Алып – анадан туады
«Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағышыдан» деп мақалдап жатады. Әйелдің тегіне, шыққан жеріне байланысты осылай деген.
Зер салған адамға мұнда үлкен мән мен мағына, терең сыр бар. Қазақтың ғұламасы Мәшһүр Жүсіп: «Меңіреу әйелден меңіреу бала туады» дейді. Әдетте біз «меңіреу» деп: көзі бар, бірақ көрмейтін, құлағы бар, бірақ естімейтін адамды айтамыз. Абай өзінің әйгілі Китаб Тасдиқ атты еңбегінде: «Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді. «Хауас» арапша – сезім, «сәлим» – толық деп аударылады. Біздіңше – «толық сезім», «сезімі толық» деп түсініледі. Бір ғажабы, хакім Абай «бұлар туысынан болады» деп нақтылайды. Тап осы арада Мәшһүр Жүсіп пен Абайдың ойлары түйіседі: екеуі де бір ойды айтып отыр. Өзімізше түсіндірер болсақ, «меңіреу бала» – хауас сәлимі – толық сезімі жоқ бала. Айтылған ойды әрі қарай індетер болсақ, мұндай «толық сезімсіз» бала «толық сезімсіз» әйелден, яғни «меңіреу» әйелден туады. Белгілі ғалым Советхан Ғаббасовтың айтуынша, адам жанының 12 каналы болады екен. Бала жарық дүниеге келгенде осы 12 канал я ашық, я жабық боп туады екен. Сонда бұл жанның 12 каналы ананың құрсағында жатып-ақ ашылады екен ғой. Ал осы жанының 12 каналы ашылмаған, хауас сәлимі жоқ меңіреу бала ғылым-білімге енжар, қауқарсыз, қабілетсіз, махаббатсыз болады. Ғылым-білімге махаббатсыз бала түптің түбінде Құдайын да танымайды, өзін де танымайды, дүниені де тани алмайды. Осыдан-ақ әйелдің бала тәрбиесіндегі ролінің қаншалықты маңызды екенін өзіңіз-ақ аңғара беріңіз. Екіншіден, Абай: бала осы үшеуінің (1. жақса ата, жақсы ана/ 2. жақсы құрбы /3. жақсы ұстаз) қайсысын көбірек жақсы көрсе, содан мінезді көбірек алады депті. Әлбетте, бала кімді жақсы көреді? Тоғыз ай, он күн көтерген, Еңбегінде еті өлген, Мұздай бесік таянған, Жыласаң шошып оянған (Майлықожа) анасын жақсы көреді. Сондықтан Мәшһүр Жүсіп: әкесі қанша жерден ғалым болсын, шешесі надан болса, бала соны жақсы көргендіктен надан болып өседі дейді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөздің мәнісі – қазақ, ел боламын десең әйелдің жағдайын жаса, оқыт, тәрбиеле – сонда ғана ел боласыңға саяды. Бірақ ол қандай оқу? Оқудың да оқуы бар. Мәшһүр Жүсіп: «Әйел заты зәру білім алуы керек (әйелдік табиғатына сай – О.Ж.) сонда ол періштелік сипатқа ие болады, байын да жақсы күтеді», – дейді. Сөзімізді қорытындылай келіп, «ат – биеден туады, алып – анадан туады». Қазақтың «Елден елді аралап, Тектіден текті саралап, Бектердің қызын айттырып алар ма екенбізінде» (Ақтамберді) зор мәніс бар.
Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ, дінтанушы
ПІКІРЛЕР1
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.