Әйел және философия
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасында «Философиялық кездесулер» шығармашылық клубының тұсауы кесіліп, «Әйел және философия» атты әсерлі, мазмұнды жиын өтті.
Профессор, кафедра меңгерушісі Г.Нұрышеваның бастамасымен ұйымдастырылған кездесудің алғашқы қонақтары – ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының философтары, еліміздің белгілі ғалымдары Г. Соловьева, Ғ.Құрманғалиева, Р.Сартаева, Г.Барлыбаева, А.Сағиқызы, философия доценттері Ш.Ибжарова, С.Шакирова және Ж.Әубәкірова атындағы мектеп директорының орынбасары, философ А.Еңсебаева, ҚазҰУ Философия кафедрасының профессорлары – С.Еділбаева, А.Сырғақбаева, Б.Джамбаева, Т.Лифанова, А.Рамазанова, Ж.Әмірқұлова, Г.Мямешева, А.Нығметова, Г.Әбдірасыловалар болды.
Жиынды жүргізген Гүлжиһан Жұмабайқызы: «Ел келешегі – жастар. Бүгінгі студент – ертеңгі зиялы. Ұлт жалғасы. Ел болашағы бүгінгі жастың ой-сана мәдениетіне тікелей байланысты. Аға буынның ойлау жүйесі мен машығын, ішкі рухын жастарымыз сезіне алуы үшін клубтық формадағы Философиялық кездесулерді бастадық. Идеологиялық мазмұндағы мереке болғанына қарамастан, 8 наурыз қарсаңындағы алғашқы кездесуімізді «Әйел» және «Философия» феномендерінің тылсымына арнадық. «Философиялық кездесулер» жемісті болып, ұрпақтар арасында рухани сабақтастық орнайды деп сенеміз», – деп кеш мақсатын айқындап берді.
«Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар экономикалық дағдарыс әсерін бірінші сезінуде. Біздің елде ғана емес, бұл – бүкіләлемдік жағдай. Алайда, философияның өркендеуі тек академиялық сипатқа тәуелді емес. Технологиялық жетістіктер заманында философияның қажеттілігі артып, көрініс беру салалары сан қырлы бола түсуде. Демек, біздер, философиямен астасып жататын салалардағы гранттарға ұмтылуымыз керек», – деген ой салды ғылым кандидаты С.Шакирова. Кеш соңында ханымдар кафедра қорына өз кітаптарын сыйлады. Кездесу қонағы А.Еңсебаева Философия мамандығының үздік студенттеріне философия факультетінің 1981 жылғы түлектерінің атынан шәкіртақы табыстады.
Гауһар Әбдірасылова,
философия ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Философия кафедрасының доценті.