Өмір драмасы мен драмашы
Неге екені белгісіз, әйтеуір драматургия дегенде көз алдыма кенже бала елестейтіні бар. Иә, драматургия – әдебиеттің кенже баласы. Себебі, оған екінің бірі бара алмайды. Бұл тек Бізде ғана емес, Әлем әдеби кеңістігіндегі жағдай. Дегенмен, драматургия «сөз өнеріндегі» поэзия мен прозаның үлес салмағы басымдығына қарамастан, жеке-дара жанр ретінде өз орнын айқындай алды. Қалихан Ысқақ: «Бір пьеса жазу бір роман жазумен тең!..» деген сөзі әлі естен кетер емес. Жазушылар одағының үшінші қабаты… Ұзын дәліз тұйықталатын тұста шылым шегіп, әдеби және әдебиетке еш қатысы жоқ әңгімелер айтылатын бұрыш бар. Сонда Қал-ағаң әлгі сөзді қабырғаға сүйеніп тұрып айтқан еді, жарықтық. Не нәрсені болсын сана таразысына салмақтайтын жазушы жазуға деген жауапкершілікті айтып тұр ғой, сонда. «Драма жазып жүріп, қайбіреулердің әңгіме, повесін оқысаң, арты ашылып қалғанын аңғарасың». Бұ сөз де Қалихан Ысқаққа тиесілі. Бұдан шығатын қорытынды – Софокл, Эврипид, Эсхилдан бергі драма жолы тым күрделі болғанын білеміз. Мәселен, Шекспир заманында Өкімет ақсүйектерге пьеса жазуға тыйым салғандықтан, бойындағы таланты тасқындаған графтар анониммен – жасырын жазып, бөтен адамның атынан жариялайтын болған. Ал XX ғасырда ұлтшылдық пен нәсілшілдік өршіп тұрған уақытта басшылардың қырына бірінші жазушылар мен драматургтар іліккен-ді. Біразы қудаланып, біразы жазаланды. Осы ретте, машақаты мол, ізденіс пен сабырды, төзімді аса қажет ететін жанрдың бірі жөнінде «Дөңгелек үстел» ұйымдастырып, қаламгерлерге сауал жолдаған едік.
Шәрбану ҚҰМАРОВА,
жазушы
Тек көрермен көңілінен шығып…
Театрдың жаны – сөзсіз драмалық шығарма. Ал оны жандыратын, көрерменге жеткізетін актерлер, актрисалар. Бұл – аксиома. Бала жастан театрды сүйіп, әр қойылымын тамашалай өскендіктен болар, Қалибек Қуанышбаев бастаған алыптар-корифейлерден бергі Шолпан, Бикен, Хадиша, Зәмзәгүл, Фарида, Сәбира сынды ғажап құдырет иелерін аңсаймыз. Ашық күнгі күркіреген күндей сахнадан Ыдырыс, Нұрмұхан, Мүлік, қос Әнуар, Таңат, тағы басқаларының дауысын аңсаймыз. Бүгін де талантты өнер саңлақтары шығып жатыр ғой. Бірақ оларды біз – есейіп кеткен театрлар аз естиміз. Себеп – репертуар жұтаңдығы. «Жоқ» деп аузымызды қу шөппен сүртпейміз. Спектакльдер қойылып жатыр. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театр жас драматургтер шығармаларына конкурс жариялап, таңдаған екі-үшеуін сахналап жатыр деп естиміз. Бара қойғымыз жоқ, өйткені, кейінгі актерлер, актрисалардың дауысы, сөз саптаулары көңілден шықпайды. Тіпті, естуімізше сахнадан дауыстары партердің төртінші қатарына әрең-әрең жетеді екен дегенді. Сорым қайнап сондай бір қойылымға тап болғаным бар, ақырында залдан шығып кеттім. Оның үстіне, көрермендер жағы жас болды ма, сыбыр-күбір әңгіме, күлкі (сахнада күлетін эпизод жоқ болса да), қол телефонға жабысу сықылды аса келеңсіз жайттар етек алғандықтан да болар. Түсінбедім: сахнаны түзеу керек пе, көрерменді тәрбиелеу керек пе…
Мысал үшін, бұрнағы жылдары репертуардан түспейтін қызықты небір спектакльдер болғанын тілге тиек етейін. Бірі – «Беу, қыздар-ай». Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітов комедиялары. Нүкетай Мышбаева, Раушан Әуезбаева, Салиха Қожақовалар қыздар рөлін асқан шеберлікпен ойнайтын. Қазақстанның Халық артистері Райымбек Сейтметов пен Сәбит Оразбаевтың бірі желбуаз ақынды, бірі ұялшақ суретші сомдаған көріністері әлі көз алдымызда. Кіші қызды ойнайтын Салиханың қолындағы шелегін төңкеріп, үстіне отыра қалып: «Бұйырса, күйеулі де боп қалармыз!» – дегені әдемі ойнатылған деталь. Тахауи Ахтанов ағамыздың «Күшік күйеу» драмасындағы күйеу жігіттің: «Боянған қыздан да, боянбаған, ерте оянған қыз тәтті», – деп қалыңдығын сүйгені былайынша жәй айтыла салғандай болғанымен ойнатып, ойлантып айтылса көп мәнді аңғартқандай. Өткен жылы Тахаңның 90 жылдық мерейтойы кешінде Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар және жасөспірімдер театрының артистері осынау спектакльден үзінді ойнады, тура жоғарыда мен келтіріп отырған сөзді не айтып, не қойғандарын еш мағынасыз айтты да, соңын акробатикаға ауыстыра салды. Мұндағы айтпағым, жас артистер драмадағы мәтіннің ішкі мағынасына үңілмейді. Бұл дертті режиссер-қоюшылар да тілге тиек етуде.
Дариға Тналина дейтін керемет кинорежиссер апамыз дубляж кезінде небір атақты артистерге айқайды салып: «Іш, ішпен сөйле, падонки!» – дейтін. Яғни жүрекпен, жан-тәнімен айт сөзді дегені де.
Бүгінгі драматургия халі қалай, кім не жазды, не қойды, мен онша білмеймін. Қазақстанның Халық артисті, театр қайраткері Есмұқан Обаев әкемтеатрда «Бақыт кілті» дейтін жаңа қойылым сахналапты. Бүгінгі заман тақырыбы – бизнесмен-кәсіпкерлер туралы болса керек. Өзінің бір сөзінде ол: «Авторына төрт рет қайтарып, төрт рет түзеттірдім, көңілімнен шықты» дегені бар. Спектакльді мақтап та, сипай қамшылап сынап та жатқан жайт бар. Сәттілік тілейміз, сөзсіз. Тек көрермен көңілінен шығып, репертуардан тұрақты орнын алса болды да.
Баянғали ӘЛІМЖАН,
ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы
Таңғалдырамын деп таңқылдап…
Бүгінгі драматургия туралы бірдеме айту үшін алдымен бүкіл драматургтердің не жазғанын түгел оқып, білу керек. Ал оқымай, білмей тұрып анау бар, мынау жоқ дегеніміз жөнге сыймайды, жауапсыздық болады. Бірақ драматургтің не жазғанын оқымақ түгілі, театрларда қойылып жатқан дүниелердің өзін көруге уақыт таба бермейтініміз де жасырын емес. Сондықтан «Қазақ әдебиетінің» сөйлеңіз деген сөзін жерге тастай алмағандықтан, бірер ойларымды ортаға салсам, мұны бір кесіп-пішіп айтылған пікір деп санамай, ортақ іске қатысты ой қозғау деп қабылдаңыздар.
Мені алаңдататын бір жағдай, біздің қазіргі драматургиямыз бүгінгі күн тақырыбын қаншалықты көтеріп отыр? Капиталистік формацияға өтіп, мүлде жаңа жағдайда өмір сүріп жатқан қоғам мен адамды көркем бейнелейтін шынайы шығармаларды театр сахнасына ұсына алдық па? Жоқ деген сөз жақсы емес, мұндай бағыттағы ізденістер бар және аз емес. Алайда, бүгінгі көрермен, әсіресе жас көрермен театрға іздеп келіп көретін, бір-біріне қызыға әңгімелейтін қандай дүниелер бар? Көрерменнің сана-сезіміне қозғау салып, ойландыратын, тіпті, керек десеңіз, жан-дүниесін сілкіндіріп, Сұлтанмахмұт атамыз айтқандай, «қарайған қанын тазартатын» шыншыл шығармаларды драматургтеріміз жаза алмай жүр ме, әлде театрларымыз қоя алмай жүр ме? Жастар арасында пікірталас тудырған, өмірлік мәні бар сұрақтарды алға тартқан қандай туындыны атай аламыз? Бүгінгі заман кейіпкерлері қандай, олар бұрынғы канондарға сия ма, сыймай ма деген ой да мазалайды. Қағидаға айналған жағымды кейіпкер, жағымсыз кейіпкер деген штамптың өзі жалықтырған жоқ па? Бәлкім, бүкіл әлемнің киноларынан андай-мұндайдың бәрін көріп, біліп қойған бүгінгі талабы қатты көрерменнің ендігі жерде социалистік реализм эстетикасының ескі өлшемдерімен пішілген монумент геройларға қызықпауы заңды да шығар.
Екінші бір үлкен мәселе – мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге арналған пьесалардың аздығы, тіпті, жоқтығы. Балаларға арналған шығармалар баршылық. Сахнада қойылып жатыр. Бала көрерменнің спектакль тамашалағанын көргеннің өзі бір қызық екен. Бірер жыл бұрын Астанадағы Жастар театры Сая Қасымбектің Наурыз туралы пьесасын қойды. Екі немеремді алып бардым. Төрт жүз орындық оқушылар сарайы лық толған. Содан спектакль басталып кетті. Демін ішіне алып отырған өңшең алты-жеті жасар балалар бір кезде спектакльге араласа бастады. Ұнатқан кейіпкерлеріне қауіп төне бастағанда: «Әй, әй, қоңыз! Байқа! Байқа, алдап тұр! », – деп дауыстап жібереді. Бір кезде Наурыз келіп, монологын айта бастаған сәтте, оның дұшпаны Боран сыртынан келіп аңдып тұрады. Ал қызық болды! Төрт жүз бала: «Наурыз! Наурыз! Әне! Әне, артыңда боран тұр! Әне, боран!» – деп, қызылкеңірдек болып, Оқушылар сарайын басына көтерсін! Наурыз монологын айтайын десе, ешкім тыңдап жатқан жоқ, бүкіл бала ана дұшпан Боранды қуғылары кеп қиқулайды-ай кеп! Озбыр күш – Боранның қиянатына шыдамаған сәби жүректердің шынайы қарсылығы қандай! Оны оятқан өнер қандай!
Ал енді бір парадоксті қараңыз – балабақша мен бастауыш класстарға арналған пьесалар баршылық та, жоғары клас оқушыларына арналған дүниелер жоқтың қасы. Адам болып қалыптаса бастайтын, балалықтан бозбалалыққа, бойжеткенге айнала бастайтын жасөспірім шақ неге өнер көзінен таса қала береді? Он үш пен он жеті жас арасындағы жасөспірімдерге арналған бірде-бір пьеса, бірде-бір спектакль есімде жоқ.
Сонда қалай, жас ұрпақ мектеп бітіргенше театрдан мүлде қол үзіп қалатын болса, оларды өскенде қуып әкелесің бе? Сана-сезімдегі «пробелды» қайтесің? Студенттер туралы не бар, қане? Ал ең белсенді оқырман да, көрермен де жастар екенін ескерсек, жастардың рухани әлемін байытып, болашақ үлкен, ізгі адам болып қалыптасуына ықпал ететін көркем дүниелер керек-ау! «Қазіргі жастарды қызықтыру үшін таң қалдыру керек! Аға, сіз бізді таңғалдырдыңыз! », – деп еді, Солтүстік Қазақстанда, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханаға он екі томдық шығармаларымды сыйға тартқан кездесуде студент қыздар. Жастардың осы бір риясыз сөзі мені өте қуантты әрі ой салды. Шынында да, мұндай тұтас бір эстетикалық талап, қазіргі жастардың тілегі бүгінгі әдебиет, өнерге, соның ішінде драматургияға да қатысты емес пе?! Ал бірақ мұның екінші жағы тағы бар. Таңғалдырамын деп таңқылдап, қызықтырамын деп бұзыңқырап кетуге де болмас. Қалай болғанда да, еліміз қиын да қызықты, сан алуан шығармашылық ізденістердің игілік жемісін күтеді.
Лидия ЕГЕМБЕРДИЕВА,
драматург
…«кенже қалған сала» деп қашанғы өкінеміз
Драматургия саласында жазылып жатқан дүниелер баршылық шығар деп ойлаймын. Себебі, ол кітап емес оқып, пікір айтатын. Әр облыста әр театрдың қоржынында не бар, не жоғын қайдан білемін?! Сондықтан бүкіл республика жайында әңгіме қозғау маған қиындау. Оның үстіне компьютерді де мықты меңгермегендіктен қолым қысқалау.
Алматы облыстық Б.Римова атындағы Талдықорған облыстық театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенімде келген барлық пьесаларды оқып, оған рецензия жазып барып, көркемдік жетекшіге ұсынатынмын. Сол кездерде Рахымжан Отарбаев, Талғат Теменов, Сая Қасымбек пен Жұмагүл Солтиевалардың пьесаларымен танысып, оң пікірімді айтқан едім. Ал енді кейбір де мүйізі қарағайдай жазушыларымыздың пьеса жайында оқығандары аз ба, әлде бұл саланы зерттегісі келмей ме, театр сахнасына сыймайтын дүниелер жібереді.
Жалпы, пьеса әр театрдың талғамына, қалтасына да байланысты. Кейбірде пьеса ұнағанымен, авторымен келісу қиындау, себебі, қаламақыны қымбат сұрайды. Оны шақыртып қоятын режиссерлар одан да асырып бағасын сұрайды, сонда қарапайым облыстық театрлардың қалтасы көтермейтін дүние болып шыға келеді.
Пьесаны театр қоржынына қабылдау негізінде ұжымдық шешім. Ол бүкіл театр әртістерінің арасында талқыланып барып, сол театрдың қоржынына бұл жанр керек пе, жоқ па, бірігіп отырып шешіледі. Ал өзім күнде көріп жүрген бір-ақ театрдың репертуарына жүгінсек, әжептеуір дүниелер баршылық. Кейбірде қазақтың иісі аңқып тұрған дүниелерді режиссерлар еуропалық элементтер қосып, дүбәра қылып жібереді. Біздің режиссерлар көбінесе қазақ көрермендерін менсінбей ме, әлде «продвинутый» болғысы келе ме немесе сол қойылыммен жұмыс істеп тұрып, сонау шет елдік байқауға апарсам деп армандай ма білмеймін, ол спектакль емес «шоуға» айналдырып жібереді. Сөйтіп, орта жастағы көрермендерден айрылып қалады.
Менің «Жұмақ маған бұйырмас…» атты пьесам Шымкент облысында өткен республикалық фестивальда үшінші орынды иеленді. Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов жайлы еңбек. Неге Алаштың бір мықты қаһарманы жайлы дүниені тек 9 мамыр – «Жеңіс күніне» ғана арнап қояды?! Ол бүгінгі күннің тақырыбы – патриоттық тәрбие, қазақтың даналығы, һас батырлығы, адамгершілігі барлық жағынан танылатын қойылым. Бүгінгі қазақстандықтарға өте қажет дүние. Сол спектакльде Қасым ағамыздың жалпы адамзатқа айтқан аманаты бар. Ол қазіргі мұсылман елдеріндегі қан төгіс, республика ішіндегі алауыздық, жалпы «соғыстан» сақтандыру. Жетісуда жас талғамайтын көрермені бар патриоттық сезімді оятып, арқасы шымырлап отырып, көретін қойылымға айналды. Оны қойған жас режиссер Ұлан Ахметов. Ал енді республикадағы техникалық мүмкіндігі мол театрлар сахналаса, нұр үстіне нұр болар еді ғой. Кейде «жақсы шығарманың» жолы болмайтыны өкінішті-ақ…
Жалпы, драматургтерге басқа облыс немесе республикалық театрлардың премьераларына қатысу мүмкіндігі болса, ғанибет болар еді. Республикалық немесе басқа да фестивальдарға драматургтерді қатыстырса, аралассақ, бір-бірімізге пікір айтсақ, «кенже қалған сала» деп қашанғы өкінеміз…
Әзірлеген
Әлібек БАЙБОЛ.