Жаңа басшылар ескі сүрлеуге түспегей!
Осы газеттің 6 нөмірінде шыққан «Зиялылар бас қосты» дегенді (Айтмұхамбет Қасымов) оқып, соған үн қосуды құп көрдім. Көңіліме медеуі: облыс әкімінің, менің түсінуімше, мәдениет жөніндегі орынбасары Әсем Нүсіпова, Мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасының бастығы Азамат Мұхаметчинов істерін игі қадамнан бастапты. Екеуі де жаңадан сайланған екен, облыстың мәдениет, оның ішінде әдебиет пен өнер мәселелеріне бірден көңіл бөліп, арнаулы жиын өкізіпті. Бұл – қоғамның шын мәніндегі қоғам болуы оның мәдениет дәрежесінің биік болуына тікелей байланысты екенін ескеру деп ойлаймын.
Жиында облыстың марқұм болған әйгілі ақын-жазушыларының аруақтарын сыйлау, әдеби мұраларына көңіл бөлу туралы дұрыс пікірлер айтылыпты. Сондай-ақ, бүгінде есен-сау жүрген ақын-жазушылардың жас таланттарға үлгі-өнеге көрсетушілер ретінде бағаланғаны да жөн болған. Алайда, менің түсіне алмағаным: Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімінің жуықта сайланған директоры Әлібек Қаңтарбаевтың көзі тірілер тізімінде: алдымен аталуға тиіс қаламгерлер бүгінде әдебиетіміздің ақсақалдары болып отырған 85 жастағы Уахап Қыдырханұлы, 82 жастағы Ғаббас Қабышұлы және олардың өкшесін басып келе жатқан Кәдірбек Сегізбаев, Сәбет-Хан Ғаббасов жоқ. Неге? Бұл сұраққа мен өзімше жауап берсем: облыстың мәдениет мәселелері жайындағы бұрынғы басшыларында ұмытуға болмайтынды ұмыту принципі болды. Оған осы аты аталған жазушылардың мүшелтойлары облыс көлемінде өткізілмегені немесе мүлдем ескерілмегені дәлел.
Мен мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 31 жыл сабақ бердім, қазір зейнеткермін. Көптеген ақын-жазушылардың шығармаларын оқыдым және әлі де оқимын. Мен, мысалы, Уахап Қыдырханұлын да, Ғаббас Қабышұлын да сырттай білсем де, әдебиетке сіңірген еңбектеріне әбден қанықпын. Уахап Қыдырханұлы публицист жазушы, тарихшы, дін зерттеушісі. Ол Құран Кәрімді Қазақстанда алғаш қазақ тіліне аударды және Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тапсыруы бойынша екінші рет қайталап шығарды. Сол еңбегі де облыста еленбеді. Өскеменде жылда өткізіліп жататын әдеби шараларға шақырылмады. Сонымен қатар, мен бір шағын жиында Уахап Қыдырханұлының Райымжан Мәрсеков деген кісі туралы әңгімесін естідім. «Ахмет Байтұрсыновпен дізе қоса көп іс тындырған саяси қайраткер болған. Менде көп дерек бар, бірге түскен суреттері бар. Бірақ сол ардагерді өзі туып-өскен Ұлан ауданының басшылар, тіпті облыстың басшылары мен зиялылары анық білмейтін сияқты, атында мектеп бар деп естідім, басқа ешқандай танымдық әрекет жасалғанын білмеймін», – деді. Бір жігіт тұрып: «Уаха, өзіңіз неге жазбай жүрсіз?», – дегенде ол кісі: «Денсаулығым, әсіресе, көз шіркінім қолымды байлап жүр. Егер Ұлан ауданынан немесе облыстық «Дидар» газеті редакциясынан сергек журналист інілерімнің бірі келіп әңгімелесер болса, айтып берерім аз емес», – деді.
Ал Ғаббас Қабышұлының кім екені туралы басқаларға да, жерлестеріне де айту қажет емес. Жұртшылыққа таныс тұлға. Облысы ол кісіні де құрметтеп көрмепті. Оны жақында, 16 ақпанда, «Жас алаш» газетінде шыққан «Халқыңыз барда қамықпаңыз, аға!» деген хат-мақаладан білдім. Авторы – публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы басты сөзін басқа жазушыға арнап отырып, Ғаббас Қабышұлы туралы ойында облысы да, ауданы да ол кісінің қадірін білмей келе жатқанын ашынып айтыпты. Ең болмаса, жасы 70-ке, 80-ге толғанда «құтты болсын» деуді білмепті. Жерлесі болмасам да, мен қатты ұялдым. Облыстың, ауданның зиялылары неге шет қалып отырған?
Әсем Нүсіпова мен Азамат Мұхаметчиновке осыны құлаққағыс етейін дедім.
Жәкен Елеуұлы.
Алматы.