Алматының аспанында қалқыды ән
17.02.2017
1247
0

Шәкәрім Құдайбердіұлы көне ақындар поэзиясында терең сыр жатқанын айтады. Олардың жырында «жайдақ желдің желісі», «мөлдір судың аққаны», «жел жетпейтін құландар жүйріктігі», «қыран құстың ұшқаны», «адам жанының жайма-шуақ кезеңі» – көшпелі қазақ өмірінің бүкіл кескін-келбеті, әлеуметтік, рухани тыныс-тіршілігі бейнеленген дейді.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, жыршы Бекболат Тілеуханның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Елім менің» атты концертінен шыққан соң біз де Бекболат үнінде байырғы және бүгінгі қазақтың бар арманы, мұңы мен бостандықсүйгіш аңсары жатқанын байқадық…

Республика Сарайының үш мың адамдық залын лықа тол­тыр­ған өнер иесінің кеші арғы­дағы қазақтың қаһары мен зар-за­пыранын таңғажайып үніне жия білген қобыз сарынымен бас­талды.
«Күңіреніп күн түбіне жортқан» Доспамбет жыраудың толғауымен көрерменді рухтандырғанБекболат Тілеухан одан әрі қазақ жырауларының жырларынан маржан тізіп, Ақтамберді, Шалкиіз, Қазтуған жыраулар заманына тыңдаушысын жетелей жөнелді. Ғасырлар қойнауында қалып қойған бабалар үні Бекболаттың көмейіне ұя салып, бүгінгінің қазағына ықылым заманалардан бергі қазақ мұратын, қазақ аңсарын, ұлт арманы мен азаттыққа дейінгі жүріп өткен қилы-қилы жолын, қиын-қыстау күндерін күңіренген қобыз сарынымен, күмбірлеген домбыра үнімен астастыра жырлап жатты.
Қазақ жыршылық, әншілік өнерінің қай кезеңін де ұмыт қалдырғысы келмеген кеш иесі осы концертте жыраулар поэзиясынан кейінгі ән-жырды Абай өлеңдерімен іліп әкетіп, қазақтың бертіндегі дәстүрлі әншілерінің шығармаларымен жалғады. Жыр және жырау, ән және әнші қай кезде де қазақтың жүріп өткен жолын ән тарихында таңбалап қалдырып қана қоймай, қазақ бастан өткерген дәуірдің тынысын, керек десеңіз, идеологиясын да айқындап беріп отырғанын айтқан Бекболат Тілеухан сөзінің дәлелі ретінде өз заманының жаңалығы мен жақсылығын, тынысы мен тіршілігін хабардар еткен ән-жырды кезегімен орындап шықты. «Қыз Жібектегі» Шегенің ариясы, халық әні «Япурай»-дан басталып, Арқа, Алтай, Батыс, Жетісу, Қаратау саздары шалқыған бұл кеште көрермен жүрегін тербеген әр ән – жеке сазды, жеке дәстүрді, сөйте тұра тұтас қазақ өнерін әспеттеді. Арқа ән дәстүрінің арқалы әншісі Манарбек Ержановтың өз заманының жаңарған дәуірін өзіндік сипатымен жырлап, ұлттық музыка өнерінің дәс­түрлі мінез-құлқын жоғалт­пай дамытып жалғас­тыр­ған «Көк көгершін», «Паровоз» әндері де өнерпаз әншінің орындауында көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Әр кезеңнің сипатын әнмен әлдилеген әнші бірте-бірте бүгінге жақындап, кешегі Желтоқсан қаһармандарының рухына арналған заманауи операға, автордың өз әндері – қазақтың бірлігі мен ынтымағын толғайтын «Жерім менің», «Алаш ұраны» және «Бірлік ұранына» ұласты.

Кештің өне бойында бірнеше домбыра ауыстырып, әр домбыраның өзіне тән дауысы, құлақ күйі, бұрауы болатыны жайлы сыр толғаған Б.Тілеухан «шалыс бұрау», «қалыс бұрау», «теріс бұрау», «оң бұрау» сынды құлақ күйлері домбыраның үнін көпшілікке әрқилы жеткізетінін де айтып отырды. Иә, әншінің бұл концерті тек жыр кеші ғана емес, Бекболаттың өнер жайлы, ән жайлы, қазақы дәстүрлі ән өнері жайлы сырлы әңгімелерімен де жалғасып жатты.
Бұл кеште Бекболаттың өткенге деген құрметі де анық байқалды. Үбірлі-шүбірлі отбасынан шыққан Бекболат бұл өнер әке қанымен, ана сүтімен дарығанын көпшілікке жеткізді. Одан бөлек, Жәнібек Кәрменовтей ұлы ұстаздың тәрбиесі де әншіге ерекше мектеп болғанын да ұстаз рухына бас ие отырып, еске алды. «Нұрғиса Тілендиевтің ақ батасы дарыды. Қайрат Байбосыновтың әншілігі қанат бітірді», – деген әнші өзінің өмір жолында жақсы адамдар көп жолыққанын, өнеріне, әсіресе, қалам ұстаған аға буын өкілдері ерекше қамқорлық танытқанын ілтипатпен еске алды. Әбіш Кекілбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбеков, Қадыр Мырза-Әлі және өзге де марқас­қалардың өнегесі әрқашан жадында тұратынын ерекше
тебіреніспен жеткізген Бекболат Тілеухан: «Бұл дүниеден озып кеткен аға-апаларымның жақсылы­ғының қарымтасын бәрібір қайтара алмаймын, ендігі қолдан келері – сол аяулы тұлғалар өнегесін жалғастырып, кейінгі дарынды жастарға қамқорлық жасау», – деді.

Арсыланбек Сұлтанбеков.

Амантай Қутманалиев.



Бұл кеште қазақ жырынан өзге ноғай мен қырғыздың да жыры асқақтады. «Қазақпен бүтін бір жұрт едік. Тағдырдың жазуымен екіге бөліндік. Алайда, жанымыз бір деп ойлаймын. Қазақтың қаймағы, зиялы қауымы жиналған кеште тек өлең айтумен шектелмей, сіздерге деген ізгі сөзімді де жеткізгім келеді. Қазақ биікке шықса, ноғай да шаттанады. Бір нәрсені біле жүргейсіздер.
Біз – республикамыздан айрылып қалдық. Алайда, ноғайдың жүрегі тірі екенін әркез ұмытпағайсыздар» деген ноғай әншісі Арсыланбек Сұлтанбеков Қазтуғанның «Не қалды» және Асанқайғының «Таза мінсіз асыл сөз» жырларын орындады. Қырғыздан келген жыршы Амантай Кутманалиев жырдан шашу шашты. Бекболат Тілеуханның өнерін айрықша құрметтейтін өзге де әнші іні-қарындастары Б.Тілеуханмен бірге ән шырқады. Дәулескер күйші Мұхамеджан Тілеухан Бекболат бауырының ән кешінде күмбірлетіп күй тартты.
Бекболаттың сан бояулы әндері, рухты көтеретін өршіл толғаулары өнерге сусаған мың сан көрерменді үш сағаттан аса уақыт бойы ән бесігінде осылайша тербеді. Кеш аяқталса да, қайтқысы келмей, залда іркілген көрерменді көріп, Алматының аспанында қалқыған ән талайлардың да жүрегіндегі шерді шайып әкетіп, жылы әсер сыйлағаны деп ұқтық…

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір