«Сөз – дария, сөз – ғұмыр, сөз – құдірет»
«Арыс» баспасынан жазушы Әбіш Кекілбаевқа арналған «Сөз – дария, сөз – ғұмыр, сөз – құдірет» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапта қазақ әдебиетіне ғана емес, аса дарынды суреткерлігімен әлем әдебиетіне де сүбелі үлес қосқан сөз зергері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығының сан саласы қозғалған. Жинақты дайындаушылар «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес пен «Әбіш Кекілбайұлы. Энциклопедия» бөлімінің жұмысшы тобы.
Әбіш Кекілбайұлының есімін күллі әлемге әйгілеген оның жазушылығы болса, киелі әдебиетке тұңғыш қадамын айшықтаған жиырма үш жасында жарыққа шыққан алғашқы «Алтын шуақ» атты жыр жинағы еді. Жазушы былай дейді: «Мектепте оқып жүргеннен қолыма қалам алып, жиырма үш жасымда жазушылар ұйымына мүше болып, әдебиетшіге тиесілі ащылы-тұщылы сыбағаның талайының дәмін татып көргенім рас… Халық тағдыры – қашанғы өзекті тақырыбым. Енді оған кең көлемде араласуға мүмкіндік туып отыр. Әрине, тек әдебиетпен ғана шұғылданып та атақ шығаруға болады. Бірақ халқың санатқа қосылмай тұрып өзің санатқа қосылғаннан бәрібір ұшпаққа шықпайсың. Сондықтан еліңнің терезесі теңелуі жолында, қолыңнан не келсе, соның бәрінен аянбаған жөн деп білемін».
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ол әдебиеттің қақпасын ақындықпен аттап, осы қасиетті қақпадан үлкен суреткер болып шықты. Академик Серік Қирабаевтың оны «суреткер» деп бағалауы да сондықтан.
Әбіш Кекілбайұлы «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романы, сондай-ақ, он повесть, он үш әңгімесімен дүние жүзіне танылды. Неміс сыншысы Герберт Кремпиен жазушының «Күй» повесі туралы айта келіп: «Кекілбаев өз балладасында философиялық тереңдік кілтін ашатын негізгі баяндау тәсілі мен стильдік мәнер-нақышын да дәл, әрі қапысыз таба білген» деп бағалайды.
Әбіш шығармаларын насихаттаған жинақ жеті бөлімнен: «Поэзия», «Проза», «Драматургия», «Аудармалар», «Публицистика», «Тарихи-танымдық туындылары» мен «Сапарнамалардан» тұрады. Кітаптың әр бөлімінде суреткер шығармашылығы туралы танымал тұлғалардың пікірі мен жазушының отандық және шет тілдерінде жарық көрген кітап мұқабалары әдемі иллюстрациялармен көмкеріліп берілген.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.