Талас бойындағы Тараз театры немесе «Ең жақсы еркек»
Құдайға шүкір, Бізге де көркі көз қызығарлық көне Тараз шаһарын көру бақыты бұйырыпты!.. Талас өзені бойындағы ежелгі қала туралы тұңғыш рет сонау 568 жылы Византия елшісі Земарх, одан кейін 630 жылы Қытай саяхатшысы Сю-ань-Цзан жинаған деректерде айтылған-ды. Бір кездегі Ұлы Жібек жолының бойында тұрған, бұрқ-сарқ қайнаған қанбазар тіршіліктің, сауда мен мәдени байланыстың орталығы саналған Тараз бүгіндері аса «сабырлы», аса «сыпайы», тым «ойшылдау» және аса «адамгершіл», аса «сыршыл» және өте «сергек» секілді көрінді. Себебі, қала тіршілігінде жан бар. Кейде адам мінезі қалаға ұқсаңқырап кетуінің себебін тереңнен, тарихи, әдеби-мәдени қатпардан, формациядан, дәуір басқан таңбадан іздейтініміз бар ғой.

Жылнамаларға ден қойғанда байқағанымыз, Тараз қолөнер өндірісі жақсы дамыған қала болыпты. Ежелгі шаһар құрылысы, жалпы архитектура адам таңқаларлық деңгейге жеткенін көптеген тарихшылар жазған еді.
Қазба жұмысы барысында қаладан зороастрийзмге тән жерлеу нышандары анықталған екен. Бұған қоса, Тараз өңірінде әйгілі Қарахан, Айша-Бибі, Бабаша-Қатын, Тектұрмас әулие, Дауытбек (Шамансұр), Баба түкті Шашты Әзіз кесенелері, Нәметбай мешіті, ортағасырлық Қали-Жүніс Шығыс моншасы мен Ақыртас сарайлық комплексі әлі күнге дейін сақталған. Ал қаланың қақ ортасында мықтап орныққан Жер жаннаты Жетісудағы ру-тайпалар көшбасшысы, ақыл-парасатымен, ерлігімен елге ұйытқы болған Ұлы тұлға, үш рет неке қиып, Сары бәйбіше, Зеріп, әулие Домалақ анаға өмірлік серік болған Қарашаұлы Бәйдібек бидің еңселі ескерткіші алыстан ат терлетіп келген елге қонақжайлық танытып, қол бұлғап тұрғандай.

Ежелгі Тараз тарихи уақиғаларға бай. Басқасын былай қойғанда, ол бірде Қарлұқтарға, ал бірде Саманидтер қолына көшіп отырғанымен, Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Қарахан мемлекетінің астанасы болғаны тарихтан мәлім. Махмұд Қашқари Тараз тұрғындарын түрік және соғды тілдерінде сөйлегені туралы жазған-ды. О қала ақша сарайы мен алыс-жақынға өзінің теңдессіз моншаларымен мәшһүр-тін. Таразды Хорезм шахы Мұхаммед, одан кейін моңғолдар, одан соң шағатайлықтар жермен-жексен етті. Ал Әмір-Темір заманында Таразға Жаңа Талас атауы берілгенімен, XV ғасыр соңында мүлде қирайды. ХІХ ғасырда оның орнына Әулиеата шаһары салынады. Дегенмен, ол отызыншы жылдардың соңында Мирзоян болып өзгереді. 1938-1997 жылдары Жамбыл қаласы аталынғанымен, 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Жарлығымен Тараз қайта өз тарихи атауын иеленді.
X ғасырда өмір сүрген араб географы әл-Макдиси: «Таразды аралағанда қыштың иісі шығады», – деп жазған еді. Бүгінгі Тараздан махаббат пен бірлік, татулық пен достық, үйлесім мен тұрақтылықтың иісі аңқып тұр. Таңқалғаным – қала өте таза. Одан кейін бейсаубат, бос жүрген адамды көрмейсіз. Кешке тұрғындар мүлдем сирейді екен. Аталмыш қала тек тарихи ғана емес, сонымен қатар театр өнеріне де өте жақын екен. Әлемдегі ең жылдам пойыз – «Алматы-Маңғышлақ» шаһарға кірген бойда-ақ бір жылылық сезілді. Себебі, «Алматы-2» теміржол бекетінен отырған күні дала суық және күні бұрын жапалақтап қар жауған-тұғын. Содан не керек, мұздамаудың қамын ойлап, сөмкемізге жылы киімді сықа толтырып алған Біз үшін оның еш қажеттігі болмай қалды. Түс ауа қазбауыр бұлттар арасынан Күн сығалап, бәрімізге күлімдей қарады. Жолдан шаршап келіп, аз-кем тынығып алған соң, кешкі сағат 18.30-да 80 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық Қазақ драма театрында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» спектаклінің премьерасына бардық. Бұ қалаға келуіміздің басты себебі де осы еді. Орыс, оның ішінде Мәскеу театрларының автормен бірге өнер жөнінде жазатын журналист те бірге баратын тәжірибені осы кезде қолдануды жөн көрдік. Бұны эксперимент деп қабылдаңыздар! Ал осы жаңашылдыққа мұрындық боп, игі бастаманың басында тұрған аталмыш театрдың директоры, публицист, жазушы-драматург, режиссер әрі ҚР мәдениет қайраткері Болат Бекжанов-тын.
Театр тек мәдени ошақ қана емес, ол – рухани һәм ұлттық-стратегиялық орталық. Өйткені, онда сахналанатын қойылым көрермен санасына әсер етіп қана қоймай, өмір, орта, өнер, адам, ел туралы ой қалыптастыратын күшке ие. РФ Президенті Владимир Путин жыл сайын театр саласы үздіктерінің басын қосып, өзекті делінген мәселелерді талқылайтын ғадеті бар. Жаһан жұртшылығының Мәскеуді «Театр Меккесі» деп асқақтататыны да сондықтан болар…
Жақында ғана өткен Жамбыл театрының 80 жылдық мерейтойы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып, жоғары деңгейде болғаны да баршаға аян. Со шарада облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев пен облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы театр ұжымын арнайы құттықтап, көпорындық жаңа автокөлік сыйлаған еді. Бұның өзі де әкімнің ақынға жақып боп, өнерге деген қамқорлығы ерекше екендігінің белгісі. Бұған қоса, басшылар театрды күрделі жөндеуден өткізуге көмектесіпті. Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» шығармасы арқасында облыстық, оның ішінде Жамбыл театры турасында сөз етуге мүмкіндік туды.

2014 жылы Жамбыл облысының 75 жылдығына арналған облыстық «Театр.kz» фестивалі өткен болатын. Бұл мәдени шара: «Аудандардағы театр өнері қай деңгейде? Хал-ахуалы, жалпы жағдайы қалай?» деген сұраққа жауап берді. Жамбыл облысының 9 ауданынан келген 12 театр өз арасынан мықтыны анықтаған еді. Бұл жиын өңірдегі театр өнерінің дамып, тығыз шығармашылық байланыста болуына мүмкіндік тудырды. Және «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты Халықаралық театр фестивалі де осы Тараз қаласында өткен-ді. Бұдан шығатын қорытынды, Жамбыл облыстық Қазақ драма театры әркез ізденіс пен даму үстіндегі өнер ұжымы деуге толық негіз бар. Тағы бір ерекше айта кететін нәрсе. Аталмыш театр шаңырағында орыс және қазақ театрлары бас қосқан екен.Бір кездері белгілі режиссер Қуандық Қасымов Әлемге әйгілі француз драматургі жан Ануйдың «Антигона» трагедиясын қойып, театрдың орыс труппасымен ойнап, сыншылар мен театртанушылардың жоғары бағасын алған еді. Соған қарап театр жан-жақты дами отыра, әр түрлі бағытта ізденеді деген ойға тоқтадық…
Жамбыл облыстық қазақ драма театры 1936 жылыАбай атындағы Көркемөнер үйірмесінің негізінде Аудандық театр болып құрылған екен. Сол жылдың 16 наурызында театр Майлиннің «Келін мен шешей» және Қырқымбаевтың «Келіншек» комедияларымен шымылдығын ашыпты. Аталмыш театрдың репертуары өте бай екенін атап өту керек. Мәселен, онда М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды», «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Түнгі сарын», «Қарагөз», «Абай», У.Гаджибековтің «Аршин мал алан», Н.Гогольдің «Ревизоры», У.Шекспирдің «Отелло», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты»,Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Біз періште емеспіз», Т.Ахтановтың «Ант», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», Ш.Мұртазаның «Қара маржан», Д.Исабековтің «Әпке», Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметкер»,
А.Н.Островскийдің «Жазықсыз жапа шеккендер», Ш.Айтматов прозалары негізінде «Ана Жер-Ана», «Арманым», «Әселім», Г.Боровиктің «Буэнос-Айрестегі интервью», т.б.спектакльдер көрерменге көрсетілген болатын. Бұған қоса, бұл театрда әр жылдары А.Тоқпанов, Хайруллина,
М.Байсерке, Ж.Арғынбаев, Б.Лурье, Е.Оразымбетов, Т.Дүйсебаев, Т.Ерғалиев, Ә.Ордабаев, М.Д.Ук, Ж.Омаров, Ә.Құлданов, О.Кенебаев, А.Оңалбаев, А.Сәлімбаев, Р.Шарафутдинова секілді режиссерлер қызмет істеді. Театрдың тұңғыш директоры Т.Әлмұхамедовтен кейін бұл ұжымды Ә.Төлебаев, Дүйсебаев, Ә.Әмзеұлы, Т.Сұлтанкереевтер басқарады. Осы ретте, театрдың қазіргі директоры Болат Бекжановтың өзге ұжымдар мен шығармашыл тұлғалармен байланыс орнату жолындағы ізденістері көңіл қуантарлық. Мәселен, Шекспирдің «Отеллосын» қоюға Алматыдан арнайы Асыл Құдайбергенов деген режиссерді алдыруы немесе 81-ші маусымның шымылдығын «Қилы заман» драмасымен (инсценировкасын жасаған Нұрлан Оразалин) ашып, оны сахналау үшін Астанадан атақты режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовты шақыртуының өзі көп жайтты аңғартса керек…
Премьераға облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен қоғам қайраткері Әлібек Әмзеұлы қатысты. Сұлтанәлі Балғабаевтың Болат Ұзақов сахналауындағы «Ең жақсы еркек» қойылымы сәтті шықты. Шығарма қоғамдағы шындықты еш бүркемесіз алдыңа алып келеді екен. Яғни драматург көтерген ауызбіршіліктің жоқтығы, ақ пен қараны айыра білмеу, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, дуалау, алдау-арбау секілді проблематиканы жан-жақты көрсеткен. Туынды финалында барлық жамандық атаулысын тек адамгершілік, махаббат пен татулық қана жеңе алатынына акцент берілген. Қойылым өзегі – әйел психологиясы мен өмір. Бұ комедия адамды түсіну оңай дүние емес екендігін көрсетеді. Орталық образ Алпан соңында барлық келеңсіздікке нүкте қойып, әйелімен қайта қосылады. Режиссер де автор идеясын дәл тапқан-ды.
Соңғы жылдары Жамбыл театры бірнеше гастрольдік сапар жасап, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Украина, Ресей, Мысыр мен Польшада өткен Халықаралық фестивальдерде қатысқан болатын.
ҚР Халық артисі Мәкен Райсханова, ҚР мәдениет қайраткері Нұрсипат Салықова, ҚР еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетовалармен қатар, осынау өнер ұжымында Н.Омарбекова, Ж.Әлімбек, К.Ақүрпеков, А.Алтыбаева,
М.Ақүрпеков, М.Қожалиев,
П.Рыспанбетова, Қ.Оразбаев,
Б.Көпжасаров, Ж.Құлтаева,
Ғ.Сұрапбаев, С.Пірманов, Ә.Ахмет, Р.Қылышбаев, А.Сағымбекова,
Б.Көпжасаровтар абыроймен еңбек етуде. Қорыта келе айтарымыз мынау… Театр – өмір, театр – айна, театр – символ, театр – өнер, театр – ұжым, театр – ұлт, театр – ізденіс, театр – өсу, театр – даму, театр – бәсеке, театр – таразы, театр – эстетика, театр – сезім, театр – махаббат, театр – құлшыныс, театр – құштарлық, театр – адалдық, театр – сын, театр – мін, театр – орта, театр – Әлем, театр – өзгеріс, театр – өзек, театр – театр, театр – полис, театр – драма, театр – комедия, театр – фарс, театр – трагикомедия және ең бастысы, театр – тірі организм. Себебі, театр да адам сияқты. Оның да өзіндік «био-ритмі» бар. Ал сол ырғақ бұзылған күннен бастап адамзат тіршілігі де тоқтамақ. Сол себепті, тек орталықтағы өнер ұжымдарының ғана емес, сонау шалғайдағы, шеттегі театрлар жай-күйін де сөз етіп, солар туралы жазып тұруды дағдыға айналдырсақ. Театр да адам сияқты!..
Әлібек БАЙБОЛ