АЛТАЙДАҒЫ ХАЛЫҚ БЕЙНЕСІ
17.02.2017
2377
0


Ырысбек Дәбей – бүгінгі қазақ әдебиетіне имене басып келген ақын. Қазақ прозасында өлең жазбаған жазушы кемде-кем деуге де болады. Ырысбек Дәбейдің алдағы уақытта өлең өлкесінен жазушылыққа қарай бет бұруы оқырмандардың таңданысын тудырмайтыны анық. Жалпы алғанда, поэзия елгезек жанр. Осы сөзге бола поэзияның жүгі жеңіл тартпауға тиіс. Солай бола тұра, ұйқас пен ырғаққа сыймаған дүниенің бәрін әңгімеге айналдырып жіберу де қате. Зор қате. Кейінгі кезде әңгіме үлгісі мен заңдылықтарына бағынбайтын автордың басынан кешірген қым-қиғаш қилы тағдырына толы оқиғаларға құрылған әңгімелер оқырман үшін киелі сөз өнерінің қадірін кетіретіндей көрінетіні рас… Жә, біздің айтпақ сөзіміз тіптен басқа! Олай болса, сол сөзімізге көшейік…

«Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер жи­на­ғы оны ақын, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» ат­ты эсселер жинағы оны ізденгіш журналист жә­не өте әңгімешіл, айтары көп азамат ре­тін­де танытып тастады. Былтырғы жылы жарық көр­ген прозалық «Мөлтіл» жинағы да Ырысбек Дәбейді оқырмандарына жаңа қырынан көрсетіп, жаңакітапты ыждахаттылықпен шұқ­шия отырып, оқып шығуға мойын бұр­ғыз­ғаны да шындық. «Мөлтіл» кітабы жеті әң­гіме мен «Қарға тамған көз жасы» повесінен тұ­рады. Алдыңғы толқын ағалар мен орта буын өкілдері болмаса, тәуелсіздік жылда­рын­да әдебиетке келген кейінгі жастарда повесть жазу сирек, жоқ деуге болады. Қатар­лас­тары­мыз­дың көбісі роман жазуға құмар­тып жүр. Біз білетін бүгінге дейін жазылған екі роман ға­на бар.
Аталған автордың прозалық жинағына ен­ген «Әнсар қалпе» әңгімесінен ауылдағы оның ішінде Алтайдағы шалдың бет-бейнесі ай­қын шалынады. Бір-ақ күнде «қалпе» болып шыға келген қиқар шалдың қылығы әң­гіменің қызықты оқылуына бастайды. Ел­дің бәрін ауруынан құлан-таза айықтырып жі­беретін Әнсар қалпенің Мәкей шалды көр­генде білгенінен жаңылатыны құрдастар ара­сындағы қалжыңды, бір-біріне ойымен сө­зін еркін айтатын ақсақалдардың кескін-кел­бетін көрсетеді. Жинақтағы «Бүйрек пен та­лон», «Жұмыс тапқан әйел», «Бейбақ» сияқ­ты әңгімелердің бойында бір шикіліктің ба­ры, автор ойының тым көмескі жеткізілуі се­зіледі. Айтылған үш шығарма да публицис­ти­калық сарындағы әңгімелер. Жазушы өз ойын «айтамын» дей отырып, жаттанды диа­логтарға барып, жеңіл сөзбен, көркемдік құ­ны төмен сөйлемдерге ұрынып қалғаны ашық аңғарылады. Сонымен бірге, жазушының «Мөл­тіл» жинағында бұған дейін жарық көр­ген «Әкелеріміз айтатын әңгіме» кітабына тән баяндау байқалады. Мұны қайталау немесе кем­шілік, эссеге тән баяндау кездесетін­діктен бұл «әңгіме емес» деп кесіп айтуға болмас. Бәл­кім, осы айтқанымыз Ырысбек Дәбейдің қол­таңбасы, яки стилі болуы мүм­кін екенін де ескерсек дұрыс болар.
Қандайда бір кітап немес жинақ болсын, жазу­шы үшін соның ішінде сәтті шыққан шы­ғармалар кездеседі. Сол сияқты, аталмыш автордың «Құрал қонған қыс», «Тау басындағы қардың дәмі», «Самұрықтың зары» сияқты әңгімелерін сондай туындыларға жатқызуға болады. Біз атап айтқан әңгімелерінің жазылуы, оқырманды баурап алатын бір қасиеті бар екенін жасыра алмаймыз. Бәлкім, осы әң­гімелер автордың балалық шағындағы тәт­ті шақтарды еске салатын болғандықтан жү­рек жылы тиюі мүмкін. Бұл әңгімелер соны­сы­­мен құнды, сонысымен жақсы оқылады. Адам баласының балалық шақтағы басынан кешір­ген сәттері ешқашан ұмытылмайды. Сондық­тан естелік еміп оқып отыруға осы әң­гімелер­дің бек ылайық екен айтқымыз келеді.
Жазушының бүгінгі күнге дейін көсіліп жаз­ған «Қарға тамған көз жасы»повесін ой­лан­бай тағы оқи алмайсың. Өте сәтті шыққан шы­ғарма. Сәтті шыққаны сол, хикаят шиеле­ніс­ке толы болса да өте жеңіл оқылады. По­вес­тің басталуы кейіпкер Сырымның туған же­ріне шекара асып баруынан басталады. По­вестегі үлкендер жиі айтатын «Соқыртөбе» жай­лы аңыз Сырымның көкейінде қайта жаңығырып, бел-белесті кезген бал дәурен ша­ғы есіне оралады. Былай қарасаң сол тау бая­ғы қалпы. Еш өзгермеген. Оның сырына үңілу үшін, көңілде қалған ескі әңгімені қоз­ғау үшін кемеліне жетіп, ой тоқтатқан болуың керек сияқты. Бір қарағанда кейіпкер туған ауы­лына талай жыл көрмеген туған-туыс, құр­дастарын көруге барғандай болады. Бірақ автордың шебер баяндауы, лирикалық ше­гініс­тері арқылы өткен мен бүгінгі күнге таразы жасап, беймаза ойға шомасың. Бұған дейін кейіпкердің айналасында болып өткен оқиғалар оқырманды ойлануға, өткеніне көз жіберуге мәжбүрлейді.
Ырысбек Дәбейдің шығармашылығында бү­гінгі ауыл көрнісі жақсы берілген. Кейіп­кер­дің бала кезден бірге өскен жолдасы екеуі­нің арасындағы ауылды мекендеген халықтың қа­ла көшуі тек алыс Алтайдағы жәйт емес, бұл біздің күнде көріп жүрген көрінісіміздің бірі. Солай бола тұра, әлі де атамекенін тұрақтаған жан­дардың еліне, жеріне құрметі ерекше көңіл жұбатады.Кейіпкер мен оның нағашысы арасындағы «Сансызбай дарасы» туралы мына диалог оқырманды ойландырып тастары хақ. «Шешеңе хабарласқан сайын «көшіп кел, көшіп кел» дей береді. Мына дараны ар­қалап алып жүруге болатын болса, қай жерге бол­са да барар едім. Аруақты төбені тас­тап, мен ешқайда бармаймын…». Адам ба­ла­сының жүрегінде туған жеріне кіндік кес­кен мекеніне осындай адал махаббат өмір сүр­ген болса ол қашан да жақсылыққа құ­мар­тып, тек мейірім сәулесін шашып жүрген бо­лар еді. Бірақ әттең дәл солай емес. Еліміз­ді, туған жерімізді бас пайдамыз үшін тастап ба­сымыз ауған басқа жаққа қашып жатқанда мы­на Біздер.
«Бірге оқыған досымыз келді» деп құшақ жайып қарсы алатын Сырымның құрбы-құр­дастарының әрекеті адамдар арасындағы ізгі­лікті байқатып, «Қазақстан» десе, «Атамекен» десе елең ете қалатын жырақтағы қазақ баласының сол байырғы салты мен мінезін та­ғы бір мәрте танытады. Алыста, тым алыста ар­ғы бетте жүрсе де елім деп елеңдеген жандар көз алдыңа елестейді. Еріксіз сол халықтың, сол қандас бауырлардың келешектегі тағ­ды­рына алаң көңілмен қарайсың. Әдеби көркем шы­ғарма өткенді баяндау арқылы, бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерелеп үлкен идеяны, астарында жатқан шындықты ашып, мәнін түсінуге тәрбиелейді.
Жарықтық Алтай – киелі тау. Ежелгі түр­кінің ен жайлаған мекен еді. Алтай туралы та­лай-талай аңыз-әңгіме, повесть-романдар бар. Бізге жақсы таныс бергі беттегі жазушылардан бөлек, Алтайдың арғы бетіндегі қа­лам­герлерге мол азық болғанын білеміз. Ырыс­бек Дәбейдің біз танысып шыққан шы­ғар­машылығында да Алтай аймағындағы ха­лықтың жай-күйі жаңаша көрініс тапқан. Шекара сыртындағы халықтың бүгінгі бей­несі осындай, келешектегі тағдырына күмән­мен қарайсың. Олай ойланбасыңа әсте болмайды. Себебі, біз бәріміз қаны бір ҚАЗАҚ ба­ласымыз…

Қуат ҚИЫҚБАЙ.
Семей шаһары.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір