Жазушы мұраты (Жолтай Әлмашұлының үш романы хақында)
17.02.2017
2480
0

Көркем сөз – халықтың рухани қазынасы. Ой маржандарын кестелеген әрбір суреткер өз шығармасында халықтық тілді пайдалану, орнымен қолдану жағынан алып қарағанда бір-біріне ұқсамайтын, әрқилы болып келеді. Ол ерекшелік – жазушының өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау, сөзбен сурет сала білу шеберліктерімен үндес келіп, қаламгердің шығармашылық қолтаңбасын қалыптастырады. Еңбектері бүгінгі көзіқарақты оқырман қауымға етене таныс, белгілі жазушы-драматург, филология ғылымының кандидаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы бірнеше жылдардан бері мемлекеттік қызметпен қатар, шығармашылық жұмыстармен де белсенді айналысып, оқушысына тың дүниелер ұсынып келеді. Жазу өнерін мұрат тұтқан қаламгердің шығармалары орыс, ағылшын тілдеріне аударылып, кең көлемде әдеби талдауға еніп жүр.Автордың драматургиялық және ғылыми-тарихи еңбектерінің орны бір төбе, ал біз суреткердің әр жылдары жарық көрген «Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ» (осы үш туындыны трилогия десе де болатындай) романдары туралы айтқымыз келеді.

Танымалдылық – таланттың та­бысы, үздіксіз ізденіс пен жақ­сы­лықтың жауабы емес пе? Ұлттық идея­ның әдебиеттегі көрінісі – кейіп­кер мінезі арқылы айшық­та­латын ұлттың даралық сипаты.Жазушының 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліс, 1928-1932 жыл­дар­дағы кәмпеске мен ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы қу­ғын-сүр­гін кезеңін, тарихи себеп­терін жан-жақты аша су­рет­тейтін «Күлкі мен көз жасы» («Арыс», 2007) романында ұлттық та­ғылым көрініс­тері бабалар өсие­ті арқылы түйін­делген: Елден бөлінген бай – бай емес. Жұрттан жы­рақтанып жиған дүние – дүние емес. Осы­ның бәрі де бір-ақ күн­дік. «Байлық бір-ақ жұрттық», «Бай­лыққа көп белдене берме, пейі­лің бұзылады». Бұл – Мелде ба­бадан қалған өсиет. Демек, дү­ние емес, айнала жатқан қалың еліңе, халқыңа сен. Ал елге арқа сүйей алсаң… онда тамырын те­реңге бойлата алған бәй­терек іс­петтісің. Ондай бәйтеректі жел де, дауыл да, боран да құлата ал­май­ды (10-б.). – Мен айтсам, дү­ниең­ді жөнді-жөнсіз шашып таста де­меймін, тықыр сараң мен дү­ниеқоңыздықтан қаш деймін. Дү­ниеге ие болу мен дүниеқоңыз болу екі басқа… (21-б.).
Роман желісі бойынша ата-ба­ба мен болашақ ұрпақ, әдет-ғұрып заң­дылықтары асқан сезім­тал­дық­пен, үйлесімді көркемдікпен бей­неленеді: Әлгінде келіннің айтуымен қызметшілердің ең әуе­лі бай алдына қасиеттеп нан әкелуі – ішін жылытып сала бергені. «Бұл да көргенділіктің белгісі, тәр­бие тамыры» деп ой толғады. «Ой барлай білгенге наннан үлкен, наннан қасиетті не бар! Нанды қастерлеуі – өзін-өзі құрметтеуі. Дәм­нен дәмнің үлкені жоқ. Бәрі де қадірлі… Әйтсе де, нанның аты – нан» (16-б). Қала берді – Нарша ата тегінің әруағына көбірек жү­гі­не­тін болып барады. Екі сөзінің бі­рінде атақты Мелде бабаны тілге тиек етеді, сөзді «сол кісі былай де­ген екен» деп сабақтауды әдет қы­ла бастады. «Өткенді білу – парыз, өткенсіз ертең жоқ» деп көп ай­тады (67-б.).
Тізе берсек, шығарма маз­мұнын­­да мұндай мысалдар молынан кездесіп отырады. Бір сөзбен айт­қанда, «Күлкі мен көз жасы» ро­маны XX ғасырдың алғашқы жар­тысындағы қазақ өмірінің көр­кем картинасы десе де бол­ған­дай.
Әр кейіпкерді қоғамда алатын ор­ны мен ой-өрісі, рухани өсуі мен дүниетанымына байланысты сөй­лету – тілдік-стильдік амал­дар­дың бірі болмақ. Автордың ке­лесі бір шығармасы – «Оянған ұр­пақ» («Елорда», 2002) романында студент-жастардың өмірі мен олардың еңбек жолына араласып, би­лік, мансапқорлық, мінездегі қа­рама-қайшылық мәселесі кейіп­кер Алтайдың ой-таразысы ар­қылы суреттеледі: Жә, біреудің нәп­сісін біреу тыйған ба?! Тыя да ал­майды. Жаратылыс соның жа­ғында. Тек, бір өкініштісі – әке атын жамылып, әке атын былғай­тын­дығы. Ана атын жамылып, ана атын былғайтындығы (396-б.). Қа­телесу! Осы бір ауыз сөзді кез келген жұмыр басты пенде үнемі іш­тей қайталап, өз әрекетіне баға бе­ріп отырса, мүлт кету болар ма? Бо­лар ма жаңылыс қадам?! Сол кіш­кентай жаңылысу атты дү­ниенің алақанында бүкіл жалпақ әлемнің тағдыры дірілдіп тұрса, онда ойланбасқа шараң қайсы?! (399-б.) Роман барысында одан әрі қарай да кейіпкердің ішкі монологын ашу мақсатында мынадай авторлық баяндаулар ұтымды жұм­­салған: – Е-е, жастардың қазір­гі тірлігіне таң қалар не бар? Қыз­ды жігіттен, жігітті қыздан айырып болмайды. Бұрын қыздың кең етек көйлегі бар десек, ол енді жоқ, шалбарланып алған. Бұрын­дары… бойжеткенде бұрым болушы еді, енді ол да келмеске кеткен, тіпті бұрымды айтасың-ау, басын­да­ғы шашының өзі болар-болмас қана… (228-б.). Жә, туған жерді кім ұмытады, Арал мен үшін жер бе­тін­дегі ең қымбат, ең ыстық, ең асыл топырақ. Айтсам, жаным сыз­дап, жүрегім ауырған соң айттым да. Егер теңіз тағдыры маған ға­на қарап тұрса бүгін-ақ жетіп бару­ға әзірмін, әйтсе де… Менде тұр­ған не бар? Менің қауқарым кім­ге керек?.. (249-б.). Жазушының тіл байлығы деген жеке сөздердің көп­тігі емес, оларды ұтымды қол­дану ерекшелігінде. Шебер жазушы кейіпкер тілін әрлеп, оның сөз қолданысына поэтикалық өң бе­реді.
Халқымызда «Балалы үй базар…» деген даналы сөз бар. Әрине, ба­ланың толыққанды өсіп-жетілуі мен болашағының баянды болуы – алдымен өз отбасындағы тәлім-тәр­бие мен бағып-қағуға тікелей бай­ланысты. Өкінішке орай, бү­гін­гі күні осы мәселенің де өзекті өр­тер кеселдері болып тұр.
Ж. Әл­машұлының тағы бір туындысы – «Ұмытылған ұрпақ» («Нұр­жол», 2012) романы – жастар ма­хаб­баты мен адам, жас сәби тағ­­дыры, ата-ана қамқорлы­ғы, қарт­тар мәселесіне арналып, шы­ғарма тілінде диалогтық қа­ты­нас­тардың диалог-арыздану, диалог-танысу, қалжың-диалог түрлері мен эмоциялық тілдесулер кеңінен қолданылған.
Жазушы кейіпкер әрекетін бей­нелеуде ауызекі сөйлеу стиль үл­гілерін, мақал-мәтелдерді мо­лы­нан жұмсайды: «Жүгірген жет­пейді, бұйырған кетпейді» (22-б.). «Жақсы мен жаманның парқын айыра білу керек» деді (36-б.).– Пе­шенеңе жазылғанның бәрін көр­мейінше, бұл тірліктен өт­пей­сің. Қиыншылық та, тар­шылық та, кеңшілік те, бақыт та, барлығы өз кезегімен, өз ретімен… (77-б.). Мұн­дағы әрбір сөз мағыналары өзінің лексика-семантикалық қол­данысы жағынан ерекшеленіп, кейіпкер бейнесін ашуға атсалысып тұр: Қызған темірді дер кезін­де соқпаған соң, газет үшін оның маңыздылығы жоқ (6-б.). «Ұлтқа жұқ­қан кесел… Ғасыр кеселі… Бұ­дан емделе аламыз ба, жоқ па?» (7-б.). «Қарттар үйі – жылуы жоқ жа­­тақ» (7-б.). Жеңістің бәрі де тәуе­­­келге бара білуде (12-б.). Сәду атам: «Жақсы болғың келсе, кісіге шарапатыңды тигізе жүр», – де­меуші ме еді (14-б.). Автор шы­ғар­мада кейіпкерлерден тысқары тұ­рып, болып жатқан жағдаят ле­гін екінші жақтан таныстырады: «Шатырхан қоқыр-соқыр салын­ған ескі шелекке тақап барып, ішінен атасы соққан шолпыны ал­мақа ниет қылды. Қарманып, қо­лын бір рет сұқты. Шолпы жоқ. Өрілген жуан бұрым енді жиырылып, бүрісіп қалыпты. Жүргенде шол­пының салмағымен олай-бы­лай ырғалып, екі жағына кезек-ке­зек тербелетін. Шатырхан соны­сын керемет қызық көретін. Сонан ба, ана деген ат естілсе ең әуелі оның көз алдына жуан өрілген шол­пысы бар бұрым елестейтін-ді» (29-б.).
Шығарма барысында жазушы өзінің түпкі ойы мен тұжырымда­рын ашып айтып, оны оқиғалар­дың өрістеу барысында көрсетеді: Алтай осы көп қабатты еңселі үйдің жанынан өтіп бара жатып, ойға қалады. Басын төмен салып, ол жаққа қарамауға тырысады. Қа­рамаймын дей ме!.. Қараса болды, терезеден телмірген мүсәпір қариялардың жетімсіреген жанарлары бойын дір-р еткізеді. Жүрегі сыздап қоя береді. Ойы сан-саққа жү­гі­рер еді сондайда (245-б.). Су­рет­кердің шеберлігі – ең алдымен өмірді бақылау мен ұғу ерек­ше­лігі­мен сипатталса, мына үзінді ар­қылы замана шындығы мен ха­лық психологиясының иірімдерін көре аламыз: «Өмірді өмір ететін – үміт, арман. Үміті үзіліп, арманы жа­рым жолда тұсауланған адам­ның арғы тағдыры турасында сөз қозғаудың өзі ауыр»(54-б.).«Бір үй­дің иесі болу кейбіреулер ойлай­тындай, ойыншық шаруа емес.
Ол – ауырдың ауыры. Сен шаңы­рақ­қа ісің­мен де, сөзіңмен де, ең ақыры мі­­незіңмен де үлгісің. Жаман тір­лік жасасаң – жаман ұрпақ бере­сің. Қисық-қисық мінез бай­қат­саң, се­нен де қисық, сенен де қыңыр адам келеді жарық әлемге…» (241-б.).
Сөйлем түрлерінің жасалуында қашанда интонация ерекше орын алады. Мысалы шығар­ма­дағы «…Апа, апатай, мені жалғыз қал­­дырмашы. Мен тек қана се­ні­мен бірге болғым келеді. Сенсіз қа­лай сабақ оқимын? Сенсіз қалай ұйықтай аламын? Апа­тайым?!» (31-б.) деген бала үніндегі оңаша тіл­десулер сұраулы сөйлемдер си­па­тында берілгендігі байқалады. Ав­тор осы сөйлемдерді әсерлі ма­ғына, ойталқы жасау үшін орынды пайдаланған. Мұндағы пәл­са­фалық түйіндер мен толғамдар то­лықтай автор бейнесі арқылы жұм­салып тұр.
Бұл талдаулар арқылы жазу­шы-драматург Ж. Әлмашұлының өз шығармаларында оқиғалар же­лісін қарама-қарсы қойып сурет­теу­де, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде, көркем бейне жасауда, «автор бейнесі» мен кейіп­кер монологтарынұтымды пай­даланып, үлкен суреткерлік роль атқарғандығы байқалады. Ше­бер қиюласқан сөз өрнегін орынды жұмсай білу – қаламгердің эс­тетикалық талғамын, фило­со­фия­лық көзқарасы мен жүйелі ой­лылығын аңғартады. Сөз құрау, жүйелі ой айту жағынан келгенде, жазушының таңдау-талғамы жо­ғары. Кейіпкер тіліндегі әрбір мақ­сатты ой шешендік тілмен әсер­лі ұйқасқа, суреткерлік мұ­рат­қа құрылған. Сондықтан да су­реткер қаламынан туындаған қа­натты сөздер, сөз жоқ, көркем тіл­ді байытуға қосқан зор үлес бо­лып саналады. Суреткердің көз­қарасы, сырлы ойлары қара­пайымдылығымен, көркемдігімен құнды дер едік. Шығарманың көр­кем бейнелері де қазақ орта­сын­дағы кейіпкерлеріміз. Қалам­гер менталитеті туған топырағына сәйкес қалыптаса отырып, рухани дүниесі, ойлау жүйесі, мінез-құл­қы – жалпы психологиясы жазу­шы­ның өзіндік болмыс-бітімімен бір­ге тұрақталған деп айтуымызға то­лықтай негіз бар.
Біз қысқаша ой түйіп, әңгімеге желі еткен қаламгердің үш романы, сөз жоқ, бүгінгі ұлт әдебиеті­нен өз орнын алады. Олардың ба­ғасы әлі талай-талай зерделі зерт­теулер­ге негіз болмақ… Шы­ғар­­машылық еңбекпен айналыса бастағанына 40 жылдай уақыт болған қалам­гер­дің көркем дү­ниелері оқушы­сын әсемдік әлеміне еріксіз жетелеп отырады.
Автордың про­­засынан бө­лек драмалық туын­дылары елі­міздің Астана, Қызыл­орда, Түр­кі­стан, Қара­ғанды, Семей, Жетісай сынды театр­ларында сахналанып, «Қауын мен қарбыз», «Алтын ба­лық» әңгімелері мектеп бағдар­ла­масына енгізіліп, тәуелсіз еліміз­дің жас буынына рухани азық болу­да. Бұл, әрине, бөлек әңгіме та­қырыбы!..

Айнұр Найманбай,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
доценті, филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір