Сара сөздің Сарасы
Ұшқан құстың қанаты талып, аттың тұяғы кетілетін Ұлы Даланың қай қиырына барсаң да жер жаннаты Жетісудың киелі пұшпағы – Ақсу жерін білмейтіндерді кездестіру қиын. Атын естісімен поэзия Құлагері атанған Ілиястың: «Ағынды менің Ақсуым, арқырап әлі ағарсың…» деп жырлай жөнелетіндері бар. Ұлтымызға небір ұлы тұлғаларды сыйлаған қасиетті өлкенің төлқұжатына айналған Ілияс Жансүгіровты дүниеге әкелген құнарлы топырақ сандаған саңлақтарға қанат бітіргені тағы анық. Солардың қатарында Жетісудың бұлбұлы атанған Сара Тастанбекқызының жұлдызы ерекше жарқырай көрінеді.
Жалпы, сөз өнерін барлық өнердің атасы санаған қазақ ақындықты өзгеден биік қойғаны тарихтан белгілі. Ал Ақсу өңірінен өсіп-өнгендер сапында сұрапыл заманның Сұртай ақыны, Сара сыйынып, пір тұтқан Арсалан мен Толғанбай ақындар, Ілиястан бері тартып, оның жолын жалғастырған Ғали Орманов, Тұрсынзада Есімжанов, Құдаш Мұқашев, Қанипа Бұғыбаевалар сортаңға емес, өртеңге өнген шынарлар еді-ау. Міне, Сара Тастанбекқызы осындай өнер қонған, жыр жастанған жұрттың ұрпағы болатын.
Сонау бір жылдары Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» – «Капальсий труженик» газетіне қызметке барғанымда көгінде ұлар ұшып, төсінде маралы өрген осынау киелі мекеннің құдіретін сезініп, жұртының жүрек жылуын кеудеме қонақтатқандай әсерде болғанмын. Қаламгер ретінде Ілиястың, Ғалидың, Ақын Сараның мерейтойларын өткізуге араласып, олардың өмірі мен шығармашылығына ден қойғаным да сол тұс.
Міне, осы кезде Қапал ауылында әкім болып қызмет жасайтын, мамандығы тарихшы болғандықтан туған өлкесінің өткеніне аса қызығушылықпен қарайтын Марат Алыбаев деген азаматтың жанынан табылып, талай зерттеу мақалаларын тәржімалап басқан болатынбыз. Орыс мектебін тәмамдаған ол келе-келе өзге тілде жазуға намыстанып, ана тілін аз уақытта әдеби деңгейде меңгеріп алғанына да куә болдық. Оны айтып отырған себебім, ол әсіресе Ақын Сараға қатысты құпияларды ашуға, оның топырақ бұйырған тұсын табуға, әсіресе Қапалдағы Ақын Сара атындағы тарихи-өлкетану мұражайын ашуға ерен еңбек сіңірген еді.
«Құланның қасынуына, шүріппенің басылуы» дегендей, тәуелсіздігімізді алып, қоламта астында қалған асылдарымызды күл-қоқыстан аршып ала бастағанымызда мерейтойлар да көбейген. Солардың қатарында Ақын Сараның 115 жылдық тойын жасауға дайындық басталып кетті. Ол кездегі Талдықорған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Егеубек Далбағаев ағамыз сол берекелі шараның басы-қасында болып, Сара Тастанбекқызының жерленген жерін, сал Біржанмен айтысқан өңірін анықтауда мүдделілік таныттты. Марат Қызайбекұлымен бірге қариялармен көп кеңесіп, қолда бар құжаттар мен ел аузындағы өлең-жырларды салыстыра зерттеп, ескі қабірлерді аралап, ақыры Қаракүнгей тауының қойнауындағы Үш Кәукен деген қорымда табиғи көк тастан Ақын Сараға мемлекет есебінен үлкен кесене тұрғызып, Біржан сал мен Ақын Сара айтысты делінетін Ешкіөлмес тауының етегіндегі «Тоғызқұмалақ» деген жерге белгітас қойғызған еді. Қапал ауылындағы патшалық Ресейдің дәрігері И.Соболевский тұрған еңселі үйді жекеден сатып алып, Ақын Сара мұражайына айналдырулары ерлікпен тең еңбек десек жарасады. Соңынан Қоңтәжі шыңының етегі, Сайынбөлек тауының баурайындағы Мұзбұлақ жайлауында алты алашқа сауын айтқан дүбірлі той өзінің сән-салтанатымен аталып өтті. Міне, осылайша айтыс өнерінің жарық жұлдызы Сараның есімі жұрт жадында қайта жаңғырып, қазақ өнеріндегі лайықты тұғырына қонғанын көрдік.
Ақын Сара Тастанбекқызы исі қазақтың санасында айтыстың ақтаңгері, азаттық пен теңдіктің жыршысы ретінде сақтаулы десек, ақиқаттан алыс кете қоймаспыз. Оның соқтықпалы-соқпақты тағдыры, әйел теңдігі жолындағы күрескер жырлары жайлы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Үш жасында әкесінен айрылып, бауыры Сахария екеуі анасы Жаншөкенің қарауында қалғаны да жұртшылыққа аян. Жоқшылықтың бейнетін тартып отырған жақындарына қамқорлық жасаймын деп жүріп, «өгіз ұрлады» деген желеумен түрмеге тоғытылған Сараның немере ағасы Жайсаңбекті құтқарғаны үшін Тұрысбек қажы отбасын жанына көшіріп алып, дене бітіміндегі кемтарлығына байланысты 40-қа келгенше үйленбей жүрген Жиенқұлға атастырады. Шынжырбалақ, шұбар төс мықтылардың заманы жүріп тұрғанда шырылдаған жетім қыздың үні кімге жете қойсын. Он үш жасынан қолына домбыра алып, той-думанның көркіне айналған Сара қыз тағдырының жазғанына көніп, өмір ағысымен кете бермей, басына бостандық алып, теңімен табысу жолында өнерін қару етіп, қарсы көтеріледі.
Қызы едім Тастанбектің, атым Сара,
Арман көп, ауызыма халқым қара.
Қорғанар көп ішінен бұта таппай,
Шырылдаған бозторғай мен бір бала! – деп ағайындарына арызданса да, немесе Біржанмен айтысында:
Патшам-ау, күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмайды екен бір басының.
Темір-терсек берген соң ит те алады,
Бұлындай берекесіз арбашының, – деп тағдырына мұң шақса да, қыздың жан айқайынан хабар беріп тұрған жоқ па?!
Сараның ақындығымен бірге аса көрікті, тал бойында бір міні жоқ келбетті жан болғаны көп айтылады. Өзі сұлу, өзі өнерлі қызды кім көргісі келмесін. Көкшеден сал Біржанның іздеп келуінің төркіні осында жатқан сияқты. Ешкіөлмес тауының баурайында жолығысып, айтысқан кезде Сараның өзі: «Қамысты терең көлдің сұқсырымын» деуі сұлулығынан сыр берсе, «Күй тартсам бал тамады бармағымнан» дегені оның әнші, ақын ғана емес, күйші де болғанын аңғартып тұр.
Біржан сал мен ақын Сараның айтысы 1895 жылдың жазында Қапал өңіріндегі Тоғызқұмалақ деген жерде өтті дейді ресми дерек. Өнерпаз серіктерін ертіп ауылға келген Біржан салған жерден Сараға кінә артып, алдынан шығып амандасуға жарамағанын бетіне басып, ықтырып алмақ болады. Сонда Сараның «Хауа Анаға Адам атаның алдымен келіп амандасқанын, мұны «Хиссас – ул – Әнбиядан» оқып білгенін айтып, сөзден жаңылдыруы ақын апамыздың хат танып қана қоймай, сол кезеңге сай білімді болғанын айғақтамайды ма?! Өресі биік екі өнер иесінің арасындағы айтыс сол кезеңге тән рулық деңгейден бастау алып, келе-келе қоғамның қордаланған мәселелерін көтеретін, әділеттік пен әйел теңдігін ту етіп көтеретін насихат алаңына айналғаны айдан анық. Бұл айтыс екі ақынның арасындағы сөз тартысы ғана болып қалмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстетикалық талғам биігінен көрінген үздік үлгі болғаны дау тудырмайды. Бұл жайлы Сәбит Мұқанов: «Айтыс ақылмен өлшеніп шыққан, ішінде көлденең, артық сөзі жоқ. Жазба әдебиетінің жақсы үлгілері сияқты» деп бағалауы тегіннен-тегін емес.
Сара мен Біржанның айтысы туралы айтылғанда көлденеңдей беретін бір мәселе барын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Яғни екеуінің кездескеніне күмәнмен қарайтындар түрлі болжамдар айтып, айтысты Әріп Тәңірбергеновтың туындысына теліп жүр. Жанында тұрмағаннан кейін ол жайлы кесімді пікір айтудан аулақпыз. Алайда, Біржан салдың өзі әр жерде: «Ондай ақын қызды өмірімде көрмедім. Басы байлаулы болған соң тосыла берді. Шаңын көрсетпес саңлақ еді, кеудеге, есерлікке басып жеңдім!» деуі бекер деп кім айта алады. Тіпті, болмады дейтіндер, егер Біржан келіп шонжарлардың әділетсіздігін бетіне баспаса Сара қыз бас бостандығын ала алар ма еді?! Азаттық әперген өкіл ағасына Сара алтын білезігін сыйға тартып, Біржан күлдария белбеуін тойдың жыртысына таратыпты деген дерек те бекер болып шықпайды ма. Осы айтыс-тартысқа нүкте қойған Мұхтар Әуезовтің: «Анығы, Әріп айтысты негізгі шығарушы емес, соңғы айтушы болғаны рас. Ол хал айтысты Әріптікі ете алмайды!» деген тұжырымымен бітпес дауды тоқтатқан дұрыс сияқты.
Біржанмен айтысқаннан кейін жетім қызға жасаған әділетсіздіктері сүйектеріне таңба болмас үшін ел ағалары Сараға бас бостандығын береді. Өз өлеңдерінде Сара басы бос екенін білгеннен кейін көлденең көк аттының барлығы маза бермегенін жазады. Осылай төрт-бес жыл өткенде өзін ұнатып, жылдар бойы есігінде жүрген Бекбайға тұрмысқа шыққан Сара Тастанбекқызы Ермұқан мен Нұрмұханбет атты ұлдарды, Рухия, Жақия, Кіпия, Мунира есімді қыздары дүниеге әкелген. Анасына тартқан өнерлі әрі келбетті Нұрмұханбет 14 жасында көкпарда мертігіп, мезгілсіз көз жұмады. Рухиядан өрбіген Бекайдар, Қозайдардан ұрпақ бар. Өзгелері туралы нақты деректерді кездестіре алмадық.
Ақын Сара 1878 жылы дүниеге келіп, 54 жасында бақилық болды дейді зерттеушілер. Оны ақынның:
Елудің төртеуіне келгенімде,
Дерт жеңіп, қалып барад өлеңім де.
Болды ғой қысқа менің қу өмірім,
Алпысқа жетпей бір күн өлемін бе?
Біраз күн еңбек еттім дос-жаранға,
Өлеңім аз да болса мақтанарға.
Мені де ұрпағым деп еске ал жұртым,
Сараның айтары осы аттанарда! –
деген жыр жолдары растай түседі. Адам үшін аз ғұмыр екені рас. Алайда, өнерімен артында өшпес із қалдырып, жұртының жүрегінен мәңгілік орын алған Ақын Сараны өлді деп айту ағаттық. Ол қазақ қыздарының ғана емес, жалпы адамзат атаулының жарқын өкілі ретінде мойындалатын күн алда. 1946 жылы айтыстың негізінде жазылған Қажым Жұмалиевтің либреттосы бойынша дүниеге келген Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының бүгінгі күнге дейін сахнадан түспей келуі осы сөзімізді растай түседі. Осы орайда, Ақын Сараның 140 жылдығын атап өту жөніндегі бастамашыл топтың әрекетін құп көріп, қабыл аламыз!
Қуат Қайранбаев,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ПІКІРЛЕР4
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.