурыздан мүлдем қол үзіп кетпесе де, мейрамның нақты мән-маңызы мен түп негізін жадымыздан біршама жасыруға осы уақыт айтарлықтай әсер еткен секілді. Осы орайда «Бұрынғы қазақ Наурыз мейрамын қалай мерекелейтін еді? Қазір біз Наурызды қалай тойлап жүрміз?» деген сұрақ туындайтыны заңдылық секілді.
Алтай ТАЙЖАНОВ, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор:
– Алдыменен, жалпы мейрам туралы. Мереке-мейрамдарды діни және діни емес сипаттағы мереке деп бөлудің өзі қате. Бұл кеңес заманы кезіндегі идеологияның, атеистік көзқарастың тұсында пайда болған түсінік. Менің ойымша, діни емес мереке жалпыхалықтық болып есептелмейді. Олар әрі кеткенде, әлеуметтің еңбек бөлінісіне, жынысына (8 наурыз), т.б. күнделікті қажеттіліктеріне байланысты туған, көбі өз заманында биліктің пәрменімен бекітілген. Дәстүрлі қоғам үшін сенім мәселесі – бірінші орында. Сол себепті, барлық тұрмыс та, болмыс та сенімге, біздің халқымыз үшін шаруашылық әрекетін, тұрмысын, болмысын жақсартуға үміттеніп, табиғаттан болсын, Тәңіріден болсын сұраудан, тілектен туындаған. Сондықтан олар ұлттың әдет-ғұрпымен, діни салт-санасымен, наным-сенімдерімен қабысып жатады.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз – айтулы мерекелердің бірі, көне мейрам, ол: Мұсылмандық Шығыс халықтарының Жаңа жыл мейрамы; көктемді қарсы алу мерекесі; өткен тарихындағы маңызы зор ұлы оқиғаларды атап өту тойы. Қысқасы, Наурыз мұсылмандық Шығыс халықтары, оның ішінде түркі халықтарының шаруашылық, әлеуметтік қажеттіліктерінің туындысы болып табылады. Жыл басы, Жаңарудың басы – Наурыз мерекесінің ұзақ уақыт тойланбауы халқымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына, Наурызбен байланысты тілектеріне, ой-армандарына, қалыптасқан жоралғыларына нұқсан келтірді. Заман мен уақыт, ұрпақтар арасындағы сабақтастық байланыстар, әдет-ғұрып, салтымыз да үзіліп қалды. Наурызды қалай тойлау керектігі туралы білетін адамдар да азайды. 80 жылдардың аяғында келген жаңа лептің, сілкіністің, серпілістің арқасында Наурызды қайта тойлау мүмкіндігі туындады. Алғашында «Көш – жүре түзеледі» деп ақ қар, көк мұздың үстіне көптеген киіз үйлер тігілді. Тіпті, әр ауданнан келетін киіз үйлердің саны белгіленіп, оған аудан басшылары жауап берді. Негізгі көңіл кімнің үйі әдемі, кімнің үйі жақсы безендірілген, кімнің әзірлеген Наурыз көжесі дәмді сияқты мәселелерге бөлініп, ол үшін арнайы комиссиялар шығарылды. Сөйтіп, киіз үйлер, театрландырылған көріністер комиссия үшін жасалып (кей жерлерде әкімшілік адамдары ғана кіретін музейлік экспонат сияқты) қысқаша айтқанда, рәуіштік көріністерге айналдырдық. Бұны мен сол комиссияның мүшесі ретінде қатысқан адам болғасын айтып отырмын.
Серік ЕРҒАЛИ, түркітанушы:
– Біздің қоғамымызда Наурыз мейрамын мерекелеу этнографиялық еске алумен қабаттасып жүргендігі туралы пікір бар. Ол негізсіз де емес. Оның сырын Наурыздың жете зерттелмеуінен, оның бүгінгі заман талабына қажетті атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерінің ашылмауынан іздегеніміз жөн. Содан барып, ішіп-жеуден арыға бара алмаймыз. Мемлекеттік мерекенің халықтық салтанат қана емес, оның мемлекет пен ұлттың рухани күйін әйгілейтін көрсеткіш екенін де ескеріп, оны идеологиялық жараққа айналдыру жағы кемшін қалып жүр. Күнтізбелік Жаңа жылға арналғандай. Наурызды айшықтайтын көркем туындылар әлі де жоқтың қасы. Ән күй жағы болмаса, ғылыми көпшілік фильм болсын, дәстүрлі концерттік жанр, не шоу болсын жұтаң тартып тұр. Әзірге біздің жыл сайын мерекелеп жүрген Наурыз мейрамымыздың көрінісі: Жағалай тігілген ордалар мен сахнада көрсетілетін этнографиялық тұрмыстық ғұрыптарымыз – бесікке салу, беташар, тұсаукесер… мейрамның емес, өзіміздің этно болмысымызды сахналаумен шектелеміз. Ұлттың этно болмысы сахнадағы көрініске емес, тұрмыстағы күнделікті тірлікке тән болуға тиіс дәстүр емес пе. Ал мерекені сәні рухани-тарихи мифке, дәйекке негізделген әдет-ғұрыптар мен жоралғы жиынтығын атрибуттармен қолдап, бүгінгі заманға лайықты жаңалықтарды сыналай енгізе отырып, мерекеге жалпыадамзаттық тұрпат берген жөн болар еді.
Тіпті, адамдардың бүгінгі араласу тетігіне, яғни Наурызға арналған құтпарақтар (открытка) сатылмаса, мереке архаистік түрден арыла ма? Мәселе егемен ұлт ретінде өз кеңістігіміз бен уақытымызға қаншалықты иелік етуімізде болып тұр…
– Осы күні Наурыз мерекесін науқанға айналдырып алған секілдіміз. Көпшілік мереке күндерін әшейін қатардағы демалыс күндері деп қабылдаудан арылып, ұлттық мейрам ретінде шын қабылдауы үшін не істемек керек?
Алтай ТАЙЖАНОВ:
– Қазір біз тек Наурыз емес, қай мерекені болсын тойлауды науқанға айналдырып алған сияқтымыз. Олардың барлығы да бірқатар жандар үшін – демалыс, тойлау, қыдыру, т.б. Ал шын мәнінде, әр мерекенің негізінде оның шығу төркіні, себебі, өзіне тән қалыптасқан атап өту салты, жоралғысы бар. Мәселен, Құрбан Айт – құрбандық шалумен, Ораза Айт – ауыз ашумен, т.б. байланысты. Сол сияқты, Наурыздың да өзіндік болмысын ашатын себепті көрсете алмай жүрміз. Ал бұл күнді неге Ұлыстың Ұлы күні деп атайтынымызды, неге Жаңару мезгілі дейтінімізді біреу түсінсе, біреу түсіне бермейді. Біз оны әр адамның өзінің өткен жылына есеп беріп, алдағы жылға жоспар құрудың нүктесі десек, кешірім мен мейірім уақыты деп ұғындырсақ, насихаттасақ, Наурыздың өз мәніндегі болмысын көрсетсек бұлай болмас едік. Мұндай бастамашылдық алдымен билік деңгейінде жүруі тиіс. Үйреніп қалған күнтізбелік Жаңа жылдан әзір кете алмай жүрміз, бірақ енді Жыл қорытындысы бойынша ақпараттарды жариялау, ондағы жетістіктерді марапаттау, танымал тұлғаларды ұлықтау («Алтын сапа», «Үздік мамандық иесі», «Жыл жетістіктері», т.б. номинациялар) рәсімдерін осы кезде өткізсек, жаңа жоспарлы бастамаларды (жаңа мекемелерді ашу, кезекті экономикалық жаңашылдықтың тұсауын кесу) бастасақ ел есінде бұл мереке – бастау мерекесі ретінде қалары анық.
Тағы бір айтатын жайт, табиғаттың тосын мінезін ескермей, көктемнің әр аймаққа әр уақытта келуіне қарамай, киіз үйлер тігу мен салқында суып кеткеніне қарамай аста-төк тамақ беру. Тіпті, біреулер ат ойындарын көрсетіп жатады. Қыстан әзер шыққан жылқының оған шамасы келе ме, тұяғы мұзда кетіле ме, құлаған адам үшін жер жұмсақ бола ма, ұлттық жұқа киім киген жастарымыз ауырып қалмай ма, сойылатын малдың қыстан әзер шыққан немесе ішінде төлі бар мал екенін ескеру керек пе, оған қарамаймыз, әйтеуір науқан. Мұндай істерді ғимараттар ішіне көшіру, түрлі ғылым мен техника жаңалықтарын пайдалану (мәселен, киіз үйлерді жылыту) жағы ескерілмейді. Ойын-той, шашылу, ысырапшылдық. Бұл, міне, Наурыздың Жыл басы ретіндегі танымдық сипатын ашпақ түгілі, оны жоққа шығарады. Әрі беріден кейін оның қадірін кетіріп, жастарды қызықтырудан қалады.

Серік ЕРҒАЛИ:
– Ұлттық мерекенің маңызы – оның ұлтты қалыптаған рухани игіліктер мен құндылықтардың тұнба көрінісі екендігінде. Ұлттық мерекеге қарап, халықтың жағдайы мен рухын бағамдауға болады. Оның үстіне Уақыт мөлшерін танытатын Наурыз секілді мейрам Ұлттың Уақыт пен Кеңістікті тану мен қадыр тұту қабілетін аңғартады. Сондықтан да барлық елдерде Жаңа жыл мерекесі – аңсаулы да аяулы салтанат. Қай мемлекет те одан уақыт пен жарақ-жабдықты аямайды. Біздің бүгінгі Наурыз мейрамында екі мерекенің мазмұны қосарланып жүр: оның бірі – қазақша Жаңа жыл, екіншісі – Күн мен Түннің теңесуі. 1988 жылы Наурыз мерекесін ресми мейрамдауды бастағалы бұрынғы 14 наурызда «Амал» атауымен мерекеленген Жыл мерекесі Наурызбен бірігіп кетті. ХХ ғасырға дейін Мәшһүр Жүсіпше айтқанда: «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурыздама» болатын. 14 Наурыз қазақша Жаңа жылдың енген күні ретінде мойындалған, ескі жылдың есіркеп, Жаңа жылдың жарылқауын тілеу осы күннен басталған. Ескіше 1-8 наурыз (жаңаша: 14-21 наурыз) аралығында сегіз күн бойы ресми аталып, арты бұқараның айлап мерекелеуге ұласқандығын Мәшһүр Жүсіп атамыз былай атап өтіпті: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым… біздің қазақ жұрты үлгіні сол Бұхара жұртынан алған екен. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған екен!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қалдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен…».
Бір қызығы, Рим империясынан бастап Ресей патшалығына дейінгі алып мемлекеттер өздерінің жыл санау сәтін Григориан күнтізбесі қабылданғанға дейін ескіше 1 наурызда (қазіргіше 14 наурыз) атап өткен. Ендеше, адамзатқа ортақ күнтізбе әуел бастан түркілік Ортаңғы Азияның көне іліміне сүйенгендігі өз алдына, оған адамзаттың да уақыт өлшемін мойынсұндырып келген.
– Анығында, Наурызды біз стереотипке айналдырып алған жоқпыз ба? Наурыздың концептуалдық маңызын дұрыс түсіне алдық па? Халықты ынтымақ пен бірлікке, еңбекке, тазалыққа, тіпті бәсекеге шақыратын Ұлыстың Ұлы күні шын мәнінде ұлтты сілкіндіретін, халықты жігерлендіретін жаңашылдық бастауы болуы қажет шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
Алтай ТАЙЖАНОВ:
– Қазіргі өткізіліп жүрген Наурыз мерекеміз тек мезгілдік әсерлі шараларға айналып барады. Көшеге шығып көңіл көтеру, шеруге қатысу, қонағасы, сый-сияпат көру, тілек білдіріп, бата беру, т.б. осы сияқты шаралардың айналасынан шыға алмай жүрміз. Ақыл-ойды, ұлттық сананы, іс-әрекеттік дағдыны қалыптастыруға бұл шаралар айтарлықтай қозғау жасай алмай келеді. Бізге Наурыз мерекесін әулет тәрбиесімен ұштастырып, оны тазару, жаңару, қайта түлеу мұраттары менен байланыстырғанымыз жөн. Мысалы, тазару, жаңару мәселесін алатын болсақ, ол үш бағытта атқарылмақ: жанның тазаруы; тәннің тазаруы; әлеуметтік қарым-қатынастағы тазару.
Ал «Наурыздың концептуалдық маңызын дұрыс түсіне алдық па?» дегенге келсек, ондай деңгейге әлі жете қоймаған сияқтымыз. Себебі, қазіргі заманда кез келген жаңалық өзіне жарнамалауды қажет етеді. Мысалы, күнтізбелік жыл ауысуы – біз үшін дәстүрлі Жаңа жыл бірнеше айлар бұрын жарнамаланып, оның нышандары алдын ала құрылып, ілініп, телерадиодан кереметтей қылып ұлықтаймыз. Ал Наурыз қарсаңында әрі кеткенде, бір апта бұрын мерекеге дайындалып, бір жай ғана кезекті мерекелік күнді атап өткендей әсермен өте шығамыз. Бұл мерекенің тәлім-тағылымдық, танымдық жағы болғандықтан, әрине дастархан жайылады. Көптеген мекемелер қарапайым халықтарды осы дастарханға жақындатпай «әкім келсін», «қонақтар алдымен ауыз тисін», «сосын сіздерге береміз», т.б. әрекеттерімен жұртшылықтың көңілін пәс етеді. Әрі-беріден соң сарсаңға түскен ел қолын бір сілтеп кетіп жатады.
Соңғы жылдарда Наурыз мерекесін өткізуді бірізділендіру бағытында ізденістер жасап жүрген азаматтар бар. Бірақ ол ізденістерге мемлекет, билік тарапынан тиісті ынта мен зейін аударылмағандықтан Наурыз мерекесін өткізудің концепциясы айқындалды деп айта алмаймыз. Сондықтан қоғам, әлеумет арасында: «Наурыз мерекесінің типтік атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерін қайтсек жүйелі жолға қоямыз?», «Наурыздағы этнографиялық көріністер қандай болуы керек?», «Жылды Наурыздан бастап есептеуді тәжірибеге енгізе аламыз ба?» деген заңды сұрақтар жиі қойылады. Алайда, Наурыз мерекесін азаттық мерекесі деп түсінбейтін, Аяз атаны Қыдыр Атадан артық насихаттауға үйренген мемлекет басында отырған қасаң шенеуніктер Наурыздың мәнін түсініп, оған қызмет ете қоюы әзірге неғайбыл. Сөйтіп, Әз-Наурыз тойы шырша тойынан кемшін түсіп жатады.
Наурыз – дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні, Жыл басы. Ұлыс – мекен, аймақ, әкімшілік мағынасын беретін көне түркі, монғол халықтарының сөзі. Ал «Ұлыстың Ұлы күні» дегенде ұлыс, аймақтың, елдің Ұлы күні дегенді білдіреді, ендеше, Наурыз елге тиесілі ең қасиетті мейрам.
Наурыз – «Самарқанның көк тасы жібитін» күн. Бұлай деуіміздің себебі – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы әмірдің қаһары да жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған оны өлімге бұйыртпай, аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн, бұл адам бойындағы жүректің жылылығымен байланысты күн. Бұл күнгі байланыста «Ұлыстың Ұлы күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталар сөзі бар.
Наурыз біздің ұлт ретінде қалыптасуымызға әсер ететін мәдени қасиеттеріміздің бірі саналады. Наурыз мейрамы біздің екінші қырымыздың, яғни сана-сезіміміздің жетілуіне, сөйтіп, ұлттық бірлік-берекеміздің нығаюына жол ашады. Қазіргі уақытта жаһандану заманы, ел мен елдің, ұлт пен ұлыстардың бір-бірімен әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салаларда бәсекеге түсіп тұрған кезі. Біз мемлекет тәуелсіздігін, ұлт мұраттарын, ұрпақ болашағын мәңгілік құндылықтар деп есептеп, сол құндылықтарға қылау түсірмеу үшін халқымыздың бірлігі мен топтасуын қамтамасыз еткеніміз абзал. Наурыз тойын өткізгенде де, құр ән салу, би билеу, тоя тамақ ішу, шаршап-шалдыққанша қыдыру емес, білмегенді білуге, көрмегенді көруге, таным көкжиегімізді кеңейтуге ұмтылуымыз керек. Соңғысы тыныштық пен келісімді, ұлт болып, ұлыс болып ұйысуды, белгілі бір идея мен мұрат-мақсаттарға ұмтылысты қажет етеді. Ендеше, осындай игілікті істерге бастайтын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын, береке әкелсін!
Серік ЕРҒАЛИ:
– Қазақ жылды рухани-пәлсапалық жағынан бір-біріне қарсы екі маусымға – алты ай қыс пен алты ай жазға бөлгенімен, тіршілік маусымын жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс деп, 4-ке жіктеген. Аңдап қарасақ, қазақша жыл маусымдарының атаулары табиғат құбылыстарын дәл сипаттайтын секілді. Қыста табиғат – қысылады, жазда – жазылады, күзде – күзеледі, ал көктемде –көктейді. Әрбір жыл маусымы 90 күннен, қалған бес күн «қонақ» аталып, соған сәйкес «Бесқонақ» әфсанасы қалыптасқан. Жыл басталатын жазғытұрымда табиғат туылу үдерісіне кіріседі екен. Наурыздың табиғи нышандары: жыл құсы саналатын «наурызек» торғайдың көзге түсуі, бәйшешектің көктеуі, жердегі тоңның жібіп, қардың еруі. Тіліміздегі Наурызды «Самарқанның көк тасы еритін күн» деп атауы да тегін емес. Бұл тәмсілдің ел ішіндегі халықтық нұсқасы – қыс бойы жентті қатырып, көктемде оның ерігеніне қарап, жердегі тоңның жібіп, Наурыздың келгендігін анықтаған. Бұл ғұрыптық жайт қыстың кетіп, көктемгі мерекенің басталғанын аңғартатын белгі іспетті болған.
Наурыз – түркілердің Кеңістік пен Уақытты мөлшерлеу мен бағдарлау дәстүрінің нәтижесі. Наурыз – Шығыстың жыл басы емес, парсы мен түркі жұрттарының бірге байытып, бірге сақтап келген ортақ рухани құндылығы, ортақ жыл басы. Наурыз – Көктем жаршысы. Наурыз – Күндіз бен Түннің теңесімі. Ендеше, оны халқымыздың құнды руханиятының бөлшегі ретінде бұрынғыдай бірнеше күн бойы фестивальдық сипатта мерекелеп, ұлттың рухани түлеуіне түрткі еткен абзал. Тіпті, жұрт арасында «бас жазу» күні аталып кеткен 23 наурыздағы демалысты 14-іне ауыстырған әділетті болар еді.
Дайындаған Айнара АШАН.
Мұхан Исахан,
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, Исламды зерттеу бөлімінің басшысы
Әз-Наурыз, Йом-Кипур, Ашура мерекелерінің шығу тегі бір
Түркі өркениетінің ұлы нышандарының бірі Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі екені баршамызға аян. Алайда, соңғы жылдары Наурыз мерекесі жөнінде кейбір фундаментальді түсініктегі діни оқымыстылар ел ішінде жағымсыз пікір қалыптастырып отыр. Олардың пікірінше, Наурыз мерекесі бүгінгі күнге үзіліп-талып жеткен көне зороастризм сенімінің сарқыншағы-мыс. Ал зороастризм – отқа табынуға үндейтін бұзылған сенім болғандықтан, бұл діннің ритуалдары хақ сенімге қайшы екені айтпаса да түсінікті. Расында да, Наурыз мерекесі зороастризм сенімінің сынығы болса, онда бұл сыни пікірдің шынайылығына шүбә келтіре алмаймыз. Бірақ Наурыз мерекесі шын мәнінде зороастризмнің сарқыты ма, жоқ әлде, Хақ діннің төл мерекесі ме?
Әсілі, Наурыз мерекесінің Хақ дінге қайшы емес екенін Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінде айтылады. Ғұлама бабамыз Наурыз мерекесінің шежіресін былайша тарқатады:
«Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазығұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан», – деп Нұх (а.с.)-ның қауымының топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді. Одан ары қарай: «Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда, «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол Самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты, жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұп-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген».
Мәшһүр Жүсіп бабамыз осы «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінде Ашура мен Наурыздың шығу тегі бір екенін көрсетіп отыр. Расында да, мұсылмандық дереккөздер бойынша Нұх пайғамбардың қауымы топан судан Мұхаррам айының оныншы күні – Ашура күні құтылған. Нұх қауымы Аллаға шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, дорба түбіндегі там-тұм қалған бидай, арпа, ноқат, бұршақ, құмық секілді дақылдарды айран-сүтке малып, жеңсік ас әзірлеп, арқа-жарқа болып той жасаған. Бұдан кейін адамзат баласы әрбір жылы топан су қасіретінен құтылған күннің құрметіне Мұхаррам айының оныншы күні Ашура мерекесін дәстүрлі түрде тойлай бастаған. Яғни бұл деректерден Наурыз мерекесінде дайындалатын түрлі дән-дақылдар қосылып жасалатын Наурыз көже мен Ашура тәттісінің мазмұны бір екенін аңғарамыз. Иуда дінінің өкілдері бұл мерекені «Йом-Кипур» мерекесі деп атайды.
Нұх қауымының топан судан құтылған күнін Григориян немесе Омар Хаямның күнтізбесімен жүретін Шығыс халықтары жұлдыз есебімен Наурыз айының 21-іне тойласа, ал, ай есебіне негізделген хижра жыл санауын ұстанатын мұсылман халықтары бұл мерекені Мұхаррам айының 10-шы күні тойлайды. Демек, әз-Наурыз мерекесі Хақ дінге қайшы емес!