«…Айналамның бәрі өлең!»
Еркеледім. Еркесі етті мына әлем –
…Құс жолымен жетелейді бір әуен…
Мына өмірге қайта келу бұйырса:
Мен бәрібір ақын болып туар ем,
…ең бақытты ақын болып туар ем!
Іңкәрлік пен сырлы сезімге толы өлең жолдарынан автордың ақындық бағыты мен көзқарасы бірден байқалады. Ақын жаны өміршең өлеңдерін тек тазалықпен өретіндей. Жетісулық ақын Гүлбақыт Қасеннің поэзиядағы жүріп өтер жолы нәзік иірімдерге құрылған тәтті жырларымен сараланбақ.
Ақпан айының 25-і күні Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында Талдықорған қаласының ақын қызы Гүлбақыт Қасеннің «Құс қанатындағы жыр» атты поэзия кеші мен «Құсқанаты» жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жыр кешіне ақынның тілеулес ұстаздары Рафаэль Ниязбек, Зәкір Асабаев, Қасымхан Бегманов қатысып, жүректен шыққан жылы лебіздерін білдірді. Шара барысында ақынның поэзиясынан композициялар орындалып, тыңдарман қауымның жүрек қылын шертер өлеңдер оқылғанына куә болдық. Тұсауы кесілген жаңа жинақ автордың үшінші кітабы екен. Толассыз құттықтаулар мен ақын шығармашылығынан алынған өлеңдер арасын әуелеген ән мен құлақ құрышын қандырар тәтті күй бөліп, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлағандай. Аталмыш шараның ұйымдастырушысы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі Ғазиза Құдайбергенді сөзге тартып көрген едік:
– Біз 2015 жылы «Атырау-Алтай арасы» деген әдеби жоба бастаған болатынбыз. Осы шараның жалғасқанына, міне, биыл үшінші жыл. Әдеби жобаның басты мақсаты – мәдени астанамызда өзге өңірлердегі қалам ұстап жүрген ақын-жазушылардың кештері мен тұсаукесерлерін өткізу және қаламгерге насихат жүргізу болып отыр. Бүгінгі тұсаукесердің авторы «әйелден ақын шықпайды» дегенді жоққа шығарып жүрген жетісулық ақын – Гүлбақыт Қасен. Поэзиясы әйел затына ғана тән нәзіктікке толы автордың қаламы ұштала берсін дейміз. Әдеби жобамыздың келесі кейіпкері – астаналық ақын Құралай Омар деп белгілеп отырмыз.
Автор шығармашылығы хақында сөз алған ақын Қасымхан Бегмановтың «Гүлбақыттың өлеңдерінде гүл аңқыған көктем мен жазиралы өмір бар» деген пікірі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп тұрғандай.
Соңғы уақытта осы тектес шараларды тоқтаусыз ұйымдастырып, шаһарымыздағы рухани ошаққа айналып үлгерген Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
М.ӘБІШ.