ҚАЗАҚТЫҢ ДАРА ҚЫЗЫ
Бүгінгі таңда музыкатанушы-ғалым, өнертану ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Сара Әділгерейқызы Күзембаеваның есімі көпшілікке кеңінен таныс. Қазақтың ғалым қызына осынша атақ пен ғылыми дәреженің оңай жолмен келмегеніне көзімізді жеткізу үшін ғалымның өмір жолына үңіліп көрелік.
Музыкатанушы ғалымның ұлттық музыкаға деген құштарлығы әке-шешесінен дарығанын байқауға болады. Әкесі Әділгерей домбырамен қоса бірнеше музыкалық аспаптарда қатар ойнаған өте талантты жан болғаны сонша, ол келмей ауылдың ешқандай тойы басталмайтын болған. Осындай кезекті тойдың бірінде Әділгерей қыз-жігіт айтысына түсіп, қарсылас қызына «Егер айтыста жеңетін болсам, сені қалыңмалсыз аламын», – дейді. Иә айтса айтқандай, айтыста жеңіске жеткен дулаттың жігіті шапыраштының қызын қалыңмалсыз алады. Міне, Сара Әділгерейқызының әке-шешесі осылайша өнер арқылы танысып, бір-бірінің өнеріне бас иіп табысқан жандар екен. Болашақ музыкатанушы қыздың бойына ұлттық музыкаға деген құштарлық осылайша әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойына құйылып жатқан болатын-ды…
Сара апамыздың естеліктері мен сұхбаттарын оқып отырғанда жыр алыбы Жамбылдың «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген өлең жолдары есімізге оралады. Ақынның айтып отырғаны шапыраштының екейі болса, Сара апамның нағашылары – сол шапырашты жұрты. Айтысқа қатысып жүрген әкесі мен анасының суырыпсалмалық өнері оның балаларына да дарыған. Ұлы Отан соғысына барып, сол жақтан қара қағаз келген ағасының айтпағын лезде өлең жолдарына түсіріп айта қоятынын еске алғанда, апамның көзіне жас алатынын түсінуге болады. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің үшінші курсынан майданға аттанып, ұшқыш болған ағасы Днепрдегі шайқаста қаза тапса, екінші ағасы да Отанды жаудан қорғауда шейіт болып Дубосековада жерленген. Ұлы Отан соғысында Отанды жаудан қорғауда қайтыс болған жауынгерлердің есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында Қаскелеңде қойылған ескерткіште Нұрсейіт Тезекбаевтың да есімі жазылған. Арада қаншама жыл өтсе де, бауыр етінен айырылудың оңай еместігін, жаугершілік замандағы артына мінгескен баласын түсіріп тастап, бауырын ала кеткен жан туралы аңыз-әңгімелерден де жақсы білеміз.
Ескіше де, жаңаша да сауатты болған әкесі он алты жыл «Прямой путь» колхозындағы мектептің директоры қызметін атқарып, қазақтың қаракөз балаларын білім нәрімен сусындатты. Алайда, ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары Қаскелең аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Әди Шәріпов сұранып майданға аттанғанда, осы қызметке өзіне жақсы таныс Әділгерейдің лайық азамат екенін айтып, ұсыныс жасап кеткен болатын-ды. Партияның тапсыруымен ел басқару жұмысына құлшына кіріскен әкесінің жанын сала қызмет етіп, суық суды кешіп жүріп қатты науқастанғаны, өзіне көңіл бөлмегені де жас қыздың көз алдында…
Сонымен бірге, болашақ ғалымның қалыптасуына оның өскен ортасының да әсері мол болды. Сара апамыздың өскен ортасы – өлең-жырдың мекені болған Сүйінбай мен Жамбылдың елі. 1937 жылдың ерте көктемінде Алматы облысына қарасты Қаскелең ауданының Іргелі ауылында дүниеге келген қыздың өмір жолынан ел басына түскен сол бір ауыр күндерді көру қиын емес. Ол да өз замандастары секілді балалық шағын соғыс ұрлаған буынның өкілі. Ұзаққа созылған Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағына қарайтын одақтас республикалардың барлығын экономикалық жағынан тұралатып тастағаны белгілі. Бұл колхоздың бар ауыр тіршілігі бұғанасы қатпаған бала-шаға мен қыз-келіншектерге қарап қалған шақ еді. Жаңа ғана есін жия бастаған баланың жанына соғыс салған жара күні бүгінге дейін көңілін қобалжытып, жанарына жас үйіреді…
Ел басына ауыр күн туған жылдардың өзінде ел өлең-жырдан қол үзген жоқ. Таңғы төрттер шамасында еңбекке жарамды жандардың барлығын егіс даласына қуатын бір қолы жоқ колхоз бригадирінің бейнесі кішкентай қыздың көз алдында сақталып қалды. Күнмен таласып егіс даласында жүретін қыз-келіншектердің мұңы да, зары да бір еді, олардың бірі жалғыз баласынан айырылса, екіншісінің сүйген жары майдан даласында қалды. Бір мақсат, бір мүддеге жүгінген ауыл тұрғындары бір үйлі жандай ынтымақты тіршілігінің арқасында сол бір ауыр қасіреттерді жеңе білді. Ұзақты күнде бір сәт дамыл алмайтын жандардың күн бата бір жерде отырып, бір қазаннан шәй ішетіні де содан еді. Бірде көз жасына ерік беріп іштерін босатқан қыз-келіншектер, енді бірде ән салып шерлерін шығаратын. Қайғыны сейілту, қасіретті жеңілдету мақсатында алқа-қотан жиналып батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды оқитын. Атадан балаға жеткен халықтың бай мұрасы анасының тізесіне басын қойып, тыңдап жататын Сара сынды көкірек көзі ашық жас баланың құлағына құйыла берді, жаттала берді. Әуенге салып, мақаммен оқылған батырлық жырлар, мұң-шер өлеңдер, айтыстар болашақ ғалымның ес білгелі естіп, жаттап өскен дүниелері еді. Осы жылдары майдандағы ағасы Нұрсейіттен келген хаттарда «Қобыланды батыр» тәрізді батырлық жырлардан үзінділер келетін. Колхозда жиналыс болғанда сол хаттарды көпшіліктің алдында дауыстап оқып, майданнан келген хаттардағы батырлық эпостың үзінділерімен халықты рухтандыратын болған. Кейінгі жылдары ұлттық музыканы зерттеу барысында сол бір бала күнде құлағына құйып өскен ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ұлттық және кәсіби музыканы «Сольфеджио» пәніне арнап жазған алғашқы оқулығында нақты мысалдармен дәлелдей түсті. Есту, есте сақтау, ырғақ, сезу қабілеттерін дамытатын пәннің нысандары ұлттық мұрамызда жатқандығымен ашыла түсті. Ауыз әдебиеті үлгілерінен музыкалық сарын жүйесін іздеген ғалым қазақ халқына тән музыканың үлгілерін өз зерттеулерінде ұлттық опера театрының тарихымен әдемі ұштастыра білді.
Қос балапанынан қатар айырылған асыл ана бауыр еті балаларының қазасын көтере алмай көп өтпей өмірден өтсе, арсыз ажал араға уақыт салмай Әділгерейді де бақилық етіп тынды. Осылайша әке-шешеден ерте айырылған қыздың өмір жолы да ертегідегідей бір тегіс болған жоқ. Жастайынан жетім қалған бала кейін Алматы қаласындағы интернатта білім алды. Бұл сол жылдардағы Қазақстанның астанасындағы №12 жалғыз қазақ орта мектебі болатын. Мектеп қабырғасында жүргенде тілге деген икемділік пен құштарлығының арқасында ұстаздарының сүйікті шәкірті болды. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Лузина апайы Гогольдің «Өлі жандар» поэмасын тұтастай жаттатса, сынып жетекшісі Антонина Павловна Побережная неміс тілі пәнінен сабақ берді. Ол 12 шумақтан тұратын Гетенің «Орман патшасын» жатқа айтатын шәкіртін өзіне ізбасар болар деп үміт артатын. Тілге деген икемділігін байқаған ұстаз шәкіртін Шет тілдер университетіне түсірмек ниетте болады. Алайда, адам тағдырын түгелімен өзгертіп жіберетін бір сәттер болады. Міне, біздің кейіпкеріміздің де осындай сәтке тап болуы – оқытушылардың мектеп оқушыларының музыкалық қабілетін (музыкальный слух) тексере келуі. Қызығушылықпен өзін тексере барған қыздың қабілетін өте жоғары бағалап, оны К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепке оқуға шақырады. Сегізінші сыныпты бітірген соң, екі мектепте қатар оқу қанша қиын болғанмен, музыка мектебінің құдіретті күші күн өткен сайын оны өзіне баурай түсті. Музыка мектебінде белгілі профессорлар И.Коноплев пен П.Аравиннің қыздарымен бірге оқыған ол екі мектепті де жақсы көрсеткішпен тәмамдайды. Ұлттық музыканың құдіретті күші оны консерваторияның тарихи-теориялық бөліміне тапсыртады. Осы мамандыққа оқуға түскен қазақтың үш қызына сол кездегі ректор Құдыс Қожамияров «Сендердің аттарың консерваторияның тарихына алтын әріппен жазылатын болады» деп айтқан
екен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазақта аталы сөз бар, Құдыс ағасының дуалы аузынан шыққан сөз бүгінде шындыққа айналып, Сара Әділгерейқызының есімі қазақтың ғана тарихында емес, әлем тарихында қалып отыр. Оның есімі 2004 жылы «Әлдемнің көрнекті әйелдері» атағына ие болып, Америка Құрама Штатындағы Солтүстік Каролина штатының дүниежүзілік Өмірбаяндық институтының кітабына енуі осының айғағы болса керек.
Мектеп қабырғасында жүргенде алғырлығымен, тиянақтылығымен танылған оқушы жоғары оқу орнына барғанда Алла берген табиғи талантын таныта білді. Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті бүкілодақтық шығармашылық сайыстың жеңімпазы атанып, Мәскеу облысы Клин қаласындағы П.И.Чайковскийдің мұражайына жіберілгеніне не дерсің?! Осы мұражайда қызмет істеген жылдары әйгілі композитордың өмірі мен шығармашылығы жайлы мол мұраға тап болған қазақ қызының музыка ғылымына деген құштарлығы ашыла түсті.
1961-1965 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында шәкірт тәрбиелеген ол 1966 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына келіп, біржолата музыканы зерттеумен айналысты. Ол кезде ұлттық музыканы зерттеушілер ауадай қажет болғандықтан институт директоры Мүсілім Базарбайұлының Мәскеу қаласындағы П.И.Чайковский атындағы Мемлекеттік консерваториясына кәсіби деңгейін көтеруге жібергенін пайдаланып, Ленин атындағы кітапханада сарыла отырып, құнды материалдармен бірге Л.Мазель, В.Цуккерман, Ю.Халопов, В.Бобровский тәрізді одаққа белгілі музыкатанушылардың дәрістерінен мол тәжірибе жинақтап қайтты. Міне, содан бергі уақыттың ішінде музыкатанушы-ғалым көптеген жетістікке жетті. Бұл тұрғыда ғалымның дәстүрлі музыка, ұлттық опера өнері, ұлттық өнер иелерінің шығармашылығы туралы зерттеулерін атауға болады. Қазақ музыкалық фольклорындағы бақсылық өнер, көне музыкалық фольклордағы сарын жүйесі, ертегі, жұмбақ өлең, бата сөз, тарихи ән туралы тыңғылықты зерттеулері кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
А.Жұбанов, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Қ.Қожамияров, Е.Рахмадиев, И.Дубовский, П.Аравин, Н.Тифтикиди тәрізді белгілі музыкатанушылармен тығыз шығармашылықта болған ғалым еңбегін кәсіби мамандар жоғары бағалады. Музыкатанушылардың пікіріне сүйенетін болсақ, Сара Әділгерейқызы ұлттық музыка өнерін күллі әлемге кәсіби маман ретінде танытып жүрген ғалым екендігін ұғынуға болады. Алайда, «Оқу инемен құдық қазғандай» екендігін ескеретін болсақ, мұның бәрі оның саналы ғұмырын арнаған ғылым жолындағы жетістігі екені дау туғызбайды. Ұлттық музыканың әрбір нотасы үшін күресіп жүрген қазақтың дара қызының ғылым саласындағы қыруар жетістігі – адал еңбегімен ер атанғандығының мысалы.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жекелеген әдебиет және өнер қайраткерлерінің мерейтойларын, айтулы даталарды, Ұлы жеңіс күнін еске алып, әр жылдары республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді. Осындай ғылыми жиындардың бәріне дерлік белсене қатысып, ұлттық музыкатану ғылымын өзінің жаңа тұжырым-түйіндерімен толықтырып жүрген ғалымның соңғы жылдардағы «Жыр алыбы Жамбыл және музыкалық өнер», «Эпические традиции в фольклоре тюркоязычных народов», «Ұлттық музыка контекстіндегі М.Төлебаевтың шығармашылығы», «Реализация миролюбивой политики президента, лидера нации Н.А.Назарбаева в деятельности Ассамблеи народов Казахстана», «Наш Пушкин» тәрізді баяндамалары, мақалалары мен ғылыми зерттеулерін ерекше ілтипатпен атауға болады. Ол – ұлттық музыка ғана емес, Қазақстан халықтарының музыкасын зерттеп жүрген кәсіби маман ретінде Н.А.Назарбаев басқарған Қазақстан халықтары ассамблеясының саяси платформасы, алдына қойған бағдарламаларына назар аударуда өзге этностардың музыкасын сақтау мен оны дамытуға көңіл бөліп, қоғамдық мәселелерге еркін араласып, өзіндік ой-пікірін айтып жүретін белсенді ғалым.
Мерейтой иесінің көпсалалы қырының бірі – педагогика саласындағы үздіксіз еңбегі. Ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында дәріс оқыған ұстаздың шәкірттерінің алды бүгінгі таңда елге танымал Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткерлері. Қазіргі таңда орта және жоғары музыкалық мектептердің барлығы дерлік Сара Әділгерейқызымен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істейді. Ғылыммен айналысып жүрген магистранттар мен докторанттар шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазының ақыл-кеңесіне жиі жүгінеді. Жыл сайын жоғары оқу орындарының Мемлекеттік Аттестациялық комиссиясының төрағасы, диссертациялық кеңестің төрайымы және мүшесі ретінде жалықпай, шаршамай қызмет етіп, өнертанушыларды дайындауға өз үлесін қосып келеді.
Қызмет барысы Еңбек заңының негізінде жүзеге асатыны мәлім. Ал сол еңбек заңын кім қалай басшылыққа алады – ол әркімнің жеке болмыс-бітіміне байланысты. Ғылыми зерттеу институты болған соң, бізде шығармашылық еркіндік мол. Бірақ таң атпай, сағат тоғыздың соғуын күтпей күнделікті жұмысқа келетін жандар болады. Солардың бірі – Сара апай. Еңбек заңын қадір тұтқан апамыздың мұнысын шын мәнісінде өзіне ғана емес, өзінің сүйікті ұжымына көрсеткен құрметі деп ұққанымыз жөн.
Музыкатану ғылымына екі ғылым докторын, оншақты ғылым кандидатын дайындаған ғалымның басшылығымен «Қазақ музыкасындағы «Мәңгілік Ел» идеясы» деген ұжымдық монография баспаға дайындалып жатыр. Сара Әділгерейқызы – Индия, Дубай, Ресей, Украина, Түркия тәрізді алыс-жақын шетелдерде шығып жатқан мақалаларында ұлттық музыканы насихаттап жүрген бірден-бір ғалым. Ғылымдағы сіңлісі ретінде апамыздың шыққан тауы биік болып, алдағы уақытта шығармашылық шабыт, толағай табыс тілейміз. Қазақ қыздарына аяулы жар, сүйікті келін, ардақты ана, білікті маман, өнегелі ұстаз болған Сара апаларының дара жолынан үлгі-өнеге алуларына тілектеспіз.
Гүлжаһан ЖҰМАБЕРДІҚЫЗЫ,
филология ғылымының докторы, профессор.