Ұлтымыздың ұлы тұлғасы
Алматы қаласындағы Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасында Д.А.Қонаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «Ұлтымыздың Ұлы Тұлғасы» атты еске алу кеші өтті.
Кеш барысында Д.А.Қонаев мұражайының директоры Е.И.Құбышева мұражайдан әкелінген жәдігерлермен және фотоальбомдармен оқырмандарды таныстырып, Д.А.Қонаев туралы естелік әңгімелер айтты. Кітапханаға «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – Ғасыр саңлағы» және «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітаптарын сыйға тартты.
Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясының профессоры, қонаевтанушы,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ораз Қауғабай Д.А.Қонаевтың бойындағы кемеңгерлік, көрегендік, бекзаттық және сәуегейлік қасиеттері туралы, жеке өмірі мен Қазақстанға сіңірген еңбектері жайлы ой қозғап, оқырмандардың біраз сауалдарына жауап берді. Кітапхана қорына «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық» атты кітабын сыйға берді.
«Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторының орынбасары, ақын Саят Қамшыгер Д.А.Қонаев туралы оқырмандармен естелік әңгімелерімен бөлісті.
Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері Әмірхан Бақытбек, Нұрсадық Дарын өлең оқып, ән шырқады. Қаладағы №143 мектеп- лицейінің оқушылары да шараны ұйымдастыруға атсалысып, өз үлестерін қосты. Кітапхана қызметкерлері Гүлнар Омарова және Әлия Тайшыбековалар Д.А.Қонаев туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, шара барысында кітап көрмесі ұйымдастырылды.